Тікелей эфир

Ұлдарын ұмытпаған халық – ұлы

Ескерткіштер тарихтан ғана емес, оларды қойған халықтың қандай екенінен де хабар береді.

Шілдеде

Ескерткіш қандай болуы керек және оны орнату туралы шешімді кім қабылдайды деген сұрақ шілде айының басында жиі көлденең тартылып жатады. Әрі тура осы тұста қойыла қалатын ескерткіштер бүкіл халықтың бір ауыздан қолдауына ие болмайды. Біреулер мүсіншілердің композициялық шешімін сынаса, енді біреулер саяси көзбен қарап, әлі тірі тұлғаға ескерткіш қоюдың мүлде қисынсыздығын сөз етеді.

Ал ескерткішті орнату туралы шешім қабылдап, оның бүкіл шығынын жабатын қаржыны ебін тауып қарастырып бергендер мұндайда үнсіз қалады. Ең бастысы, іс тынды, енді көптің көзіне түсіп қалмау ғана маңызды.

Негізі, ескерткіш, мемориал қою үрдісі бүкіл халықтарда бар. Жер шарын шарлағанда небір ескерткішті көресің. Талайы таңдай қақтырған. Сәулетін, тарихи тұлғаның таңдалуын, оқиғаның сипатын аңғартуын, тұрған жерінің ұтымдылығын және басқа шешімдерін іштей мойындайсың.

Қазір көргеніміздің бәрін көзінен тізіп шығу міндет те, мүмкін де емес. Өзімізге арғы астары таңдай қақтырған ескерткіштерді еске алғанды жөн көрдік.

Тіпті, соның біреуі қасқайып тұрған ескерткіш те емес. Бар болғаны мемориалдық тақта. Бірақ, миллиондаған долларға салынған, алтынмен апталып, күміспен күптелген, арада жиырма жылдан соң қайта балқытылатын алып мүсіндерден анағұрлым құнды. Неге?


Оқи отырыңыз: Ауыздағы айна


Шатқалда

Ауғанстан мен Пәкстан арасындағы шекарадағы өткел Күбер аталады. Мұсылман елдерінен жиналған журналистер тобын соған апарғанда талай нәрсеге таң қалдық.

Кезінде бірнеше тауды тесіп, қыратты қырып, ойпатты көтеріп темір жол тартқан екен. Онысы діттеген тұсқа жетпей қаңырап қалған. Мұның ғажабы – 140 жылдан бері ешкім бір шпалын қопармаған, бір рельсін көтеріп әкетпеген.

Бізде жарық беру жаппай тоқтаған тоқсаныншы жылдары сымды айтпағанда электр бағандарын қоса құлатып әкеткен көрініспен салыстырып көріңіз. Иен таулар ішімен тартылған темір жолдың пайдаланылмаса да, сақталып тұрғаны таңырқатқан.

Оны ағылшындар салмақ еді. Қазіргі Пәкстан аумағымен әкеліп ауған жерінде пойыз жүргізбек ниеттері болған. Бірақ, асау тайпалар темір жолды да, оны салу арқылы елге дендеп кіретін ағылшындарды да жолатпаған.

Ауған тайпалары мен ағылшын жаулаушылары екі рет соғысты. Бұл қару кезесулер ХІХ ғасырда өтті. Бірінші ағылшын-ауған соғысы 1838-1842 жылдар арасында болды. Үндістанды жаулап алған ағылшындар Азияға оңтүстік жақтан сұғына беруді ойлады. Бірақ, ойын жүзеге асыра алмады.

Арада отыз жылдан соң екінші рет жорыққа шықты. Енді Иран шахы мен Ресей патшасының бері қарай беттеген аяғын тұсауды көздеген. Тайпалар басқыншыларды тағы тоқтатты. Сөйтіп жат жерліктер жеңіске жете алмады. Ауған тайпалары жер жүзінде ешкімге отар болмаған, мойынсұнбаған халық болып тарихта тұрды.

Рас, бұл жермен талай жаулаушылар өтті. Олар шатқалдан шығып, ары қарайғы Үндістан түбегін кезек-кезегімен жаулады. Алайда тау ішіндегі асау тайпаларға ешқайсы иелік ете алмады. Күберге кіре берістегі бұрмада Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Бабыр, Нәдір шах және басқалары қай уақытта қаншама әскермен өткені жазылған тақта жартасқа шегеленген.    

Ағылшын-ауған арасындағы бірінші соғыста біраз аймақты басқыншылар аз уақыт уысында ұстайды. Оған өздерінің жергілікті қуыршақ билеушілерін қойып, бәрін Үндістандағы өкіл арқылы басқармақ болды. Осы тұста жергілікті жердегі жағдайды көрген ағылшын офицері Бернс гарем жасамаққа ниеттенеді. Ақшаға қызыққан ауған әйелдерін жинап, жын-ойнақ салады.

Дәл осы әрекеті онсыз да ызалы ауған тайпаларының басын біріктіруге себеп болып, олар жау қолындағы жерді дереу азат ету үшін атқа қонды. Азат етеді де. Алдымен әлбетте, Бернстің басы шабылады. Тағы бірнеше қалада ағылшын офицерлері өлтіріліп, кәллесі ағашқа шаншылған. Қазақтың "ауру – астан, дау – қарындастан" деген мақалы мұнда айна-қатесіз дәл келген. Негізі, көшпелі халықтардың көптеген салты ұқсас екені аңғарылады.

Хош. Бір жарым ғасыр бойы сақталып тұрған иесіз темір жол ғана емес. Әлгі Күбер шатқалында не көп, жартас көп. Таулары біздің ауылдағы қара тауларға тым ұқсас. Соларға осында оққа ұшқан офицерлер мен солдаттарға арнап тақта қойып кеткен.

Ауған тауына ағылшындар шегелеп кеткен мемориалдық тақталар. Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Кейде құлпытас кездеседі. Бір жарым ғасыр бұрынғы жазулар көмескілене бастаған. Бірақ, әлі оқылады. Мәселен, Ф. Пэттауэй деген қатардағы жауынгер 1989 жылы 29 маусымда оққа ұшқан. Екінші Оксфордшир жеңіл жарақты жаяу әскер сапында қызмет еткен. 22 жаста болған. Бұдан 140 жыл бұрын қойылған құлпытасқа ұрпақтары келе ме, жоқ па, ол – басқа әңгіме. Ең бастысы ауған тауларында қаза тапқан әрбір ағылшын ұмыт қалмаған.  

Отан мүддесі үшін жердің бір қиырында жанын қиғандарға құлпытас пен тақта қойып кету ненің белгісі? Сол құрбандар шыққан халықтың ұлылығының белгісі. Ұлы халықтар ұлдарын ұмытпайды екен. Ауған-Пәкстан шекарасындағы көріністен ең басты көңілге түйгеніміз осы еді.


Оқи отырыңыз: Ғарыштан ғайыпқа кеткен


Бақта

Израильде Тель-Авив пен Иерусалимнің арасындағы тау бөктерінде Бейт-Шемеш атты қала бар. Үш мың жыл бұрын да осында халық тұрған. Беріде Шығыс Еуропадан келген еврейлер үшін қайта салынған. Тұрғын үйдің арзандығынан талайлар осында баспана сатып алып, анау екі үлкен қалаға қатынап жұмыс істейді. Бұл біз үшін көзтаныс көрініс еді. Ел астанасының түбіндегі Қосшыдан тура осылай мың-мыңдаған адам ертеңгілік жолға шығып жатады.

Бейт-Шемеште еврейлер діні өте қатты сақталады. Он жыл бұрын еркектер ғана жүретін аяқ жол төселгені митингіге түрткі болған. Қоғамдық көлікті ішінен екіге бөліп, әйелдерді жеке отырғызуға да бастама көтерілген. Ондай автобусты біз АҚШ-та көргенбіз. Музейден. Кезінде қара нәсілдерді кемсітудің бір белгісі ретінде қойылған.

Негізгі айтпағымыз Бейт-Шемеш пен Иерусалимнің (бұл қаланы бабаларымыз Құддыс дейтін, талай аңызда солай айтылып келді) арасында саябақ бар. Онда ерекше ескерткіш қойылған. Төңкерілген аспанды білдіретін табақшаның астында адамның қолы. Тұғырға жеті адамның аты-жөні жазылған.

Бейт-Шемеште "Челленджер" ғарыш кемесінің экипажына арнап қойылған ескерткіш. Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Құрбандар. Ғарыш құрбандары. 1986 жылы 28 қаңтарда АҚШ-тың көп мәрте қолданылатын "Челленджер" ғарыш кемесімен ұшып шыққанда апатқа ұшырағандар. Теледидардан сан мәрте көрсеткен. Жүрегіміз ауырған.

Ал сонау Америкада апат болған ғарыш кемесінің экипажына мынау Израильдің шағын қаласында ескерткіш неге қойылды? Ойланып көріңіз. Сөйтсек қаза тапқан жеті ғарышкердің бірі Джудит Резник еврей екен. 

Міне, ұлттың ұлылығының қарапайым мысалы. Қапыда қаза тапқан қандастың атын ескерткіште қалдыру арқылы олар шекара атаулының шарттылық екенін көрсетті. Американың астронавы болса да, еврейдің қызы. Ендеше марқұмға неге ескерткіш орнатпасқа?! Осындай оймен тұрғызылған мемориал еді.

Ұлы халықтар қай мемлекетте тұрғанына қарамастан құрбан болған ұл-қызының атын ардақтайды. Бейт-Шемештегі бақ ішіндегі ескерткіш түбінде осындай ойларға берілесің.


Оқи отырыңыз: Биік үйлердегі бейнелер


Қирандыда

Манағы Ауғанстанда Бамиан деген қала бар. Бірінші Ағылшын-ауған соғысының бірқатар оқиғасы осында өткен. Бұл аймақ қуыршақ әмірлердің қодаңдауын, тайпалардың атқа қонуын, ағылшын оифцерлерінің басы қадаға шаншылуын және басқасын бастан өткізді. Ол тек тарихшыларға мәлім жәйттер.

Беріде әлем жұртшылығы Бамиан атын жете таниды. ХХІ ғасыр басында билікке келген тәліптер осындағы қатар қашалған алып Будда мүсіндерін талқандау арқылы жер жүзін бір дір еткізген. Сол тәліптер жиырма жылдан соң тағы Ауғанстанның билігіне жетті. Енді Бамиандағы бітпей қалған "істерін" түпкілікті тындыруы да мүмкін.

Ал тәліптердің аяғын Америка мен оның одақтастарының әскері тырп еткізбей тұрғанда не болды? Бұл аймақтан алыстағы, арадағы жеті-сегіз мың шақырымдық құрылықты айтпағанда ортаны мұхит суы бөліп тұрған Жапонияда қор құрылды. Бамиандағы ескерткіштерді қалпына келтіру қоры. Тек бастапқы кезеңнің өзінде Жапония үкіметі 215 миллион иен бөлгені есімізде. Зеңбірекпен атылған, оқ-дәрімен жарылған ескерткіштің құлап түскен бөліктерін тегіс жапондар жинады. Әрбірін зерттеп, қай тұстан құлағанын анықтап, қайта орнына қоюды қарастырды.

Биіктігі 38 метрлік алып қос мүсінді қайта жөндеп шығу оңай емес. Бірақ, жапон үкіметі қаншама қиындыққа қарамай, осы істі мойнына алған еді. Арада үш жыл өткенде әлдебір ақпарат құралынан жапон зерттеушілерінің Бамиан алқабынан Будданың табанын мүсіндеген тас тапқанын оқып едік. Оның ұзындығы ұмытпасақ екі жарым метр болуы керек. Бұдан басқа үңгірлерден түрлі діни кескіндер анықталғаны өз алдына. Ең бастысы – алып ескерткішті қалпына келтіру басталған.

Бамиандағы Будда ескерткішінің орны. Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Жапонияда Бамианның көне жәдігерлерін қалпына келтіру үшін бес кезеңнен тұратын бағдарлама жасалды. Бастапқы 215 миллион иенді қосып кесептегенде бұл бағдарламаға 2020 жылға дейін 7 миллион долллар бөлді. 2020 жылы Жапонияның Ауғанстандағы елшісі осы мақсатқа және 3 миллион доллар берілетінін мәлімдеген.

Енді осының бәрі неге керек? Тағы ойланыңыз. Неге Жапония Бамианда тәліптер талқандаған мүсінді қалпына келтіруге ұмтылды?

Мәселе дінде сияқты. Буддизм – жапондар сыйынатын екі діннің бірі. Жалпы бұл елде әрбір адам екі дінді қатар ұстанады. Сантоизм көбінесе дәстүр деңгейінде сақталады. Табыну мен сыйынуға келгенде Будданың ілімі бағытқа алынған.

Міне, алыстағы ауған тауларында қираған мүсінді қалпына келтіруге ұмтылудың бір астары осындай. Ендеше жапондар да – ұлы халық. Мұны мойындау керек.

Қорыта келгенде, біз айтқан мысалдар мен көзі тірі адамға жыпырлатып ескерткіш қоя берудің арасын әркім өзі таразылап алар. 

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары