Тікелей эфир

Айгөлек. Ұлттық ойын ережесі қандай?

Фото: ba.m.wikipedia.org
Фото: ba.m.wikipedia.org
Жас шамалары бірдей ойыншылар екі топқа теңдей бөлініп ойнайды.

Айгөлек – қазақтың ұлттық ойыны. Далада күн жылы кезде балалар мен жастар екі топқа бөлініп ойнайды. Топтағы адамдардың саны да, жас шамалары да бірдей болуы керек. Әр топтың бастаушысы болады. Топтағы адамдар бір-бірінің қолын мықтап ұстап, құлаштарын керіп,  бір қатарға тізіліп тұрады. Қарама-қарсы тұрған екі топтың арасы 10-15 метрдей болуы шарт. Екі топтың бастаушылары ортаға шығып, кім бірінші бастайтынын анықтайды. Содан соң кезегі келген топтың ойыншылары барлығы дауыстап былай өлеңдетеді:

– Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым, қуатты,
Екпіні желдей өршіген
Шепті бұзар ер керек, – дейді.

Екінші топ оларға жауап береді:

– Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек,
Күші мығым, қуатты,
Екпіні желдей өршіген
Саған қандай ер керек? – деп сұрайды.

Бірінші топ оларға былай жауап қайтарады:

– Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек,
Күші мығым, қуатты,
Екпіні желдей өршіген
Бізге пәлен ер керек, – деп бір ойыншының атын атайды.

Аты аталған ойыншы жүгірген бойы қарсы топты жарып өтпек болады. Ойыншы мықты болса қарсыластарының қолдарын бұзып өтеді де, бір ойыншыны жетектеп өз тобына әкеледі. Ал топты бұзып өте алмаса, онда сол топта өзі қалып қояды. Осылайша кезек-кезек ойыншыларды шақырып, екі топтың біреуінің ойыншылары таусылғанша ойнай береді. Айгөлекте дөрекілік көрсетуге, жұптасқан жұдырықты жүгіріп келе жатқан ойыншыға қарсы қоюға болмайды. Жүгірген ойнаушы да ойын ережесін сақтауға тиіс.


Оқи отырыңыз: Жамбы ату ұлттық ойыны қалай жаңғырды? Мергендер додасынан фоторепортаж


Халық арасында айгөлекті ақсерек-көксерек деп те атайды. Екі топқа бөлінген соң бірінші кезек алған топ қарсы топтан "ақ серек, көк серек, бізден сізге кім керек?" деп сұрайды. Екінші топ ойыншылары ақылдасып, керек адамның атын айтады. Шақырылған ойыншы жүгіріп шығып, қарсы топты бұзып өтуі керек. Қолды үзсе, онда қалаған ойыншыны өз тобына әкеледі. Ал үзе алмаса сол топта қалады. 

Айгөлектің мәлкі тотай деген де түрі бар. Ойыншы саны жұп әрі алтыдан кем болмауға тиіс. Екі топқа бөлінгеннен кейін, 20-30 адымдай бір-бірінен алыс тұрып, бір қатарға қол ұстасып сап түзейді. Әр топта ойын басқарушы сайланады. Бірінші топтың бастаушысы "мәлкі тотай" деп айқайлайды. Екінші топ кім керек екенін сұрайды. Бірінші топтың бастаушысы керек адамның атын атайды. Аты аталған ойыншы бар пәрменімен жүгіріп, қарсы топтағы тізбекті үзіп өтпек болады. Тізбекті үзсе бір ойыншыны тобына ала келеді, ал үзе алмаса сол топта қалып қояды. Осылай кезек-кезек шақырып, ең соңғы адам қалғанша ойнайды. Топта бір өзі қалып қойған бала өлең айтып құтылады да, содан соң қайтадан топқа бөлініп, ойынды басынан бастайды.


Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз:

Серіктестер жаңалықтары