Тікелей эфир

Желі "жеткізді"

Қарым-қатынастың жаңа құралы жақындастыруы да, жан алуы да ықтимал.

Дәру мен қару туралы

Дидахмет Әшімхан атты ағамыз болды. Жазушы. Журналист. Біз университетке түскен жылы бесінші курста оқыды. Талантымен қатар қоғамдық өмірде белсенді еді. Жатақханада ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастыратын. Арамыздан әдебиетке, оның ішінде сын жанрына бейімдерді тауып, кездесуде сұрақ қойғызатын, пікір айтқызатын.

Беріде Дидағаң әсерлі әңгіме, хикаяларымен қазақ әдебиетінің төрінен орын алды. Ақыры туған жері Алтайдан мәңгілік мекенін тапты. Баласы Дәулет әкесіне зират тұрғызып, айналасын тазалап жатқанда бір күн қолғабыс етіп, аға алдындағы парызымызды атқарғандай жеңілдеп қалғанбыз.

Әріптестері мен туыстары жазушы Дидахмет Әшімханның зиратының басында. Фото Дәулет Әшімханның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Қаламгер де қайраткер ағаны еске алуымыздың себебі: шырайлы әңгіме, тартымды повестермен қатар ой салатын мақалаларды жиі жазып, жариялайтын. Соның бірі телефонмен сөйлесу мәдениеті туралы.

Онда ауылдан келген ағасын мысал етеді. Сол кісі қалада әрі-бері шапқылап, қара терге түспестен, қабылдау бөлмелері мен кеңселердің табалдырығын тоздырмастан көп мәселені телефон арқылы шешіп алған екен. Байқампаз қаламгер ағасының кімдермен қалай тілдескеніне зер салып, мақаласында талайлардың телефонды орнымен пайдалана алмайтынына назар аудартқан еді.

Бұл күнде сымға жалғанған, қос құлағының бірі сөйлеуге, екіншісі тыңдауға арналған телефон тұрмыстан ысырылды. Сымы бар телефонның, фотоаппараттың, сағаттың, калькулятордың, термометрдің, факстың, сканердің, радионың, теледидардың, компьютердің және басқасының орнына жалғыз смартфон жарайтын болды. Онымен бірге бұрын-соңды болмаған бұқаралық байланыс мүмкіндігі – әлеуметтік желі қолданысқа келді.

Дидахмет ағамыз тірі болғанда қазақы ортаның смартфондағы әлеуметтік желіні мәдениетті түрде дәру етіп пайдалана қоймай, керісінше қару етіп жүргені туралы ой салатын мақала жазар ма еді?! Әттең, ағамыз жаңа ұрпақтың басына түскен кибербуллиң атты қияметті көрмей кетті. Ал анау телефонмен сөйлесе білу өнеріне тамсанып жазған шағын мақаласы ойымыздан кетер емес. Бізге ондай шебер жазу қайда...


Оқи отырыңыз: Бармақтай болған бүлдірген


Қуырма мен суырма туралы

Қазақ еліндегі кибербуллиңге қатысты соңғы оқиғалардың бірі қырық жылғы қаламнан туған мыңдаған мақаламызды емес, жарияға жетпей қалған жалғыз материалымызды еске түсірді. Онда республикалық "Лениншіл жас" газетінің Орталық Қазақстан аймағындағы меншікті тілшісіміз. Қияндағы ауылды дүрліктірген оқиға бойынша журналистік зерттеу жазғанбыз.

Оқиға мынандай. Жиырма жылдай бұрын тұрмыс құрмаған жас әйел үйелмелі-сүйелмелі жеті-сегіз баласы бар, бірақ әйелі өлген азаматқа тұрмысқа шығады. Анасыз балалардың бәрін бағып-қағып өсіреді. Қарағанды, Целиноград, Алматыда оқытып, жоғары білім әпереді. Үйлендіреді, ұзатады. Күндердің күнінде ері қайтыс болғаннан кейін оның туыстары әлгі әйелдің соңынан неше түрлі сөз айтып, отырса опақ, тұрса сопақ етеді. Асыраған балаларды қарсы қояды. Мұның соңы әйелдің өзіне қол салуымен аяқталған. 

Мақаламызға "Жеткізді" деген тақырып қойғанбыз. Екі мағынаны қатар қамтып тұрған сөз еді. Байғұс әйел өзінен тумаған қаншама жас баланы бағып-қатып жеткізді, ал күйеуінің туыстарының қаңқу сөзі ақыры оның асылып қалуына жеткізді.

Тексеріп, жазып болдық та, редакцияға жолдадық. Суыт хабар, суреттеме, репортаж және басқа дүниелеріміз екі-үш күннің ішінде жарық көретін. Сүйекті проблемалық мақалаларымыз бір апта, әрі кеткенде он күнде газет бетінде жарқырап тұратын. Жарты ай өтті, мына материалымыздан хабар жоқ.

Онда редакцияда Адамгершілік тәрбие деген бөлім бар. Жазғанымыз сипатына қарай содан өтуі керек. Қызметкерлерінен сұрастырсақ: "Жақсы мақала екен. Ештеңесін өзгертпей сол қалпы редакторға апарғанбыз" дейді.

Редактор мен орынбасардың және жауапты хатшының қолы қойылған, яғни жариялауға рұқсат етілген дүниенің бәрі секретариатқа түседі. Бұрын өзіміз қызмет істеген жер. Достарымыз әлі отырған. Хабарлассақ, "бізге ондай мақала келген жоқ" дейді.

Енді түсінікті. Газет редакторы суырмаға салып, қайта шығармай қойған. Өзінен сұрамадық. Жүрек дауаламағаннан емес. Бір мақала үшін дауласып жүрер жайымыз жоқ еді. Алға қарап, басқа тақырыптардың қамына кірісіп кеткенбіз.

Ақыры неге жария болмағаны анықталды. Марқұм әйелдің түбіне жеткендер біздің тілші ретінде оқиғаны зерттеп барғанымызды білетін. Біразымен сөйлескенбіз де. Солар араға адам салып, редакторымызға шығыпты. Мақаланы газет бетіне жариялатпау үшін ол кісіні нендей уәжбен, қандай сыйлықпен келістіргенін індетпедік, бәріне түбінде Алла төреші.

Талай адамның жанына қуырма болар журналистік зерттеуіміз осылайша жария болмай, мәңгілік суырмада қала берген. Ол жәйт неліктен есімізге түсіп отыр? Соған ұқсас оқиға бүгінгі қоғамда қайталанғанынан, білем.


Оқи отырыңыз: Есірушілер мен кешірушілер


Оятпау мен таяқтау туралы

Араға жылдар салып "жеткізді" деген сөзді екінші рет мақаламызға тақырып етіп қойып отырмыз. Жағдай өзгерген. Тәуелсіз елде тұрамыз. Цензура жойылған. Сөз бостандығын Конституция өзі қорғайды. Технология керемет дамыған.

Бірақ, мінез-құлық өзгере қоймапты. Өзгерсе де, жақсылық жағына емес. Тағы да төңірегі бір әйелдің өліміне себепкер. Тек технология өзгерек. Бірінші әйелді күйеуінің туыстарының пыш-пыш сөзі өзіне өзі қол салуға жеткізсе, бұл жолғы сондай өлімге әлеуметтік желі жеткізді. Жаңалығы осы! Айтпақшы, ана марқұм әйелді ауыл, әрі кеткенде аудан ғана білсе, бұл жолғы Аягүл Мантайды бүкіл республика білетін. Масштабы мүлде ауқымды.

Аягүлдің өзіне-өзі қол салуы оқиғасына орай тергеу басталған сияқты. Оған араласуға болмайды. Қашан сот үкімі шыққанша ақпарат құралдары ешкімді "айыпты" деп жаза алмайды. Сол сияқты тергеу барысы мен соттың үстінде қысым көрсетуге, ықпал жасауға жол жоқ. Іс жүзінде қаншалықты екенін айта алмаспыз, Конституциямыз бойынша сот билігі – дербес.

