Тікелей эфир

Іссапардан кім және қалай бас тарта алады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қызметкерін іссапарға жіберу – жұмыс берушінің құқығы, алайда оған барудан кей жұмыскерлер бас тарта алады.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 127-бабына (4, 5 тармақтар) сәйкес, келесі қызметкерлер іссапарға барудан бас тарту құқығына ие:

  • 18 жасқа толмаған жұмыскер;
  • жүкті әйел;
  • мүгедек жұмыскер;
  • 3 жасқа дейінгі балалары бар жұмыскер:
  • мүгедек балаға не отбасының тұрақты күтімді қажет ететін науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскер.

Бұл жұмыскерлер іссапардан бас тарту үшін сәйкес санатқа жататынын растайтын құжатты жұмыс берушіге өткізуі тиіс. Айталық, үш жасқа дейінгі баласы бар қызметкер – баланың туу туралы куәлігін ұсынуы қажет болса, отбасының мүмкіндігі шектеулі мүшесі немесе ерекше балаға күтім жасайтын қызметкер – оларға үнемі күтім жасау қажет екені туралы медициналық қорытындыны өткізеді.

Дегенмен, өз жазбаша келісімі болса және медициналық көрсетілімдер бойынша тыйым салынбаған болса, жоғарыда аталған жұмыскерлерді іссапарға жіберуге жол беріледі.

Оқи отырыңыз: Жұмыстан кімді қысқартуға болмайды? Біле жүріңіз

Қалған санаттағы қызметкерлер бойынша заңда ешқандай шектеу қойылмаған. Яғни, іссапарға бару – жұмысындағы міндет, жұмыс берушімен арадағы шарттың талаптарын орындау саналады. Жалпы, жұмыскерді іссапарға жіберудің шарты мен мерзімі еңбек не ұжымдық шартта және жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Бірақ, қандай жағдайда да Еңбек кодексінің талабына сәйкес, жұмыскердің жұмыс орны мен іссапарда болатын жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады. Сондай-ақ:

  • іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлем;
  • баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыны;
  • тұрғын үй-жайды жалға алу шығыны төленеді.
Серіктестер жаңалықтары