Тікелей эфир

Біз қазақпыз ба, әлде қазақстандықпыз ба? Сараптама

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Елдің бүкіл халқын ұлт пен этносына қарамастан, "қазақ" не "қазақстандық" деп тану қаншалықты қауіпті. Сарапшылардың сөзталасын ұсынамыз.

Бұл тақырыпқа тереңдеуге биылғы Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінде тараздық ұстаз Динара Нұралиеваның айтқан ұсынысы түрткі болды. Оның келесі сөзі біраздан бері көпшілік арасында кең талқыға түсіп жатыр:

"Құрметті Елбасы, Президент! Қазіргі уақытта Қазақстанда бойында 7-8 этностың қаны бар мен сияқты жүз мыңдаған адам бар. Осындай азаматтардың төлқұжатына ұлтын қазақ деп жазатын уақыт келген шығар мүмкін".

Әкесі дүнген, ал анасы ұйғыр Динараның бұл бастамасын ел ішінде қолдағандар да, қарсы шыққандар да табылды. Бұл туралы сарапшыларымыз не дейді?

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалған журналист Майя Бекбаева төлқұжатқа адамның ұлтын емес, тек азаматтығын жазу қажеттігін айтады.

"Өзге этнос өкілдері Қазақстанда тұрғандықтан, өздерін қазақ сезінеді. Неге оларға өздерін қазақ немесе қазақстандық деп жазуға мүмкіндік бермеске?! Мысалы, Американы алсақ, бұл алып мемлекетте көптеген ұлт өкілдері тұрады. Дегенмен, құжаттың азаматтың ұлты көрсетілетін жерде "америкалық" деп жазылады", – дейді Майя.

Алайда, бұл пікірге саясаткер Мұхтар Тайжан түбегейлі қарсы. Ол "азаматтық" және "ұлт" ұғымдарын шатастырмау керектігін айтады:

"Рас, бәріміз бір ғана мемлекет Қазақстан Республикасының азаматымыз, бірақ, ұлтымыз әртүрлі. Ұлт ұғымы қан мен текпен байланысты. Сондықтан, бізге Американы үлгі ретінде алу – қате. Америкада азаматтық бір болғанымен, метроға кірсең, ақ нәсілділері, қаралары, үндістер, қытайлар және басқалары – бәрі бөлек-бөлек отырады. Тіпті, олардың қоныстанған аудандары да ортақ емес. Мысалы, әр қаланың өз China town, Little Italy, Греческая деревня, Brighton Beach сынды атау иеленген аудандары бар. Бөлінушілік осы емес пе?"

Оқи отырыңыз: "Азаматтық ұлтты құрдық деп айта алмаймыз". Қазақстанға ұлттық бірегейліктің қандай моделі қажет?

Саясаткер, сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын "қазақстандық ұлт" құру ұсынысының көтерілгенін тағы бір еске салып, қазіргі идеялардың бәрі соның жалғасы екенін айтты. Оның ойынша, бұған жол берілмеуі керек.

"Мәселен, келесі жылы халық санағын өткізу жоспарланған. Біз егер ортақ ұлт ұсынысына келісім берсек, кейін Қазақстанда қазақтардың саны қанша екенін қалай білеміз?! Қанша қазақ мектеп болуы керек, жоғарғы оқу орындарында қанша қазақ тобы болуы керек – мұның бәрін бізге кім айтады?", – дейді Мұхтар Тайжан.

Қазақтану үрдісі

Саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғали қазір қазақтану үрдісі жүріп жатқанын айтады. Бұған биліктің ықпалы бар болуы мүмкін.

"Ассимиляция – әлемдік үрдіс. Бір елдерде жылдам, ал бір елдерде баяу жүреді. Бұл тоқтаусыз, органикалық жеке адамдардың таңдауынан туатын үрдіс", – дейді саясаттанушы.

Дегенмен, бұл пікірге де қарсы уәж айтатындар бар. Олардың бірі – жазушы Мырзан Кенжебай. Ол, тіпті, қазақ ұлтын үшін жою үшін жұмыс істеп жатқан ұйым болуы мүмкін деген қорқынышын айтты:

"Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, ұлттық ерекшеліктерімізді қалпына келтіру туралы үкімет тарапынан бір ауыз сөз айтылмады. Есесіне қазақтің тілін, дінін бөлу жұмыстары ауқымды жүргізіледі. Бұл мәселе неге өзге елде көтерілмейді?"

Саясаттанушы Ернұр Молдашев болса, бұл процесс тек Қазақстанда болып жатқан нәрсе емес деп санайды.

"Мәселен, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде қазақтардың саны орыстардан 1,5 есе көп болса, қазір 3,5 есе көп. Қазақстан моноұлттылыққа қарай бағыт ап келеді. Оны енді тоқтату мүмкін емес", – деген ол кез келген адамға өзінің қандай ұлт екенін таңдауға шектеу қою – адам құқығына қарсы нәрсе екеніне тоқталды. Өйткені, ұлт – бірегей ұғым.

Дегенмен, Мырзан Кенжебай Динара Нұралиеваның ассамблея кеңесінде айтқан сөзін қайта еске салып, саясаттанушының ойын теріске шығарды.

"Елбасының алдына барған адамдар эмоция жетегінде аузына келгенін айта бермейді. Демек, Динара да қиялданып сөйлей салған жоқ. Оның сөзінде саяси астар жатыр. Елбасының өзі оны рахаттанып тыңдады. Әйтпесе тоқтатып, "не айтып отырсың?" деп сұрамай ма?" – деді ол.

Оқи отырыңыз: Ұлт дегеніміз не? Оның ұлыс пен этностан айырмашылығы

Саясаттанушы Мұхтар Тайжан егер ұлт таңдау еркіндігі бар болса, онда Қазақстанның барлық азаматына бірдей рұқсат беру керек деп есептейді:

"Мәселен мен қазақ болсам да, өзімді неміспін деуіме болады ғой?! Ал сіз (Мырзан Кенжебайға қарап – авт.) қаласаңыз, евреймін деп айтасыз. Ендеше, мен неміспін деп Германияға кете аламын емес пе? Өзгелерге берген мүмкіндікті неге қазаққа бермейді?"

Мұхтар Тайжан ойын Польшаның мысалында жалғады:

"Мәселен, Польшада "карта поляков" деген нәрсе бар". Егер қаның поляк болмаса, бұл картаны ала алмайсың. Германияға эмиграцияға көшіп кету үшін қаның неміс екенін дәлелдеуің. Ал Америкада First Nation, яғни "алғаш ұлт" деген ұғым бар. Оған сәйкес, мен үндіс болсам, салықтан босатыламын. Егер қанымда үндіс қанының жартысы немесе сегізден бір бөлігі болса, салықтың сегізден бір бөлігінен босатыламын. Міне, дүние жүзі қан мен текке мән беріп отыр. Ал неге біз мән бермейміз? Бұл бір. Ал екіншіден, сіздер айтқандай, қазақтандыру табиғи, тоқтамайтын үрдіс екенімен келісемін. Бірақ, біз алдымен заңды және парламентті қазақша сөйлетіп алайық".

Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?

Көпұлттымыз деп мақтанатын ел енді неге бір ұлтты болуға құмар?

Саясаттанушы Ернұр Молдашев өзге елдерде халқының қанын тексеруі негізгі ұлт өкілдеріне басымдық берумен байланысты екенін айтады. Оның мәдениеті, тілі мен тарихына емес, тек сол ұлттың адамына басымдық береді екен. Ал Қазақстанда қазақ ұлтына мұндай басымдық берілмейді. Өйткені, қазақ ұлты өзге ұлттардан жоғары емес.

Дегенмен, Елбасының "Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру" мақаласында қазіргі идеология мен ұлттық саясаттың негізі қаланған деген ойын айтқан Ернұр:

"Біздің түпкі мақсатымыз – қазақ ұлтының басымдығын көрсету. Ал оны материалдық түрде көрсете алмайтын болсақ, оған рухани түрде жетуіміз керек", – дейді. Есебінше, ел халқы ішіндегі қазақтардың үлесі 70 пайызға жеткен.

Жазушы Мырзан Кенжебай мен саясаттанушы Мұхтар Тайжан бұл пікірге қарсы шықты. Мырзан Кенжебай қазақ болғысы келетін өзге ұт өкілдерінің өз бақай есебі бар екенін айтады: "Ертең өз жерімізді өзіміз "қазақтың жері" дей алмай қалуымыз мүмкін. Олар күш алса, бәріміз бірдей қазақстандықпыз деуі әбден мүмкін".

Мұхтар Тайжан болса, қазақтың үлесі 70 емес, 80 пайызға жеткенін айтады: "Мысалы, Қазақстанда 12-13 миллион қазақ бар. Оның 2 миллионы қазақша сөйлей алмайды. Ертең 3 миллион орысы бар, украины бар, бәрі қосылып, ұлтын қазақ етіп өзгертеді. Ертең қытайлар келіп, ел азаматтығын алып, біз де қазақпыз десе, не дейсіздер?"

Мырзан Кенжебайдың дерегінше, Кеңес одағы кезінде барлық халықтар Совет азаматы деп жазылғанда 94 ұлт жойылып кеткен.

Қазақстан халқын біріктіретін идея бар ма?

"Бәріміз Қазақстан азаматымыз. Мемлекеттің алдында бәріміздің міндетіміз бар. Бәріміз осы меелдің азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді білуіміз керек. Ұлт деген нәрсе ойыншық емес", – дейді Мұхтар Тайжан. Ол болашақта қазақ ұлтының үлесі 90-95 пайызға жеткен кезде мұндай өзге проблема болмайтынын айтады.

Ал Ернұр Молдашевтің айтуынша, Қазақстанға халықты біріктіретін идея керек. Қазақстан қазір бүкіл ұлтты, бүкіл адамды, бүкіл мемлекетті біріктіретін идея іздеуде:

"Кеңес үкіметі тараған кезде біз ортақ идеядан айырылып қалдық та, оның орнын басатын ештеңе ұсына алмадық. Рас, қазақстандық идея болды, кеңес дәуірінің адамдары қазақстандық бірегейлікке көше алды. Яғни, "мен Советтікпін" деп жүргендер енді қазақстандық екенін сезінді. Бірақ, жаңа ұрпақ "мен қазақстандықпын" дегісі келмейді. Мәселен, 2009 жылы халықтың 67 пайызы өзін қазақстандықпын деп есептесе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 52 пайызға дейін төмендеген. Өйткені, жас буын өзін қазақстандық емес, қазақпын дегісі келеді. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша жасалған зерттеу. Басқа ұлттар өзінің тұрған жері бойынша мен алматылықпын, астаналықпын деп айтады. Демек, біріктіретін нәрсе әлі табылған жоқ деген сөз".

Оқи отырыңыз: "Қазақ ұлтшылдары" дегенде оқырманды адастырмау керек

Қазақстан көпұлтты ел ме?

"Көпұлтты деген дұрыс емес. Онда өзінің автономиялары, субъектілері болу керек. Көпұлтты емес полиэтникалық деп атау керек. Бәрі қазақтанып келе жатыр. Бүгінде қазақтың өзі қазақтанып келеді. Демографиялық статистика да осыған дәлел", – дейді демограф Әзімбай Ғали.

Ернұр Молдашев болса, "қазақстандық" дегенге қарсы екенін, бірақ, өзге ұлттарға құжатына "қазақ" деп жазуға рұқсат беру керек екенін айтады: "Қазақстандық пен қазақ сөзін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Өйткені, ұлттық бірегейлік пен азаматтық бірегейлік бір-біріне қарсы келетін нәрсе емес. Екеуі қатар дамуы керек".

Мұхтар Тайжан ұлтаралық қатынасты жаңарту үшін демократиялы идея ұсынды: "Еуропаның кез келген елі сияқты ұлттық мемлекет құруымыз керек".

Қытайлықтар неге қазақ қыздарына үйленуде?

Саясаттанушы Ернұр Молдашевтің дерегінше, 2019 жылы Қытайдан Қазақстанға 2400 адам ғана келген. "Бұл өте аз көрсеткіш, ондай қауіп жоқ", – дейді ол. Алайда Мұхтар Тайжан көрсеткіш бүгін аз болғанымен, ертең 2 мың емес, 200 мың болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Ернұр Молдашевтің "қытайлар қазақтың дініне, тіліне, салт-дәстүріне қызықпайды" деген пікірі де сынға ұшырады.

Мырзан Кенжебай: "Қытайлар тіліңе қызығып келіп жатыр дейсің бе? Олар қазақтың қызына үйленгенде қазақтың салт-дәстүріне қызығып үйленбейді. Олардың ішінде өз есебі бар. Бұл жерде махаббат жоқ", – десе, Мұхтар Тайжан қытайлықтар біздің жерімізге қызығатынын айтты: "Біздің жер құнарлы. Соған қызығатындар өте көп. Сондықтан қауіп те бар. Мәселен, мың емес, 200-300 мың қытай келіп, "мен де қазақпын, былай тұр, мен сөйлейін, мына заңды өзгертейік десе, не істей аламыз?", – дейді ол.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Серіктестер жаңалықтары