Бұған дейін әкелі-балалы Матаевтардың соты кезінде қаншама журналист өз одағының басшысы қылмыскер болуы мүмкін еместігін айтып-жазбақ болған. Тергеу жүргізген органның "Матаев Журналистер одағы арқылы қысым жасатқысы келеді" деген мәлімдемесінен соң әліптің артын баққан. Тілін тістегеннің бірі біз едік.

Енді Аягүл Мантайдың қайғылы қазасынан соң басталған тергеудің қай бағытта, қаншалықты жүріп жатқанынан осы себепті хабарсызбыз. Ақырын күтеміз. Әйтеуір, көпшілік оқиғаға себепкер болмаса да, қатысы болуы ықтимал шығар десетін Сәуле Әбділдаханқызы тергеуге шақырылды деген ақпаратты әлдебір сайттардан оқып қалдық.

Негізі, отандық қазақ тілді сайттарға еш сенім жоқ. Зер салсаңыз, чех қаламгері Ярослав Гашектің сойы қаншама сайтта "Шашек" деп тұрғанын байқайсыз. Бұл – әлбетте, басқа тараптағы сөз, Мағауиншылап "бізден қалмасын" деген ниетпен қыстыра кеттік.

Сонымен: Аягүл мен Сәуле. Шығармашылық әлемдегі қазақтың екі қызы. Бірінің ажалына екіншісі себепкер болды ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім. Тергеу сотқа жалғасса, содан сот үкімін айтса ғана оқиғаның мән-жайы анықталады. Онда да үкім әділ шықса. Бәрібір күту керек.

Жай күтпейсің. Ойланасың. Екеуі де шығармашылық әлемде жүрген қыздар дедік, ендеше сол ортадағы адамдарының қарым-қатынасы туралы өлең өз-өзінен ойға түскен. Мұқағали жазған.

Ақынды ақын оятпаса болмайды,

Ақынды ақын таяқтаса, сол – қайғы.

Ақынды ақын сүйемесе болмайды,

Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы.

"Таяқтаса" дегенде Мақатаев таяқпен, жұдырықпен соғып тастауды айтып тұрмаса керек. Солақай сын болмауын, буынсыз жерден пышақ ұрылмауын тілеген. "Ақынды ақын оятсын, сүйемелдесін" деп, таяқтау емес, қайта бір-біріне шабыт беріп, қолдауы қажеттігін жыр еткен.

Әдебиетпен айналысатын әркімнің жазу үстелінде тұруы тиіс осы шумақ ескерілмегені өкінішті. Ақын әкелері айқындап берген екі жолдың дұрысын емес, бұрысын таңдағандары ақыры бірінің өмірмен қоштасуына, екіншісінің талқыға түсуіне жеткізді.

Екі қыздың арасындағы "таяқтау" әлеуметтік желіде жүрді. Баспасөз бұрынғыдай бүкіл елге жете қоймайды. Әрі онда қанша дегенмен жарияға шыққан дүниеге жауап беретін бас редактор бар. "Мыналар бір-бірін пәлеге ұшыратар" деген оймай жазбаны іркіп қалуы мүмкін. Ең болмаса арасындағы арды кірге шалғызатын, ожданды ойран ететін лас сөздерді алып тастайтыны анық.

Желінің жөні бөлек. Мұнда Құдайдың еркіндігі. Егер дауласатын, пікір таластыратын адамның өзінде ішкі мәдениет болмаса, санасында сақ редактор отырмаса, онда екінші жаққа ешқандай қорған жоқ. Мынау нені құсты, соның бәрі ананың үстіне құйыла бермек.

Енді қазақтың тағы бір ақынына жүгінеміз. Мұхтар Шахановтың балладасы. Бүркіт ұстап алып, оның тырнағы өсіп кетіпті, тұмсығы майысып қалыпты деп ойлап, бәрін жонып тастайтын кемпірге қыран құстың иесі – ханның айтатыны.

Тұғырыңда тұра алмайсың тағап қып,
Сөйтіп тағы жасайсың-ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай –
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.

Иә, әлеуметтік желі қазақ қоғамы үшін "нәрестенің қолындағы қанжарға" айналып кеткені даусыз.


