Тікелей эфир

ChatGPT: Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?

Chat GPT – түрлі сұрақтарға жауап, кеңес беретін және күрделі тапсырмаларды орындай алатын чат-бот.

ChatGPT жыл басынан бері ең көп талқыланған жобаға айналды. Адамдар онымен сөйлесіп, түрлі тапсырма беріп, тіпті диплом жұмысын жаздырып көрген. Бұл қандай чат-бот? Қандай мүмкіндіктері бар? Информбюро порталы түсіндіреді.

ChatGPT деген не?

ChatGPT – американдық коммерциялық емес OpenAl компаниясының 2022 жылдың қараша айында таныстырған нейрондық желісі. Ол арқылы жасанды интеллектпен хат жазысып, кез келген сұрақ қоюға немесе тапсырма беруге болады.

"Бірінші GPT" 2019 жылы әзірленген еді. Ол жалған жаңалықтар жасауды білген. Бірақ көпшілік қолданысына шықпады, себебі, компанияның айтуынша, ол "тым кемшіліксіз болған". Дегенмен, сол жылы GPT-2 шықты. Үшінші GPT чат-боты 2020 жылы іске қосылды.

2022 жылы жарияланған ChatGPT чат-боты GPT-3.5 жүйесінде жұмыс істейді. Ал, толыққанды GPT-4 2023 жылы шығарылады деп жоспарланған. Бұл чат-бот көлемді деректермен (570 гигабайт мәтін) жұмыс істеп үйретілген және автотолтыру сияқты келесі сөздің қандай болатынын болжай алады, бірақ масштабы одан да үлкен. 

Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауаптарды генерациялау үшін оған "Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту" (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында Chat GPT жауаптарының стилі тірі адамның жауаптарына өте ұқсас.

Бірақ, әзірге оның қазақ тілі "ақсап тұр".

Chat GPT-мен диалог скрині / Скрин: informburo.kz

Ол не істей алады?

Chat GPT түрлі сұрақтарға жауап бере алады және кеңес береді. Ол эссе, өлең, ән, сценарий, хатқа жауап, тамақ рецептін жаза алады, оқу бағдарламасын құрастыра алады, бизнес жоспар жазып, күнді жоспарлауға көмектеседі, жылдың негізгі оқиғалары туралы айта алады, іздеген суретті тауып береді, бағдарлама кодын жаза алады немесе кодтағы қателерді табуға көмектеседі.

Chat GPT аққала туралы орыс тілінде өлең жазып берді / Скрин: informburo.kz

Сонымен қатар, ол түрлі математикалық мысалдар мен теңдеулерді, физика және химия бойынша тапсырмаларды шығару жолын түсіндіре отырып, шешеді.

Chat GPT физикадағы масса-энергия эквиваленті формуласын түсіндіріп берді / Скрин: informburo.kz

Алайда құрастырушылардың өзі ChatGPT-дің барлық жауабы бірдей дұрыс болмауы мүмкін екенін ескертеді.

Мысал: Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің студенті Александр Жданов ChatGPT-ге 15 сағатта диплом жұмысын жаздырып, оны 8 сағатта өңдеп, барлығы 23 сағатта дайындап, қорғап шыққан. Студент ол туралы Twitter-де айтып берді. Мәтіннің 82 пайызға түпнұсқа деп танылған. Комиссия студентке мәтіндегі тіл сәйкессіздігі мен ой тізбегінің дұрыс үйлеспегені үшін ескерту жасап, жұмысты "қанағаттанарлық" деп бағалаған. Кейін біреу ол жұмыстың ChatGPT-де жазылғаны туралы университетке шағымданған. Білім мекемесінің әкімшілігі тексеру жұмыстарын бастады.

Chat GPT Шыңғыс Айтматовтың "Ақ кеме" кітабына орыс тілінде жарнама мәтінін жазып берді. Қазақша сұрғанымызды онша "түсінбеді"  / Скрин: informburo.kz

ChatGPT-ді қалай пайдалануға болады?

ChatGPT чат-боты диалог түрінде жұмыс істейді. Интерфейсі мүмкіндігінше қарапайым, кәдімгі мессенджерлерге ұқсас.

ChatGPT чат-ботын осы сілтемеден іске қосуға болады. Терезе ашылған соң "Try ChatGPT" пернесін басып, Gmail арқылы тіркелу қажет. Кейін телефон нөмірін енгізгенде чат пайда болады. 

Чатта әртүрлі тілде жазуға болады. Оның ішінде орыс тілі де бар. Әзірге ол қазақ тілін дұрыс "түсінбейді". 

Бір қызығы, чат-бот бір дегенде жауап бермеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда сұрақты нақтылау қажет немесе сұрақты бұйрық не өтініш түрінде жазуға болады. Мысалы, "Туған күнге қандай тілек айтуға болады?" деген сұрақтың орнына "Ағамның 50 жасқа толған мерейтойына тілек жазып берші" деп өзгертсеңіз, чат-боттың жауабы нақтырақ болады.

Chat GPT 50 жасқа толған мерейтойға тілек жазып берді / Скрин: informburo.kz

Chat GPT адамды алмастыра ала ма?

Чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайды, дейді Speech Lab компаниясының Data Science тобының жетекшісі Артём Рычко. 

"ChatGPT-тің қазіргі нұсқасы адамдарды алмастырмайды, бұл сөзсіз. Тарих көрсеткендей, уақыт өте келе адамдар істейтін кей жұмыстарды технологиялар атқара бастайды, бірақ бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. Ол Google немесе Microsoft Word сияқты жұмысымызды жақсырақ әрі жылдам орындауға көмектесетін құрал ғана. Мысалы, мен ChatGPT-дің арқасында жұмысымның бірнеше сағатын үнемдедім", – деп түсіндірді Артём Рычко.

Дегенмен, Sortlist Data Hub жүргізген зерттеу миллениалдардың 43 пайызы чат-боттардың кесірінен жұмыстан айырылып қалуы мүмікін екеніне алаңдайтынын көрсетті. Шын мәнінде, ол негізсіз емес. Өйткені, Buzzfeed контентінің кей бөлігін ChatGPT-ден алатынын мәлімдеген. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің 51 пайызы маркетинг жұмыстары үшін чат-боттарды пайдалануы мүмкін екенін айтқан.

Chat GPT "Жасанды интеллект адамды алмастыра ала ма?" деген сұраққа жауап берді / Скрин: informburo.kz

Дегенмен, Chat GPT-дің өзі: "Жасанды интеллект адамды толықтай алмастыра алмайды. Қайталанатын істерді адамға қарағанда тезірек және нақтырақ жасауы мүмкін, бірақ адамдағы шығармашылық, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайды", – деді.

Серіктестер жаңалықтары