Тікелей эфир

Байқоңырда "қазақ тілі мен әдебиеті" оқытыла ма?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Factcheck редакциясы отандық БАҚ-та жарияланған мәліметтің растығына тексеру жүргізді.
Factcheck.kz тілшісі Наргиза Ерес Байқоңыр мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытылмауы туралы ақпараттың анық-қанығын анықтады.

3 желтоқсан ult.kz сайты "Байқоңыр мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні қашан енгізіледі" деген тақырыпта ақпарат жариялады. Бұл тақырып осыған дейін парламентте көтерілген болатын. Сол себепті factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізгісі келеді.

Үкім: Манипуляция

Қазақтілді БАҚ-та таралған тақырып – манипуляция. Себебі Байқоңырда "қазақ тілі мен әдебиеті" пәні оқытылады. Бұл туралы біз "Байқоңыр жайлы аңыз бен ақиқат" деген материалымызда кеңірек жазғанбыз.

Ал соңғы уақытта мәжілісте көтереліп жатқан мәселе – Байқоңырдағы Ресей мектептеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнін енгізу.

Үкім туралы толығырақ

Қазақстан және Ресей Федерациясының білім министірлігі 1994 жылы 30 тамызда білім беру процесі бойынша келісімге келген болатын. Білім беру мекемелерінде сол келісім негізге алынып, білім беру процесі ұйымдастырылған. 2006 жылы Қазақстан және Ресей Федерациясының білім және ғылым министрлігі қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарды Қазақстан Республикасының юрисдикциясына беру туралы келісімге келді.

Бұған дәлел 2010 жылы 23 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр кешенін" тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын талқылады. Білім және ғылым министрлігінің өкілі сол кездесуде: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, география және Қазақстан тарихын Байқоңырдағы алты қазақ мектебінде оқытылып жатқанын айтты.

Депутат сауалы туралы

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева және бірнеше депутат Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, Байқоңыр қаласындағы мектептерге "Қазақстан тарихы" мен "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндерін міндетті оқу пәні ретінде енгізу туралы жазған.

Сауалға министр Асқар Мамин төмендегідей жауап берген еді.

Байқоңыр қаласындағы мектептерге "Қазақстан тарихы" мен "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндерін міндетті оқу пәні ретінде енгізу мәселесі жөнінде

Осы мәселені Ресей тарапымен пысықтау барысында Байқоңыр қаласының әкімшілігі бұл мәселені "Байқоңыр" кешені жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысында қарауды ұсынды, бұл ретте Ресей Федерациясының Ағарту министрлігіне Ресейдің жалпы білім беру ұйымдарында "Қазақстан тарихы", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндерін оқыту мүмкіндігіне қатысты ресми ұстаным беру туралы сұрау салу жіберді. Осы уақытқа дейін Ресей Федерациясының Ағарту министрлігінен жауап түскен жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдары Байқоңырда қазақ тілі мен әдебиеті пәнін Ресей мектептеріне міндетті оқу пәні ретінде енгізу дегенге аса назар аудармаған. Тақырыпты бір көрген оқырман аталған екі пән Байқоңырда мүлдем оқылмайды деп ойлауы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары