Қажылық – 2027: Квота құны қанша және қандай құжаттар қажет?

2027 жылға қажылыққа 4300 орын бөлінді. Фото: depositphotos.com
2027 жылға қажылыққа 4300 орын бөлінді. Фото: depositphotos.com
2027 жылы Қазақстаннан 4300 адам үлкен қажылыққа бара алады.

Қажылық – шамасы жеткен мұсылманға парыз. 2027 жылы қажылық маусымы 14 мамыр мен 19 мамыр аралығына жоспарланған. Қазақстан азаматтары үлкен қажылыққа тек арнайы виза алып, ресми туроператор арқылы ғана бара алады. Квота саны шектеулі, әрі виза, медициналық құжаттар, әуе билеттері мен қонақүй мәселелерін реттеуге уақыт кететіндіктен ертерек қамдану қажет. 

Қажылыққа бару үшін не істеу керек? Қайда өтініш береді? Қандай құжат жинау керек? Қажылық пакеті қанша тұрады? Қасиетті сапарға қалай дайындалу керек? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді. 

№1. Қажылыққа бару үшін не істеу керек?

Қазақстан азаматтары қажылыққа бару үшін ҚМДБ іріктеген ресми туроператорлардың біріне жүгінуі керек.

Қажылықты ұйымдастыруға кез келген туристік агенттік құқылы емес. Бұл қызметті мемлекеттік лицензиясы және ҚМДБ-ның арнайы рұқсаты бар компаниялар ғана атқара алады.

Қазақстанға 2027 жылғы қажылық маусымына 4300 қажылық орны бөлінді.

№2. Қандай туроператорлар қажылыққа апарады?

2027 жылғы қажылықты ұйымдастыруға төрт туроператор рұқсат алды:

  • "Атлас Туризм";
  • "Нұрхан Тревел";
  • "Тауаф Тревел";
  • "Хикмет Тревел".

Басқа туроператорларға квота берілмейді. Сондықтан тек осы төрт ұйымға жүгінген жөн. Басқа агенттік арқылы рәсімдейтін болсаңыз, оның осы төрт оператордың бірімен заңды субагенттік келісімі бар-жоғын тексеріңіз.

№3. Қалай өтініш беру керек?

Ол үшін:

  • Жоғарыда аталған төрт туроператорға хабарласып, қажылыққа тіркелу шарттарын білу;
  • Қажетті құжаттарды тапсырып, компаниямен қызмет көрсету туралы келісімшарт жасау;
  • Қажылыққа бөлінген орынның бар екенін және тіркеудің ресми жүргізілгенін растау;
  • Виза мен сапарға қатысты рәсімдерді туроператор арқылы шешу қажет.

Ескеру қажет: Қажылыққа тіркейтін бірыңғай жүйе жоқ. Азаматтар қажылық жасауға туроператор арқылы тіркеледі. ҚМДБ компанияларды іріктеп, қажылық орындарын соларға бөледі.

№4. Қандай құжаттар қажет?

Қажылыққа бару үшін құжаттарды алдын ала дайындаған жөн. Нақты тізім мен рәсімдеу тәртібін туроператордан анықтау керек. Өйткені Сауд Арабиясының визалық және медициналық талаптары әр маусымда жаңартылуы мүмкін.

Туроператорларға хабарласқанда әзірге паспорт пен фотосурет қана жеткілікті екенін айтып отыр. Қажылық уақыты жақындаған кезде басқа құжаттар сұралуы мүмкін. Соның ішінде денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама немесе екпе алғаны туралы сертификат бар. 2026 жылғы қажылық маусымында менингококк инфекциясына қарсы төрт валентті ACWY (ACYW135) вакцинасы талап етілді. Вакцина алғаны туралы халықаралық сертификат ұсынылуы керек. Екпе Сауд Арабиясына барғанға дейін кемінде 10 күн бұрын салынуға тиіс.

Паспорттың жарамдылық мерзіміне талап қойылады. Сауд Арабиясына кіретін күнге кемінде алты ай қалатын болса онда паспортты ауыстыру қажет. 

№5. Тур бағасы қанша?

Қажылықтың бағасы туроператорға, қонақүй жағдайына және оның орналасқан жеріне, қызмет көрсету деңгейіне және сапар пакетіне байланысты өзгереді. Стандарт, комфорт, делюкс, премиум деген пакеттер бар. 2027 жылғы ең арзан тур бағасы 6500 АҚШ долларынан басталады. Турлардың орташа бағасы – адам басына 7500 АҚШ доллары. Премиум пакет 30 мың АҚШ долларына дейін барады. Квота саны шектеулі болғандықтан алдын ала 500-1000 АҚШ долларын төлеп қою қажет.

Туроператорлардың бірі қажылыққа тіркеу 2027 қаңтарда аяқталатынын айтып отыр.

№6. Турпакетке не кіреді?

Төрт туроператорға да хабарласып қызмет құнына не кіретінін білдік. Олар:

  • қажылық визасы;
  • туркод;
  • барып-қайту әуе билеттері;
  • әуежайдан күтіп алу және шығарып салу, қала арасындағы трансфер қызметі;
  • Мекке мен Мединада тұратын қонақ үй;
  • қонақ үйде таңғы және кешкі ас
  • тәжірибелі гид қызметі;
  • Арафат, Муздалифа және Минада шатыр және үш мезгіл тамақ;
  • қажылыққа арналған арнайы жинақ.

Сауд Арабиясына Астана мен Алматыдан ұшады. Ақтөбе мен Шымкенттен де рейстер бар.

№7. Арнайы жинақта не бар?

Арнайы жинақ әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін. Туроператорлардың бірі жинақта мына заттар болатынын айтты:

  • қажылық үкімдері кітабы, дұғалар кітапшасы;
  • компанияның сапалы жилеткасы;
  • ерлерге және әйелдерге киім жиынтығы;
  • қол сөмкесі;
  • аяқ киім салатын рюкзак;
  • бейджик;
  • бес литр Зәмзәм суы.

№8. Қосымша қандай заттар қажет?

Турпакетте барлығы қарастырылмауы мүмкін. Сондықтан мына заттарды алған дұрыс:

  • қажылыққа қажетті киім, ихрам;
  • ауа райына сай жеңіл киім;
  • ыңғайлы аяқ киім;
  • күннен қорғайтын бас киім;
  • жеке гигиена құралдары;
  • дәрі-дәрмек;
  • роуминг немесе eSim;
  • телефон қуаттағыш;
  • шағын сөмке;
  • банк картасы және қолма-қол ақша;

Ер адамдар ихрамға арналған екі бөліктен тұратын арнайы мата дайындайды. Әйелдерге арнайы ихрам киімі міндеттелмейді, бірақ ислам талаптарына сай әдепті, денені жауып тұратын киім киюі керек.

Пакетке кірмесе құрбандыққа қатысты төлемдерді де есептеген жөн. Сондықтан компаниядан тек турдың жалпы бағасын емес, оған нақты қандай қызметтер кіретінін және қандай шығынды өзіңіз төлейтініңізді сұрау керек.

№9. Туроператорды қалай дұрыс таңдау керек?

Қажылықтың қалай өтетіні туроператордың дайындығына да байланысты, себебі қажылық кезінде адам тек әуе билеті мен қонақүй қызметін емес, бірнеше күн бойы күрделі сапарды ұйымдастыратын компанияның көмегін пайдаланады.

Туроператор таңдағанда мына мәселелерге назар аударыңыз:

  • Рұқсаты мен лицензиясы. Компанияның ҚМДБ бекіткен тізімде бар-жоғын тексеріңіз. Мемлекеттік лицензиясының жарамдылығын да анықтаңыз.
  • Қызмет көрсету тәжірибесі. Бұған дейін қанша қажыны апарғанын, сапарды қалай ұйымдастырғанын сұрап біліңіз.
  • Қонақүйдің орналасуы. Меккедегі қонақ үй мен Әл-Харам мешітінің арасы қанша екенін нақтылаңыз. Кейбір арзан пакеттердегі қонақүйлер қасиетті мешіттен алыс орналасуы мүмкін.
  • Тасымал мәселесі. Қалалар арасындағы жол жүру тәртібін, әуе рейстерін және трансферді біліңіз.
  • Медициналық көмек. Сапар барысында дәрігер немесе медициналық қызметкер бола ма, соны сұраңыз.
  • Шарт талаптары. Сапар тоқтатылған жағдайда ақшаны қайтару, рейс өзгергенде шығынды өтеу тәртібі келісімшартта көрсетілуі керек.
  • Төлем жасау. Ақшаны жеке адамның банк картасына аудармай, компанияның ресми есепшотына төлеңіз. Төлем жасаған соң түбіртек пен келісімшартты сақтап қойыңыз.

