Тікелей эфир

Жастарға арналған 2,5%-дық кредит. Кімдер, қашан және қалай алады?

Бағдарлама 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған.

2023 жылғы наурыз айында жаңадан кәсіп бастағысы келетін не бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастайды. Биыл бұл бағдарлама аясында 5,8 мың жас 5 млн теңге сомасында микрокредит ала алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Informburo порталының ресми сауалына берген жауабына сүйене отырып, жастарға арналған 2,5 пайыздық микрокредит туралы түсіндіреміз.

№1. Микрокредит шарттары қандай? 

  • Несие бағдарламасына тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі.
  • Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңге (кепіл қою міндетті).
  • Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
  • Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез-келген мақсат үшін – 5 жыл.

№2. Өтінімдер қашан қабылданады? 

Құжаттарды 2023 жылғы наурыз айынан бастап қабылдау жоспарланған. Нақты уақыты халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Микрокредитке құжаттарды тапсыру, оны қарастыру, комиссия қарауына шығару мерзімдері арнайы бұйрықпен реттелген.

№3. Кредитті қандай мақсатта алуға болады?

2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі.

Сала бойынша шектеу қойылмаған, яғни басым бағыттар бекітілмеген.

Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады.

№4. Кұжаттарды қайда өткізеді және ол қалай қаралады?

  • Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны басталған соң "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды (құжаттар тізімі – келесі бөлімде) ұсынады.
  • Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады.
  • Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі.
  • Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.
  • Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі.
  • Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды.
  • Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады.

№5. Қандай құжаттар талап етіледі? 

Микрокредит алуға үміткер келесі құжаттарды Аграрлық несие корпорациясына ұсынады:

  1. Микрокредит алуға сауалнама-өтініш;
  2. Жеке басты куәландыратын құжат;
  3. Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі;
  4. Субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметті беруге және алуға келісімі;
  5. Бизнес-жоспар;
  6. Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
  7. Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
  8. Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
  9. Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса); 
  10. Қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі);
  11. Бағалау туралы есеп;
  12. Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

1, 3 және 4-нөмірдегі құжаттар кредитордың қатысуымен толтырылады.

№6. Бизнес жобалар қалай бағаланады? 

Бизнес жобаларды іріктеу критерийлері:

  • өзектілік;
  • аргументтілік;
  • экономикалық негіздемелік;
  • қоғамдық маңыздылық;
  • бұрын атқарылған жұмыстардың, іс-қимыл жоспарының болуы;
  • бизнес-жобаның өміршеңдігі.

№7. Несиеге каникул беріле ме? 

Бекітілген қағидаларға сәйкес, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Кредит 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды.

Каникул алу үшін микрокредит алған адам агент атына өтініш жазуы керек. 2,5% мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеледі, бірақ оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін.

№8. Кепілдік қою міндетті ме және оның сомасы қандай? 

Кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады. 

Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек. 

Қамтамасыз ету нысанының өтімділік коэффициенттері тапсырма шартында бекітіледі. Мысалы, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда және тапсырма шартының №2 кестесінде көрсетілген елді мекендерде орналасқан жылжымайтын мүліктің бағалау сомасынан 80%-нан артық емес сомасы несиеге беріледі.

№9. Кредиттің қайда жұмсалғаны тексеріле ме? 

Микрокредит алушы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа, кепіл шартына қол қояды. Бұл келісімшарттарда тараптардың жауапкершілігі, құқықтары мен міндеттері айқындалады.

Микрокредит беру шартында қарыз берушіге және Аграрлық несие корпорациясына кез-келген уақытта қарыздың мақсатты және уақытылы пайдаланылуын, кепіл мүлкіне тексеру жүргізуіне кедергі жасамауға, алынған қарызды, кепіл мүлкін пайдалануға қатысты барлық қажетті құжатты ұсынуға қатысты тармақ бар.

№10. Несиені қайтарылмаса не ақша мақсатсыз жұмсаса, қандай шара қолданылады?

Жасалған келісімшарттарға сәйкес, микрокредит алушы өзіне жүктелген міндеттерін орындамаса ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, яғни кепілге қойылған мүлікпен жауап береді.

Жергілікті органдар мен "Аграрлық несиелік корпорация" АҚ филиалдары 2023 жылғы ақпан айының соңына дейін микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары, тәсілдерін тапсырма шартында белгілейді.

Тапсырма шартының үлгісінде қарыз алушы қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, агент ұсынған сенімхат негізінде сот тәртібімен қарыз алушыдан және/немесе кепілгерден берешекті өндіріп алуға агент міндеттенеді.

№11. Бюджеттен қанша қаржы бөлінеді және қанша адамға несие беріледі? 

2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған. Оның ішінде:

  • 2023 жылы – 28,9 млрд теңге сомасына 5,8 мың микрокредит;
  • 2024 жылы – 30,3 млрд теңге сомасына 6,1 мың микрокредит;
  • 2025 жылы – 31,3 млрд теңге сомасына 6,3 мың микрокредит.

№12. Ауыл жастарына басымдық беріле ме? 

Жоқ. Бағдарламада ауыл жастарына басымдық беру көзделмеген. Микрокредит комиссия іріктеуінен өткен үздік бизнес жобаларға ғана беріледі.

Ауылды дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан берілетін басқа несие бағдарламалары да жұмыс жасайды.

№13. Бағдарлама қай уақытқа дейін жалғасады? 

Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит беріледі деп көрсетілген.

№14. Өтінім беруге арналған онлайн платформа әзірлене ме? 

Қазіргі уақытта онлайн өтінім қабылдайтын платформа жасау мәселесін "Аграрлық несиелік корпорация" АҚ мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының әзірлеушілері қарастырып жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары