Тікелей эфир

Көлсай мен Қайыңды туризмі: Саты шатқалында жаңа экологиялық маршрут ашылды

2022 жылы қорғалған аумақтарға саяхаттаған туристер саны 1,7 миллионнан асты.

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының қолдауымен Алматы облысындағы Саты шатқалында "Табиғатқа құлақ сал" атты жаңартылған экологиялық маршрут ашылды. Жаңартылған маршруттың негізгі ой өзегі – табиғатты түсіну және онымен бірігу, адамдар мен ғаламшардың болашағы үшін оны ұқыпты сақтап, құрметтеу.

Қорғалатын табиғи аумақтар, атап айтқанда, ұлттық парктер экологиялық туризмді дамытуда ерекше рөл атқарады. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылы қорғалатын аумақтарға шамамен 1,5 млн адам саяхаттаған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 40% жоғары. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн адамды құрады.

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

Жаңа маршрут

"Көлсай көлдері" ұлттық табиғи паркінде жаңартылған экологиялық маршрутты іске қосу келушілердің ағымдағы ағынын бөлу арқылы Көлсай және Қайыңды көлдеріне түсетін шамадан тыс рекреациялық жүктемені азайтады.

"Бір жағынан, қазір туристік сектор үшін оң үрдіс байқалып отыр, ал екінші жағынан табиғи ортаға және биоалуантүрлілікке антропогендік әсер күшейіп келеді, бұл өсіп келе жатқан жүктемені азайту шараларын әзірлеу үшін көбірек назар аударуды талап етеді. Бұл тұрғыда министрлік ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Экотуризм бойынша 1993-2017 жылдардағы ұлттық стандарт жаңартылды. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық кодекстерге экологиялық құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың жауапкершілігін күшейту, атап айтқанда, тұрмыстық қатты қалдықтармен ластау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін бұзу үшін айыппұл санкцияларын арттыруға бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Вице-министр "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының сайты ашылғанын хабарлады. Паркке билеттерді аталған сайттан да сатып алуға болады. Мұнымен қатар, бұл қызмет Kaspi, Home bank қосымшаларында қолжетімді. 


Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?


Мұнымен қатар, "Көлсай көлдері" ұлттық мемлекеттік саябағының директоры Ержан Қалматаев былтыр туристердің төлемдерінен 100 миллионнан астам қаражат келіп түскенін айтты. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

"Соңғы жылдары "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағындағы экотуризмге көп уақыт пен қаржы бөлініп жатыр. Бұған дейін Саты шатқалы аса танымал болмады. Соңғы екі жылда БҰҰДБ-мен бірігіп жаңа экологиялық маршрут ашу бағытында жұмыс істедік. Ресми түрде жаңадан ашылғанына қарамастан, бұл маршрутқа қызығушылық танытып отырған хайкинг клубтардың өкілдері көп. Өткен жылы ұлттық саябақтың арнайы шотына осы соқпақ жолдарды қолданғаны үшін төлемдерден 100 миллионнан астам теңге келіп түсті. Олардың тең жартысы – саябақ аумағында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы, ал қалғаны цифровизация мен автоматизация үшін жұмсалды", – деді Ержан Қалматаев. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

БҰҰДБ Қазақстан экожүйелерін сақтау шараларына 29 млн доллар бөлді

"Табиғатқа құлақ сал" маршрутының негізгі идеясы – жайластыру мен табиғи ландшафтқа араласудың минималды элементтері бар "танымдық" деп аталатын және табиғатпен неғұрлым экологиялық жақындасуды көздейтін экотуризмнің жаңа түріне жағдай жасау.

Жайластыру жұмыстарының ішінде: кіру тобы мен ақпараттық белгілер, тамашалау алаңы мен демалыс орындары, ерекше қорғалатын аумақтардың биоалуантүрлілігі туралы негізгі ақпаратты қамтитын тақырыптық стенділерді орнату. Пилоттық маршруттарды жайластыру бойынша ұқсас жұмыстар Қатонқарағай мен Сайрам-Өгем ұлттық табиғи парктерінде жүргізілген.

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

БҰҰДБ мен Экология министрлігінің бірлескен бастамалары шеңберінде Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен "Көлсай көлдері" басқару жоспары мен экологиялық туризмді дамыту стратегиясы әзірленді. Бұл жұмыстың нәтижесінде ұлттық паркте экотуризмді дамыту пайымы, басым бағыттары, міндеттері мен бюджетін құру үрдісі айқындалды. Жаңа "Табиғатқа құлақ сал" экологиялық маршрутын жайластыру –  әзірленген стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралардың бірі.


Оқи отырыңыз: Бақыт Оразымбетова: Қазақстанда Шоқан Уәлиханов маршрутын ұйымдастыру қажет


"БҰҰ даму бағдарламасы көптеген жылдар бойы Қазақстанда биоалуантүрлілікті сақтау мен өңірлерді орнықты дамыту шараларының бірі ретіндегі экотуризмді дамытуда Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. 2004 жылдан бастап БҰҰДБ ЖЭҚ-ң қаржылық қолдауымен, сондай-ақ, Қазақстан үкіметімен байланысты гранттар шеңберінде биоалуантүрлілікті сақтау саласында 10 ауқымды бастаманы іске асырды. Жаһандық маңызы бар Қазақстан экожүйелерін сақтау жөніндегі іс-шараларға қосылған үлес 29 млн АҚШ долларынан астам соманы құрады", – деді Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

Экотуризмді дамыту саласында БҰҰДБ рекреациялық жүктемелер нормаларын есептеу мәселелерін қамтитын әдістемелік ұсынымдарды әзірледі. Туристік маршруттарды жайластыруға, туристік инфрақұрылымды құру мен өзге де жұмысқа қолдау көрсетіліп, жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізіледі. Мәселен, "Көлсай көлдері" МҰТП маңында орналасқан ауылдық елді мекендер "Эко-Даму" несиелендіру бағдарламасына енгізілген. Несиелеудің басым бағыттарына экотуризмді, орман, балық, аңшылық және жайылымдық шаруашылықты, үй құс шаруашылығын, қоян шаруашылығын, омарташылықты тұрақты дамыту жатады.


