100 доллармен 17 елді шарлай аласыз ба? Ал Нұрсұлтан Балғанов бар болғаны 25 жасында 100 доллар жұмсап, әлемнің 17 елін аралап, саяхаттап қайтты.
Төрт қабырғада қамалып қалдым
Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде білім алдым. Кейін банкте және жекеменшік компанияларда жұмыс жасадым.
Алайда, кеңсе қызметі көңілімнен шыға қоймады. Таңнан кешке дейін бір жерде байланып отырудан қажи бастадым. Алғашында, жұмыс істеу керек, ақша табу керек деген мақсатпен жүре бересің. Тек уақыт өте бұл жұмыс жаныма жайлы еместігін түсіне бастадым. Сол кезде мен өзіме ұнайтын, жаныма жақын іспен айналысу туралы көп ойландым. Мүмкін дәл осы мәселе, менің үлкен саяхатқа аттануыма себеп болған шығар, – дейді Нұрсұлтан.
– Мен өзімді тапқым келді. Не ұнайды, не ұнамайды дегенді түсініп, адамдармен байланыс орнатуды көздедім. Avtostop-ты таңдағаным да сол. Ол әртүрлі адамдармен танысып, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін саяхаттаудың тәсілі. Басқа елде адамдар қалай өмір сүріп жатыр, олардан не үйренуге болады деген сұрақтарға жауап іздедім.
Ішерге ас таппасаң, айналаңа басқаша қарайсың...
– Мен бір-ақ күнде саяхаттауға шығып кеткен жоқпын. Жұмыс істеп, аз-маз ақша жинап жүрдім. Сосын өзімде іссапар шығындарынан үнемдеген 100 доллар болған. Осы ақшаны ғана өзіммен алып жүремін деп шештім.
Біз дайын асқа үйреніп қалғанбыз. Ал қалтаңда көк тиының болмай, ішерге ас таппасаң, сенің айналаңа көзқарасың өзгере бастайды. Сондықтан, өзімді осы қырымнан да сынағым келді. Қандай да бір жағдайда керек болса деп, кредиттік картамды алдым, әрине. Бірақ ішінде ақша болмады. Алдын ала түсіріп, әке-шешеме қалдырып кеттім, – дейді Нұрсұлтан.
Әкем де, шешем де көнді
Біз үйде үш баламыз. Менен үлкен бір ағам, бір әпкем бар. Мен кішісімін. Әке-шешем де дос жарандарым да менің жоспарыма қарсы болды. Ата-анам уайымдады, олар маған бұл не үшін керек екенін түсінбей әуре.
Ол кісілерді көндіру үшін, біраз сөйлестім, ақыры дегеніме жеттім. Бұл саяхаттың мен үшін маңызы зор болды.
15 мамырда жолға шықтым
Сапарым Атыраудан басталды. Ол жақтан бастауым, Қазақстанда аvtostop-ты көбі біле білмейді. Бізде әлі дами қойған жоқ. Оған Атыраудан бастап Астраханьға, Ресей жаққа беттегенде көзім жетті. Мен бес сағаттай тас жолдың бойында көлік тоқтатып тұрдым. Бәрі өтіп кете берді. Ешкім алмады.
Кейін ғана адамдардың мені алудан қорыққандарын білдім, арқамдағы үлкен рюкзактан қорқыпты, дәлірек айтсам. Кім және не істеп жүрген адам екен, ойында не бар екенін кім білсін деп күмәнданса керек, – дейді Нұрсұлтан. Еуропаға жеткен соң аvtostop-пен саяхаттау оңай. Ол жақта бұл қалыпты жағдай.
Аvtostop-тың өзіндік белгісі бар
– Аvtostop дегеніміз тегін саяхаттаудың амалы. Тас жолдың бойына шығып, жол жөнекей жүріп жатқан көліктерді тоқтатып, көздеген жеріңе жетіп отырасың. Аvtostop-тың өзіндік белгісі бар. Бас бармағыңды жоғары көтеріп, қолыңызды алға қарай созып тоқтатасыз.
Білетін адамға сіздің ақшаңыздың жоқтығы, діттеген жерге тегін жеткіңіз келетінін бірден түсінікті. Үнемі барғыңыз келген жерге дейін жеткізіп тастай бермейді, жақындатып түсіріп кетіп те жатады. Кейде бірнеше көлік ауыстырып барасыз, – дейді ол.
Айтуынша, Нұрсұлтанға Атыраудан Астраханьға, одан әрі Ресейге өтіп, әрі қарай Абхазия, Грузия Түркияға барып, Еуропаның оңтүстігінен кіруі керек болған. Алайда, бәрі ойдағыдай болмапты.
Абхазия мен Грузия арасындағы саяси шиеленіске байланысты шекарада біраз қиындықтар туындаған. Екі ел арасындағы қырғи-қабақ соғыс жағдайы салдарынан туристерді өткізбей, Қырымға кеткен. Бірақ ол жақта да осы жағдай.
Ресей мен Грузия шекарасынан тағы да өткізбейді. Айналып Мәскеуге келіп, сосын Беларусь, Польша, Чехиядан өтіп, Германияға жетеді.
Ресейде тұратын қазақ көмектесті
– Ресей жеріне кіргенде шекарадан Астраханьға бара жатқан көлікке отырдым. Жүргізуші тегін апармаймын деген кезде Ресейде тұратын, орыстанып кеткен қазақ кісі шақырып, мен үшін жол ақысын төледі.
Осылайша маған алғаш рет мүлдем бейтаныс адам көмек берді, – дейді Нұрсұлтан.
– Сапарым жайлы айта бастағанда көлік ішіндегілердің барлығы ұйып тыңдады, соңында тамақ алып же деп, тиындап жинап, 500 рубль берді. Осы ақшаға арасында жүрек жалғап алып жүрдім. Өз ақшама тиіспедім. Тамаққа мүлдем ақша шығарған жоқпын дей аламын. Жолда кездескен кісілердің біреуі ақша, біреуі тамақ беріп жүрді. Бірақ ешкім көмектеспеген кездер де болды. Екі-үш күн бойы асқазанымды бірнеше түйір тәтті тоқашпен алдап, су іше берген күндерді де бастан өткіздім. Осы саяхат барысында мен 10 килограммдай салмақ тастадым, – дейді ол.
17 елде, 50 ірі қалада болдым
Далада түнеп жүрдім. Көшедегі орындықтарда ұйықтап, саяжайда, вокзалда қондым. Кейде жолда кездескен адамдар үйіне шақырып тұрды. Шет елдегі достарым, таныстарым да қонақ қылды және менің инстаграм желісінде жүргізетін блогымның да септігі тиді, – дейді ол.
Нұрсұлтан қатты шаршаған кезде бәрін орта жолда тастап кеткісі келгендігін мойындайды. Айтуынша, ешкім көмектеспегенде өте ауыр. Бұл адамдарға міндетсіну емес.
– Ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Әу баста ұстанымым сондай болды. Көмектесіп жатса, бас тартпадым, көмектеспесе сұрамадым, – дейді ол.
– Мысалы, Францияның оңтүстігінде неге екенін білмеймін, ешкім тоқтамады. Сол кезде бәрін тастап, доғарғым келді. Себебі мен моральдық тұрғыда шаршап кеттім.
Бірақ, кез-келген адамды алға жетелейтін мақсат
– Мені де Исландияны көрсем деген мақсат алға ұмтылдырды. Және жолымда кездестірген адамдар мені жігерлендірді. Өте көп адаммен таныстым. Арасында осылай саяхаттап көргендер де болды. Әр қайсысының айтары бар. Оларды тыңдап отырып, менің де берілгім келмей, шабыттана түстім.
Исландияда үш аптадай тұрақтадым. Қыркүйектің үшінен 23-іне дейін болдым. Осылайша, үш айдан астам уақыт жүріп, арманыма жеттім деуге болады, – дейді Нұрсұлтан.
Санкт-Петербургке жеткенде автостоп бітті
– Мен Еуропа, Скандинавияны шарлап, Исландияға ұшақпен бардым. Ол жерден Финляндияға әрі қарай Санкт-Петербургке дейін автостоппен келдім. Осы жерде күш-қуатым сарқылып, автостопты тоқтаттым. Шаршадым. Оның үстіне ата-анамның дегеніңе жеттің, шаршамай қайт дегені де әсер етсе керек, босаңсып қалдым. Ақыры әпкем Санкт-Петербургтен Мәскеуге пойызға, Мәскеуден бері Астанаға дейін ұшаққа онлайн билет әперіп, осылай Елордаға жеттім.
Кезбе-қаңғыбастармен де бірге түнедім
– Мысалы Францияда мен сквотта түнедім. Сквот – иесіз қалған, қаңғыбас адамдар мекендеп алған үйлер. Біздегі үй-күйі жоқ кезбе, орысшаласақ "бомж"-дар.
Эстониялық бір жігітпен таныстым, орысша сөйлейді екен. Ол менің оқиғамды естіген соң үйіне шақырды. Ойымда ештеме жоқ, жарайды деп бара жатқанда, ол жерде үйсіз күйсіз адамдар тұратынын айтып берді. Аздап қорықтым да. Бірақ бәрібір басқа баратын жерім жоқ. Кіріп барғандағы жағымсыз иісі болмаса, үй біршама үлкен екен. Шамамен 20 адам тату тәтті тұрып жатыр.
Мен олардың жағдайын көріп таң қалдым. Ыстық су мен суық су, екі тоңазытқыш толған тамақ, төсек жабдықтарына дейін бар. Еуропада жарамдылық мерзімі бір күн өтіп кетсе де, тамақты сатылымға шығармайды, қоқысқа лақтырады ғой. Бұлар соны жинап әкеліп жейді екен, – дейді Нұрсұлтан.
Біздегі кезбелер ішімдікке салынып, үсті басы кір-қожалақ, далада сасып жүреді ғой. Ал ол жақта болса, киім-кешектері жөнді, тап-таза, тіпті кейбіреулері заңсыз болса да жұмыс істейді. Біздегідей өмірде жолы болмай қалған адамдар деу керек шығар мүмкін... Бірақ олар қалай болса да алға ұмтылады. Әрине, әр түрлі адамдар болар, десек те маған осындай адамдар кездесті, – дейді Нұрсұлтан.
Сәйкестік көп болды
Мен Ресейден Абхазия мен Грузияға өте алмай үш күн жүріп, Мәскеуге қайта келдім ғой... Дәл сол күні менің ағам да Мәскеуге келіпті, кездейсоқ кездесіп қалдық. Ол да, мен де бір-біріміздің сол жерде болатынымзды білмедік, – деп таңғалады Нұрсұлтан.
– Сосын, Брюссельде мені бір қазақ отбасы қонақ қылды. Ол жерден мен Парижге кетуім керек болған, олар маған екі күннен соң сонда баратынын айтып, сәл күтуімді сұрады. Мен күтпей кетіп қалсам да Брюссельде ойда-жоқта тағы екі күн бөгеліп қалдым. Енді ғана жолға шығып, қол көтере бергенде, сол адамдар келіп тоқтады. Бұл да миллионнан бір кездесетін сәйкестік, – дейді ол.
Қай жерде жүрсем де қазақтар кездесті
Еуропада қазақтар көп екен. Олар маған ұдайы жазып, көмектерін ұсынып тұрды, – дейді Нұрсұлтан.
– Польша, Брюссель, Франция, Лион, Марсель, Амстердам, Германия, Чехияда мені қазақ отбасылары шақырып, көмектесті. Тіпті Исландияда Түркістанның қазақтары бар екен.
Мен тағы да осылай саяхатқа шығудан бас тартпаймын
Нұрсұлтан алдағы уақытта тағы да саяхаттың осы түрімен сапарға аттануға әзір, тек аздап тынығып алғысы келеді.
Егер сондай шешімге келіп жатсам Шығыс Азияға ма, Америкаға ма, Оңтүстік Америка қайсысынан бастарымды білмеймін. Жалпы барлық жерді көрсем шіркін, – дейді ол.
Әзірге ең әдемі ел...
– Мен студенттік кезде Sigur Ros деген исландиялық рок тобын сүйіп тыңдайтынмын. Сөйтіп, сол елге деген қызығушылығым ояна бастады. Ол жақтың табиғаты, мәдениеті маған қатты ұнады. Миымда әйтеуір көзбен көремін деген ой орнығып қалса керек, енді саяхатқа шығуға бел байлағанда неге сол елді барып көрмеске дедім. Бәрі осылай басталған. Шындығында, мен болған елдердің ішіндегі ең жақсысы – Исландия, – дейді ол.
Сегіз елді аралауға 50 доллар жұмсадым
Мен Ресей, Белорусь, Польша, Чехия, Германия, Голландия, Бельгия, Францияны артқа қалдырып Италияға жеткенде менде әлі 50 доллар бар еді. Көбін тамаққа жұмсадым, – дейді Нұрсұлтан.
– Австрияда туысқан әпкем тұрады, сол жаққа барып екі аптадай демалып алдым, күш-қуат жинап. Сосын қайта сапарға шықтым.
Апталап жуынбай жүрген кездер де болды
– Өз өзімнен жиіркеніп жүрдім. Бірақ, менде таңдау болған жоқ. Арасында қонақ еткен үйлерде киім-кешегімді жуып, өзім де жуынып, адам кейпіме келіп жүрдім.
Еуропа мен пост-кеңестік елдерді салыстыратын болсақ
– Ең бірінші менталитет пен адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы. Менің байқағаным – Ресейде және бізде адамдар өте тұйық. Автобуста болсын, дүкенде болсын ашулы, қабақтары түйіліп жүреді. Неге екенін білмеймін... Бұл бәрі деген сөз емес, әрине, бірақ жалпы жағдай осындай.
Еуропада бәрі күліп жүреді. Кез келген адамнан көмек сұрасаң аянбайды, қолынан келгенше көмектескісі келеді. Үнемі жымиып, бір-біріне сәттілік тілеп жүреді. Алғашында мен үшін жасанды, бетіңе қарап күле салғандары екі жүзділік сияқты көрінетін. Бірақ, кейін адамның бетіңе қарап жымиғанының өзі, қабақ шытып тұрғанынан қарағанда жақсы екенін ұқтым. Адамның еті соған үйреніп кетеді екен, – дейді Нұрсұлтан.
Қазақстанға келгелі өзімді біртүрлі сезініп жүрмін...
– Ал Еуропада жайлы жүресің, ол жайлылықты айналаң жасап береді деген сөз. Әрине, Еуропада бәрі дамыған, өркениеті алда. Ол жақта бәрі адамдарға деген сенімге негізделген. Қоғамдық көлікті біздегі сияқты ешкім тексермейді. Бәрі билеттерін өздері алып, төлеп жатады. Мүмкіндігің болмаса, тегін жүре бересің. Мысалы мен тегін жүрдім. Бүкіл Еуропаны метромен тегін шарладым десем де болады.
Біз жәй тұтынушыға айналып барамыз
– Осы саяхат менің сыртқы келбет, киім, ақша деген сияқты нәрселерге көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Түсінгенім, осы уақытқа дейін ұсақ-түйек нәрселер үшін уайымдайды екенмін. Маған қазір бәрі бір. Жұрт не ойлайды деген сұрақтан адамын. Мен оның онша маңызды емес екенін түсіндім.
Мен ақша тауып жатырмын деп керек емес заттарға есепсіз қаражат жұмсайтынымды ұқтым. Қалаған затымды ала беретінмін. Осы комфорт зонасы сені рухани тоздырады екен. Сен жай тұтынушы болып қаласың. Мысалы ол ақшаны ақылмен әлдеқайда тиімді жұмсауға болады, – дейді Нұрсұлтан.
Қазақ қызы ең сұлу
Бәрін айт та бірін айт, Еуропаның 17 елін араласамда қазақ қызындай сұлу қыз көрмедім. Біздің арулар ең әдемі...
Ал жалпы айтар болсам, беларустар да көрікті де сымбатты көрінді, – дейді Нұрсұлтан.
Италия ұнаған жоқ
– Мүмкін олар ағылшынша емес, тек итальянша сөйлегендіктен болар. Оның үстіне олардың avtostop-қа деген көзқарастары нашар. Тезірек кеткім келді. Оларда жолдан адам ала кету деген түсінік жоқ.
– Жалпы саяхат барысында полициямен жиі жолығасың. Әсіресе, Италияда. Біресе мына жерде тұруға болмайды, біресе машина тоқтатуға болмайды. Не полиция учаскесіне алып кетеді.
Мен полицейлерге, ақшам жоқ, сондай жерге баруым керек, мүмкін болса жеткізіп тастаңыз деп айттым. Олар апара алмаймыз дейді, ендеше жіберіңіз менде басқа жол жоқ деп түсіндірдім. Ақыры, жібере салады. Кейбіреулері баратын жеріңе жақындатып тастайды.
Жалпы Еуропада, ең жақсысы бірден айыппұл толтыруға жүгірмейді, ескерту беріп, жібере салады. Ол жақта бәрі халық үшін ойластырылған. Бұл да бір Қазақстаннан өзгешелігі.
Аvtostop-пен саяхаттау үшін өзіңізге сенімді болыңыз
– Аvtostop-пен саяхаттау бәрінің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Мысалы, қыздар үшін өте қауіпті. Кімнің жолығатыны белгісіз.
Аvtostop-пен саяхаттағысы келетін адамның өз-өзімен жалғыз қалатын кездері көп болады. Үнемі жалғызсыз, егер көпшіл болсаңыз, қиындау болады. Мен сияқты аз ақшамен жолға шығуға кеңес бермеймін. Себебі, бұл шындығында қызықты оқиға. Бірақ, көмектесетін адам жолықпай қалуы да мүмкін, соны ескеру керек. Мүмкін маған осы тәжірибе керек болған шығар. Осындай шытырман жағдайды бастан кешіргім келген шығар, – дейді Нұрсұлтан.
Айтуынша, жырақта жүргенде елді қатты сағынған. Тіпті, Финляндияға келгенде, қалаларын аралауға да зауқы соқпай қалған.
Нұрсұлтан, Санкт-Петербугтен Астанаға тоғызыншы қазанда келіпті. Ендігі мақсаты, тезірек Шымкенттегі ата-анасына барып, мауқын басу.