Тікелей эфир

30 жылда ерлердің ұрығы 3 есе әлсіреген. Бедеуліктің емі бар ма?

Репродуктолог Салтанат Байқошқарова туабіткен бедеуліктің сирек кездесетінін айтады.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас репродуктологы Вячеслав Локшин Қазақстанда жұптардың 15 пайызына "бедеулік" диагнозы қойылғанын айтады. Құны 1 миллион теңге тұратын ұрықтандыру бағдарламасына бәрінің қаражаты жетпейтіндіктен, көбісі ажырасып кетеді. Осы орайда, ол бедеулікті емдеу үшін мемлекет қолдауы және медицина мен психологиялық көмектің бірігуінің маңызды екеніне тоқталды.

Бедеулік себептері қандай?

Қазақстандағы алғашқы денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) лабораториясы – "Экомед" емханасының негізін қалаушы және жетекшісі, репродуктология және эмбриология саласының маманы Салтанат Байқошқарова туабіткен бедеуліктің сирек кездесетінін айтады.

"Бедеулік көбінесе "тауып алған ауру" себебінен болады. Туабіткен, ұрығы жоқ әйел мен ер адам сирек кездеседі. Кейде ғана тұқым қуалау себебінен болуы мүмкін. Көбінесе қабыну процесінен пайда болады. Әйел мен ер адамның ұрық жүретін жолы, жатыр түтікшелері бітеліп қалады. Сол себепті суықтан, жыныстық инфекциядан сақтану қажет. Кішкентай кезімізде ата-әжелеріміз "Суықтың барлығы аяқтан келеді" деп айтып отыратын. Аяқты жылы ұстап, адам өзін температураға сай бейімдеп жүрсе, қабыну процестерінің алдын алатын едік. Қазір жастар арасында жеңіл жүріске салыну кеңінен тарап кетті. Оның үстіне ғаламторда ақпарат өте дөрекі, мәдениетсіз түрде беріледі. Сондықтан көбісі ерте жүкті болып қалады", – деді Салтанат Байқошқарова.

Мұнымен қатар, репродуктолог қазақстандықтардың бедеулікке шалдығуына ерте жүкті болып түсік жасату мен экологиялық фактордың әсер ететінін айтады. Экологиялық фактор ретінде қоршаған ортаның ластану деңгейі ғана емес, күнделікті тұтынатын тағам мен судың тазалығы әсер етеді. Осы ішкен тағаммен келетін химикаттар әсерінен әйел мен ер адамның ұрығының сапасы төмендейді.

"Мен медицина саласына 1988 жылы келдім. Осы 34 жыл ішінде ер адамның ұрығының сапасы үш есе төмендеді. Бұған қоршаған орта ғана емес, күнделікті тұтынатын тағам да әсер етіп отыр. Тағамдар құрамында неше түрлі қоспа, консервант, пестицидтер бар. Осы химиялық қоспалар адам ағзасына жинала береді. Бұдан өзге әлеуметтік бедеулік деген ұғым бар. Қазір жастар 30 жасқа таяу отбасын құрып, жиі ажырасып кетеді. Осылайша жастар өзіне қиянат жасайды. Экстракорпоральды ұрықтандыру бар деп ойлайды, ал ұрық сапасының төмендеп жатқанымен шаруасы жоқ. Сырт келбетімізді косметикамен әдемі етіп қоя аламыз, бірақ іште аналық бездеріміз тозып жатады", – деді Салтанат Байқошқарова.

Ары қарай репродуктолог маман ерте жаста жыныстық қатынасқа түсіп, түрлі инфекция жұқтырған соң ішетін дәрі-дәрмектің де бедеулікке әсер ететінін айтты. Сондай-ақ, жастардың жүктілікті тежеу үшін түрлі гормондық дәрі ішуі себеп.


Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі


"Ерлер бедеулікті ауыр қабылдайды"

Репродуктивтік Медицина Институтының уролог-андролог дәрігері, хирург Ерік Қартанбаев соңғы уақытта ер азаматтардың бедеулікке шалдығу себебі көбейгенін айтады. Бұдан өзге, ол "бедеулік" диагнозын ер азаматтардың ауыр қабылдайтынына тоқталды.

"Отбасы болған соң ерлі-зайыпты бірге келіп қаралуы керек. Өзім негізінен ер азаматтардың бедеулігімен айналысатындықтан, соңғы кезде бедеулікке шалдығудың себебі көбейгенін байқаймын. Бедеу адамдардың тең жартысы ер адамдар деп айтуға болады. Ер азаматтарға варикоцеле мен қабыну процесі әсерінен ұрық шығатын жолдардың бітелуіне әкелетін азоспермия диагнозын жиі қоямыз. Кейінгісін зерттей келе туабіткен, жүре пайда болған, генетикалық және эндокриндік деп бөлеміз", – деді Ерік Қартанбаев.

Десе де уролог диагноз дұрыс қойылса, оның емі әрдайым табылатынын айтады. Бастапқыда диагнозды естіген ер азаматтар емге келуден бас тартса, араға жарты, бір жыл салып емге оралады.

"Алдымызға келген соң асықпай отырып сөйлесіп, психологиялық тұрғыда көмек беріп, қандай шешім барын көрсетеміз. Осы азоспермия бойынша микротеза – аталық без ішінен шәуеттерді табу отасын жасатуға болады. Бір дана шыға ма, он дана шыға ма ол жағы ота барысында белгілі болады. Осы тұста мемлекет тарапынан бөлінетін жасанды ұрықтандыру квотасы демографияны көтеруге жақсы себеп болып отыр", – деп қосты Ерік Қартанбаев.


Оқи отырыңыз: Вячеслав Локшин: Әйелдер жасына қарамастан физиологиялық денсаулығы жақсы кезде босанғаны жөн


Бедеуліктің емі қандай?

Елдегі бас репродуктолог маман Вячеслав Локшин да бедеуліктің бірден бір емі экстракорпаральды ұрықтандыру жолы екенін айтады. Соңғы кезде мемлекет тарапынан бөлінетін квотаның артуына байланысты сәби сүю бақытына бөленген отбасылар қатары көбейген.

"Бедеуліктің барлық түрін жасанды жолмен ұрықтандыруға болады. Егер әйелдің фаллопиялық түтіктерінде кедергі бары анықталса немесе ер азаматтарда шәует саны 5 миллионнан төмен болса, эндокринді бедеулік болса, дәрі-дәрмек көмектеспесе, репродуктивті медицина көмегіне жүгінуге болады. Сондай-ақ, бедеуліктің көзге көрінбейтін себебі де бар. Бұл жағдайда да заманауи технологиялардың көмегіне жүгінуге болады", – деді маман.

Вячеслав Локшиннің айтуынша, жасанды ұрықтандыру жасатқан жұп 40% жағдайда бала көтерсе, 30% жағдайда бала босанады. Егер отбасылық жұп 38 жаста болса, онда тиімділік 15 пайызға дейін төмендейді. 42 жаста болса, 10 пайызға дейін, ал 43 жаста болса, 1-2 пайызға дейін төмендейді. Мәселе аналық жыныс жасушасының жоқтығында емес, олардың тез қартайып кете беретіндігінде. Осының әсерінен дені сау ұрпақты дүниеге алып келу мүмкіндігі төмендейді.

Сондай-ақ, маман 90-жылдары көптеген жұпқа ұрықтандыру бағдарламасының қолжетімсіз болғанын айтты. 2006 жылы алғаш рет жасанды ұрықтандыру жасату бойынша бюджеттен ақша бөлу ұсынылды. 2010 жылы экстракорпаральды ұрықтандыру бойынша 100 бағдарлама өткізілді.

"2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" бағдарламасы жарияланды. Өткен 10 жыл ішінде тоғыз мың цикл жүргізіліп, 2901 бала дүниеге келді. Ал өткен жылы 3000, жалпы Қазақстан бойынша 28 мың бала дүниеге келді. Қазақстанда қолданылмайтын репродуктология технологиясы жоқ. Мысалы, емханалар эмбрион хромосомасындағы ауруларды бесінші күні диагностикалауы мүмкін. Жатырға генетикалық сау эмбрион салынады. Сондайақ, time-laps технологиясын қолданамыз. Ол эмбрионды инкубаторға салып, оның бес тәулік бойы қалай дамитынын көруге мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері инкубаторларды интеллектіге жатқыздық. Ол әйелге нақты бала көтеруге көмектесетін эмбрионды таңдауға көмектеседі. Егер жұптың екеуі де репродуктивті және соматикалық тұрғыда сау болса, онда бір неке түнінен кейін жүкті болу деңгейі – 30%. Ал ЭКО әртүрлі репродуктивті бұзылысы бар азаматтарға көмектеседі", – деді Вячеслав Локшин.

Экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасын квота бойынша медициналық сақтандыру қоры төлейді. Оған пункция, наркоз, эмбрион тасымалдау кіреді. Мұнымен қатар, бағдарламаға құны 400–500 мың теңге тұратын медикаменттер кіреді. Алайда жұптарға эмбрионның генетикалық тексеруінен өту керек болса, онда бұл қызметті өзі төлейді. Сондай-ақ, жатыр жасушасын қатыру да бұл бағдарламаға кірмейді.


Оқи отырыңыз: Экстракорпоральды немесе жасанды жолмен ұрықтандыруға қалай квота алуға болады? Нұсқаулық


"Әйел жұмыртқа жасушасын 35 жасында қатырғаны дұрыс"

"Әйел адам жұмыртқа жасушасын сақтап қойғысы келсе, мұны 36-37 жастан кешіктірмей жасағаны дұрыс. Шамамен 35 жаста жасатқаны дұрыс болады. Егер әйел бедеу болса, оны 5-10 жылдан кейін қолдана алады", – деді Вячеслав Локшин.

Репродуктивтік Медицина Институтының бірінші санаттағы репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова Қазақстанға экстракорпоральды ұрықтандыру жасату үшін 35 елден емделушілер келетінін айтады. Сондай-ақ, ол квота беру себебінің кеңейгенін атап өтті.

Жасанды және табиғи жолмен туған балада айырмашылық бар ма?

"2021 жылға дейін мың квота екі ғана диагнозбен берілетін. Қазір бедеулік диагнозының барлық түріне беріледі десек болады: түтіктік, эндокриндік, идеопатиялық, белгісіз генезді бедеулік. Ерлер бедеулігі де қосылды. Жалғызбасты қыз-келіншектер де үміткер болып отыр. Бұл да өзінің қаражаты жоқ азаматтар үшін үлкен көмек болып отыр. Халық арасында "ЭКҰ жасатқан соң ары қарай бедеу болып, ұрпағы болмай қалады ма? Онда бұл технологияның болмағаны артық" деген қауесеттер жүрді. Мұның барлығы жалған. Христиан, мұсылман діндерінде де ЭКО жасатуға болмайды деген үкім жоқ. 1978 жылы Луиза Браун осы жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келді. Кейін өзі табиғи жолмен екі сәбиді дүниеге әкелді", – деді Аяулым Қосетова.

Репродуктолог Салтанат Байқошқарова да табиғи және жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген баланың денсаулығында еш айырмашылық болмайтынын айтады.

"Қазақстанда жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген сәби 10 жасқа дейін дәрігерлердің қасында жүріп, журналистерге сұхбат берді. Біз ата-анасына артық жарнамаламаймыз деп уәде бергенбіз. Биыл сол қыз бала 25 жасқа келді. Ұлыбританияның Лондон қаласында бакалавриат, магистратураны тәмамдап, кейін Англия жұмыс визасын берді. Жуырда келіп амандасып, денсаулығын тексертіп кетті. Бойы ұзын, ақылды, әдемі қыз. Жасанды ұрықтандырумен дүниеге келетін сәбиді ұзақ күтетіндіктен, керемет махаббатпен дүниеге әкелетіндіктен, ата-анасы ерекше көңіл бөледі. Жақсы көріп, даму процесін қадағалайды. Соның арқасында балалар өте дарынды болып келеді", – деді Салтанат Байқошқарова.


Оқи отырыңыз: Ұрық саудасы. Қалқан құлақ, қоңқақ мұрындылар жарамайды


"Бедеуліктен емделуге психологтар да көмектеседі"

Репродуктолог Вячеслав Локшин кейде алдына келген ерлі-зайыптыларға балалы болуға психолог мамандардың көмегі де жеткілікті болатын жағдайлар кездесетінін айтады. Осы орайда, емделушілерге медициналық көмекпен қатар психологиялық көмек қатар көрсетіледі. Отандық психоаналитик Жанар Оспанова да терапия кезінде бедеуліктің психологиялық себебі анықталатынын айтады.

"Көп жағдайда қоғам адамды оның балалы болу мүмкіндігіне қарап бағалайды. Табиғи жолмен бала туа алмаған әйелдер мен ер азаматтар өзінің бір жері кем болып тұрғандай сезінеді. Осыған байланысты жұптың жүйке-жүйесі нашарлап, оның ішінде әйелге бедеулік қатты әсер етеді. Бұл өз кезегінде жұптардың ара-қатынасының бұзылуына алып келеді. Әйелдер бедеулікті қабылдаудың бірнеше сатысынан өтеді: таң қалады, қайғырады, ызаланады, өзін оқшаулауға тырысады, жоққа шығарады және соңында бойұсынады. Бастапқыда әйел бұл диагнозға қатты таңырқап, шок күйге түседі. Кейін қалпына келу процесі басталады. Осы процесс ұят, кінә сезімдерімен ушыға түседі. Іштей ашу, ыза сезімі пайда болып, кейін депрессияға шалдығады. "Неге мен шалдықтым?" деген сұрақтың жауабын іздеуге тырысады. Айналасындағы адамдардан алшақтауға тырысады", – деді Жанар Оспанова.

Маман терапия кезінде балалы болудың негізгі мақсатын анықтау қажет екенін айтады. Бедеулікке шалдыққан жұптың мотиві өзгеше болуы мүмкін. Мысалы, жалғыздық сезімінен арылу немесе күйеуімді ұстап қалу және т.б. Ал ең негізгі себебін балалық шақтан табуға болады. Көп жағдайда қыз-келіншектер өзінің әйелге тән табиғатын қабылдамайды. Бұған отбасында алған түрлі психологиялық жарақаты әсер етеді.

"Әке-шешенің жыныстық сауаттылығының төмен болуы осы жағдайға тікелей әсер етеді. Психолог Р. Дж. Пепперел бедеу әйелдердің психологиясын зерттей келе оларды "үш топқа" бөлген. I топ – бедеулік бірнеше тексерістен кейін-ақ өздігінен емделетін әйелдер; II топ – кей әйелдердің бедеуліктен емделуге деген бейсаналы қарсылығын жеңу қиын. Олардың бедеу болуына белгілі бір күйзеліске түсіретін оқиға әсер етуі мүмкін; III топ – қандайда бір қорқыныштан, ұзаққа созылған психосоматикалық қиындық әсерінен пайда болған бедеулік", – деді Жанар Оспан.

Психоаналитик бедеуліктен емделу үшін ерлі-зайыптының бір-біріне қолдау білдіруі ерекше маңызды екенін айтады.

Серіктестер жаңалықтары