29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ел бойынша 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған. Дауыс беру тәртібі қандай, кандидаттар қалай ұсынылады және сайлаушылар нені білуі керек? Informburo.kz түсіндіреді.
№1. Мәслихат немен айналысады?
Мәслихат – жергілікті халықтың мүддесін білдіретін өкілді орган. Оның депутаттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді қарайды, жергілікті бюджетті бекітуге және оның орындалуын бақылауға қатысады. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктердің жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді қарастырады.
№2. Сайлау қашан және қалай өтеді?
Сайлау 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Депутаттар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.
Негізгі күндер:
- 14-27 қазан – кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі.
- 1 қараша, сағат 18:00 – кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталды.
- 1-27 қараша – сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезеңі.
- 28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлау алдындағы үгітке жол берілмейді.
- 29 қараша – дауыс беру күні. Әдетте сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
№3. Қанша депутат сайланады?
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау нәтижесінде 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихаттың құрамы жаңарады.
Облыстық мәслихаттарда – 668, қалалық мәслихаттарда – 626, аудандық мәслихаттарда 2 153 депутаттық мандат бар. Осылайша, ел бойынша барлығы 3 447 депутат сайланады.
№4. Кандидаттар қалай ұсынылады?
Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынудың бірнеше жолы бар:
- Партиялық тізім арқылы. Саяси партиялар кандидаттарын партиялық тізімге енгізе алады.
- Бірмандатты округ арқылы. Саяси партиялар мен заңда көзделген жағдайларда қоғамдық бірлестіктер кандидат ұсына алады.
- Өзін-өзі ұсыну арқылы. Азаматтар бірмандатты сайлау округі бойынша өз кандидатурасын ұсына алады.
Мәслихат депутаты болу үшін Қазақстан азаматы 20 жасқа толуы керек.
№5. Қай партиялар сайлауға қатысады?
Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының сайлауына төмендегі саяси партияларды жіберу туралы қаулылар қабылдады:
- "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы;
- "Ауыл" партиясы;
- "Әділет" партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
- Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы;
- Қазақстан Халық партиясы;
- "Respublica" партиясы.
№6. Сайлауға қатысу жарнасы қанша?
Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын өз қаражаты есебінен аударады. Қазіргі уақытта ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшері – 425 000 теңге.
Ал өзін-өзі ұсыну тәртібімен мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған азамат белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, тіркеуге дейін жергілікті атқарушы органдардың шотына дәл осындай мөлшерде сайлау жарнасын енгізеді.
Ал аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында 5%-дан көп дауыс жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал алдыңғы сайлауда 3-5% дауыс жинаған саяси партиялар сайлау жарнасының 50%-ын, 1-3% дауыс жинаған саяси партиялар сайлау жарнасының 70%-ын төлейді.
Алайда сайлау нәтижесінде саяси партия немесе өзін-өзі ұсынған кандидат кемінде бес пайыз дауыс жинаса, сайлау жарнасы қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады.
№7. Депутаттар қандай жүйемен сайланады?
Сайлау жүйесі мәслихаттың деңгейіне байланысты ерекшеленеді.
- Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихатында аралас сайлау жүйесі қолданылады. Депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, ал екінші жартысы бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Егер мандат саны тақ болса, жартысынан асатын бөлігі бірмандатты округтер арқылы бөлінеді.
- Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихатында депутаттар бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Бұл жағдайда сайлаушылар нақты кандидаттарға дауыс береді.
№8. Үміткерлер тізімін қайдан көруге болады?
Мәслихат сайлауына түсетін үміткерлер тізімі Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жарияланған:
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
- Астана қаласы
- Алматы қаласы
- Шымкент қаласы
№9. Дауыс беру қалай өтеді?
29 қарашада сайлаушылар өздерінің тіркелген тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесіне барып, дауыс бере алады. Учаскелердің негізгі жұмыс уақыты – сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін. Жекелеген учаскелерде заңда белгіленген шекте басқа уақыт белгіленуі мүмкін.
Сайлаушы өзіне қатысты деректердің сайлаушылар тізіміне дұрыс енгізілгенін алдын ала тексергені жөн. Тізімдермен танысу 13 қарашадан басталады.
№10. Сайлау қорытындысы қашан шығады?
Сайлау қорытындысы дауыс беру күнінен бастап бес күннен кешіктірілмей анықталуға тиіс. Яғни, 4 желтоқсанға дейін анықталады.
Қазақстанда мәслихат сайлауы өтеді – президент жарлыққа қол қойды
Мәслихат депутаттығына кандидаттардың үгіт-насихат шығындарының мөлшері белгіленді