Риэлторлар көп адамның қолынан келе бермейтін, біле қоймайтын қандай құпияны біледі? Әлде олардың хабарландыруларды жарияланғанға дейін көре алатындай құдіреті бар ма?
Informburo.kz риэлторсыз-ақ пәтерді әрі тез, әрі тиімді қалай сатуға болатыны туралы айтады. Төмендегі нұсқаманы қатаң тәртіппен орындау керек.
Оқи отырыңыз: Риэлтор қызметінің ұлттық стандарты бекітіледі. Құжат маклерлердің алаяқтығы мәселесін қалай шешеді?
№1. Пәтеріңізді сататын күйге келтіріп алыңыз
Сатуды бастамас бұрын пәтердің жағдайына қарау керек. Егер жақында ғана жөндеу жасалса, онда тек жақсылап тазалап алу жеткілікті. Егер, көптен бері жөнделмеген болса, онда ішінара жеңіл жөндеп шыққан дұрыс. Мысалы:
- Жуынатын бөлмеде пердешені, кілемше мен сабын салғышты жаңарту жеткілікті. Осылайша бөлме жаңарып көрінеді. Істен шыққан шүмектерге де назар аударыңыз;
- Ас бөлмеде газ-плитаның айналасындағы кафель көзге түседі. Бұл жердегі кафельдердің ауданы үлкен болмайды, сондықтан оны ауыстыра салған жөн. Үслелге жаңа дастархан ала салыңыз. Терезедегі жапқыштарды да жуып қойыңыз;
- Ескі жиһаздарға жаңа жабындылар сатып алуға болады.
Жақында жөнделген пәтер нарықтағы ұсыныстардан 10-15%-ға қымбат болады.
Жыртылған түсқағаздар, ескі, кір кафельдер, шашылып жатқан үй көзге бірден түседі. Сондықтан сатып алушы бағаны түсіруді сұрайды.
Қолында қаражаты бар сатып алушының көңіл күйін жағымды иістермен де көтеруге болады. Клиенттер сауда жасағанда өзін жайлы әрі рахат сезінуі үшін бұл әдісті сауда үйлері мен бутиктер де қолданады.
№2. Пәтер ішін ғана емес, кіре берісті толық тазалау керек
Жөнделмеген ескі үйлерді де жарқыратып қоюға болады. Ол үшін ең әуелі төмендегілерді істеу керек:
- Тазалау (еденді жуу, айналарды, әйнектерді, есіктерді сүрту);
- Шашылып жатқан заттарды жинау. Үйіліп-шашылып жатқан бірде бір сөре, шкаф болмауы тиіс;
- Ас бөлмеде ыдыс-аяқтар үстелде емес, шкафта тұруы тиіс;
- Жуынатын бөлмеде кір киімдерді жинап, қол жуатын, жуынатын жерлерді жуу керек;
- Балкон не зат қоятын бөлмені керек емес нәрселерден босатыңыз;
- Подъезді, кіре берісті ретке келтіру (шамдарын ауыстырып, қабырғаға жазылған жазуларды өшіру және т.б.). Ортақ пайдаланатын орынның жып-жинақы болғаны да сатып алушыны бей-жай қалдырмайды.
№3. Кәсіби фото түсірілімдерге тапсырыс беріңіз
Мыңдаған хабарламаның ішінен өзіңіздікін ерекше қылу үшін сапалы, жақсы фотосуреттер керек. Адамдарға пәтердің жоспары мен әрбір бөлмені дұрыстап көрсеткен жөн. Егер үйдің мақтанатын тұсы болса (едендегі паркет, қымбат кафель, санузелдер, кең көлемді терезелер және т.б.) онда оның әрбірін көрінетіндей етіп суретке түсіріңіз. Негізі дұрысы – кәсіби фототүсірілім жасау, бірақ өзіңізге де тырысып көруге болады.
Басынан бастап сатып алушыны бей-жай қалдырмайтын хабарлама мәтінін әзірлеу керек. Хабарламаны көрген адамға сол үйде тұрғысы келетіндей әсер қалдыру қажет.
№4. Хабарлама мәтіні: пәтердің кемшін тұсын керемет қылып көрсетіңіз
Пәтеріңіздің барлық артықшылығын жазыңыз.
Қорықпаңыз, кез келген нәрсені әдемілеп жеткізуге болады. Мәселен:
- Егер ол "сталинка" болса, онда үйдің ескіргенінен ұялмаңыз. Басым тұстарын көрсетіңіз: үйдің төбесінің биіктігін, қабырғасының қалыңдығын, стандартсыз жоспарын, үлкен терезелерін, қызмет көрсететін компанияның ақысы қымбат еместігіне дейін жазыңыз.
- Егер пәтердің ауданы аз болса, коммуналдық төлемдерге ақша ақша аз кететінін көрсетіңіз.
- Алыс ауданда орналасқан үйді "тыныш, қайнаған қала өмірінен алыс аумақта" орналасқан деп жазуға болады;
- Жоғары қабатты "терезеден қала тамаша көрінеді" деп қойыңыз;
- 1-3 қабаттарға "лифт керек еместігі қуантады" дей салыңыз.
Хабарламаға міндетті түрде жазыңыз:
- Үйдің жанында орналасқан сауда үйлері, супермаркеттер, саябақтар, мектеп, бала-бақшаларды;
- Қоғамдық көлік қатынасын (метро, автобустар мен троллейбустар);
- Жабық, қоршалған ауланы, балалар ойнайтын алаңды;
- Жылы шырайлы көршілеріңізді.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как продать квартиру без помощи риелтора? Инструкция
№5. Пәтер бағасын ең керемет ұсыныстардан 10-15%-ға арзанырақ қойыңыз
Нарықты зерттеңіз. Дәл сіздікіндей үйлер сол ауданда қаншадан екенін біліңіз. Бәсекелестеріңізді білу өзіңіздің баспанаңызды дәлме-дәл бағалауға септігін тигізеді (басымдықтары мен кемшіліктерін де).
Риэлторлар кішкене қулыққа баруға кеңес береді. Пәтеріңізді сататын күйге келтіргеннен кейін (№1 кәртішкені қараңыз) ең керемет бағадан 10-15%-ға арзанға қойыңыз. Осылайша сіз клиенттерді көптеп тартасыз. Қараған 10 адамның 5-уі пәтеріңізді сатып алғысы келеді. Дәл осындай жағдайда саудаласуға болады, оның үстіне бағаны қымбаттату жағына. Сізге ештеңе деудің қажеті жоқ. Сатып алушылар өздері сізге қанша төлеуге дайын екендіктерін айтады. Сөйтіп пәтер бағасы нарықтағы бағаға, тіпті одан қымбатқа да сатылуы ғажап емес.
№6. Хабарландыруды сайттарға, әлеуметтік желідегі парақшаларға салыңыз
Егер хабарламаны olx-ке орналастырсаңыз, бірінші күні хабарландыру жоғары жағында тұрады. Бұл дегеніңіз, сатып алушылар сайтқа кіргеннен кейін сіздің пәтеріңізді көретінін білдіреді. Басқа адамдар хабарландыру салған сайын сіздікі төменге қарай жылжи береді, яғни сатып алушылар тіпті сіздікін көріп үлгермеуі де мүмкін. Бір күннен кейін хабарландыруды өшіріп тастап, қайтадан жариялау керек. Болмаса сайт ұсынған хабарландыруды көтеру жолдарын таңдауға болады.
Адамдар пәтер сатып, сатып алуда ең көп пайдаланатын "Крыша" ресурсы бар. Мұнда нақты мәліметтерді көрсету жеткілікті. Егер сатып алушы күдікті бірнәрсе көріп қалса (сурет шындыққа жанаспайтын болса, телефон нөмірі шетелдік не болмаса пәтер бағасы өте арзан көрсетілсе) модератор хабарландыруды өшіріп тастауы мүмкін.
"ВКонтакте" желісіндегі ең кең таралған пабликтер – мына жерде, Facebook желісіндегілер – мына жерде.
№7. Бірнеше клиентпен кездесуді бір уақытқа белгілеңіз
Сатып алушылар осылай бәсекені сезінеді, сатып алуға шешім қабылдауы да мүмкін. Пәтерді әйелсіз, ата-анасыз, бала-шағасыз бір ғана иесі көрсетсе жетіп жатыр. Көп адам сатып алушыны шошытады, пәтерді дұрыстап қаратпайды, сөйлесе де алмайды. Егер 2 бөлмелі пәтер болса, адамның көптігінен үй тар болып көрінуі мүмкін.
Сатып алушының кім екеніне (отбасылы, жалғыз адам, қарт адамдар, студент) қарап, оларға маңызды тұстарын айта беріңіз. Егер балалары бар жас отбасы болса, жақын маңда бала-бақша, мектеп, балаларды дамыту орталықтары, спорттық секциялар, балалардың ойнайтын алаңы бар екенін айтыңыз. Үйдің жанында ішімдік ішетін орындар, клубтар, ресторандардың жоқтығын айтып қуантып қойыңыз.
Көп адамға көрші үйлерде жалға берілетін пәтерлердің жоқтығы маңызды саналады. Сол үшін көршілеріңізді де мақтаңыз. Тіпті көбінің баяғыдан бірге тұратынын айтқан артық емес.
Пәтерді сатып алу мақсатын біліңіз. Егер әрі қарай жалға беру үшін болса, пайдасын айтыңыз. Басқа қаладан келгендерге қоғамдық көліктердің жақсы жүретіні, емхана, мәдени нысандардың жақындығы, пәтер бағасына кіретін жиһаздары мен техникалары болғаны маңызды.
Авторы Жанна Хабдулхабар
Аударған Мәншүк Шапхатқызы