Тікелей эфир

Сотта қорғаушы Денис Тенді тапсырыспен өлтірді деп мәлімдеді. Жаңалықтарға шолу

Мұнай бағасы арзандады. Аязға байланысты жұмыс күнін қысқарту ұсынылды.

1 қаңтардан бастап "Қазпошта" хаттар мен сәлемдемелерді ашық күйінде қабылдайды

"Пошта туралы" ҚР заңының 39-бабы 2-тармағына сәйкес келер жылдан бастап жеке тұлғалар жіберетін барлық пошта жөнелтілімдерді ашып, қарап қабылдайды. "Пошта операторы мен оның қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шара қабылданды", – деп хабарлады "Қазпошта" АҚ баспасөз қызметі.

Ал, сәлемдемелерді тексеру мүмкіндігінің жоқтығына байланысты поштамат арқылы пошта жөнелтілімдерін қабылдау тоқтатылады. Ол тек пошта байланысы бөлімшелері арқылы жүзеге асырылады екен.

eGov сайтында пилоттық режимде көлік салығын төлеу бойынша онлайн-қызмет іске қосылды

Азаматтар салығын үйден шықпастан тексеріп, төлей алады. Әзірге солай тек Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары төлейді. Пилоттық жобаның сапасы анықталғаннан кейін Қазақстанның барлық азаматтары бұл қызметті пайдалана алады. Қызмет eGov порталының басты бетіндегі "Қызметтер" бөлімінде орналасқан.

Төтенше жағдайлар департаменті аязға байланысты жұмыс күнін қысқартуды ұсынды

Ауа райының бұзылуы және ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік органдарға, білім мекемелеріне, кәсіпорындар (базарлар, сауда орталықтары) мен құрылыс объектілеріне жұмыс күнін қысқартуды ұсынды. "Бұл ұсыныстың қаланың тіршілігіне жауапты қамтамасыз ету ұйымдары, атап айтқанда өрт сөндіру қызметі, полиция, төтенше жағдайлар департаменті, жедел жәрдем қызметі, коммуналдық қызметтеріне қатысы жоқ", – деп хабарлады ТЖД.

"Қазгидрометтің" мәліметінше, 25 желтоқсан күні Елордада ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендейді, дегенмен 38 градус болып сезіледі. Жел екпіні – секундына 2 метр.

Қазақстанда депозиттерді долларландыру деңгейі төмендемей тұр

Заңды тұлғалардың теңгедегі депозиттері 2018 жылдың қараша айында 8,1%-ға кеміп, шетелдік валютадағы салымдары 13,3%-ға артқан. Алайда, қарапайым халықтың арасында ұлттық валюта депозитін ашушылар көбейген.

Биылғы жылдың қараша айының соңындағы көрсеткіштер бойынша Қазақстанда депозиттегі қаржы көлемі 17,8 трлн теңге болған. Ұлттық валютадағы депозит сомасы 3,8%-ға немесе 9 трлн теңгеге дейін төмендеген. Ал, шетел валютасында 6,4%-ға, яғни 8,8 трлн теңгеге дейін артқан. Қараша айының соңындағы долларландыру деңгейі 49,4% тең (2017 жылдың желтоқсанында – 47,7%).

Сотта қорғаушы Денис Тенді тапсырыспен өлтірді деп мәлімдеді

Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сот басталды. Сот алдында үш күдікті жауап беріп жатыр: Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева. Қылмыстық іс 38 томнан тұрады.

Сотталушы 23 жастағы Ж.Толыбаева сотта өзінің жүкті (мерзімі 6,5 ай) екенін айтты. Бұл – оның екінші баласы көрінеді, біріншісі – 4 жаста. Ұсталғанға дейін ол ауылдық мектептердің бірінде сабақ беріп келген.

Нұралы Қиясов 1994 жылы Жамбыл облысында туған. 2012 жылы тракторист-машинист мамандығы бойынша Меркі колледжін тәмамдаған. Ұсталғанға дейін автокөлік жуу орнында жұмыс істеген.

Арман Құдайбергенов 1994 жылы Қызылорда облысында туған. 2012 жылы кәсіптік техникалық лицейде оқып бастаған да, 2,5 айдан кейін кешкі мектепке ауысқан. Ал бір жылдан кейін сабағына бармай кеткесін, оқудан шығарылған. Ұсталғанға дейін еш жерде жұмыс істемеген.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Н.Өстеміров сотта "Денис Тенді тапсырыспен өлтірген" деп мәлімдеді. "39 томдық істі қарай келе қарама-қайшылыққа толы 14 деректі таптық. Ол деректер бұл қылмыстың тапсырыспен жасалғанын дәйектейді. Сондықтан, ол тұлғаларды да жауапқа тарту үшін аталған істі бөлек өндіріске жіберу мақсатында прокурорға қайта қарауға жіберуді сұраймыз",– деді.

Мұнай бағасы арзандады

Лондондағы ICE Futures биржасында ақпан айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 6,07 пайызға төмендеп, 50,74 долларды құрады.

WTI маркалы мұнай бағасы 6,89 пайызға арзандап, баррелінің бағасы 42,65 доллар болды.

Қазан айының басынан бастап желтоқсанның соңына дейін мұнай бағасы 35 пайызға арзандаған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Полицейлерге ипотекамен баспана алу жеңілдейді.Қазақстанда ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленді. ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамовтың айтуынша,қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық жағдайын жақсарту, жалақыларын көтеру, сараланған жалақы төлеу, полицейлердің ипотекаға тез арада қол жеткізуі қарастырылған. Бұл ретте ипотека жергілікті бюджет тарапынан жартылай дотацияланып, министрлік, жалпы мемлекет тарапынан бастапқы жарнаға көмек көрсетілуі мүмкін.

Baq.kz: Мүгедектердің жағдайын ескермеген 87 ұйымға 19,5 млн теңге айыппұл салынды. Мүгедектерге мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет, көлік қызметін көрсету және т. б. салаларда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз етпеген нысандар бойынша тексерулер жасалды. Қазақстанда 670 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген.

ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес, әлеуметтік нысандарда және көліктік инфрақұрылымдарда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына жағдай жасалмаған болса, лауазымды тұлғаларға 50 АЕК, шағын бизнес субьектілеріне – 120 АЕК, орта – 200 АЕК, ірі бизнес субтектілеріне – 400 АЕК айыппұл салынады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары