Тікелей эфир

Риэлтор қызметінің ұлттық стандарты бекітіледі. Құжат маклерлердің алаяқтығы мәселесін қалай шешеді?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Стандарт талаптарына сәйкес келетін агенттіктерді egov.kz базасына енгізу жоспарланып отыр.

Жылжымайтын мүлік нарығында жұрттың қалтасын қағып, тақырға отырғызатын алаяқ риэлторлар азаяр емес. Олар, әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі қалаларда пәтер жалдаушыларды "құрбан" етеді. Олардың алдау тәсілі келесідей: ғаламтор арқылы арзан пәтерді жарнамалап, тұтынушыдан қызмет ақысын алдын-ала төлеуді талап етеді. Қолына ақша тиісімен байланысты үзіп, ізін суытады.

Осындай түлкібұлаңға салатын маклерлердің кесірінен нарықтағы қызметін заңды жүргізіп отырған риэлтор агенттіктері зардап шегуде. Әбден ашынған "Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының" өкілдері Риэлтор қызметінің ұлттық стандартын бекітуді қажет деп тапқан. Ол қалай жұмыс істейді және алаяқ риэлторларға алданбау жолдары қандай? Informburo.kz бүгін осы сұрақтардың жауабын ұсынады.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Пәтердің құны арзан болса, сезік тудыруы тиіс

Соңғы уақытта алаяқ риэлторлар өздерін "ақпараттық қызмет көрсету агенттігі" деп таныстыратын болған. Мұндай "агенттіктердің" жарнамалары жылжымайтын мүлік нарығына арналған сайттардың барлығын жаулап алды. Әсіресе, krisha.kz және olx.kz сынды сайттарда көп. Жарнамаға клиенттердің назарын аудару мақсатында жайлы пәтердің суретін салып, оның құнын нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен етіп көрсетеді.

Дәл осы екі әдіске алданатындар көп. Төмен баға мен жайлы пәтерге қызыққан көпшілік дереу агенттікке қоңырау шалады. Риэлторлар оларды кеңсеге шақырып, пәтер иелерінің телефондарын беру жөніндегі шарт жасасады. Мұндай қызметтің құны 15-20 мың теңге. Алайда осынша ақша төлеп алған телефон нөмірлері кәдеге жарамайды: нөмір жарамсыз болып шығады не қожайын пәтерін жалға беріп қойған болады.

Оқи отырыңыз: Пәтер жалдағанда алаяқтарға тап болмаудың жолдары қандай?

"Алаяқтар "Жылжымайтын мүлік агенттігі" атын пайдаланады. Олардың қызметі риэлтор агенттігінен бірнеше есе арзан. Сондықтан, жалға алушылар бұл қақпанға жиі түседі. Егер жайлы, жарық, жөндеу жұмыстары жүргізілген пәтердің суретін көрсеңіз және ол үшін арзан баға сұрап тұрса, күмәндану керек. Бұл алаяқтық болуы мүмкін. Өкініштісі, олардың қызметін пайдаланушылар еш шағым түсіре алмайды. Себебі, олар шартта "тұрғын үймен қамтамасыз етеміз" демейді, олардың қызметіне ақпаратты, яғни, жалға берушінің телефон нөмірін беру ғана жатады", – деді Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко.

Оқи отырыңыз: Пәтерді риэлторсыз қалай сатуға болады? Нұсқаулық

Шартты мұқият оқып, құжаттарды тексеру қажет

Ақпараттық қызмет көрсететін заңсыз риэлторлардың негізгі құрбандары – жас әрі тәжірибесіз адамдар. Мұндай адамдар көбінесе шартты оқуға құлық танытпайды. Сондықтан, мамандар пәтерді жалға не сатып алардан бұрын, сондай-ақ, қызмет үшін ақы төлер алдында шартты мұқият оқуға кеңес береді.

"Құжатта екі тараптың да құқықтары мен міндеттері қалай жазылғанына мән беру керек. Сосын риэлтордың құжаттарын тексеруден ұялмау керек. Ол расымен осы саланың маманы ма, жылжымайтын мүлік нарығында қызмет көрсетуге рұқсат құжаты бар ма? Әр тұтынушы осы сұрақтарға жауап іздесе, алаяқтарға алданушылар аз болар еді", – деді қауымдастықтың вице-президенті Нина Лукьяненко.

Оқи отырыңыз: Алматыдан қалай пәтер жалдау керек? Басқа қалалардан келген студенттерге 8 түрлі кеңес

Өкініштісі, алаяқ риэлторлармен күрес оңай болмай тұр. Krisha.kz жобасының басшысы Севиль Рагимова олардың жарнамаларын іріктеу де қиын соғып тұрғанын айтады. Оның сөзінше, жалға үй алушылар сайт арқылы пәтер іздегенде келесі айрықша белгілерге назар аударғаны жөн:

  • сары түс – нарықта бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан, тексерілген компаниялардың жарнамалары;
  • қызыл түс – шағым түскен күмәнді жарнамалар;
  • "жаңадан тіркелген" белгісі – әлі тексерілмеген жарнамалар.

Риэлтор қызметінің ұлттық стандарты

Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығында қазір 70-ке жуық агенттік тіркелген. Ал нарықта бұл қызмет түрін көрсететін тағы қанша компанияның бар екені беймәлім. Жұрттың қалтасын қағатын заңсыз жеке риэлторлардың да есебі жоқ. Тапқан табысын жасырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден қашып жүргендерді салықшылардың өздері тәртіпке сала алмай отыр.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?

Алаяқ риэлторларды нарықтан ығыстыру мақсатында Риэлтор қызметінің ұлттық стандарты бекітілмек. Бұл бастаманы Қазақстан риэлторлар қауымдастығы мен "Атамекен" ҰКП қолға алды.

"Риэлтор қызметіне байланысты Еуразиялық одақ елдеріне ортақ стандарт әзірленген. Ресейде құжат Үкімет тарапынан бекітіліп, риэлторлар жаңа талап бойынша жұмыс істеп жатыр. Біз қазір соның қазақстандық үлгісін дайындап жатырмыз. Бұл құжат риэлторлардың қызметін реттеп қана қоймай, бұл салада жұмыс жасаймын дегендерге жолдама да береді. Осы саланы реттейтін мемлекеттік орган айқындалғасын жаңа тәртіппен жұмыс істейміз", – деді Лариса Степаненко.

Әзірге жылжымайтын мүлік нарығы өкілдерінің жұмысы бір де бір құқықтық актімен реттелмейді. Соның салдарынан делдалдар салық төлеуден жалтарып қана қоймай, алаяқтық әрекеттерге жол беріп отыр. Сарапшылардың сөзінше, ұлттық стандарт бекітілсе, кім көрінген риэлтор болып қызмет атқара алмайды. Өйткені, ұлттық стандартта біліктілік талабы, тұтынушылармен жұмыс істей білуі, лауазымдық нұсқаулық толық көрсетіледі. Агенттіктер мен клиенттер арасындағы шарттар барлық риэлторға ортақ болады. Құжатта маклерлердің міндеттері де анық жазылады. Олар болашақ пәтер иелері үшін баспана тауып, жалға алу шартын жасауға көмектесуі керек, тек содан кейін өз қызметі үшін төлем алуы тиіс. Ұлттық талаптарға сай келген агенттіктерді egov.kz порталына енгізу жоспарланып отыр. Осылайша тұтынушылар алаяқтарға алданбай, құқықтарын қорғай алады.

Оқи отырыңыз: Алаяқ риэлторлар. Сақ болыңыздар

"Қазір делдалдар лицензия алмай-ақ, салық төлемей-ақ жұмыс істеп жатыр. Риэлторлық агенттіктердің лицензиясы міндетті түрде болуы керек деп есептейміз. Сонымен қатар, бұл қызметпен сотталмаған адамдар ғана айналыса алатындай талапты бекіту қажет. Риэлтор мен тұтынушы арасындағы шартты стандартты түрде енгізу көзделуде. Яғни, пәтер жалға беру мен пәтерді сату шарттары бөлек-бөлек жасалады", – деді "Атамекен" ҰКП Алматы филиалы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов.

Риэлторлар мамандар арнайы оқытылуы мүмкін

Сарапшылар шет елдерде риэлторлық қызмет мемлекетке қыруар салық түсімін түсіретін кәсіп түріне жататынын алға тартты. Сондықтан, Қазақстанда осы мамандыққа оқыту және кәсіпті сертификаттау туралы ұсыныс білдірді. Әзірге елімізде риэлтор болу үшін қай салада білім алу қажеттігі нақтыланбаған. Қауымдастық өкілдері әзірленіп жатқан ұлттық стандартқа риэлтор мамандығы туралы да талап енгізбек.

"Риэлтор қандай кәсіп екені, қызмет көрсету үшін қандай білім алу керек екені нақтыланбаған. Шетелде бұл жеке мамандық. Ұлттық стандарт бекітілгесін оны Ұлттық экономика министрлігіне тиісті нормативтік актін әзірлеу үшін жолдаймыз. Бұл заң не Үкіметтің қаулысы болуы мүмкін", – деді Айтуар Қошмамбетов.

Оқи отырыңыз: "Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай? Бүгін құжат қабылдау басталды

Алаяқ риэлторларға алданбау жолдары

Сала мамандары тұтынушылардың алдануының ең басты себебі – кәсіби қызметке жүгінбейтінінде екенін айтады. Соған орай, олар келесі үш кеңесті беріп отыр:

  • "Қазақстан риэлторлар қауымдастығында" тіркеліп, заңды қызмет ұсынатындардың қызметін пайдалану. Қауымдастыққа тіркелгендер түрлі курстардан өтіп, бұл салада біліктілігін шыңдап тұрады екен. Тиісінше, заңдық тұрғыдан құжаттарды рәсімдеуге де септік етеді. Ең бастысы, сапалы қызметке кепіл болады.
  • Риэлтордың аттестациядан өткенін растайтын құжатының бар-жоғын тексеру керек. Қауымдастық сайтында тек аттестациядан өткен мамандардың тізімі бар.
  • Риэлторлар нарықтық бағадан арзан бағадағы пәтер ұсынса, мұның өзі үлкен күмән келтіруге негіз. Өйткені, алаяқтардың басты әрекеті төмен бағамен клиент жинап, олардың ақшасын қағып кету.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары