Жасөспірім шақ – баланың үлкен өмірге дайындалатын физикалық және психологиялық дамуындағы өтпелі кезең. Бұл уақытта баланың мінез-құлқы өзгеріп, онымен тіл табысу қиындайды. Тез ашуға беріліп, көңіл-күйі жиі ауытқиды. Мұндай кезде ата-ана балаға қалай көмектескені жөн? Пандемия ата-ана мен баланың психологиялық денсаулығына, қарым-қатынасына қалай әсер етті? Informburo.kz балалар психологы Жанна Сафиуллинаның жауаптарын ұсынады.
Психологты қалай таңдау керек?
Жанна Сафиуллинаның сөзінше, жасөспірімдер арасында суицид жасау туралы ой, жүйкенің жұқаруы секілді психологиялық проблемалар жиі кездеседі. Баланың басындағы мәселені шешу үшін міндетті түрде балалар психологының көмегіне жүгіну керек, себебі мұндай жаста екінің бірі өзін мазалап жүрген ойды ата-анасына айта алмайды. Балалар мен жасөспірімдердің психологиясымен сол бағытта білім алған маман айналысқаны жөн, яғни балалар психологы не психотерапевтіне жазылған дұрыс.
Жасөспірімдердің өсу кезеңі өте күрделі болғандықтан өздеріне де, ата-аналарына да қиын. Олар психологқа не психотерапевтке барғысы келмеуі мүмкін. Кейде жасөспірімдердің бәріне бірден маманға жүгіну қажет емес. Ең бастысы, жасөспірім ойын бүкпесіз айту үшін ата-ана баламен байланысын, жақындығын сақтауы керек. Бала өзін айыптамайтынын, жазаламайтынын, өз мәселесімен жалғыз қалып қоймайтынына сенімді болса ата-анасымен арасы жақын болады. Ата-ана баласы проблемасын кез келген уақытта айта алатында қарым-қатынас орнату керек. Сол кезде ғана мәселені маманның көмегінсіз отбасында шешуге болады.
Кейде керісінше жасөспірімге психологпен сөйлескен жеңілірек. Маманмен сенімді қарым-қатынас орнаса жасөспірім ішіндегісін ашық айтады. Ал ата-ана үшін психолог сауатты, білікті болуы керек. Маманның білімі туралы құжаттарды қарауға болады. Психолог өзінің кәсіби құзіреттілігінің шекарасын білгені жөн. Мысалы, психолог массаж жасаумен айналыспайды. Психологияға қатысы жоқ іспен айналысатын маманнан сақ болу қажет.
"Психолог пен психотерапевт білімі әртүрлі адамдар. Біздің елімізде психотерапевт – дәрігер. Психолог қандай да бір дәрі-дәрмекті тағайындай алмайды, ал дәрігерлердің тағайындауға құқығы бар. Психотерапевт дәрігер қиын жағдаймен жұмыс істей алады. Адам психологқа өмір сүру салтына байланысты қиындықтармен жүгінеді. Мысалы, қарым-қатынаста, жұмыста мәселе болса оны шешу үшін психологқа барады. Депрессиясы терең болса және одан өзі шыға алмаса психотерапевт дәрігерге жүгіну керек", – деді маман.
Оқи отырыңыз: Жалғыздық және депрессия. Қазақстанда жастардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?
Балада қандай психологиялық мәселелер болуы мүмкін?
Жанна Сафиуллинаның сөзінше, ата-аналар көбіне "жасөспірім баласымен қалай қарым-қатынас орнату керек?" деген сұрақпен келеді. Себебі баланың мінез-құлқы өзгереді, тіл табысу қиындайды. Түсінісуге бұрынғы тәсілдер көмектеспейді. Сөйтіп ата-аналар қарым-қатынасты жақсартатын жаңа әдіс тапқысы келеді.
Психолог қашықтан оқу жаңа құбылыс болғандықтан оған балалардың бәрі бірдей оңай бейімделмегенін айтады. Әсіресе кішкентай балалар мен жасөспірімдерге бұл формат қиынға соқты. Ата-аналар "қашықтан оқу кезінде қиындықтарды қалай еңсеру керек?", "балалардың оқуы жеңілдеу үшін оларға қалай көмектесу керек?" деген сұрақтармен маманға жүгінеді.
"Балаңыздың көңіл-күйі, мінез-құлқы өзгерсе, ұйқысы бұзылып, тәбеті болмаса, оқуы нашарласа, айналамен аз қарым-қатынас жасаса, бұрын болмаған нәрселер орын алса және мұндай жағдайлар кем дегенде екі аптадан асса маманға жүгіну керек", – дейді маман.
