Тікелей эфир

Пәтер жалдағанда алаяқтарға тап болмаудың жолдары қандай?

Пәтер іздегенде алаяқтарға тап болмаудың жолдары туралы толығырақ төмендегі материалда айтып береміз.

Пәтер жалдау нарығында, әсіресе Алматы мен Астана сияқты үлкен қалаларда түрлі алаяқтар мен өз ісіне жауапсыз қарайтын риэлторларды кездестіруге болады. Егер бірінші кездескен адамға сенетін болсаңыз, кем дегенде қалтаңыздағы 10-20 мың көлеміндегі қаржыдан қағыласыз, кей жағдайда пәтерден қуылуыңыз ғажап емес. Өйткені жалған қол қойылған жалға алу келісім-шартын ұсынатын алаяқтардың құрбанына айналмау үшін, сақ болу керек. Пәтерді жалға алуға қатысты іnformburo.kz оқырмандарына OLX.kz интернет алаңының "Жылжымайтын мүлік" санатындағы бас маман Сұлтан Қарабаев, krisha.kz шолушысы Алина Буравцева және жер құқығы бойынша заңгер Бакытжан Базарбек айтып берді.

Оқи отырыңыз: Риэлтор қызметінің ұлттық стандарты бекітіледі. Құжат маклерлердің алаяқтығы мәселесін қалай шешеді?

Ең маңыздысы

"Сақ болыңыз", "Назар аударыңыз" және "Тексеріп алуды ұмытпаңыз". Осы сөздер мақалада қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықтағыдай жиі қайталанатын болады. Әлеуетті жалға алушылардан ақша жасаудың бірнеше жолы бар, сондықтан өзіңізге ұсынған пәтерлерге қатысты барлық ақпаратты білуге тырысыңыз. Бұл ретте риэлтор немесе пәтер иесінің сенімділігіне көз жеткізбей тұрып, өзіңіз туралы жеке деректерді оларға ешқашан бермеңіз.

Ақшаны тек келісім-шартқа қол қойғаннан кейін беру керектігін есте сақтаңыз, ал пәтердің кілті бұл кезде сіздің қолыңызда болуы керек. Ешкімге, ешқашан өзіңіздің банктік деректеріңізді жібермеңіз. Өйткені төлем жасау үшін сіздің емес, орындаушының мәліметтері ғана керек.

Пәтерді іздегенде асықпаңыз. Асығыстық сіздің таңдауыңызды азайтады, алаяқтарға алдануыңызға сеп болуы да мүмкін. Ал, қосымша уақытыңыз болса, ұсыныстарды зерттеуге уақытыңыз да болады. Егер пәтерді басқа қаладан іздестіретін болсаңыз, ол жақтағы өзіңіз сенетін адамнан пәтерді барып көруін өтініңіз. Тіпті бір-екі күнге қонақ үйге орналасып, болмаса хостелдерден бөлме ала тұрып, пәтер іздестіруге болады.

Дербес іздеу

Егер сіз пәтерді өзіңіз іздейтін боп шешсеңіз, интернеттегі хабарландырулардың жартысына жуығының жалған екенін есте сақтаңыз. Нарықтағы бағалары ушығып тұрған пәтерлер туралы ақпараттың көбі интернетке әдейі бағаны қалыптастыру үшін орналастырылған. Ал, бағасын қолжетімді қылып, әдемі суреттерін көрсетілген пәтерлер туралы ақпарат – әлеуетті жалға алушыларды тарту үшін жасалған. Кейде тіпті пәтерлердің әдемі суреттерін Google-дің іздеу жүйесіне салып көрсеңіз, суреттің жылжымайтын мүлік туралы ресейлік сайттардан алынғанына көз жеткізесіз. Мұндайда баспана туралы толығырақ сипаттама жазылған немесе пәтер иесінің не риэлторлардың пәтердің қосымша суреттерін жолдайтын хабарламаларына ғана сену керек.

Егер көрсетілген нөмірге қоңырау шалғанда, көпке дейін жауап алмасаңыз немесе төмен бағадағы әдемі пәтер сіздің қоңырауыңыздың алдында ғана жалға беріліп кеткенін білсеңіз, еш қымсынбастан "Шағым қалдыру" бастырмасын баса салыңыз. Ондай хабарландырулар әдетте қызыл түске боялып тұрады. Өтірік хабарландырулары үшін пәтер иелері мен риэлторлар сенімсіз пайдаланушылардың тізіміне енгізіледі. Ал, сайт талаптарын өрескел бұзып, қайта-қайта осындай жағдайға жол бергендер қара тізімге енгізіледі. Бұл жарнама алаңын тазартуға жол ашады.

Егер қолжетімді пәтер туралы ақпарат сайтқа көп уақыт бұрын орналастырылып, тізімде қайта-қайта шыға берсе, жалға берушімен байланысқа шықпай, дұрыстап ойланып алыңыз. Мұндайда қандай да бір ақауы бар жайсыз пәтерге тап болуыңыз ғажап емес.

Барып көруге келіспес бұрын баспана туралы, жалға алу шарттары жайында барлық мәліметті біліп алуға тырысыңыз.Тіпті пәтер иесінің көршісімен қарым-қатынасы қандай екеніне дейін сұраңыз. Төлем мен жалға алу шартын бұзу талаптарына қатысты ақпараттарды да біліп алу керек. Жалға беруші пәтердің құқықтық құжаттарын көрсете ала ма, жоқ па, оны да сұрау қажет. Пәтердің жаңа суреттерін жолдауды да өтініңіз. Егер пәтерді 1 айдан көп уақыт жалға алатын болсаңыз, уақытша тіркеуге тұру туралы алдын ала келісіп алыңыз.

Алаяқтардың ең көп қолданатын тәсілі – пәтердің өтіп кететініне сендіріп, алдын ала кепілақы талап ету. Немесе жалған қол қойған құжат береді, келесі күні сізді нағыз иесі пәтерінен қуып шығуы да ғажап емес. Пәтердің меншік құқығына қатысты ақпараттарды ХҚКО-нан, не болмаса e-gov порталынан тексеруге мүмкіндік бар. Алайда анықтаманы тек пәтер иесі ғана ала алады. Куәліктегі мәліметтердің сәйкестігін мұқият тексеріңіз. Пәтерді риэлтор, көршісі, не туысы көрсете алады, алайда келісім-шартқа тек оның иесі, не нотариалды куәландырылған сенімхаты бар адам қол қою керек. Егер пәтердің бірнеше иесі болса, олардың барлығының жазбаша келісімі қажет.

Риэлтормен жұмыс

Делдалдармен жұмыс істегенде бірінші пәтерді көріңіз, одан кейін құжаттарын тексеріңіз, кейін келісім-шартқа қол қойып, ең соңында ғана ақысын төлеңіз.

Ең сенімді жолы – тексерілген агенттіктер мен пәтер иелерінің хабарландыруларын қарастыру. krisha.kz осындай бөлімі бар, ал olx.kz-те автордың оған дейінгі хабарландыруларын, не оған жазылған пікірлерді көруге мүмкіндік бар. Егер маклерлік қызметті атқаратын жеке кәсіпкердің көмегіне жүгінгенді дұрыс деп санасаңыз, оның жеке кәсіпкерлігін растайтын куәлігін тексеріп алыңыз. Ол – бар болғаны мөр басылған бір ғана парақ. Егер өзін қандай да бір агенттіктенмін деп таныстырса, агенттіктің әкімшілігіне қоңырау шалып, риэлтордың оларда жұмыс істейтіндігін тексеріп алыңыз.

Пәтер іздегенде сізге қандай қызмет көрсетілетіндігін біліп алу маңызды. Әдетте мына екі нұсқаның біреуін таңдауға мүмкіндік бар:

  • Риэлтор сізге бірнеше пәтерді ұсынады және олардың әрқайсысын көрсеткенде жаныңызда жүреді;
  • Ақпараттық қызмет. Пәтерге қатысты ақпарат ұсынғаны үшін ақы төлейсіз.

Осындай ақпараттық қызметтен ат тоныңызды ала қашуға кеңес береміз. Өйткені мұндайда адамдар алаяқтар мен жүгенсіз риэлторларға кезігіп жатады. Ақпараттық агенттіктер риэлторлық қызмет көрсетпейді, бар болғаны пәтер иесінің телефон нөмірлерін сатады. Бұл қызмет түрлі тәсілдермен көрсетілуі мүмкін, алайда олардың бәрінің сценарийі бірдей.

Сіз әдемі суреттерімен қолжетімді бағада көрсетілген хабарландыру бойынша қоңырау шаласыз. Риэлтор әуелі агенттіктің кеңсесіне келіп, құны орташа 10-20 мың тұратын келісім-шартқа қол қоюды талап етеді.

Әрі қарай мынадай стандартты сценарий болуы мүмкін:

  • Ақысын төленгеннен кейін пәтер иесінің телефон нөмірлерін аласыз. Алайда, сіз оған қоңырау шала алмайсыз немесе пәтер өтіп кеткен болып шығады. Өтемақы ретінде риэлтор осындай немесе шамалы жоғары бағаға тағы да бірнеше пәтерді қарауды ұсынады.
  • Пәтер жалға беріліп қойылған. Сізге басқасы табылғанша өз базасынан қарап, үш күн ішінде тауып беруге уәде береді. Қызмет бойынша сізге күн сайын 2-3 пәтер иесінің телефон нөмірлерін жіберіп тұрады. Алайда, оларды өзінің базасынан емес, өзіңіз де көре алатын жарнама алаңдарындағы хабарландырулардан алып береді.

Бұл ретте агенттік ешқандай жауапкершілікті мойнына алмайды, өйткені, ол жалға алушы мен жалға беруші арасындағы әншейін делдал және пәтер иесімен келіссөздерге қатыспайды. Келісім-шартқа сәйкес пәтерлерді іздеу қызметін ұсынбайды, сізге тек мәліметті ғана сатады. Сәйкесінше, сізге қандай да бір мәлімет бергенде олар қызметін көрсеткен болып саналады, ал ақшаңызды сот арқылы да қайтара алмайсыз.

Алаяқтықтың бұдан басқа да жетілген түрлері бар. Мұндай жағдайда сізді қандай да бір кеңсеге шақырмайды, жалға берушінің телефон нөмірін ұсынғаны үшін мобильді телефонға бірлік жіберуді немесе шотқа белгілі бір қаражат аударуды талап етеді. Ешқашан да ешқайда ақша жібермеңіз, жай ғана сол хабарландыруға "алаяқ" деген шағым қалдырыңыз.

Пәтерді таңдағанда сақ болатын жағдайлар:

  • Орташа бағадан да төмен жиһазға толы әдемі пәтер;
  • Өзінің кеңсесінен шықпайды, сіз пәтерді көрмегенсіз;
  • Пәтер туралы ақпарат ақы төленгеннен кейін ұсынылады;
  • Пәтерді көрсету ақылы – 1000 теңгеден жоғары. Тек қана агенттікпен келісім-шартқа отырып, ұйым пәтер туралы ақпарат беруге толық жауапкершілікті алғанда ғана осылай істеуге болады;
  • Агенттік кеңсесіне барып клиенттің келісім-шартқа қол қою қажеттігі;
  • Келісім-шартқа сәйкес сізге "ақпараттық қызметтер көрсетіледі", онда жалға алушы мен пәтер иесі арасында келісімге агенттік жауап бермейтіні туралы жазылған.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как арендовать квартиру и не стать жертвой мошенников

Пәтерді қарау

Пәтер иесімен алдын ала қандай тәсілмен ай сайын төлем жасайтыныңызды, қаншалықты жиі байланысқа шығатыныңызды талқылап алыңыз. Қажет жағдайда уақытша тіркеуді рәсімдеу уақытын келісіңіз, мұны пәтерге орналасқаннан кейін бір айдың ішінде қолға алу керек.

Көп жағдайда пәтер иесі келісім-шартты бұзған кезде сізден депозит-соманы қайтаруды талап етеді. Егер оның мүлігіне залал келтірсеңіз, ол ақшаны ала алмайсыз, кейде тіпті үстіне қосымша ақы төлеуге тура келеді. Мұның бәрі келісім-шартта қалай көрсетілгеніне тікелей байланысты.

Су құбырының кенеттен бұзылған шүмегі үшін немесе түсқағаздарының жыртылғанына кінәламас үшін пәтерді алмай тұрып, тексеріп алыңыз. Пәтердегі барлық ақаулар жайлы келісім-шартта жазылғанын талап етіңіз.

Бұл жағдайлардың бәрін алдын ала талқылаңыз. Негізі күрделі ақаулар (құбырлар, сантехника, электр сымдары, терезе) мүлік иесінің есебінен, ал ағымдағы ақаулар (түсқағаздар, еден, жиһаздар) жалға алушының есебінен қалпына келтірілуі тиіс. Ол үшін пәтерге орналаспас бұрын осылардың бәрін мұқият тексеріңіз. Пәтердің жағдайын дәлелдеу үшін суретке түсіріп алуды ұмытпаңыз.

Құжаттарды рәсімдеу

Жалға алу келісім-шарты сіздің басты сақтандырушы құжатыңыз саналады. Ол пәтер иесін жауапсыз жалға алушыдан да қорғайды. Егер пәтер иесі келісім-шарт жасаудан мүлдем бас тартса, жауапкершіліктен қашатын адамға сенуге бола ма, жоқ па, ойлану керек.

Қазақстанда жалға алу келісім-шартының бірыңғай стандарты жоқ, оларды көбіне интернеттен жүктеп алады. Құжатты мұқият зерттеңіз, таныс заңгер маманға көрсетіп алу үшін оны алдын ала сұрап алыңыз.

Пәтер иесінің жеке құжаттарындағы мәліметтерді тексеруді ұмытпаңыз, келісім-шартқа нақты меншік иесінің, не нотариалды куәландырылған сенімхаты бар адамның қол қойғанына көз жеткізіңіз.

Егер пәтерді жалдау ақысына шот фактура, түбіртек керек болса, келісім-шарт жеке кәсіпкерлік субъектісімен не жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен жасалуы керек. Мұндай жағдайда да құқықтық құжаттарды мұқият тексеру керек. Олай болмаса, сізге берілген құжаттар жалған болып саналады және сіз қаражаттарыңызды қайтара алмайсыз.

Келісім-шартты зерттегеннен кейін, өз талабыңыз бойынша қосылуы тиіс бөлімдерді енгізуді өтініңіз. Мәтінін интернеттен жүктеп алып, қосымша келісім жасай салуға да болады. Қосымшасында негізгі келісім-шартқа қосылған жаңа бөлімдер жазылады, немесе қандай бөлімдердің енгізілетіні туралы келтіріледі.

Құжатта жазылуы тиіс негізгі шарттардың тізімі төмендегідей:

  • Қос тараптың жеке басын куәландыратын құжаттар (А.Т.Ә., ЖСН);
  • Белгіленген мерзімге дейін (көп жағдайда 1 жылға) келісілген ай сайынғы төлем құны. Төлемнің қашан, қандай тәсілдермен жасалатындығы туралы мәлімет. Сонымен қатар кепілақы көлемі, оны қайтарудың шарттары;
  • Меншік иесінің жалға алушыны пәтерден шығару немесе пәтер ақысын көтеру туралы ескерту мерзімі (көбіне 30 күн бұрын);
  • Келісім-шарттың мерзімі, оны бұзудың негіздері, сондай-ақ кез келген уақытта иесі сізді пәтерден шығарып жібермей тұрып шарт талаптарын бұзу, шартты орындамауға қатысты қос тараптың материалдық жауапкершілігі;
  • Пәтердің жай-күйін тексеру мерзімі. Бұл жерде телефон қоңырауының санына қатысты да шартты да қосып жіберген артықтық етпейді.
  • А.Т.Ә., ЖСН көрсетумен пәтерде тұратын адамдардың санын жазу. Қажеттілік туындаса, үй жануарын ұстауға рұқсатты да енгізу керек.
  • Пәтер иесінің жөндеу жұмыстарын жүргізудегі, сантехника, жылу, газ, жарық және су жүйесіндегі ақауларды қалпына келтірудегі жауапкершілігі;
  • Коммуналдық төлемдерді кімнің төлейтіндігі туралы. Егер пәтер иесі тегін интернет жеткізіп беруді міндетіне алса, ол туралы да құжатта жазылуы тиіс. Пәтерге орналасқан күнгі есептегіш құралдарының көрсеткіштерін жазу. Осы күнге дейінгі барлық қарыздарды пәтер иесінің төлейтіні туралы міндетті енгізу.
  • Мүлікті бүлдіргені үшін жауапкершілік, жалға алушылар пәтерде тұрған уақытта олардың тозатынын есепке алып, жалға берушіге мүлікті бастапқы күйінде тапсыру міндетін белгілеу.

Келісім-шартпен бірге пәтердегі барлық техника, жиһаздың жағдайын көрсетумен қабылдау-тапсыру актісі жасалады. Онда пәтердің, құбырлардың, сантехниканың жағдайы да жазылады. Актіге пәтердегі барлық заттың фотосын, мүмкіндік болса пәтерді қарау кезіндегі видео, аудиожазбаларды қоса тіркеуге болады.

Келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін, ақшаны беруге болады. Жалға берушіден ақшаны алғаны туралы қолхат (қос тараптың жеке құжатындағы мәліметтерді көрсетумен) алыңыз. Төлем сомасы санмен, сондай-ақ жазбаша түрде де көрсетілуі керек. Осы процестерді болашақта ақы төлеген сайын қайталауды ұмытпаңыз.

Авторы Эмиль Шамсутдинов.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Серіктестер жаңалықтары