Жыл сайын велосипед тебушілер қатары артып келеді. Алайда алыс жолға велосипедпен шығу үшін күш пен жігер керек. Себебі педальді ешкім сіз үшін баспайды. Сондықтан велосипедке отырып, Еуропаны аралауға шыққан Әйгерім Әлімова мен Әйгерім Қасымова да біраз дайындалған.
Әлемді танығымыз келді
– Әдетте үй-ішіндегі күнделікті күйбең тірліктің адамды мезі қылып жіберетіні шын. Әлеуметтік желіден саяхаттап жүрген адамдардың суретін көргенде табиғатына бір, өзіне бір тамсанып отыра беретінбіз, – дейді Әйгерім Қасымова.
– Оның үстіне Астананың қысын өздеріңіз білесіздер. Қамалып қаламыз. Сондай бір кез болды. Алыс жолға шығуға қатты құлшындым. Велосипедке отырып, саяхатқа шықсам ғой деген ой келетін. Ол 2014 жыл, әлі велосипедім де жоқ кез еді.
Әйгерім ойын іске асыру үшін ақша жинап, велосипед алады, саяхат маршруттарын ойластыра бастайды.
– Бұрын Италияға тіл үйренуге барғанмын. Маған ол жақ өте қатты ұнаған. Сол елге барсам деп аңсадым. Есіл-дертім велосипедпен сонда баруға ауды, табиғатын, елді-жерді тамашаласам деп құмарттым, – дейді Әйгерім Қасымова.
Әйгерімнің Әйгеріммен танысуы
– Көктем келіп, қар еріп, велосипед тебуге шыққанда Әйгеріммен таныстым. Нақтырақ айтар болсам, Астананың велотебушілері жиналып тұрады. Ол жерге келген бірін-бірі танымайтындар тез тіл табысады. Әңгімелесіп, велосипедті айналып тебеміз.
Сондай кездесулердің бірінде мен ортаға велосипедпен Бурабайға барып келейік деп ұсыныс тастадым. Сол кезде мені дұрыс танымайтын болса да Әйгерім келісе кетті, – дейді Әйгерім Қасымова.
Көп ұзамай жақсы араласып кеттік. Бұрын велосипедпен ондай қашыққа шығып көрген де жоқпыз. Күнде әйтеуір 10-20 шақырымды игергенімізге мәз болып жүрген кезіміз еді. 260 шақырымдық жолға шығуға аздап жүрексіндік. Велосипедтерімізді электричкаға салып алдық. Бурабайға жеткен соң, велосипедке отырып, ішін армансыз араладық.
Сол кезден бері Әйгерім екеуіміз анда барсақ, мында барсақ деп жоспарлай бастадық. Апта соңында міндетті түрде бір жаққа барып келетінбіз. Бурабайдан кейін демалыста не мереке күндері қасымызға достарымызды не басқа ниеттес адамдарды жинап алып, Қазақстанның аяқ жетер жерлеріне саяхаттап кететінбіз. Балқаш, Қарқаралы, Қызыл арай, Аққөлге барып жүрдік, – дейді Әйгерім Қасымова.
Саябақты айналып жүре берер ме едік, Кәрім Мәсімовтың айыппұл алуы әсер етті
– Велосипедпен қала сыртына шығып жүрген бастапқы кез болатын. Тамыз айында жұлдыздардың жауғанын көру үшін қала шетіне шыққанбыз. Велосипедпен жүз шақырымдай жүрдік.
Бұл – біздің алғашқы жүз шақырымды бағындыруымыз болды. Аяғымыздың алғашқы қажалуы. Шортанды елді мекенінен ары қарай орман арасында бұзылған пионер лагері бар екен, сол жаққа дейін бардық, – деп еске алды Әйгерім Қасымова.
Бірақ былтыр Кәрім Мәсімов автобанда велосипедпен жүріп айыппұл алған соң, енді тас жол бойында жүрмейтін болдық. Бұрын жақын ауылға бара жатырмыз деп өтіп кететінбіз. Содан кейін діттеген жерімізге жеткенше электр пойыздарға велосипедімізді арқалап алып жүретін болдық.
Әйгерім Қасымова – Екібастұз қаласының тумасы, интерьер дизайнері болып жұмыс істейді.
– Мен Солтүстік Қазақстан облысынан боламын. Көкшетаудан әрі Талшық деген елді мекеннің тумасымын. Құрылыс компаниясында заңгер қызметін атқарамын. Бізді велосипед таныстырды, – дейді Әйгерім Әлімова.
Бір жылдан соң Еуропаға кеттік
– Екеуміз екі саланың адамымыз, кезекті демалысымызды қашан, қалай, қай мезгілде алатынымыз да белгісіз. Сапарға аттанардан екі апта бұрын ғана уақыты белгілі болды. Апыр-топыр жинала бастадық.
Құжатымызды визаға тапсырып, ол мақұлданған соң билет алдық. Жиналуға бір апта мерзім ғана болды. Өзімізбен бірге не алатынымызды білмей, аздап өз-өзімізге сене алмай әрі арманымыздың орындалатынына қуанып та жүрдік. Демалысымызға қол қойылған соң, жолға шықтық, – дейді Әйгерім Әлімова.
Ұшақпен Испанияның Барселона қаласына дейін ұштық. Ары қарай велосипедпен араладық. Жалпы Еуропада 20 шақты күн болыппыз. Қуаныш пен қорқыныш қатар жүрді. Ауыр жүкпен жол жүріп көрмегенбіз, аздап қиындық та болды.
Дөңгелек ауыстырдық...
Барселонаға келген бойда әуежайда велосипедтерімізді құрастырып ала қояйық десек, менің көлігімнің дөңгелегінің желі шығып, босап қалыпты. Резеңке камерасын ауыстыру керек болды.
Екеуіміздің маникюріміз жайында қалды. Жөндеу жұмыстарына кірістік. Қолымыздан келді. Біз құрастырып жатқанда ары-бері өткен ер адамдардың бізге біртүрлі қарағаны рас. Жөндеп жатқанымызға біз одан әрі мәзбіз, кеудемізде өзімізге деген мақтаныш сезімі пайда болды, – дейді Әйгерім Әлімова.
– Тізгінге отырып алсақ та қолдарымыз дірілдеп тұрды. Ауыр жүктен велосипедіміз иерелеңдеп қалды. Осылай жолға шықтық. Әйгерімде велосипедке арналған арнайы тіркеме болды, мен досымнан жүксалғышын сұрап алдым.
Елде ауыр жүкпен жүріп көрмеген едік. Уақыт та, мүмкіндік те болмады. Еуропаға барып бір-ақ көрдік. Әрине Еуропаны велосипедпен аралаймыз деп ойлап жүрдік ғой. Біз қыркүйекте деп жоспарлағанбыз. Бірақ ойлағанымыздан ертерек шықтық жолға, – дейді Қасымова Әйгерім.
Интернеттен қарап, бізге дейін велосипедпен саяхатқа шыққандардың маршрутын негізге ала отырып, өз жолымызды ойластырып қойғанбыз.
Барселонда екі күн, екі түн болдық. Қону үшін екі адамға арналған шағын бөлме жалдадық. Енді келген соң қыдырып, қаланы аралап алайық дедік. Баспана іздегенде өзіміз тамақ істейтіндей жағдайы болса деп қарастырдық. Қаражатымызға сәйкес, ақшамыз көп болмағандықтан сондай арзан орындар іздедік, – дейді Әлімова Әйгерім.
– Әуежайдан ол жерге жетуіміздің өзі бір азап болды ғой. Мидай жазыққа үйреніп қалған біздер үшін таулы жермен біресе жоғары, біресе төмен велосипедпен жүру оңай болмады. Үш-төрт сағаттай уақыт жүріп әрең жеттік. Оның үстіне күн қапырық, шама-шарқымыз сонда белгілі бола бастады, – дейді қос Әйгерім.
– Әйгерім маған қай бағытта жүрсек те теңіз болса болды деп айтқан, – дейді құрбысына күле қараған Әйгерім Қасымова. – Бірақ біз төрт күнен кейін Францияға жеткенде суға бір-ақ шомылдық. Кемпингке жетпей, суды көрдік те велосипеттерімізді тастай салып, жүгіріп барып, сүңгіп кеттік. Қуанышымызда шек жоқ. Әбден шомылып алдық та, сосын жататын жер іздей бастадық.
Жалпы бұл сапарда әрқайсымыз 800 мыңдай теңге жұмсадық.
Анам Италияға кететінімізді бір-ақ білді
– Уайымдайды ғой. Жоспарымызды, велосипед арқалап баратынымызды айтпадық. Бірден демалысқа бара жатырмыз Әйгерім екеуіміз дедім. Барселонадан Римге барамыз дей салдым. Бір күннен кейін Римге қалай жетесіңдер деп сұрады. Әбден жақындаған кезде ғана білді. Бірақ дұрыс қабылдады. Себебі ол кісі үйреніп қалған. Осы жақта түнделетіп бармаған жеріміз жоқ, шатырымызды ала саламызда қайда болса, сонда тартып кететінбіз, – дейді Әйгерім Қасымова.
Айтуларынша, ол кезде қос бойжеткен әлі тұрмыс құрмаған екен.
Мен биыл көктемде тұрмысқа шықтым. Жолға шыққанда күйеуіммен жаңадан кездесе бастаған болатынмын. Қатты қарсылық таныта қоймады. Батпаған да болар, – деп күледі Әйгерім Қасымова.
Әрине Еуропаға өзіміз жалғыз саяхаттаймыз деп шығып алсақ та, қорқыныш болды. Бірақ қорқыныштан да саяхатқа деген құлшыныс басым болған сияқты. Ең бастысы да осы шығар, қорқып тұрсаң да барасың, ойыңдағыны ісейсің, – дейді Әйгерім Әлімова.
Испанияға ғашық болдық
– Үш-ақ күн болсақ та Италия қатты ұнады. Жаяу жүрдік, жаяу араладық. Адамдары да сымбатты, бойлары ұзын, денелі. Қыздары да, жігіттері де. Жасы егде адамдар велосипед теуіп, жетектесіп жүре береді. Бізде ондай көре бермейсің ғой, – дейді олар.
Айтуларынша, ол жақта жағажайда жасы да кәрісі де бірдей қымсынып-қыстырылмай жүре береді.
– Бірақ ұнағаны ол да емес. Мүмкін жолымызда кездескен ең бірінші ел болғасын да ұнап қалған шығар. Ойымыздың жүзеге асқанына сенер-сенбестей болып жүрген кезіміз, – дейді олар.
Ағылшынша білмейміз
Ағылшын тілін мектеп кезінде оқығанымыз болмаса, көп сөйлей де алмаймыз. Сол себепті жолай кездескен адамдармен барынша сөйлеспеуге тырыстық. Кімнің жолығарын қайдан білеміз?
Түнгі клуб, бар деген сияқты жерлерге бармадық, көлденең адамдармен танысудан қашқақтадық. Екеуіміз бір-бірімізге серік болып жүрдік.
Францияда орманда түнедік
– Бірде кемпинг таба алмай қалдық. Ол жақтағы жұмыс кестесін өзіміздегі сияқты деп ойлап қалсақ керек. Оларда жұмыс күні алтыда бітсе, алтыда жабылып қалады екен. Бір минутқа да кешікпейді. Солай далада қалған күніміз болды. Бізді ешкім, ешқайда кіргізбеді.
Сосын жергілікті бір кісілер орманға барып, қонуға кеңес берді. Қараңғы түнекке бара жатырмыз.
Ойымыз сан-қилы. Не істейміз? Осы жерге шатырымызды жайып жата кетсек қайтеді деп қоямыз бір-бірімізге қарап. Болмайды, ары-бері өткен көлік көреді, қайтіп жатамыз деп тағы жүреміз.
– Мен жолда Әйгерімді міне орын бар екен деп мың рет тоқтаттым. Не де болса соңына дейін көрейік деп болмады. Жарайды деп келісіп, бара жатырмын, – дейді Әйгерім Әлімова. – Жап-жарық қаладан шыққан соң түнек басталды. Екеуіміз қайда бара жатқанымызды да білмейміз ғой. Сағат түнгі онда орманға келдік, қолымыздағы жарығымызды түсіріп, қарап жүрміз. Жайғасып жатар кезде туыс-туғандарымызға таңертең байланысқа шықпасақ осы жерден іздеңдер деп геобелгі жіберіп қойдық.
Қолымызға пышақ ұстап отырдық
Әбден шатырымызға жайғасып болған соң, біреудің келе жатқаны сияқты сыбдыр естіледі. "Әйгерім енді қайттік, сыбдырды естідің бе?" деймін. Ол ақырын қолына пышақ алып, мен жарық жағып алып, құламызды түріп, үрпиіп отырамыз. Тек біраздан соң ғана теңіздің толқындарының жағаға кеп соғылғандағы дыбысы екенін білдік. Жүрегіміз орнына түсті.
– Қорқынышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес енді. Сосын мен бірден ұйықыға кеттім. Әйгерім болса, екі сағат өз-өзіне келе алмай дөңбекшіп жатты, – дейді Қасымова Әйгерім.
Өзімізбен бірге не алдық?
– Саяхатқа шығарда өзімізбен ең көп алған затымыз – тез дайындалатын кеспе шығар. Макарондар, ыдыс-аяқ, бір-екі ауыстырып киетін киім-кешек, шатыр, ұйықтарда ішіне кіріп ұйықтайтын қап (қаптөсек), сыз өткізбейтін арнайы шағын төсеніштер (кариматы), велосипедтің ұсақ-түйектері, қол шам, телефон қуаттағыш, бәкі алдық. Бәкі туралы – өз алдына бір хикая.
Біз велосипедтерімізді жүкке тапсырдық та, қалған заттарымызды өзімізбен алып жүрдік. Бәкі қол сөмкемізде кетіп қалыпты. Әуежайда оны бізден алып қоя жаздады. Бермейміз деп, әйтеуір, бір таныстарымызды шақырып, біздің велосипедтерімізді тауып, ішіне бәкіні қыстырып жіберіңдер дедік. Біраз заттарымызды өткізбеді. Тіпті, алып, лақтырып та тастады. Жабысқақ лентаның (скотч) өзін алдырмай қойды, – дейді олар.
Бір дөңді екі күнде асып өттік
– Барселонадан Францияға беттедік. Жолға екі-үш күн кетті, соның екі күнінде бір тауды асып өттік, – дейді қыздар.
– Велосипедтеріміз шақырым өлшегішпен (спидометр) жабдықталмаған еді. Қанша шақырым жүргенімізді білмейміз, уақытпен ғана шамалап отырдық, – дейді олар.
– Барселонадан Жиронаға кіргенде қалаға қызыққанымыз соншалық, жоспарды өзгертіп, қалып қойдық. Қатты ұнап қалды. Арзандау бөлмесі бар пәтер тауып алдық та, түнедік. 45 еуро екеумізге жетті. Жиронадан Перпиньянға, одан кейін бітпейтін жазыққа тап болдық. Неше күн өткені есімізде жоқ. Бітпей қойды, ауа райы да бұзылып, қарсы алдымыздан жел соғып, жүргізбеді. Әзер дегенде Вуарға жеттік. Желге қарсы жүреміз деп қатты шаршап қалдық. Артымыздағы тиеген жүгіміз де ауырлық етті. Францияның оңтүстігіндегі атақты Көкшіл теңіз жағалауын қалай басып өткенімізді байқамай да қалдық, – дейді қыздар.
Бастапқы жоспарымызды өзгерттік...
– Сосын пойызға отырып Канныға тура тарттық. Былайша айтқанда жоспарымызды 180 градусқа өзгертіп жібердік. Ол жерден астаналық орыс қызын кездестірдік. Ол бізді бірден таныды.
Басқа жерлерде бізді қытайлықтармен шатыстырып жатса, ол қыз жүгіріп келіп бізге "Қазақсыңдар ма?" деп бас салды. Елге деген сағынышы болар, мәз болып қалды.
Әуежайда болмаса, саяхат барысында бірде бір қазақ көрмедік, – дейді қос құрбы.
Жолда Флоренция, Генуя, Ментона, Ницца қалаларына тоқтап отырдық.
Осылайша Римге жеттік
– Римнен бері ұшақпен келдік. Біз қайда барсақ та, желге қарсы жүрдік негізі. Біздің жақта түнде жел болмайтын сияқты еді, ол жақта күндіз де, түнде де жел соғып тұрды. Таңертең тұрған кезде шатырымызды жел шайқап тұратын. Кей күндері түске дейін кемпингтен шыққымыз келмейтін, тағы да желге қарсы жүреміз деген ойдың өзі қорқынышты еді. Қолдарымыз ауырып, әлсіреп, болдырып қалатын.
Еуропалықтар велосипедшілерді жақсы көреді екен
– Үнемі көмектескілері келіп, алып-ұшып тұрады. Жолдың шетінде келе жатқанда артыңнан сигнал бермейді, айналып өте береді. Велосипедтен 1,5 метр қашықтық сақтап жүреді. Бізде сондай мүмкіндіктер қашан пайда болады деп армандап жүрміз, – дейді қыздар.
– Біз тоқтай қалсақ адамдар келіп, "Бәрі жақсы ма, не болып қалды?" деп сұрап жатады. Бей-жәй өтіп кете бермейді.
Ол жақта саяхаттаушылар көп. Кемпингке кіріп келсең, біреуі велосипедпен, біреуі мотоциклмен жүрген қаптаған саяхатшы, – дейді Әйгерім Әлімова.
Тағы да саяхаттағымыз келеді
Күнде картаны ашып, қайда барсақ екен деп бір ойланып қоямыз. Жұмысбасты болғандықтан уақытымыз шектеулі. 30 күн демалыста ғана, бірнеше елді ғана аралай аламыз.
Ендігі ойымыз Астанадан Алматыға дейін велосипедпен бару. Алматыдан ары қарай бір жаққа. Немесе Ұлы жібек жолымен саяхаттасақ деп қоямыз. Ол ойымызды үйдегілер білсе, қамап тастайтын шығар. Бұның бәрі тек ой ғана, әзірге нақты мақсат емес, –деп күледі қос Әйгерім.