Құда – күйеу мен әйелдің аталары, әкелері, аға-інілері, туған-туыстары. Ересек ер адамдарды құда, жасы кішілерді құда бала деп, ал жасы үлкен әйелді құдағи, жасы кішілерін құдаша деп атаған. Құдалар бір-біріне ерекше сый көрсеткен, төрден орын берген.
Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге қызын сұрап, құда түсуге барады. Қыздың әкесі келісім берсе екі жақ құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Құдалықтың жөні алдымен құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр тағы басқа ырымдар мен кәделер, алымдары болады. Құдаласу әдетте қыздың айттырылған дері бар екенін көрсететін үкі тағу дәстүрінен басталады.
Қазақ халқында құда жолына, жасына қарай жіктелген.
Бас құда – жігіттің де, әйелдің де ең жақын туысы, жөн-жоралғыны білетін беделді ағайыны. Ол ерекше сый-сияпатқа, құрметке ие болған, жолы үлкен деп есептелген. Құдалықты бастап барған бас құдаға ең бағалы сый берілген.
Бауыздау құда – жақындығы жағынан бас құдадан кейінгі құда. Бұл ерте кезде жігіт жағынан қыз айттыра келген құдалық адамдарына арнайы мал сойылып, соның бауыздау қанына екі құданың қол батырып уағдаласуынан шыққан. Осылайша "қанымыз қосылды, енді туыс болдық" деген.
Құдалыққа жігіттің әкесінің одан кейін жолы үлкен аға-інілері барған болса, омыртқа құда деп аталады. Жігіттің нағашылары жағынан келген адамдар қабырға құда аталады.
Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?
Ертеде анасының құрсағында жатқан шаранаға, бесіктегі балаға да құда түскен.
Бел құда – әйелдердің аяғы ауыр кезінде әлі дүниеге келмеген нәрестелерді атастыру. Кей өңірлерде мұны ежеғабыл құда деп те атайды. Қарын құда, құрсақ құда деп те атаған. Егер екеуі де ұл болса "құшақтасқан дос", ал қыз болса "қимас құрбы болып өссін" деген. Ал біреуі қыз, біреуі ұл болса құда болуға сөз байласып, құдаласу кәдесін жасаған. Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырында екі дос Қарабай мен Сарыбай бел құда болып, балаларын дүниеге келмей жатып атастырған.
Бесік құда – балалары бесікте жатқанда құдаласқан құда. Құндақ құда деп те атайды. Алыс-беріс жасасып, бесікке белгі салып бесік керту жоралғысын жасаса, бесіккертті құда деп атаған. Сыйлас, дос, жақын адамдар бесік құда болған.
Қарсы құда – бір-біріне қыз беріп, қыз алған құда. Құдалықтың бұл түрі көбіне құдаласу кәделерін жасауға шамасы жетпейтін тұрмысы төмен адамдардың арасында болған. Бай, ел билеген адамдар да жақындасу үшін бір-біріне қыз беріп, қыз алысқан.
Бұрындары құдандалы болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Ұзақ уақыт құдалығы жалғасқан немесе көне құдаларды сары сүйек құдалар дейді. Сүйек жаңғырту негізінен тым алыстап кеткен ағайын туысты ана жағынан бауырларды қайта жақындату мен қосуға арналған салт.
Қазақ халқы "күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық" деп бекер айытпаған.
Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз:
- Айгөлек. Ұлттық ойын ережесі қандай?
- Қазақ халқы неге шаңырақты кие тұтқан?
- "Дәмді әрі құнарлы ас". Қазақ халқы неге талқан былғап жеген?
- Қазақ халқы не үшін шашу шашқан? Көне дәстүр бүккен сыр
- Құрақ көрпе. Қазақ халқы мата қиындыларын қалай кәдеге жаратқан?
- Ел көгертетін ерекше дәстүр. Батаның қандай түрлерін білесіз?
- Қазақ халқы баланы бесікке бөлеген. Бесіктің жасау-жабдықтарын білесіз бе?
- Бәсіре, тілашар, айдар мен танабау тағу. Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрі
- Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
- Тұсаукесер: Баланың аяғына неге ала жіп байлайды?
- Жеті ата – шежіре бастауы. Оның ұрпақ саулығы үшін маңызы қандай?
- Көрімдік. Оны қазақ халқы қандай жағдайда сұраған?
- Иткөйлек. Нәрестеге киімін неге "теріс" кигізген?
- "Жаңа түскен келінге көрімдігін беріңіз". Беташардың мәні неде?