№10. Қажылыққа қалай дайындалу керек?

Қажылық – физикалық күшті, шыдамдылықты және рухани дайындықты қажет ететін сапар. Сондықтан дайындық билет пен қонақүй рәсімдеумен бітпейді. Ең алыдмен денсаулығыңызды тексеріңіз. Қажылық кезінде қажылар он күндей сапарлайды және жаяу көп жүреді. Кейбір рәсімдер күн ыстықта, адам көп жиналған жерде өтеді. Сондықтан сапарға ертерек дайындалу керек:

  • дәрігерге қаралып, жалпы медициналық тексеруден өту;
  • қан қысымы, жүрек-қан тамырлары жағдайын тексеру;
  • созылмалы ауру болса, қажылыққа баруға болатынын не болмайтынын дәрігермен ақылдасу;
  • қажетті дәрілерді алдын ала дайындау;
  • менингококк инфекциясына қарсы екпені уақытында алу қажет.

Жүрек, өкпе, бүйрек және басқа да созылмалы аурулары бар адамдар сапарға шығар алдында дәрігерден кеңес алғаны дұрыс.

Қажылықта күніне бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келуі мүмкін. Сондықтан сапарға бір-екі ай қалғанда күнделікті серуендеуді әдетке айналдырған жөн. Сондай-ақ:

  • күн сайын 30-60 минут жаяу жүру;
  • ұзақ жүруге біртіндеп дағдылану;
  • күн ыстықта көп су ішу;
  • ыңғайлы аяқ киім таңдау;
  • аяққа қажалмайтын шұлық дайындау.

Рухани дайындықты да ұмытпаған дұрыс. Қажылық өтеу тәртібін, орындалу ретін және негізгі дұғаларды алдын ала үйрену керек. Ол үшін ҚМДБ-ның қажылыққа қатысты түсіндірмелерін оқып, имамдар өткізетін семинарларға қатысуға болады.

Қажылыққа баратын адам мына рәсімдердің мәнін білгені жөн:

  • ихрамға кіру және ниет ету;
  • Қағбаны тәуап ету;
  • Сафа мен Мәруа арасында сағи жасау;
  • Арафатта тұру;
  • Мұздалифаға бару;
  • Минада шайтанға тас лақтыру рәсімін орындау;
  • шашты қысқарту немесе алдыру.

Рәсімдердің нақты орындалу тәртібі мен уақыты діни мамандардың нұсқаулығына сәйкес сақталуы керек.

№11. Қажылық кезінде қандай ережелерді білу керек?

Сауд Арабиясында қажылық маусымында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатысты талаптар күшейтіледі. Сондықтан жергілікті заңдар мен ұйымдастырушылардың нұсқауларын орындау қажет.

Есте ұстайтын бірнеше маңызды жайт:

  • Қажылыққа арнайы қажылық визасымен бару керек. Туристік немесе басқа мақсаттағы визамен қажылық рәсімдерін орындауға болмайды.
  • Қажылар тек ресми туркодпен тіркелуі керек.
  • Қажылық кезінде топ жетекшісінен рұқсатсыз жеке кетпеген жөн.
  • Аптап ыстықта ұзақ уақыт күн астында жүрмеу керек.
  • Су ішуді ұмытпау, күннен қорғайтын бас киім кию қажет.
  • Паспорт, жеке құжаттар мен ақшаны қауіпсіз жерде ұстау керек.
  • Адам көп жиналған жерлерде белгіленген қозғалыс бағытын сақтау қажет.
Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау