Тікелей эфир

Шымкентте 200 000 адамның айлығы өсетін болды. Жаңалықтарға шолу

Диспансерлер тегін анықтаманы ақшаға сатып келген. Алматыда барахолка ортеніп жатыр.

Қазақстанда қазанда баспана қымбаттады

Бір айдың ішінде Петропавлда пәтер қатты қымбаттапты. Мұнда тұрғын үйлердің шаршы метрі бірден 4,8%-ға өскен – 195,3 мың теңге болған. Бұдан соң пәтер құны Өскемен (1 м2 – 174,8 мың теңге) мен Көкшетауда (1 м2 – 185 мың теңге) 3,2%-ға қымбаттаған. Тек Ақтауда жер үйлердің де, пәтерлердің де бәсінің 1,9%-ға (205 мың теңгеге дейін) арзандағаны байқалады.

Шымкенттіктердің жалақысы өсетін болды

Жергілікті жиында қала әкіміне есеп берген 70 кәсіпкер өз қызметкерлерінің жалақысын өсіретінін мәлімдеді. Жалақыны көтеру қазан айынан бастап келесі жылдың қаңтар айына дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болды. Шымкентте тұрғындардың 30%-да тұрақты жұмыс бар. Бұл қалада әуелі ең төменгі жалақы алатын 56 мың қызметкердің жалақысын көтеру қолға алынбақшы.

Бизнес жүргізуді оңтайландырудың арқасында Қазақстан Doing Business рейтінгісінде үздік 30 елдің қатарына кірді

190 елдің арасында жүргізілген рейтингте былтыр еліміз 36 орын алған еді. Биыл бұдан 8 саты жоғарылап, 28 орынға жайғасты. Елімізде биыл кәсіпорынды ашу мерзімі 9 күннен 5 күнге азайды, халықаралық сауда -саттық пен кәсіпкерлік келісімшарт жасау рәсімі жеңілдетілді. Сарапшылар Қазақстанда әлі де болса бизнесті жүргізу, кәсіпкерлерді несиелендіру мәселесіндегі жағдай әлі мәз болатындай емес деген тұжырымға келіп отыр.

Қазақстандықтар антибиотиктердің жанама әсеріне көп шағымданады

Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығына биыл осындай 2000 шағым түскен. Бұл былтырғыдан 4%-ға көп. Халықтың көбі қанды ұйып қалудан сақтайтын немесе шамадан тыс сұйылып кетуіне қарсы қолданылатын, сондай-ақ ісікке қарсы дәрілердің жанама әсерін айтып шағымданған.
Мұндай жағдайда еліміздегі пациенттер мен дәрігерлер орталықтың www.ndda.kz сайтына хабарласса болады. Мамандар жағымсыз әсері бар дәрілерге сараптама жүргізіп, қорытындысын қолданыстан алып тастау туралы шешім шығару үшін ҚР ДСМ Фармация комитетіне жолдайды.

Алматыда "барахолканың"қоймалары өртеніп жатыр

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, өрт шыққаны туралы ақпарат бүгін түсте сағат 13:41-де хабарланған. Өрт сөндіру жасағы 5 минутта келіп жеткен. 57 адам мен 17 техниканы жұмылдырып, өртті сөндірді. Шамамен 3000 шаршы метр аумақты от шарпып үлгерген.

Медициналық ұйымдар тегін анықтаманы ақшаға сатып келген

Шымкенттегі психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлер 8 күннің ішінде халықтың қалтасын қағып, 5,4 млн теңгені заңсыз алған. 2 қазаннан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес бұл анықтамалар тегін берілуі тиіс болатын. Шымкенттің қалалық прокуратурасы тұрғындарға қаражаттарын қайтарып алуға болатындығын ескертеді.

Қарашаның алғашқы күнінен бастап аяз болады

Солтүстік облыстарда бұл күндері ауа температурасы күндіз 0-8°С дейін, түнде 5-15°С дейін төмендейді. Оңтүстікте күндіз 0-5°С дейін жылы, түнде 0-7°С аяз болады деп күтіледі. Айдың ортасынан күн қатты суытады. Аязбен бірге кей облыстарда жел соғып, тұман түседі, көктайғақ, бұрқасын болуы мүмкін.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Қазақстанда 20 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу қажет. Елімізде 78 650 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 2176-ы апатты жағдайда болса, 2669-ын қайта жөндеген. 58 089 үйдің ахуалы қанағаттанарлық жағдайда. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі апатты жағдайдағы көппәтерлі үйлерді жөндеуге қатысты тиісті механизмдерді әзірлеп жатыр. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 2 669 үй, қайтарылатын қаражаттарға 489 үй жөнделеді.

Inform.kz: Бюджеттің ашықтығы жағынан ШҚО мен Павлодар облыстары көш бастады. Төменгі нәтижені 100 ұпайдың 18-ін иеленген Алматы облысы көрсетті. «Zertteu Research Institute» қоғамдық қоры өңір әкімдеріне бюджет жобасын жария етіп, жобаны талқылауға шығаруға кеңес берді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары