Тікелей эфир

Ел көгертетін ерекше дәстүр. Батаның қандай түрлерін білесіз?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Бата берген адамға бата сыйын беру дәстүрі де бар.

Бата – қазақтың ертеден келе жатқан адал ниет, ақ тілек білдіру дәстүрі. Қазақ халқы дастархан басында, түрлі той-жиындарда, қуанышта, жолға шыққанда бата берген. "Батаменен ел көгерер" деген сөз бар. Батаны көбінесе көпті көрген қариялар берген.

Бата бергенде барлық адам қол жайып, бата берушінің сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдайды. Бата біткен соң қос алақанымен бетін сипайды. 

Халық арасында кез келген істі үлкендердің батасын алып бастау қажет деген сенім бар. Бата тыңдаған адам жақсылыққа сенеді. Жалпы бата сөздерінде алғыс пен қарғыс та, тілек пен дұға да, ризашылық пен реніш те болуы мүмкін. Ақ бата алған адамның жолы ашық болса, теріс бата алған адам қарғысқа ұшырайды деген сенім бар. Сондықтан адамдар теріс бата алудан қорыққан.

Қазақ батасын алған адамға бата сыйын жасаған, яғни иығына шапан жапқан, мал берген, ақша берген.

Батаның көптеген түрі бар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы, ас қайыру батасы сияқты түрлері көп. Батаның ең көп тараған түрі бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, жол жүргенде, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде айтылады. 


Оқи отырыңыз: Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай?


Бата түрлері

  • Ас батасы – ас келгенде дастархан басында отырған жасы үлкен құрметті қонақтың қол жайып, бата беруі. Тамақтанып болған соң да ас қайырып, бата береді.
  • Ақ бата – ата-ананың ризашылығын алған балаларға, сапарға, оқуға аттанғандарға, жақсы іс бастаған азаматтарға, құда болғанда, отау құрғанда, "батаңызды беріңіз" деп өтінгендерге берілетін бата.
  • Серттесу батасы – құдалықта, ел арасындағы маңызды шараларда айтылатын бата. Оны бұзу қарғыспен тең. 
  • Мереке батасы – айт, Наурыз секілді мейрамдарда "Мереке мерекеге ұлассын" деп берілетін бата.
  • Алғыс бата – ақсақалдар мен беделді кісілер игі іс жасағандарға, кішілік көрсетіп, қолдарына су құйып, көмек қолын созғандарға "Өмір-жасың ұзақ болсын" деп бата берген.
  • Наурыз батасы – халық Наурыз мерекесінде қыдырып, үйді-үйге барып көже ішіп жүргенде "Ұлыс оң болсын. Ақ мол болсын" деп берілетін бата түрі.
  • Сапар батасы – алыс сапарға шығып бара жатқан жолаушының сапары сәтті болсын, еліне аман-есен оралсын деп берілетін бата. 
  • Келінге бата – шай құйып, табақ алғанда келін сәлем жасағанда қариялар беретін бата. 
  • Соғым батасы – қыста соғым сойғанда "соғым шүйгін болсын" деп берілетін бата.
  • Теріс бата – адамшылыққа жатпайтын, ауыр қылмыс жасағандарға, ата-анаға қарсы келіп, ата-тегін көпшілік алдында ұятқа қалдырғандарға берілетін бата. Теріс батаны қарғыс деуге де болады. Теріс батаны қайтару үшін жұртты жинап, жалбарыну рәсімін жасаған. 
  • Сырбаз бата – сараң адамдарға берілетін бата. Қазір көп қолданыста жоқ.
  • Әзіл бата – құрбы-құрдасқа, дос-жаран, жезде-балдыздардың сый-құрметтеріне көңілі толмаған кезде әзіл-қалжың, сын-сықақ түрінде айтылатын бата.
Серіктестер жаңалықтары