Тікелей эфир

Меморгандар мен ЖОО ресми сайтында қазақ тілі қалай қолданылады? Тексеру нәтижесі

Фото: "Тіл-Қазына" орталығының баспасөз қызметі
Фото: "Тіл-Қазына" орталығының баспасөз қызметі
125 мекеменің ресми сайтына жүргізілген тексеріс нәтижесінде 98 мекемеге қазақ тілінің сауатсыз қолданылуына байланысты ескерту хат жолданды.

Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен "Мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстар мен көрнекі ақпараттағы қолданысы" тақырыбында республикалық онлайн семинар өткізді.

Орталық "Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу" жобасын іске асырып келеді. Жоба мақсаты – көрнекі ақпараттардың сауатты әрі дұрыс ресімделуіне ықпал етіп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялар мен акционерліқ қоғамдардың, оқу орындарының ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысы мен оның тіл заңдылықтарының талаптарына сәйкес дұрыс жүргізілуін қадағалау.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба онлайн бас қосуда қазақ тілінің мәртебесін көтеруге Қазақстанның әр азаматы атсалысуға міндетті деп атап өтті.

"Бауыржан Момышұлының "Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры" деген тағылымы ойға оралады. Әр ұлттың тілі – сол ұлттың бақыты мен тірегі. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен ой толғап, "Мемлекеттің ең басты дүниесі – тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы" деді. Осы маңызды мәселені жүзеге асыру жолында еліміздің әр азаматы, әр мемлекеттік мекеме қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті", – деді ол.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, интернет-ресурстары мен мекеме сайттарында, көрнекі ақпаратта қазақ тілінің сауатсыз қолданылуы жиі кездеседі. Тіл білімінің заңдылықтарына сәйкес келе бермейді. Бұған бей-жай қарауға болмайды.

Оқи отырыңыз: Қате жазуға ұялмайсыз ба?

"Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу" жобасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау қалаларында көрнекі ақпараттарда және бұқаралақ ақпарат құралдарының, сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың және ЖОО ресми сайттарының мемлекеттік тілде жүргізілу барысы тексерілді.

Өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары мен тіл орталықтарының 8 сарапшы маманы мен қосымша екі маман тартылып, олар 125 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізген. Тексерістің қорытындысы бойынша 98 мекемеге ескерту хат жолданған. Оның 41-і ресми сайтына түзетулер енгізді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары