Тікелей эфир

Туристік уикенд: Қазақстанда қысқамерзімді турларға сұраныс қандай?

Ішкі туризмнің дамуына әлеуметтік желі оң ықпал етіп отыр.

Қазақстанда көрікті жерлерге саяхаттауға арналған бір-екі-үш күндік турлар бар. Олар арнайы еңбек демалысын алмай-ақ, сенбі-жексенбіні пайдаланып саяхаттауға қолайлы. Мұндай қысқамерзімді турларға Қазақстанда сұраныс қандай? Шетелдік туристер Шарын шатқалы, Көлсай, Қайыңды көлдеріне қызыға ма? 

Informburo.kz тілшісі Joinme Asia туристік операторының гиді Әсел Құлжамбай мен Дубайдан келген турист Мохташам Ханмен тілдесіп, пікірін сұрады.


Оқи отырыңыз: Қай демалыс орындары жазғы жеңілдіктер ұсынады?


Әсел Құлжамбай туристік гид болып жұмыс істейді. Екі ай уақыт ішінде 30 шақты турда гид болып, мыңға жуық адамды Қазақстандағы көрікті жерлермен таныстырып, жол көрсеткен. Әселдің негізгі мамандығы – бухгалтер болса да, бұл саланы тез-ақ меңеріп кетті. 

"Бір жыл бұрын Joinme туристік фирмасымен бірге Көкжайлауға саяхат шықтым. Сол кезде гид болып жұмыс істеуге қызығушылығым оянды. Істеп көргім келді. Негізгі мамандығым – бухгалтер. Жұмыс күндері өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Демалыс күндері турға шығамын", – дейді Әсел.

Әсел негізінен Көлсай, Қайыңды көлдеріне, Шарын шатқалдарына, Түркістан, Шымкент, Шығыс Қазақстанға және Өзбекстанға турлар ұйымдастырылатынын айтады. Айтуынша, ішкі туризмге деген сұраныс күннен күнге артып келеді.

Шарын шатқалдарындағы туристер. Фото Әсел Құлжамбайдың жеке архивінен алынды

"Оған отандық фильмдердің өз елімізде түсіріліп, онда әдемі жерлердің кадрын көбірек көрсетуі де әсер етіп жатыр. Әлеуметтік желінің дамуы да ішкі туризмнің дамуына оң ықпал етіп отыр. Бізге туристер көбінесе Instagram желісі арқылы келеді. Біз де жарнаманы сол желіде көбірек береміз", – дейді ол.

Десе де, Әсел отандастарымыздың туристік мәдениеті әлі де төмен деңгейде екенін айтады. 

"Қазақстандықтардың туристік мәдениеті, өкінішке қарай, көңілімнен шықпайды. Баратын жерлеріміз лас, қай жерде адам көп жиналады, сол жерде қоқыс шашылып жатады. Қазақстанның табиғаты көрікті жерлерге бай, бірақ кей жерлерге әлі де жағдай жасалмаған", – дейді Әсел.


Оқи отырыңыз: Туристік жолдамалар мен ұтыс лотереялары. Алаяқтардан қалай сақтану қажет?


Отандық туристік агенттіктерге ел ішіндегі көрікті жерлерге бару үшін жүгінетін шетелдік азаматтар да бар екенін айтқан Әсел олардың елге келерде түрлі кедергілерге тап болатынын жеткізді. 

"Турларымызға шетелдік туристер де жүгінеді. Олардың айтуы бойынша, басқа Еуропалық елдерге қарағанда, Қазақстанға келу, шақырту алу қиын екен. Жалпы қағаз жүзіндегі жұмыстары өте күрделі және өте баяу жүретініне шағымданады. Сол көңілімді түсіреді. Егер шынымен солай болса және ол жұмыстары жеңілдетсек, Қазақстанға бұдан да көп турист келер еді", – деп толықтырды ол.

Мохташам хан мен жары Шарын шатқалында. Сурет Мохташамның жеке архивінен алынды

Қазақстанның көрікті табиғатын тамашалау үшін Дубайдан келген Мохташам Хан мен оның жары Әселдің сөзін қуаттай түсті. Ол осы уақытқа дейін 60-тан астам елге саяхаттаған. 

"Жарым екеуіміз Қазақстанмен танысу үшін Дубайдан келдік. Егер ел үкіметі Қазақстанға келу процесін жеңілдетсе, шетелден туристер көбірек келуші еді. Мен келуге рұқсат алу үшін Қазақстаннан шақыру қағазын алуым керек болды. Сөйтіп Қазақстандағы бір компаниямен шақыру жіберетін болып келістік. Олар 80 доллар сұрады. Ақшаны жібердім, бірақ шақыруды өте ұзақ күттік. Кейін оны елшілікке апарып, 10 күндік визаға 60 доллар төледім. Осыдан кейін Еуропаға барамын, бірақ оның үш айлық визасына 60 доллар төледім. Қазақстанға келген кезде паспорттық тексеру бекетінде отырған адам түріме қарады да, құжатымның шын немесе жасанды екенін тексерді. Паспортты ашып қараса, оның шын құжат екенін бірден түсінер еді. Себебі онда қаншама елдің визасы тұр. Солай түріме қарап тексергені жағымсыз әсер қалдырды. Қазақстанға келгенде хостел мен туристік орталықтың арасында тағы бір құжат үшін жүгіруге тура келді. Мен бұған дейін 60-тан астам елде болдым. Түрлі елді көрдім. Мен сияқты турситер үшін бұл аса қиын мәселе емес. Бірақ саяхаттауды енді бастаған адамдар үшін Қазақстанға келу қиынырақ болатын сияқты", – деді Мохташам Хан.


Оқи отырыңыз: Туристер көп жүретін таулы аймақтарда навигатор, Wi-Fi жүйесі бар құтқару пункттері орнатылады


Мохташам Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында болып, Қайыңды, Көлсай көлдері, Шарын шатқалдарын, КарЛАГ музейін көрген. Айтуынша, елдің көрікті жерлері көздің жауын алады.

"Қазақстан мен елестеткендей, өте әдемі мемлекет екен. Мұнда туризмге мән беретіні көрініп тұр. Ел өте қарапайым екен. Қазақстанның даласы әдемі. Жай ғана серуендеп жүріп, тамашалай беруге болады. Бірақ, маған ең қатты ұнағаны – туристердің аз болуы. Бүкіл барған жеріңде сенің турист екенің білініп тұрады, емін-еркін қыдыра аласың", – деді Мохташам Хан.

Серіктестер жаңалықтары