Оқи отырыңыз: 700 мың теңгемен басталған бизнес. Ауыл кәсіпкері қалай агротуризмді дамытып отыр?


Сондай-ақ, БҰҰДБ қолдауымен сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылып, бұрыннан бар үш ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ауданы кеңейтілгенін атап өткен жөн. "Ақжайық", "Алтын Дала", "Іле-Балқаш" табиғи резерваттары мен "Бұйратау", "Жоңғар Алатау" және "Тарбағатай" ұлттық парктері пайда болды. Қазақстанда алғаш рет 2,9 млн га аумақта "Қапшағай-Балқаш" және "Ырғыз-Торғай-Жыланшық" экологиялық дәліздері құрылды.

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

Ұялы байланыс қашан іске қосылады?

Әзірге "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағында Beeline операторы ғана жұмыс істеп тұр. Вице-министр Әлия Шалабекова төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұлттық саябақтың белгілі бір аумағында міндетті түрде байланыстың болуы керегін айтты. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

"Ұлттық саябақтар табиғатпен үйлесім табатын орын, сондықтан барлық аумағын байланыспен қамтамасыз ету қажет деп ойламаймын. Алайда төтенше жағдайлардың алдын алу үшін кей жерінде міндетті түрде іске қосып, сол туралы ақпарат беруіміз қажет" – деді Әлия Шалабекова. 


Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр? 


Ержан Қалматаев "Көлсай көлдері" паркінің аумағында жыл соңына дейін Kcell операторының қызметі іске қосылатынын атап өтті. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

Қоқыс мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қорғалған аумақта табиғатты ластап, режимді бұзғандарға айыппұлдарды екі есе өсіру туралы заң жобасын әзірледі. Аталған заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. 

"Бұл заң барлық қорғалған аймаққа қатысты болады. Яңни қазір жекеменшік тұлғалар үшін айыппұл 10 АЕК-ті құраса, заң қабылданған соң айыппұл көлемі екі есе өсіп, 20 АЕК-ті құрайтын болады. Жалпы қоқыс мәселесін жергілікті тиісті органдар қалдықтарды басқару қағидаттары негізінде реттеп отыруы тиіс деп ойлаймын. Күні кеше Ұйғыр ауданына бардым, осы мәселенің әлі де өзекті екенін көріп отырмын. Инвесторлар, басқа да қажет керек-жарақтың болғанына қарамастан, пандемия кедергі жасап, осы бағыттағы жұмыстар тоқтап қалған. Қазір осы жұмыстар қайта жүзеге асырылып бастады", – деді Әлия Шалабекова. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

2023 жылы парк аумағында тағы 5 дәретхана ашылады

Ержан Қалматаев туристердің дәретханалардың жабық болуына қатысты шағымына жауап берді. Айтуынша, расымен, техникалық себептерге байланысты кейде жабық болған кездер болған. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

"Ұлттық парк аумағына кіру үшін төленген қаражатты жұмсауға қатысты арнайы жоспар құрылды. Сол жоспарға сәйкес, 12 дәретхана қажет екені белгілі болды. Биыл 7 дәретхана ашылса, келер жылы қалған 5 дәретхананы ашатын боламыз. Қателеспесем бір дәретхананы күтіп ұстауға 83 мың теңге қажет. Осы орайда, мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп дәретханаларды күтіп ұстау жұмыстарын субсидиялау мәселесін қарастырып жатырмыз", – деп сендірді Ержан Қалматаев. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

Жаңа маршруттар, Меркі ұлттық саябағы

Әртүрлілік және ауыл шаруашылығы бағдарламалық үйлестірушісі Талғат Сейітұлы бес жылдық жоспарда 25 маршрутты реттеу әдістемесі қамтылғанын атап өтті. Маршруттарды абаттандырып, туристер үшін қолайлы етуге бағытталған әдістемені Экология министрлігінің орман шаруашылығы комитеті мақұлдаған. 

©Informburo.kz \ Тимур Батыршин

"Ең алдымен, қай экологиялық маршрут бойынша қанша туристің жүріп өтетінін болжадық. Кейін кей бағыттар бойынша жүктемені азайту жоспарын түздік. Тендерді 2012 жылдан бері осындай абаттандыру жұмыстарымен айналысып келе жатқан ресейлік компания ұтып алды. Үш маршрутты реттеу құны 150 мың долларды құрайды. Ұлттық парк персоналы болашақта осыған ұқсас жұмыстардың барлығын өзі жүргізетін болады. Бұл үшін олар материалды қалай қолдану керегі туралы білім алды. Жалпы төрт облыста осындай жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алда Жамбыл облысы әкімдігімен бірігіп аймақтық саябақ ашуды жоспарлап отырмыз", – деді Талғат Сейітұлы. 


Оқи отырыңыз: 7 адамның құшағы әрең жететін ағаш. Шарын ерен тоғайынан фоторепортаж 


 

Серіктестер жаңалықтары