Тікелей эфир

Шетелде демалғысы келетіндерге ескерту. Шетелге шығарда нені білу керек?

Фото ritmovivotreviso.com сайтынан алынды
Фото ritmovivotreviso.com сайтынан алынды
Арзанына қызығып, алаяқ фирмаларға алданып қалатындар көп. Шетелге ұша алмай, иә қайта алмай әуре-сарсаңға түспес үшін, оқыңыз...
Биыл шілдеге дейін 290 мыңнан астам қазақстандық шетелде демалып үлгерген. Былтырғымен салыстырғанда екі есе артқан.

Түркия, Мысыр, Қытай

Көпшілік Түркия, Мысыр, Қытайда демалып жатыр. Мәселен, 2017 жылмен салыстырсақ, Мысырға аттанушылар саны 30 пайызға артқан.

– Алдын ала келісіп, броньдап қойсаңыз 300-500 АҚШ долларға 7-9 күн қыдырып, тынығып қайтуға болады, – дейді "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей.

Алаяққа алданбаңыз

Демалысты қызықты өткізуге қолғабыс беретін турфирмалардың қызметі маңызды.

Мәселен, ойда жоқта сап етіп, пайда болып, алдап-сулап көндіріп, ақшасын алған соң, шу қарақұйрық деп ғайып болып кететін алаяқ турфирмалар көп. Солардың кесірінен асыға күткен демалысы адыра қалып, шетелге барып тынығамын деген арманы сан соқтырып, тентіреп қалғандар бар.


цуцкернорл

Туристік компания таңдауда абай болыңыз / Фото 24.kz сайтынан алынды


Тіпті көп жылдар бойы жұмыс жасап келе жатыр деген аты бар турфирмалардың ішінде кенеттен өздерін банкрот ретінде жариялай салатындары болады.

– Бәрін қатырамыз деп, долларын алып, жеме жемге келгенде жауапсыздық танытқан туроператорлардың кесірінен 2010-2018 жылдар аралығында 12 мың қазақстандықтың шетелдегі демалыстан елге орала алмай әуреге түскенін білесіздер, – дейді Инна Рей.

19 миллион теңгеге алдап кеткен

Ұқсас жағдай осы жаздың басында Алматыда тіркелді. Ол кезде турфирмалардың бірі 30 клиентке Түркияға жалған жолдама сатып, 19 миллион теңгені үптеп кеткен.

Маусым айының соңында полицияға 18 қарағандылықтан арыз түсті. Оларды жер соқтырып кеткен турагенттіктің директорына іздеу салынды. Алаяққа алданып қалған туристер Еуропаға ұшуы керек еді.

Алаяқтардан аман қалу үшін:

Турагенттікке келгенде, ең бірінші, келісім шартты талап етіңіз. Төрт министірлік бекіткен арнайы үлгідегі келісім шарт болуы керек.

Келісім шартқа қол қояр алдында, бас жағындағы фирманың атауы мөрге жазылғанмен сәйкес келуі тиіс.

Сонымен қатар, келісім шартты оқыған кезде ай-күн мен төлеген қаржы көлемінен бастап, неше күнге демалатыныңызбен қай жерлерге баратыныңыз туралы жазылған тұстарын мұқият оқыңыз.

Кез келген шет елге шығатын туристің қолында осындай шарт пен туркод болуы тиіс.


Туркод сіздің қауіпсіздігік кепіліңіз

Туркод (қордың сайтында қазақша нұсқасы жоқ) сіздің қауіпсіздігік кепіліңіз / Фото fondkamkor.kz сайтынан алынды


Ол арқылы "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының сайтынан тоқтайтын отель-қонақүй бронын, үйге кері қайту билетті тексеріп алыңыз. Сайттың сілтемесін мақаланың соңынан оқып, білуіңізге болады.

Туристік код 11 немесе 13 (шыққалы отырған мемлекетке байланысты) әріпті-санды символдан тұрады. Ол әрбір жолдаманы сатып алған кезде автоматты түрде беріледі. Бұл шифр әрбір турист үшін бірегей. Күрделі жағдай туындағанда турист "Туристік Қамқор" қорымен байланысқа шығып, өз туркодының санын айтып, 24 сағаттың ішінде шұғыл көмекті күтеді. Туркод жеке парақта да, жолдама арқылы да беріледі.

– "Туристік қамқор" корпоративтік қорының құрамындағы барлық туроператорларға әр туристке жеке туркод беру міндеттелген. Олай болмаса туроператордың қызметіне күмәнмен қарап, одан бірден бас тарту қажет.

Туркод сіздің ең жақын уақыттағы рейс арқылы елге оралуыңызды қамтамасыз етеді. Қор жұмысын бастағалы бері 450 мың қазақстандыққа туркодтар берілді,– дейді Ирина Рей.

Қазақстанда туристік қызметпен айналысуға 1500 лицензия берілген. Нарықта 500 туристік фирма ғана жұмыс істейді. Ал "Туристік қамқор" корпоративтік қорына 59 туроператор ғана мүше болған. Олар саяхатшылардың қауіпсіздігіне толық кепілдік береді.

Шетелге шығарда нені білу керек?

Шетелге шығатын төлқұжатының мерзімі бітіп қалмаған болуы керек. Сонымен қатар, салықтан, алимент, басқа да төлемдерден қарыз болмасын.

Барлығын тексеріп, қарызыңыз болса ертерек құтылғаныңыз жөн. Өйткені әуежайда қарызы бар адамды шетелге шығармайды.

Алайда, Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды қаласы әуежайларында берешекті өтейтін арнайы терминалдар қойылған. Егер шетелге шығуыңызға тосқауыл қойылған болса, жарты сағат ішінде қарызыныңызды өтей аласыз. Әрі қарай жолыңыз ашық. Терминал арқылы 2 млн теңге көліменде берешекті өтеуге мүмкіндік бар.

Жауапты турагенттіктердің тізімі жасалады

– Қазір "Түристік қамқор" қорымен бірге ешқандай уайымсыз жолдама сатып алуға болатын жауапты турагенттіктердің тізімін жасау туралы ортақ келісімге келдік. Бүгінгі таңда біз осы туристік агенттіктердің жұмысына кепілдік бере алатындай талаптарды әзірлеп жатырмыз, – дейді Қазақстан турагенттер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева.

Ол "Рұқсаттар мен хабарламалар" туралы заңға сәйкес талаптар қойылатын турагенттіктердің мемлекеттік реестрі барын атап өтті. Бірақ, бұл талаптар жеткіліксіз болып отырған көрінеді.

– Туроператорлар тарапынан кімнің жайлы бронь жасайтыны, кімнің уақтылы төлем жасайтыны туралы кеңес алу – негізгі талаптардың бірі болып табылады. Әлбетте, олардың қанша жыл нарықта жүргендерін, құжаттарын, байланыс нөмірлерін сұрастырамыз, – дейді Әсел Нүркебаева.

Ал әзірге, туристік фирмаларды мына ақ, мынау қара деп ажырату қиын. Нақты тізім әлі жасақталған жоқ.

Жолдама қанша тұрады?

Сонымен, шетелдік демалыс орындарына жолдамалардың орташа бағасымен салыстырсақ, ең қымбаты Балиге, ең арзаны Грузияға екен.

Мәселен, қалтаңызда 160 мың теңгеңіз болса, бір адам 7-9 күнге Грузияға барып, демалып келе алады. Таиландқа бару үшін – 183 мың теңге сұраса, Туниске – 200 мың теңге қажет. Ал Мысырға – 170 мың теңгеңіз болса тур дайын тұр. Кемерге – 215 мың, Анталияға – 282 мың, Сингапур – 300 мың, Балиде – 315 мың теңгеге демала аласыз.

"Жанып тұрған" турлар маусым кезінде болмайды

Ал туристік агенттік қызметкері Аслан Төлегеннің айтуынша, "жанып тұрған" турларда тек ұшақтың билетіне ғана жеңілдік жасалады. Мәселен, 500 доллардан сатқан билеттің бағасы ғана 150-200 долларға шегерілуі мүмкін.

– Ұшып баруы, қайтуы, қонақ үй, тамақтануы, саяхаттық маршруттары бар. Бірақ маусым қызып тұрған шақта "жанып тұрған" турлар бола қоймайды, – дейді ол.

Агенттіктен аулақ, жеке қыдырам десеңіз...

Ешқандай турфирманың қызметіне жүгінбей, өз бетінше саяхаттағысы келгендер мына жағдайларды ескерулері керек.


Өз бетінше саяхаттау дайындықты талап етеді

Өз бетінше саяхаттау ерекші дайындықты талап етеді / Фото RusAdventures.ru сайтынан алынды


Әрине, жол шығыныңыз турагенттіктен сатып алған жолдамада гөрі аз болатыныі анық. Тек барлық жауапкершілік өзіңізге жүктелетінін ұмытпаңыз. Сонымен:

1. Ең оңайынан бастаңыз

Бірден танымайтын елге топ ете қалмай, өз еліміздің не болмаса таныс жақын елдердің біріне саяхаттап көріңіз. Алдын ала жоспарлап, саяхатыңызды ұйымдастыру қолыңыздан келетініне көз жеткізіңіз.

2. Серік тауып алыңыз

Жалғыз саяхаттағаннан гөрі қасыңызға өзіңізді түсінетін бір адамды ертіп алған дұрыс. Ол өз бетінше саяхаттап көрген адам болса тіпті жақсы, алайда көп адам ертіп алсаңыз кесірі тиіп кетуі де мүмкін. Сондықтан қасыңызда сенімді бір-екі адам болса жеткілікті.

3. Қаражатыңызды реттеп алыңыз

Ең алдымен авиабилет алу үшін және интернет арқылы жататын орынды броньдап отыру және сауда-саттық жасау үшін сол елде жүретін банк картасын алыңыз. Сосын, шығыныңызды жазып, ұдайы есептеп отырыңыз.

4. Паспортыңызды дайындап алыңыз

Алдын ала шет ел паспортына қойылатын талаптармен – мерзімі, бос бет саны, тағысын тағы танысып, барғыңыз келген елге виза рәсімдеу міндетті ме, біліңіз. Виза рәсімдеуден қорықпаңыз, тек керек құжат тізімін сайлап алсаңыз жеткілікті.

5. Авиабилеттің арзанын алыңыз

Саяхаттау кезіндегі негізгі шығын авиабилеттерді сатып алуға кетеді. Сондықтан барынша үнемдей алсаңыз өзіңізге жақсы. Ол үшін билетті неғұрлым ертерек алып қоюға тырысқан жақсы, әсіресе Еуропада жаз, Азияда қыс болса, жаңа жыл сияқты мерекелермен саяхатыңыз тұспа тұс келсе.

Ұшуға билетті кем дегенде 1,5-2 ай уақыт бұрын броньдап қойған дұрыс. Мүмкін болса, ауысып отыратын рейстерді бір қарап алыңыз, кейде олар тура рейстен гөрі арзандау болады.

Дәл сол күні алам демей, бір күн ерте не бір күн кейін алсаңыз да кейде арзанға түседі.

6. Көліктің басқа да түрлерін ұмытпаңыз

Пойыз бен автобустың бағасын да үнемі қадағалап отыру керек. Мысалы, түн уақытында қонақ үйге шығындалмай пойызда не автобуста болған тиімді.

Сонымен қатар, автокөлікті жалға алуға болады. Бірақ, міндетті түрде жанармай мен автотұраққа кететін ақшаңызды есептеп, сосын ғана тиімдісін таңдарсыз.

7. Баспана қарастырып қойыңыз

Баспана жалдағанда төлем сомасына не кіретінін біліңіз. Броньдау түрі қандай, егер сәті түспесе ақшаңызды қайтарып бере ме, орналасқан жері қаланың ортасы ма, шеті ме мұқият сұрап алыңыз.

8. Бастысы денсаулық пен қауіпсіздік

Саяхат кезінде денсауылққа ерекше мән бермесе болмайды. Ерекше күтім керек. Адам баласының ағзасына демалыс кезінде жол ауыртпалығын көтере алмау, жаңа ортаның климаты, тамағы, уақыттың ауысуы әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, халық көп шоғырланған жерде түрлі бактериялар мен инфекциялар өріп жүреді.

Сол себептен де саяхат кезінде денсаулығыңызға салғырт қарамаған жөн. Көптен күткен кезекті демалысыңызды шетелде өткізуді жоспарлап, жолға шықпас бұрын дәрігерге барып, денсаулығыңызды мұқият тексеріп алыңыз. Саяхат кезінде денсаулығыңыз сыр бермесін десеңіз, дәрігер кеңесіне зер салып, өзіңіздің күтіңіз.

Қойын дәптеріңізге баратын еліңіздегі Қазақстанның елшілігінің мекен-жайы мен телефон нөмірін жазып алыңыз.

9. Техникалық дайындық керек

Қолыңыздағы смартфонның мүмкіндігін барынша пайдаланып үйреніңіз. Мәселен, интернет болмаса да картаны көрсететін қосымшалар орнатып алуыңызға болады.

10. Баратын еліңіз туралы мәлімет жинай жүріңіз

Саяхатқа шығар алдында баратын елдің көрікті жерлерін жазып, алдын ала саяхаттау маршрутын сызып қойсаңыз тіпті жақсы.

Жергілікті жердегі қоғамдық көлік жүйесімен танысып, жол жүру билеттерінің атауларын жаттап алған да дұрыс.

Сол елдің ұлттық асханасы туралы оқып, негізгі ұлттық тағамдарын жазып алыңыз. Туристерге арналған қымбат ресторандардан ғана емес, қарапайым асханалардан ауқаттанғансаңыз да болады.

11. Тұрғылықты халықпен кездесуге дайын болыңыз

Алдын ала сол елдің менталитетімен, жергілікті ерекшеліктерімен танысып алғаныңыз жөн. Тілді жетік меңгермесеңіз, смартфоныңызға аудармашы қосымшасын жүктеп алыңыз.

Сонымен...

Демалысында жарты Еуропаны велосипедпен аралаған қазақтың қос аруы туралы жазған болатынбыз. Олардың саяхаты туралы мына жерден оқи аласыздар.

Бар-жоғы 100 доллармен бүкіл Еуропаны аралаған жігіттің әңгімесін мына жерден оқысаңыз болады.

Туркодты мына сайттан тексере аласыз.

Туристік қызмет көрсетудегі үлгілік келісім шартпен мына жерде таныса аласыз.

Қор құрамындағы туроператорларға қатысты мәліметті қордың ресми сайтынан біле аласыз.

"Туристік Қамқор" корпоративтік қорына мүшелікке енген туроперотралар тізімін мына жерден көре аласыз.

Серіктестер жаңалықтары