Оқи отырыңыз: Ұлдарын ұмытпаған халық – ұлы


Қаптап берсе, мақтап беру туралы

Арадағы салғыласу ма, бет жыртысу ма, әйтеуір мәдениетті пікір алмасу, қызу айтысу емес, олардың аясынан асып кеткен әрекет неден басталғанын білмейміз. Білуге құмар да емеспіз. Құқық қорғау орындары толық айқындап, соттан соң жария болса, оқи жатармыз.

Бірақ, қыздарды қырқыстырып қойған тетіктің бірі аңғарылатын сияқты. Тапсырыс. Әрине, бір-бірін өлтіруге тапсырыс емес, бірақ таластырып қоюға негіз болатындай тапсырыс.

Ол не дейсіз бе? Облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің Ішкі саясат аталатын басқарма немесе бөлімдерінен түрлі ЖШС пен жеке кәсіпкерлерге насихаттық мақсатта бөлінетін қаржы. Ежелгі атауы – шүлен тарату. Бойында таланты бар, оқиға оңтүстік өңірде өткендіктен таныстары болуы да ғажап емес екі қыздың арасындағы оқиғаның күрмеуі көп жібін тарқата келгенде бір тармағы дәл осы Шымкент қалалық деңгейдегі тапсырыстан өрбитіндей көрінеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев пен оның командасы жіті назар аударса, әкімдіктердің өз ісін мақтатуға қаржы бөлуін қойғызатын кез жетті. Батыс Қазақстанда көпір салынса, оны салғызу – әкімнің жұмысы. Түркістанның маңында "жасыл белдеу" жасалса, оны жасау – әкімнің міндеті. Нақты іске кеткен қаржыдан кейін тағы ақша шығарту арқылы оны мақтату, жан-жаққа жар салу – біздіңше, ақымақтық. Қоғамның топырағына бірнеше жыл бойы тамырын тереңдеткен арамшөптің нақ өзі. Жұлып тастайтын кез жетті.

Әкім жұмыс істесе, халық оны әлеуметтік желісіз де бағалайды. Мына жерде картоп бар әрі арзан екен, демек әкімдік арнайы қор жасап қойған немесе жергілікті диқандарды қолдаған. Ана облыста жол тегіс те түзу екен, демек әкімі оны жөндеткен немесе салғызған. Мына қалада ауа таза, көше көрікті екен. Ендеше ондағы басшылық бұл мәселені қалт жібермей назарда ұстайды. Халық соқыр емес, көрер еді, зердесіз емес, бағалар еді. Осыны жалпақ әлемге жар салғызу үшін қаржы бөлу қажет пе?  

Нақты немесе жанама жарнама жасау – тек коммерциялық құрылымдардың ісі. Бұрын солай болатын. Мемлекеттік органдардың, облыстық, республикалық бағыныстағы қалалық, аудандық және қалалық әкімдіктердің өз жұмысын көрсету үшін ЖШС, жеке кәсіпкер, блогер жалдауына Президентіміз Тоқаевтың тарапынан тыйым түспесе немесе Парламент арнайы заң қабылдамаса, әлі талай қырқыс пен құрбандыққа куә болмақпыз.

Әр әкімдік өз аймағындағы ахуал мен оқиғаны тұрғындар біліп отыруы үшін жергілікті ақпарат құралдарына бір жылға еркін жететін қаржысын бөлсін. Тіпті, там-тұмдап берсін. Бірақ, айдаладағы, ел астанасы мен Алматыдағы сайттарға, блогерлерге, тағы басқадай пысақайларға шүлен таратуды қойсын дейміз біз осы өкінішті өлімнің бір сабағы ретінде.


Оқи отырыңыз: Ауыздағы айна


Тоқтату мен оқтату туралы

Тапсырыс неге ойға түсті? Сәуле Әбділдаханқызының "Ақжүніс" бағдарламасын түсіру мен эфирге шығаруға Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы тапсырыс беріп, қаржы бөлген екен. Он бес жылдай бұрын тоқтаған бұл хабарды қайта жандандырудың қаншалықты қажеттігі тапсырыстың құжаттарында көрсетілген шығар. Ал біз аз-маз тарихын қозғай кетелік.

"Қазақстан" телерадиосы корпорациясы басқарма төрағасы қызметінен Ғалым Доскен алынып, орнына Нұртілеу Иманғалиұлы қызметке тағайындалған күннің ертесінде сексенен астам қызметкер өз еркімен арыз жазып, жұмыстан босаған. Оқиға көптің есінде болса да, осыған лайықты баға берілген емес.

Корпорация – акционерлік қоғам, акциясы толық мемлекетте. Басшысын алу мен тағайындау – үкіметтік органның жұмысы. Сонда арасында Сәуле де бар сексеннен астам адам аяқ астынан мемлекетке қызмет етуден бас тартты деп пайымдауға бола ма? Рас, кейбірі ойлана келе қайта оралды. Қанағат Әбілқайыр "Таңшолпан" бағдарламасындағы әріптестеріне қосылды. Нәзира Бердалы да өз ұясына қайтып келді. Қазір "Сарасөзді" жүргізіп отыр.

Нәзира Бердалы жүргізетін "Сарасөз" бағдарламасынан скриншот

Сексеннен көп адам кетіп қалғанына тура қырық күн болғанда "Хабар" агенттігіндегі жылы орнымызды суытып корпорацияға біз келдік. Біреу қызметке барса, құттықтай қоймайтынбыз. Сол әдетпен Нұртілеу ағамызбен де тілдеспей жүргенбіз. Радиоға директор болған Жүрсін Ерманнан сәлем айтыпты. Амал жоқ, көмекке келдік.

Кешікпей тағы бір оқиғаға куә болдық. Ол да әлі дәл сипаты бағаланбаған жәйт. Біз қызметке кіріскен соң жарты ай өтпей төрағаның атына жиырмаға жуық хат бірге топ ете түсті. Кетіп қалған қызметкерлерден. Әрқайсы өзі жүргізген немесе дайындаған бағдарламаның меншік иесі болып тіркелгенін хабарлайды. Әділет министрлігінен алған тіркеу құжатының көшірмесін қоса салып, бұдан былай бағдарламаның "Қазақстан" арнасында жүрмеуін талап етеді.

Былай қарасаң, ту сырттан пышақ салу ғой. Өздері мемлекеттік корпорацияда жүргенде ешқайсы тіркеуді ойламаған. Тіпті корпорация оларға ондай мүмкіндік бермес те еді. Сыртқа шығып алған соң... Солай "Қазақстанда" жүріп-жүріп аяқ астынан бір немесе бірер азаматтың зияткерлік меншігіне айналып кеткен бағдарламалардың арасында "Ақжүніс" те  бар еді.

Енді сол корпорацияның Шымкенттегі филиалының арнасында қайта шығып жатыр екен. "Қайтқан малда қайыр бар" деген мақал бұл жерге жүрмейді. Өйткені, бағдарлама Шымкент  қалалық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, соның қаржысына түсіріледі. Филиал өз арнасына шығарғаны үшін аз-маз ақысын алады.

Дәл қазір Аягүл Мантайдың өзіне өзі қол салу оқиғасы бойынша тергеу жүріп, оған Сәуле Әбділдаханқызы шақырылған кезде Ішкі саясат бөлімінің бағдарламаны уақытша тоқтата тұрғаны жөн-ау деп санаймыз. Қашан тергеу бітіп, оқиғаға бұл тұлғаның қаншалықты қатыстылығы анықталғанша.

Ал әлеуметтік желіні ешкім тоқтата алмайды. Тек әлгінде айтқанымыздай, әрбір жазарманның өзінде ішкі мәдениет болмаса, санасында сақ редактор отырмаса, басқа еш амал жоқ.

Айтпақшы, амал бар. Әлеуметтік желіге қатыспау, тіркелмеу, оқымау. Яғни, өзіңе кезелетін мылтықты оқтатпау. Мына заманда Асқар Жұмаділдаев сияқты санаулы адамның қолынан келер іс. Миллиондар үшін ол мүмкін емес. Ал солардың арасынан кибербуллиң құрбаны шығып қалуы әбден мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары