Тікелей эфир

Сал болған мүгедектердің аяққа тұрып кетуіне көмектесетін экзоқаңқа. Қарапайым халыққа тиімді отандық 5 стартап

Фото exoskeletonreport.com сайтынан алынды
Фото exoskeletonreport.com сайтынан алынды
Жыл сайын үкімет тарапынан отандық стартаптарды қаржыландыруға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Солардың ішінде бөлінген капиталды ақтағандар бар ма?

Қазіргі қоғамда технологиялық стартаптар әлемдік экономикада шешуші рөл ойнайды. Себебі бүгін бірнеше миллион қажет стартаптың ертең миллиардтап пайда әкелетін жобаға айналуы бек мүмкін. Оған әлемдегі нарықтық капиталы ең көп Apple ($918 миллиард), Amazon ($779 миллиард), Google ($738 миллиард) және Facebook ($400 миллиард) корпорацияларын мысалға келтіруге болады.

Стартап компаниялардың дамуына Қазақстанда да қолайлы климат жасалып жатыр. Әр университеттің жанында технологиялық кластерлер мен технопарктер ашылса, үкімет тарапынан қолдау тапқан Tech Garden және Astana Hub сынды стартапшылардың басын біріктіретін инновациялық орталықтар да қызмет көрсетіп жатыр.

Бүгінгі стартапшылардың басты мақсаты – жалпыұлтқа тиімді, қарапайым халықтың өмірін жеңілдететін жедел функционалды компания құру. Бүгінге дейін ел нарығына шығып, айтарлықтай жетістікке жетіп үлгерген отандық жобалар жоқ емес. Ендеше қазақстандықтардың тұрмысын жеңілдететін отандық 5 стартапқа бірге шолу жасайық.

OK Аuto

Жол жүру ережесіне қатысты айыппұлды алғашқы 7 күн ішінде төлеген азаматқа 50 пайыздық жеңілдік беріледі. Өкінішке қарай, жүргізушілердің көбі өзіне айыппұл салынғанын өте кеш біледі. Бұл мәселені OK Auto жобасы шешті.

OK Auto – Форбс басылымының нұсқасы бойынша ең жылдам дамып келе жатқан стартап. Мысалы, мобильді қосымша 2017 жылдың наурыз айында өз іске қосылып, бірінші айда 50 мың рет жүктеледі. Ал жарты жыл өтпей қолданушыларының саны 200 мыңнан асады. Қазіргі таңда Ok Auto бағдарламасының 700 мыңның төңірегінде қолданушысы бар.

– Стартап идеясы жол ережесін бұзуға байланысты айыппұлдың көбейіп кеткені, оны төлеудегі тауқымет жайлы айналамдағы таныстарымның шағымдарынан соң туындады. Сол кезде адамдарды қинайтын мәселені ең құрымаса жеңілдету үшін арнайы мобильді қосымшаның қажет екенін түсіндік, – дейді Ok Auto стартапы авторларының бірі Әлібек Нарымбай informburo.kz тілшісіне.

Әлібектің айтуынша, идея толық жүзеге аспай тұрып, жобаны қаржыландырушы инвестор табылыпты. Ал алғашқы инвестицияның көлемі – $250 000. Әзірге мобильді қосымша ешқандай табыс әкеліп жатқан жоқ. Бірақ қазіргі таңда Ok Auto командасы ақылы қызметтер ретін дайындап жатыр екен.

Стартаптың хабарландыру қызметінің қандай артықшылықтары бар?

– Рұқсат етілмеген жерден өтіп кетсеңіз, жол ережесін бұзғаныңыз жайлы ақпарат камера түсірген суретпен Ішкі істер министрлігінің айыппұлдардың орталық базасына жіберіледі. Ақпарат лезде біздің платформаға да келіп түседі. Ал біз жүргізушіге хабарландыруды сол мезетті жолдаймыз. Жүргізуші OK Auto мобильді қосымшасы арқылы айыппұлды төлей салады. Ол қызмет үшін ешқандай ақы алынбайды, – дейді Әлібек.


Ok Auto жобасының авторлары Әлібек Нарымбай мен Әли Шайхислам

Ok Auto жобасының авторлары Әлібек Нарымбай мен Әли Шайхислам / Фото forbes.kz сайтынан алынды


Стартапшының айтуынша, мобильді қосымша айыппұлдан бөлек көліктің сақтандыруы мен техникалық байқаудың біту мерзімі туралы мәліметті хабарлап отырады. Сонымен қатар, қай жанармай бекетінде бензин бағасының арзан екендігін хабарлап, немесе жеңілдікпен сатылып жатқаны жайлы, немесе көлікке қажет қосалқы бөлшектер туралы ақпаратпен де бөлісіп отырады.

Әлібек Нарымбай Ok Auto стартапын Али Шайхислам есімді бағдарламашы кәсіпкермен бірге бастаған. Командада әзірге 7 маман бар.

AutoMeter

Кейде отандастарымыз коммуналдық қызметтің ақысын артығымен төлеп жатқаны жайлы арызданып жатады. Бірі су, газ және электр энергиясының қымбаттығын меңзесе, тағы бірі коммуналдық есептегіштердің дұрыс есептемейтіндігіне наразы. Бір топ жас бағдарламашылар бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында AutoMeter жобасын іске асыруды бастады.

– Біз коммуналдық есептегіштерге тетік орнату арқылы қанша су, газ және қуаттың жұмсалып жатқанын нақты анықтай аламыз. Осылай пәтер иелерінің кооперативі мен үй тұрғындарының арасындағы түсініспеушіліктерді түбегейлі жойып, шештік, – дейді жоба құрастырушылардың бірі Жанасхан Қуанышұлы informburo.kz тілшісіне.

Қай үйдің қанша су, газ, электр энергиясын пайдаланғаны туралы статистикалық мәлімет AutoMeter компаниясының серверіне жіберіледі. Ал ол жерден коммуналдық қызметтің төлемдерді ұйымдастыру бөлімдері алып отырады.

Әзірге, жобаның бір ғана хард нұсқасы жасалды. Қазіргі таңда стартап құрастырушылары идеяның хард және софт құрылымдарын функционалдық деңгейге жеткізіп, біріктіру жұмысымен айналысып жатыр.

Жобаның артықшылығы неде?

Жанасханның айтуынша, стартаптың алғашқы нұсқасы Астана қаласындағы Жастар тұрғын үй кешенінде сынақтан өткізіліпті. Енді қала бойынша кооперативтермен келісім-шарт жасасу процесі жүріп жатыр екен.


Жоба авторларының бірі Жанасхан Қуанышұлы

Жоба авторларының бірі – Жанасхан Қуанышұлы / Фото іnformburo.kz


– Қарапайым азаматтар аталған компанияның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы өздерінің қай айда, қай күндері немесе қай уақытта көбірек су, газ электр энергиясын пайдаланғаны жайлы толық аналитикалық мәлімет ала алады. Сонымен қатар, олар статистиканың өсу трендін ескеріп, үнемдеуге де көше алады, – дейді ол.

Газ және су есептегіштердің жанына қойылған арнайы тетік құбырдың тесілу қаупін анықтай алады. Егер осындай қауіп төнсе, тетік автоматты түрде коммуналды қызметтің орталық басқару құрылымы арқылы суды немесе газды беруді толық тоқтатып тастайды, үй иесі мен коммуналдық апат қызметіне жауапты мамандарға хабарландыру жібереді. Бұл – AutoMeter стартапының басты артықшылықтарының бірі болып отыр.

Orbi

Отандық стартапшылар 360 градус айналаны қамтып, видео түсіретін алғашқы көзілдірік ойлап тапты. Orbi көзілдірігінде төрт камера бар. Оның екеуі көзілдіріктің алдында, тағы екеуі девайс артында орналасқан.

Orbi өнертапқыштарының бірі Әділ Суранчин көзілдіріктің басты артықшылықтарының бірі 360 градуста видео түсіру үшін арнайы штатив немесе қолмен ұстаудың (hands free) қажеті жоқ екендігінде болып отырғанын айтады.

– Біз өнімді әрбір азамат еш қиындықсыз пайдалануы үшін барынша қарапайым дизайн және функциялармен жабдықтадық. Сосын күннен қорғаныш ретінде киіп жүріп, көзілдірікпен видеоға да түсіре бересіз. Нақтырақ айтсам, GoPro камерасымен жүргендегідей өзіңізді ыңғайсыз сезінбейсіз, – дейді Әділ Суранчин informburo.kz тілшісіне.

Әділ көзілдіріктің атқаратын қызметін 2016 жылы патенттеп алған. Себебі дамыған елдердің нарығына шығу үшін өнім патентінің болуы керек. Ерекше көзілдірікке АҚШ, Жапония және Азияның оңтүстік-шығысындағы елдер қызығып отыр екен.


Orbi стартапының авторларының бірі және бренд-амбассадоры Әділ Суранчин

Orbi стартапының авторларының бірі және бренд-амбассадоры –Әділ Суранчин / Фото іnformburo.kz


– Orbi – тек экстремалдарға ғана емес, трэвел блогерлер мен медиа саласында видео контент дайындайтын мамандарға да таптырмайтын өнім. Сонымен қатар, кез келген қарапайым адам видеоға түсірудің өзгеше әдісін үйренгісі келетіні анық, – дейді ол.

Көзілдіріктің ерекшелігі неде?

Әділдің айтуынша, көзілдіріктің мобильді қосымшасы арқылы камераның видеоға түсіру бұрышын өзгертуге және алысты жақындатуға болады. Одан бөлек, видеоның сапасын IMU технологиясының көмегімен жақсарту мүмкіндігі де бар.

Қазақстандық құрастырушылардың ұсынғаны – әлемдік деңгейдегі тұтыну технологияларының көрмесінде (Consumer Electronics Show) VR категориясы бойынша үздік деп танылған алғашқы отандық өнім. Құрастырушылар краудфандингтің көмегімен алғашқы тапсырыстарына 350 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жинай алған. Тапсырыс берушілердің саны 1500 адамнан асқан. Ал тапсырыстарды қабылдау әлі күнге дейін жүріп жатыр. Бір көзілдіріктің құны – $399.



– Ерекше көзілдірікке тапсырыс бергендердің тең жартысы АҚШ-тан. Orbi көзілдіріктерінің алғашқы нұсқасын Қытайда құрастырдық. Осы қараша айынан иелеріне тапсырыстарды жеткізе бастадық, – дейді Әділ.

HomeFix

Үйіңізді толық жөндеуден өткізерде, әдетте оның жаңартатын жерлерін тек ойша елестетесіз. Қазір "виртуалды шындықтың" (VR) көмегімен пәтеріңіздегі өзіңіз жобалаған өзгерістерді егжей-тегжейіне шейін көре аласыз. Отандастарымыздың бұл технологиялық шешімі HomeFix деп аталады.

– BI Group компаниясы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында корпорациялық инновациялық бөлімін іске қосты. Бөлім мамандары пәтерді сатып алушының қандай жөндеуді қалайтындарын нақты анықтаудың технологиялық көрінісін жасауға тапсырыс берді. Байқауда біздің (Naimi.kz. командасы – ред.) ұсынысымыз өтті, – дейді HomeFix стартап жобасы авторларының бірі Ерлан Есімсейітов informburo.kz тілшісіне.

Ерланның айтуынша, қазіргі таңда стартап алғашқы тестілеуден өтіп жатыр. Стартапты BI Group толық қаржыландырып отырғанымен, ол аталған құрылыс компаниясының өнімі болып саналмайды. Ұсыныс бойынша қызмет көрсететін дербес компания ретінде құрылып отыр.

Клиенттер құрылыс барысын онлайн бақылай алады

– HomeFix бағдарламасының арқасында пәтер иесі артық шығындалмайды. Оның жөндеу жұмыстарына таңдаған бояулары ойындағыдай болып шықпаса, тағы қосымша шығындалуы мүмкін. Ал біздің бағдарламаның көмегіне жүгінсеңіз, мұндай ақаулар болмайды, – дейді Ерлан Есімсейітов.


HomeFix жобасының жетекшісі Ерлан Есімсейітов

HomeFix жобасының жетекшісі – Ерлан Есімсейітов / Фото іnformburo.kz


Ерланның айтуынша, "ақылды" бағдарлама тапсырысқа кететін қаржы көлемі мен оның біту мерзімін де нақты есептеп шығарады. Сосын клиенттер компанияның арнайы сайты арқылы құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын камера арқылы бақылай алады.

– Тапсырыс беруші бірінші үйінің қандай жөндеуден өтетінін таңдайды. Сосын жөндеу барысын өзі бақылайды. Ал одан кейін ішкі интерьерге қажет жабдықтардың орналасуы мен бағаларын виртуалды түрде таңдайды. Ал таңдап алынған модельді біздің мамандар жасап береді, – дейді Ерлан Есімсейітов.

Жоба толығымен жүзеге асырылмағаннан кейін, оның қызметінің нарықтағы құны әзірге анықталмаған. Бірақ құрастырушының айтуынша, бұл жоба құрылыс компаниясының клиенттері үшін тегін болмақ. Ал өзге азаматтарға да салыстырмалы түрде қымбатқа түспейді.

Alatau Robotics. Экзоқаңқа

Бүгінде биоинжиниринг пен нанотехнология үлкен қарқынмен дамып, медицинадағы қызмет көрсетудің сапасы мен мүмкіндіктері артып келеді. Бұған инновациялық технологиялардың көмегі орасан зор. Мысалы, отандық Alatau Robotics компаниясы әртүрлі апаттан жәбір көрген, инсульт немесе жүрек талмасынан уақытша сал болып қалғандарға қайта қалыпқа келуге көмектесетін медициналық экзоқаңқа жасаумен айналысады. Компанияның нарыққа шыққанына 2 жылдан асыпты.

Alatau Robotics компаниясының даму бойынша директоры Мұстафа Бермағанбетов informburo.kz тілшісіне медициналық экзоқаңқаны құрастыру идеясының нарықтағы сұраныстан келіп шыққанын айтады.

– Қазіргі таңда автономды немесе санасы жасанды роботтарды әртүрлі салада қолданып жатыр. Біз роботтық құрылымды медицина саласына бағыттауды ойластырдық. Мысалы, әртүрлі аурудан немесе жол апатының кесірінен зақымданған адамның қимыл-қозғалысына жауапты жүйке нейрондарын қалпына келтіру үшін оған жиі қозғалып, жүріп-тұруға тырысу керек. Ал мұндай жағдайда біз құрастырған медициналық экзоқаңқа ондай адамға таптырмайтын құралға айналады, – дейді ол.

Экзоқаңқа – өзінің қалыпты қозғалысын жоғалтқан адам денесіндегі бұлшықеттердің күшін қайта қалпына келтіруге көмектесетін арнайы темір құрал. Экзоқаңқа адамның биомеханикасын қайталау арқылы оның қозғалыс мүмкіндігін қалыпқа келтіреді.

Коммерциялық нұсқа емханаларда сұранысқа ие болмақ

Alatau Robotics стартапы Алматыдағы "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің қолдауымен өз жұмысын бастаған. Ал қаржыландыруды Tech Garden акселераторынан алып отыр. Қазіргі таңда медициналық экзоқаңқаның 4 прототипі жасалыпты. Кейінгі нұсқа бұрынғыларына қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы болуы тиіс.


Alatau Robotics компаниясының төртінші экзоқаңқасы

Alatau Robotics компаниясының төртінші экзоқаңқасы / Фото іnformburo.kz


– Біз құрастырып жатқан медициналық экзақаңқаны емханаларда жаппай қолданысқа енгізбекпіз. Себебі оны қарапайым отандасымыздың қалтасы көтермейді, сатып ала алмайды. Сондықтан оны тек Қазақстандағы емханалар емес, шетелдік медициналық орталықтарға да ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді Мұстафа.

Әлемдік нарықта экзоқаңқалардың 6 түрі бар. Бел омыртқасы ауыратын науқастарға арналған медициналық қаңқа ең күрделісі болып саналады. Одан бөлек, аяқ пен қолдың қимылын қалыптастыратын қаңқалар мен бармақты қозғалысқа келтіретін микроқаңқалар да бар.

Дәрігерлердің айтуынша, ота жасатқан кез келген науқас денесінің қозғалысын қайта қалпына келтіру үшін экзоқаңқаның көмегімен 2 апта жүріп-тұруы тиіс. Экзоқаңқа науқастың белі мен аяқтарына бекітіліп, жүргенде аяқтағы бұлшықеттер мен бел омыртқаға салмақ түсіртпейді.

Медициналық экзоқаңқаның алғашқы коммерциялық нұсқасы 1,5 жылдан кейін шығарылмақ. Оның салмағы 15 келіден аспауы тиіс. Ал қаңқаның нарықтағы салыстырмалы бағасы 20 мың АҚШ долларын құрамақ.

Серіктестер жаңалықтары