Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өзгереді. "Бірыңғай медициналық көмек пакеті" іске қосылған соң бірқатар қызметтер қолжетімді бола түседі. Қазақстанда шамамен 3,3 миллион азамат МӘМС жүйесінен тыс қалған. Халықты көбірек қамту үшін енді әлеуметтік осал топтарға жарна жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Бірыңғай пакетке не кіреді? Жарнаның шекті мөлшері қаншалық артады? Информбюро порталы келер жылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болатынын түсіндіреді.
№1. Бірыңғай пакет енгізіледі
2026 жылдан бастап барша қазақстандықтарға арналған бірыңғай базалық медициналық көмек пакеті енгізіледі. Бұл пакетке келесі қызметтер кіреді:
- жедел және шұғыл медициналық көмек;
- паллиативтік көмек;
- маңызды ауруларды емдеу;
- онкологиялық скринингтер.
Әлеуметтік маңызы бар сегіз ауру бойынша тегін кеңес беріледі және диагностика жасалады. Олар:
- туберкулез;
- АИТВ;
- созылмалы вирусты гепатит;
- бауыр циррозы;
- қатерлі ісік;
- психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
- сирек кездесетін аурулар;
- жүректің жедел инфаркті мен инсульт.
Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.
Енді базалық пакетке амбулаторлық диализ, созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша динамикалық бақылау мен кеңес беру, дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Созылмалы аурулар тізбесі:
- бауыр аурулары;
- қалқанша безі аурулары;
- жүректің туа біткен ақаулары;
- қан мен қан түзуші ағзалар аурулары;
- инфекциялық емес энтерит пен колит;
- артропатиялар, дорсопатиялар;
- қуық асты безінің гиперплазиясы;
- сүт безінің қатерсіз дисплазиясы;
- сүйек-буын сырқаттары;
- асқорыту жолдары дерттері;
- әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары;
- бронхөкпе дисплазиясы.
№2. Шекті мөлшер жаңарады
Келер жылдан бастап МӘМС жарналарын есептеу үшін жоғарғы шекті мөлшер енгізіледі:
- жұмыс берушілер үшін – 40 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) дейін;
- жұмыскерлер үшін – 20 ЕТЖ дейін.
Қазір қызметкер жалақысынан 2% МӘМС жарнасын тек 850 мың теңгеге дейінгі сомадан ғана төлейді. Яғни, айлығы бұдан да көп болса да жарнасы 850 мың теңгеден есептеледі. 2026 жылдан бастап бұл шек 1,7 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Демек жоғары жалақы алатын адамдар енді көбірек жарна төлейді. Мысалы, 1,5 миллион теңге жалағы алатын азамат бұған дейін ай сайын 17 мың теңге төлеп келсе, енді 30 мың теңге төлейді. Сәйкесінше, жұмыс берушінің де жарнасы өседі.
№3. Мемлекет жарнасы өседі
Мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді.
2027 жылдан бастап 2037 жылға дейін мемлекет төлейтін жарна мөлшері 2,2%-дан 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі.
Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.
№4. Әлеуметтік осал топтарға жергілікті бюджет есебінен төленеді
Енді "дағдарыстық" (D) және "шұғыл" (E) санатына жатқызылған тұрғындардың жарнасын жергілікті бюджет төлейді. Төлем азамат медициналық көмекке жүгінген сәтте автоматты түрде аударылады.
Азаматтардың әлеуметтік жағдайы "Цифрлық отбасы картасы" жүйесі арқылы айқындалады. Жүйе азаматтың кейнгі үш айдағы табысы мен зейнетақы жарналарының түсу-түспеуін автоматты түрде тексереді, яғни мәртебені алу үшін құжат жинап, өтініш берудің қажеті жоқ.
Ресми тіркелген жұмыссыздардың да жарнасы жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Осылайша келер жылдан бастап бір миллион адам МӘМС жүйесіне қосылады.
№5. Жұмысынан айырылса мәртебесі сақталады
Бес жыл қатарынан жарна төлеген азамат табысынан айырылса, оның сақтандырылған мәртебесі төлем тоқтатылған күннен бастап алты ай бойы сақталады. Бұған дейін олардың мәртебесі үш ай бойы сақталатын.
Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеуі қажет.
Алты айдан өткен соң да жарна төленбесе азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, МӘМС аясында медициналық көмек ала алады.
USD:
521.9 / 524.5
EUR:
612.5 / 617.5
RUB:
6.49 / 6.61