Тікелей эфир

Психолог Айғаным Қуатқызы: Іште бұққан жағымсыз сезім түбі баладан шығу жолын табады

Сурет: Айғаным Нұрқанбайдың жеке архивінен алынды
Сурет: Айғаным Нұрқанбайдың жеке архивінен алынды
Балалардағы агрессия – бұл олардың көмекке шақыруы, өзіне назар аудартуға тырысуы, дейді маман.

Балалар психологы, BrainFit семинарының авторы Айғаным Қуатқызы ата-аналарға балаларына агрессиясынан арылуға көмектесу жолын бөлісті. Айтуынша, үш түрлі шығатын агрессияны емдеп-жазуға ата-анасының махаббатынан бастап жүзу, сурет салу және көптеген спорт түрі көмектеседі. Десе де, міндетті түрде маманға жолығу қажет сәттер болады.

– Балалар агрессиясы қалай көрініс табады? Ата-аналар көбінесе не нәрсеге шағымданады?

– Ата-аналар көп жағдайда "Балам бауырын аямай ұрып жіберді, мұғаліміне қарсы сөйледі, жаман сөздер айта бастады" деп шағымданып келеді. Негізінен балалар агрессиясы 3 жолмен шығады: қол, аяқ және ауызбен. Яғни бала қолмен ұрса, аяқпен теуіп жібереді, ал ауызбен жағымсыз сөздер айту арқылы ашуын сыртқа шығарады.

Баланың көбіне қай жолды пайдаланатынын анықтап, сонымен түзету жұмыстарын жүргізу тез нәтижесін береді. Әрине, баланың ашуға бейім болуының өзіндік себебі бар.

– Ішінде ең жиі кездесетін себептері қандай?

– Балалардағы агрессия – бұл олардың көмекке шақыруы, өзіне назар аудартуға тырысуы. Мұндай бала өзіне сүйіспеншілік, түсіністік және қабылдау қажет екенін білдіреді.

– Агрессиясы арқылы бала ішкі ыңғайыссыздық сезімін, өзін қабылдамай жатқанын және ұмытып кететінін көрсеткісі келеді.

– Сол жағдайды өзгерту және ата-анасының сүйіспеншілігін алу үшін балалар кез келген жолмен, соның ішінде агрессивті мінез-құлықпен де өзіне назар аударуға тырысады.


Оқи отырыңыз: Балалар мен жасөспірімдермен қалай оңай тіл табысуға болады? Психолог кеңесі


Сурет: instagram.com/aiganym_quatqyzy

Балалар көбінесе өзінің агрессиясын бағалай алмайды. Өзіне, айналасындағылармен қарым-қатынасына кері әсері бар екенін түсінбейді. Мұндай балалар көбіне қорқақтау, мазасыз, ұялшақтау келеді, өзін бүкіл әлем оларға қарсы тұрған сияқты сезінеді.

– Ата-аналар баланың бойындағы ашуды тарқатып, оны тынышталдыру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолдана алады?

– Ата-аналар баланың бойындағы ашуды табиғи жолмен, бала психикасына кері әсерін тигізбей, оны тынышталдыру үшін қолдануға болатын әдістер сан алуан. Мысалы, жүзумен айналысу.

Жүзу спорты жүйке-жүйесін тынышталдырып, ойды мың бөлген күйзелістен арылтады. Су адам денесіндегі жағымсыз эмоция мен негатив көңіл-күйді шайып әкетеді, бойға қуат беріп, сергітеді. Жүзуге қатысу мүмкіндігі болмаса, үйдегі ваннаға магний, теңіз тұзы, лаванда қосып суға түсу де – баладағы ашуды басуға жақсы көмектеседі.

Егер бала ашуын қолмен ұру арқылы шығаратын болса, арт терапиямен айналысу өте жақсы нәтиже береді. Мысалы, балшықпен қыш құмыра жасау, қолмен немесе қылқаламмен сурет салу, сазбалшықпен жұмыс жасау, құммен сурет салу.

Иппотерапия, яғни атқа отыру, ертегі терапиясы, ойын терапиясы, мелотерапия сияқты терапия түрлері бала агрессиясын басуға жақсы әсерін тигізеді. Аталған терапияларды маманның көмегімен жүргізген жақсырақ.


Оқи отырыңыз: Психолог: Әлімжеттік жасайтындар – өз ішкі қорқынышын жеңе алмағандар


– Қай кезде бей-жай қарамай, психолог маманға жүгіну қажет?

– Егер бала агрессиясы өзіне,(Кейбір балалар агрессияны өзіне шығарады, оны аутоагрессия деп атайды. Шашын жұлу, тырнақ айналасындағы теріні жұлу т.б.) қоршаған ортасына айтарлықтай (денсаулығына, өміріне) кері әсерін тигізіп жатқанын байқаса, маманмен жұмыс жасау қажет. Әрине, ондай қатты әсері жоқ деп бей-жай қарамай, жоғарыда айтқан әдіс-тәсілдермен бала агрессиясын табиғи жолмен басқан дұрыс болады.

Сурет: instagram.com/aiganym_quatqyzy/

– Кей маман керісінше балалардың агрессиясын сыртқа шығаруын қолдайды. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Тек агрессия ғана емес, барлық сезімді бала дұрыс қолданып, оларды бақылай отырып сыртқа шығаруы керек. Сыртқа шықпай қалған жағымсыз эмоциялар мен сезімдер түбі баладан шығу жолын табады. Ол психосоматикалық аурулар, түрлі невроз түрлері (тырнақ тістеу, энурез және тағы басқа) болуы мүмкін.

Жоғарыда агрессия баладан 3 жолмен шығады дедім. Бала көбінесе қайсысын қолданады сол жағымен ашуды шығаруға мүмкіндік жасаған дұрыс. Мысалы, бала қолмен ұруға бейім болса, бокс қолғабын кигізіп арнайы ұруға арналған қапшықтарды ұруға болады.

Егер аяғымен шығаратын болса, түрлі доп ойындары немесе фитбол добын бар күшімен теуіп ашуды сыртқа шығаруына болады. Ал балада вербалды агрессия болса, онда балаға сөздің өте құдыретті екенін түсіндіру керек. Сөз – кілт сияқты. Кілтті дұрыс таңдау арқылы кез келген жанжалды жауып, кез келген адамның жүрегіне жол таба алатынымызды жақсылап түсіндіру керекпіз. 


Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?


– Желідегі парақшаңыздан BrainFit семинарының авторы екеніңізді білемін. Ол кімдерге арналған, бағдарламасы қандай? Құны қанша тұрады?

– Семинар балалармен жұмыс жасап жүрген барлық маманға (педагог, психолог, дефектолог, логопед, балабақша тәрбиешілері) арналған. Аталған салаларда білім алып жүрген студенттерге де пайдалы, қатысуға болады. 

BrainFit семинарынан алған білімді қалыпты балалармен жұмыста:

  • зейін тапшылығы/белсенділік;
  • агрессия/тұйықтық/сенімділіктің төмен болуы;
  • есте сақтау қабілетінің нашар болуы;
  • қабылдау/ойлану процесстерінің баяу немесе төмен болуы;
  • епсіздік;
  • оқудағы қиындықтар т.б.

⠀Дамуында қиындықтары бар ерекше балалармен жұмыста:

  • кеш сөйлеу/сөйлеудің бұзылуы; (ЗРР, ОНР);
  • психикалық процестердің тежелуі (ЗПР, ЗПРР);
  • аутизм/аспергер синдромы;
  • гипербелсенділік (СДВГ) т.б. жұмыста қолдануға болады.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары