Тікелей эфир

Таңбалы, Үңгіртас, Шарын, Көлсай, Шонжы. Алматы облысындағы бес туризм ошағы

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Кейінгі бес жылда Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері туристер көп келетін орынға айналды.

Алматы облысының туризм басқармасының қолдауымен Travel Hub компаниясы ақпараттық тур ұйымдастырды. Informburo тілшісі де әртүрлі өңірден келген туроператор өкілдерімен бірге туристік орындармен танысты.

Таңбалы тас

Алматының солтүстік-батысында 180 шақырым жерде Қарабастау ауылының маңында "Таңбалы" қорық-музейі орналасқан. 1957 жылы алғаш рет ҚазКСР-і ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан экспедициясының Жетісу отряды Анна Максимованың жетекшілігімен Таңбалы кешенінің петроглифтеріне және археологиялық ескерткіштеріне зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2001 жылы "Таңбалы" кешені Мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне кіріп, мемлекет тарапынан қорғалатын кешенге айналды. 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар тізіміне енді. 

Көне дәуірден келе жатқан Таңбалы тас жазуында ғасырлар бойы қазақ даласын мекендеген тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған танбасы сақталған. Таңбалы шатқалындағы петроглифтерді көне көркемсурет галереясы немесе ашық аспан астындағы храм тәріздес музей деуге болады. 900 гектар жерді алып жатқан қорық-музей аумағында біздің заманымызға дейінгі XIV-X ғасырдан басталатын жүзден астам археологиялық ескерткіш бар. 

Фото: Informburo.kz

Мұнда петроглифтер алты топқа жіктелген: 

I топ. Қола дәурінен жеткен аяқталмаған суреттер бар. Жануарлардың кескіні көп кездеседі. Жартасқа жалпы 111 сурет салынған. 

II топ. Тасқа салынған 400-ге жуық сурет бар. Біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ғасырлардан жеткен петроглифтерде бұғы, жылқы, өгіз, қасқыр секілді жабайы аңдардың, сонымен бірге адам тәрізді фигурлар, атап айтқанда бетперде киген садақшы секілді фантастикалық кескіндемелер бар. Суреттер ірі, терең, әрі айқын салынған. Б.з. дейінгі І ғасырға тиесілі Сақ кезеңіне жататын аң стиліндегі жануарлардың жеке кескіндемелері сақталған.

Фото: Informburo.kz

IIІ топ. Қола дәуіріндегі суреттер басым, көбі кейінгі кезеңдерде жаңартылған. Олардың қатарына жабайы аңдарды аулау (құландар, тау ешкілері), өгізді құрбандыққа шалу секілді көріністер бейнеленген. Тасқа қашап салу өнерінің ең үздік туындысы деп өгізге мінген күн басты құдайлардың және "буаз" сиырдың бейнесін айтуға болады. Құрбандық шалу көрінісін, аң стиліндегі жануарлардың бейнелерін, балта ұстаған сарбаздардың биін көре аласыз.

IV топ. 700 жуық тасқа қашап салынған сурет. Қола дәуіріндегі петроглифтер ерте темір және орта ғасырлардағы суреттермен толықтырылған. "Күн басты құдайлардың" жеті кескіндемесі сақталған. IX-X ғғ. түркі руна жазуы, XVII ғғ. ортасы XVIII ғ. "Ом мани пад ме хум" деген ойрат дұға жазулары, ұлы жүздің Дулат тайпасының таңбалары тасқа қашалып салынған.

Фото: Informburo.kz

V топ. Мыңнан астам тасқа қашап салынған суреттер бар. Қола дәуірі кезеңіндегі (б.з. дейінгі XIV-XIIІ ғғ.) денелерінде жолақтары бар өгіз, жылқы, қабан секілді жануарлардың бейнесі, әскери арбалар, сонымен бірге адам тәрізді фигуралар, олардың қатарында "күн басты құдайлар" кесіндемелерінің бірнеше композициялары бар. 

VІ топ. Петроглифтерде "күн басты құдайлардың" бірнеше кескінін көруге болады. Бір қызығы бір қатарға тізілген 12 адамның биі көзге түседі. Тоғызыншы адам – аяғы ауыр әйел. 12 адам жыл он екі айды білдірсе, аяғы ауыр әйелдің бейінесі 9 айда дүниеге бала әкелуді білдіреді. 

Фото: Informburo.kz

Таңбалыда қола дәурінен жеткен қорымдар бар. Қазба жұмыстары кезінде сол кездегі адамдардың аяқ-қолы бүктеліп, сол жақ бүйірімен бастарын батысқа қарата жәшікке салып немесе мәйітті өртеу салты бойынша жерленгені анықталған. Қорымда жерлеу рәсімдерінің заттары қыш түтікшелер және қола әшекейлер табылған. Тарихи жәдігерлер "Таңбалы" сапар орталығындағы музейге қойылған.

"Бірінші және екінші топта жабайы аңдар бейнелесе, үшінші топтағы петроглифтерден жабайы аңдарды қолға үйрету рәсімдерін көре аламыз. Төртінші топта – садақ ату, арба жасау, бесінші топта дұға бағыштау, жерлеу рәсімі тасқа қашап салынған. Содан кейін қорымға адамдарды жерлеген. Бірінші топта өмір басталады да, айналып келіп өмірлері мына қорымда аяқталады. "Адам өмірге қалай келсе, о дүниеге солай кету керек" деген наныммен адамдарды эмбрион тәріздес қылып, аяқ-қолын бүгіп жерлеген", – деді "Таңбалы" мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ғылыми қызметкері Нұрдәулет Тойбайұлы.

Фото: Informburo.kz

2020 жылдың аяғында "Таңбалы" сапар орталығы ашылды. Мұнда экспозициялық зал, конференц-зал, кітапхана, зертхана, кеңсе, асхана және 16 адамдық қонақ үй бар. Экспозициялық залға қола дәуірінен жеткен қоладан жасалған моншақтар, қыш ыдыстар, ерте түркі дәуіріндегі жебенің ұшы, тас қайрақ пен пышақ секілді тарихи жәдігерлер қойылған. 

Фото: Informburo.kz

"Таңбалыға" музей қызметкерлерінің рұқсатынсыз кіруге тыйым салынады. Экскурсиядағы адам саны 10-12 аспауы қажет және оларды музей қызметкерлері, не тиісті лицензиясы бар тұлғалар алып жүреді. Таңбалы аумағында улы жәндіктер, жыландар, тарантұл, қарақұрт, сары шаян, кене кездеседі, сондықтан сақ болған жөн.


Оқи отырыңыз: Туристік уикенд: Қазақстанда қысқамерзімді турларға сұраныс қандай?


Үңгіртас

Алматының батысында 100 шақырым жерде "жер күндігі" аталып кеткен Үңгіртас атты қасиетті орын бар. Мұнда аспан мен жер жүйесін байланыстыратын жер шарындағы ең қуатты энергетикалық тіректердің бірі орналасқан деседі. Сол үшін де қасиетті орынға Құдайдан жалбарынып, тілек тілеп келетіндер көп. Біреу қателіктері үшін кешірім сұрайды. Біреу бала сұрап, біреу жақсы жар сұрап келеді.

Фото: Informburo.kz

Үңгіртас төрт бөліктен тұрады. Әр орында болу уақыты әртүрлі.

Айдарлы Айдаһар ата

Бұл иірім аймағында болу науқасқа шалдыққан адамдарға өте пайдалы. Мысалы, гипертония, демікпе және І, ІІ дәрежелі ісіктер және басқа да аурулар. Иірім аймағында 15-20 минут тұруға болады. Дені сау адамдарға бұл аймақта 5-7 минуттай болғаны дұрыс. Бұл орын Аспан мен Жердің байланысып жатқан жері. Сондықтан Жаратушыдан жаныңызды, санаңызды, тәніңізді өмірдегі бар жаманшылықтан тазартуды сұрап, жалбарынуға өте жақсы. 

Фото: Informburo.kz

Энергетикалық баған

Аспанға бағытталған энергия ағымдарының жерден шығатын орны. Бұл жер адамдардың энергетикалық қуатын тазартады және оны толықтырып күшейтеді. Энергетикалық бағанның диаметрі шамамен сегіз метрге жуық. Иммунитет күшін қалпына келтіргісі келгендер 15-20 минуттан көп тұрмауы керек. Өзіңізді жайсыз сезіне бастасаңыз энергетикалық аймақтан тез арада кеткен жөн.

Айдаһар қанаты

Қуысы бар үңгірде көзге көрінбейтін үлдір (мембрана өтеді ). Қуатын күшейткісі келгендер қуыстың жоғарғы жағынан төмен қарай бір-бірден өту керек.

Фото: Informburo.kz

Тігінен тұрған тас

Бұл жер адам ағзасының минералдық деңгейіне күшті әсер етіп, бүйрек арқылы өтетін энергетикалық ағым, яғни ата-баба аруағымен байланысты күшейтеді. Адам тасқа арқасын тигізіп тұрған кезде тастың ішінде адамның энергетикалық ағымының тазаруы процесі жүреді. Тастың жанында 10-20 минут тұруға болады. 

"Сопылық дәстүр бойынша мұнда кез келген діннің дұғаларын оқуға болады. Ең бастысы Жаратушыға жүгінген кезде адам шынайы болуы керек. Ақылмен емес, шын жүректен тілеуі керек", – деп жазылған Үңгіртастағы ақпараттық тақтада.


Оқи отырыңыз: Ақмешіт үңгірі жағымсыз энергетикадан арылтады


Шарын

Шарын шатқалы – Алматыдан 195 шақырым қашықтықта орналасқан туристер жиі баратын орын. Шатқалды АҚШ-тағы Гранд-Каньонға ұқсатып жатады. 350 мың жыл бұрын пайда болған Шарын шатқалы 154 шақырымға созылып жатыр. Ал шатқалды қалыптастырған шөгінді жыныстардың жасы – 12 миллион жыл. Шатқалдың тік тауларының биіктігі 300 метрге жетеді.

Фото: Informburo.kz

Мұнда өсімдіктердің 1500 астам түрі бар, олардың 17-сі Қызыл кітапқа енген. Сүтқоректілердің 62 түрі, ұя салатын құстардың 103 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 25 түрі мекендейді. Жолы болған туристер сұңқар, сабаншы, қарақұйрық, қарсақ, бүркіт, түлкі, құмқоян, қабан, таутеке, камшат, аққалақ, ақкісті көре алады. Кейде қосаяқтар, тас сусарлары мен сарышұнақтар індерінен шығып, саяхатшылардың көзіне көрінеді. Мұнда "Ақтоғай", "Көртоғай", "Ұзынбұлақ", "Аралық" және "Темірлік" шатқалдары бар.  

Фото: Informburo.kz

Қызылдау шөгінді жыныстардан құрылған Қамалдар аңғарынан 47 миллион жыл бұрынғы Пермь кезеңінің лавалары, 60 миллион жыл бұрынғы ерте карбонының қара сұр және қоңыр вулканиттері табылған. Климаты жазда құрғақ, сондықтан жауын-шашын жауса сел пайда болуы мүмкін. Шатқал маңындағы тауларда будақ-жаңбырлы бұлттар төніп тұрса сақ болған жөн.

Шатқал орналасқан табиғи паркке кіру ақылы. Туристерге ыңғайлы болуы үшін бірнеше самалжай, экодәретхана және қоқыс жәшіктері қойылған. Визит-орталық салынып жатыр. 

Фото: Informburo.kz

Оқи отырыңыз: Меже – 190 мың адам. Экология министрлігі Шарын шатқалына келушілер санын қалай 10 есе көбейтпек?


Көлсай көлдері

"Көлсай көлдері" ұлттық паркі 2007 жылы құрылған. Мұнда Көлсайдың үш көлі бар, бірақ туристер ыңғайлы болғандықтан бірінші көлге көптеп барады. Биыл бір күнде бірінші Көлсай көліне 10 мың турист келген. Су ортасында қайыңдар бой тіккен Қайыңды көлінде де саяхатшылар қарасы үзілмейді. 

Фото: Informburo.kz

Көлсайға туристер ағыла бастаған соң Саты ауылында қонақ үйлер көбейді. Саты ғана емес, жол бойындағы Қарабұлақ, Жалаңаш ауылдары да туристерге қызмет көрсетеді. Көлсай көлінің маңайында жазда киіз үйлер тігіледі. Сапалы қызмет көрсететін қонақ үйлер, глэмпингтер де бар. Қазір көлік тұрағы аумағында визит-орталық салынып жатыр. Көлдің дәл жоғарғы жағында қабырғасы шынымен қапталған мейрамхана қонақтарға дәм ұсынады. 

Көлсайдың өзінде қайық, катамаран жалға алуға болады. Қыста мұз қатқанда көлдің үстінде коньки тебе алады. 

Фото: Informburo.kz

Көлсайда жаңа туристік маршруттар ашылып жатыр. Жақында ғана Саты шатқалында "Табиғатқа құлақ сал" атты экологиялық маршрут ашылды. Бұл Көлсай көлдерінің рекреациялық жүктемесін азайту үшін қажет. 


Оқи отырыңыз: Көлсай мен Қайыңды туризмі: Саты шатқалында жаңа экологиялық маршрут ашылды 


Шонжы

Алматының шығысында 250 шақырымдай жерде орналасқан Шонжы ауданы ыстық суымен танымал. Судың емдік қасиетін көру үшін тіпті шетелден туристер келіп жатады. Шонжыда шамамен 140 ыстық бұлақ бар.

Ғалымдар бірнеше миллион жыл бұрын Алматы маңында үлкен жанартау болған дейді. Кратерінің көлемі 9-дан 16 километрге жеткен. Жанартау іздерін Шонжыға баратын жолдағы Боғұты қызыл тауларынын көруге болады. Отты жанартау 200 миллион жыл бұрын сөнсе де, магмалық арналар толығымен жабылған жоқ. Олар суды қыздырып, үлкен қысыммен жоғарыға атқылайды. 

Фото: Informburo.kz

Шонжы ыстық бұлақтарының адам ағзасына пайдалы минералдарға бай. Ыстық бұлақтар жылы (температурасы 20-37 градус), ыстық (37-50 градус) және өте ыстық (50-100 градус) болып бөлінеді. Температурасы 37-50 градусқа дейін көтерілетін судың құрамында аздаған мөлшерде радон бар. Талай дертке дауа болар дарияның суына шомылып, демалу үшін салқын кезде – көктем, күз, қыстың бас кезінде келген жөн. 

Судың құрамындағы кремний қышқылы тыныштандыратын, қабынуға қарсы, ауыруды басып, денедегі токсиндерді шығаратын қасиетке ие. Ал кальций тұздары несеп шығаруды арттырып, сүйек тінінің өсуіне әсер етеді және ағзаның инфекцияларға төзімділігін арттырады. Натрий мен хлор ағзадағы су-тұз алмасуын қалпына келтіреді. Пайдалы минералдар жоғары тыныс жолдары ауруларына ем. Судың сілтілігінің жоғары болуы өтте қышқыл жиналуына тосқауыл қояды. Ыстық бұлақтардың емдік суы тері ауруларын, жараны емдеуге көмектеседі.

Фото: Informburo.kz

Шонжыда ыстық бұлақ бассейндерін жасап қойған демалыс орындары, қонақ үйлер өте көп. Туристер қалтасына да, өзіне де ыңғайлы орынды таңдай алады. Көпшілігі отбасымен, достарымен келіп демалады. Ыстық бұлақтарға ағылатын туристер көп болғандықтан ертерек орын алған жөн.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары