Тікелей эфир

Қазақстандықтар кедейлене түсті: табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 20 пайызға көбейген

Соған қарамастан, Қазақстан бай адамдар санының өсуі бойынша алғашқы 10 елдің қатарына кіріп отыр.

Finprom.kz сарапшыларының талдауынша, елімізде кедей тұрғындардың саны артып келеді. Мәселен, былтырғы жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың саны бір жылда 12%-ға, яғни 140,6 мыңға дейін өскен. Бұл үйлерде 858,5 мың адам өмір сүреді және көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20,1% артық.

"Бір жыл бұрын осы мерзімде елде осындай табысы төмен 125,5 мың үй шаруашылығы болған. Соңғы жылдары кедей отбасылардың саны тек өсіп келеді. Елдегі тұрмысы төмен отбасылардың ішінде қазірдің өзінде 4 600-інің табысы азық-түлік себетінің құнынан да төмен. Бұл үй шаруашылықтарында 28 мыңнан астам адам тұрады", – деп хабарлады сарапшылар.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың басым бөлігінің жалақысы азық-түлік алуға жетпейді


Сарапшылардың мәліметінше, аймақтық көрсеткіште кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылығының 19,9 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Онда кедейлік шегінен төмен өмір сүретін халықтың ең көп үлесі – 10,3% тіркелген. Бұл ретте ел бойынша орташа көрсеткіш 4,6% (бір жыл бұрын – 3,8%) құрады.

Аутсайдерлердің алғашқы үштігіне Алматы (табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 15,5 мың үй шаруашылығы, 2019 жылға қарағанда бірден 2,8 есе көп) және Шығыс Қазақстан облысы (11,6 мың үй шаруашылығы) кірді.

Қарастырылып отырған кезеңде бір айда жан басына шаққандағы орташа өмір сүру құны 34 мың теңгені құрады. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың көбісінде 5 немесе одан да көп адамнан тұрады. 


Оқи отырыңыз: Джефф Безос пен Илон Маск әлемнің ең бай адамдарының көшін бастады. Рейтингке қазақстандық алты азамат енді


Finprom.kz хабарлауынша, елімізде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық санының өсіп келе жатқанына қарамастан, Қазақстан бай адамдардың өсімі бойынша әлемнің ТОП-10 елінің қатарына кіріп үлгерген.

Statista.com мәліметтері бойынша, коронавирустық пандемияға қарамастан, әлем бойынша өте бай адамдардың саны артты. Таза байлығы 30 миллион АҚШ долларынан жоғары адамдардың саны соңғы 12 айда 2,4 пайызға өсті және қазіргі уақытта 520 мыңнан астам адамды құрады. 2025 жылға қарай мұндай байлардың саны тағы 27 пайызға өседі деп күтілуде. Қазақстанда ең бай адамдардың саны 33 пайызға артады деп болжануда.

Серіктестер жаңалықтары