Тікелей эфир

Жастарға арналған 2,5% несие бағдарламасы наурызда басталады. 2023 жылы 5796 адам шағын несие алады

Бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

2023 жылғы наурыз айында кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беру басталады. Қарыз көлемі – 5 миллион теңге. 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департмент директоры Асқар Ниязовпен жүргізген шағын сұхбат негізінде бірқатар сұрақтарға жауап береміз.

Кімдер қатыса алады? 21-35 жас аралығындағы жастар. Олар шағын несие алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және кәсіпкерлікпен айналысқанына 5 жыл болуы тиіс.

Кепіл қою міндетті ме? Бұл – бағдарламаның міндетті талаптарының бірі. Берілетін қаражат қайтарымды несие болғандықтан, кепіл қою қажет.

Несие 21 жастан асқан азаматтарға беріледі. Бұл жасқа дейінгі азаматтардың атында жылжымайтын мүлік болмау тәуекелі жоғары болғандықтан, осы жас таңдап алынған. Сондай-ақ, несие алушының өз атында мүлкі болмаса, ол кепілге жақын туысының үйін не көлігін қоя алады. Бұл ретте мүлік иесінің жазбаша келісімі, яғни сенімхаты қажет. 

Кәсіп саласы бойынша шектеу бар ма? Мұндай шектеу жоқ, барлық сала қамтылады. Несие кәсіпкерлік мақсаттағы кез келген жобаға беріледі.

Қанша адам несие алады? 2023 жылы 5796 шағын несие беру жоспарланған. Несиенің ең жоғары мөлшері – 5 миллион теңге. Ол 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Егер кәсіп түрі ауыл шаруашылығы саласымен байланысты болса, несиені 7 жылға дейінгі мерзімге алу мүмкіндігі бар.

Еске салайық, жастарға арналған кредит "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы беріледі.


Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5 пайыздық кредит: Негізгі шарттары белгілі болды


Информбюро порталы жастарға арналған 2,5 пайыздық несие бағдарламасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы ресми сұрау хатын жолдады. Таяу уақытта оқырмандарға бағдарлама жөнінде толыққанды түсіндірме материал ұсынамыз. 

Серіктестер жаңалықтары