Қауіпті әрі қиын жағдайдың бірі – жасөспірімдер арасында өмір сүргісі келмеу, суицид жасау туралы ойдың болуы. Жанна Сафиуллина бала осыған қатысты сөздер айтса міндетті түрде маманға жүгінуді сұрайды.
"Бұл сізге жай ойын немесе манипулятивті мінез-құлық сияқты болып көрінсе де, балалар психиатрына жүгіну керек. Өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар. Сол себепті суицид жасау ниетінің артында не жатқанын түсіну керек. Жасөспірім өте қиын өмірлік жағдайға тап болған шығар, іштей қатты қиналады, депрессия болуы мүмкін. Балаларда да депрессия болады. Суицид ойлар мен сөздердің артында психикалық ауру жасырынуы мүмкін", – деп ескертті маман.
Ата-ана өзінің психологиясына неліктен бірінші көңіл бөлуі керек?
Пандемия кезінде эмоциялық күйі нашарлауынан маманға жүгінетіндер артқан. Ата-аналарда мазасыздық, үрей пайда болып, ұйқысы бұзылған. Мұндай жағдайда өзін қолға алуға адамның шамасы келмей қалады. Өкінішке қарай, пандемия кезінде көп адам көз жұмды. Жақын адамдардың өмірден өтуі психологқа не психотерапевтке жүгінудің бір себебі.
"Балаларымызбен қарым-қатынасымыз жақсы болуы үшін ата-ана бірінші кезекте өзінің психологиялық жағдайына көңіл бөлуі қажет. Себебі баланың психологиялық, психикалық күйі ата-анасының жағдайымен де байланысты. Ата-ана қарым-қатынас жасау мен жалғыз қалудың арасында баланс ұстауы қажет. Жалғыз қалу – қалыпты нәрсе. Балалар да кейде жалғыз қалғысы келеді. Әсіресе жасөспірімдерде жеке кеңістік, жеке шекара дегеннің болуы қалыпты. Біз әртүрлі тұрмыстық жағдайда өмір сүреміз. Үш адам кең үйде, керісінше бірнеше адам шағын үйде тұруы мүмкін. Сонда да отбасымен бірге болу мен жалғыз қалып, өзіңе ұнайтын іспен айланысу арасында баланс ұстау керек. Жұмыс істеп те, демалып та үлгеру қажет. Біздің психологиялық жай-күйіміз балаларға әсер етеді", – деді Жанна Сафиуллина.
Оқи отырыңыз: Ата-ана баласын қашықтан оқуға қалай бейімдегені жөн? Психолог кеңесі
Маман пандемия кезінде үрейлі жаңалықтарға қатты көңіл бөлмеуге кеңес береді: қайғылы хабарлар оқымау, көрмеу, ақпарат алуды азайту, тексерілген ақпарат көздерін пайдлану және үреймен күресуге тырысу, балалардың үрейге бой алдыруына жол бермеу керек. Сол үшін ата-ана балалардың қамқоршысы ретінде ең алдымен өзінің психологиялық жағдайыңа көңіл бөлгені дұрыс. Жасөспірімдерге мүмкіндігінше құрдастарымен уақыт өткізуге рұқсат беру қажет.
"Пандемия кезінде адамдар үреймен қалай күресу керек дегенге жауап іздеді. Күтпеген жағдайдың адамдарға қорқынышты көрінуі қалыпты реакция дер едім. Мұнымен күресудің әртүрлі тәсілдері бар. Мазасыздық болса тыныс алу жаттығуын жасаған дұрыс. Психологиялық сайттарда пайдалы ұсыныстар жеткілікті. Әр адам өзіне қажет тәсілді жасаса болады. Жақындармен әңгімелесу, жақсы демалыс пен ұйқы жақсы көмектеседі. Ал адам үреймен өзі күресе алмаса, жұмыс не оқуы қиындап, ұйқысы бұзылса маманға жүгінуді ұсынамын", – деді психолог.
Маман пандемияға дейін болған өмір салтын ұстануға – әдеттер мен сүйікті істермен айналысуға кеңес береді. Ұйқыны қандыру, кітап оқу, әңгімелесу, спортпен айналысу, таза ауада серуендеу күйзелістің алдын алады.
Сондай-ақ, Жанна Сафиуллина интернеттегі психологиялық тестілердің жалған болуы мүмкін екенін ескертеді. Онлайн тест тапсырып, өзіне диагноз қойып алатын жасөспірімдердің эмоциялық жағдайы одан сайын нашарлауы мүмкін. Сенімді әрі объективті нәтиже алу үшін кәсіби маманның алдында тест тапсырған дұрыс.
Қазақстандықтар covid-19.mentalcenter.kz сайты арқылы тегін психологиялық көмек ала алады.