Тікелей эфир

Бармақтай болған бүлдірген

Бұл күндері түске ғана енетін сияқты

Табиғаттың тартуы

Дала өзгеріп барады. Анығында табиғаты. Мұнда өзгермейтін бір нәрсе бар сияқты. Жол. Бірде беткейді бөктерлеп, бірде өзекті қуалап, қырқаға көтеріліп, ылдиға шумақталып жататын даланың жолы ғана баяғыдай. Осындай азғана пәлсапалық оймен Тарбағатайдың Шимайлы аталатын өңірін бетке алғанбыз.

Айтпақшы, жоғары-төмен, оң мен солға бұралаңдаған жолда Қадыр ақынның өлеңі  ойға түскен:

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,

Дархандықты қазаққа дала берген секілді.

Сол дархан даланың жидегі – бүлдіргенді термекке бара жаттық. Анығында, көрмекке. Бала кезде теретін едік, енді көрсек болды.

Бала кезімізде шелекпен, бидонмен теріп келетін бүлдіргенді тазалап берген соң анамыз, апайларымыз тосап қайнататын. Ол кезде ауылда сатылатын жидек түрі жоқ. Ал бүлдірген беткей-беткейде қаптап өсетін. Шалғынмен жүріп өткен аттың тұяғы боялып қалатын.

Бүлдірген бір кезде қалың өсетін тау қойнаулары. Суретті түсірген автор

Қазір қала тұрмақ, аудан орталығының базарында қолдан өсетін ірі бүлдірген толып тұр. Еңбекқор қырғыз бауырлардың өсіргені. Қазақтыкі – тасып әкеліп, кемінде үш-төрт қолдан өткізіп, ақырында үш-төрт бағасына сату ғана.

Сондықтан қырдан бүлдірген теруге аттанатындар аз. Балалар бұған мүлде жоламайды. Олар үшін ендігі қызық смартфонда ғана. Онда бүлдірген теретін виртуалды ойын болса, отырып алып ойнайтын шығар, ал қырдан нағыз жидекті теруге мойындары жар бермейді.

Екі ұрпақтың екі түрлі тірлігіне таңырқайсың. Араны бар болғаны елу жыл бөліп тұр. Осындайда қазақтың "елу жылда – ел жаңа" дегені айна-қатесіз рас екенін байқайсың.  

Бақша мен танаптағы бүлдірген табиғатта жабайы түрде өскенге қарағанда анағұрлым ірі, көз тартарлық болғанымен, дәмі су татиды. Таңдайға тату жағынан табиғи өскен бүлдіргеннің жөні бөлек. Базардағысы – ғасырлар бойы тұқымын сұрыптап, арнайы өсірген арғымақ ат та, таудағысы – жабайы жылқы тарпаң сияқты.

Бүлдіргенді көру – біз үшін балалықпен қайта жолығу іспетті еді. Қалихан Ысқақовша айтқанда: "келмес күндер елесін" санада жаңғырту. Сапардың сыры сонда болатын.

Тұсауымыз кесіліп, көпке ілесуге жараған шағымыздан бүлдірген теруге шығатынбыз. Ауылдан ол күні бір жүк машинасы сайланады. Онда жеңіл көлік жоқтың қасы. Бар болса да, бүкіл ауылдың баласы оған қайдан сыйсын?

Сонымен жүк машинасы үстіндегі қорабына баланы толтырып тауды бетке алады. Қазір ондай көрініс жоқ. Жол жүру ережесін өрескел бұзу болып саналмақ. Ешбір жүргізуші мұндай іске бармайды. Басы екеу емес. Ал алпысыншы-жетпісінші жылдары оған ешкім мән бермейтін. Доңғалақты көлік болса, соның өзі ат пен өгіз арбаға қарағанда жетістік еді.

Бүлдірген теруге баратын тауымыз – Тарбағатайдың бергі сілемдері. Қазақ жерінің шығысында шынтақтап жатқан батырдың басы – ең биік шыңы – Таз тауы алыстан мұнартып қана көрінеді. Ол автокөліктің өзіне кемінде күншілік жер. Шілде айында қар іздемесең оған барудың қажеті жоқ. Іздегенің бүлдірген болса, оны ауылдан он-он бес шақырым шыққан соң басталатын жоталардың жомарт қойнауларынан табасың.

Иә, тылсымы мол табиғат қазаққа басқамен бірге бүлдіргенді тарту еткен. Табиғаттан бабалар ғана емес, бала біз ала білетін едік. Осындай ойлар Шимайлы өңіріне жеткізген.


Оқи отырыңыз: Көршілер еккен каштан


Шимайлының шындығы

Шимайлы сөзін бала кезден естіп өстік. Біздің шаруашылықтың жайлауының бір шеті. Екінші шеті Елеке сазы болған.

Шаруашылықтың бір емес, бірнеше бөлімшесін кезекпен басқарған әкеміздің шоферларға "бүгін пәлен шопанды Елеке сазына көшіресің", "Түгеншенің үйін Шимайлыға жеткізесің" деген тапсырмалары құлақта қалыпты. Онда Елеке сазы бар болғаны жазғы жайлау ғана. Қазір сақ патшаларының ежелгі астаналарының бірі екені анықталып жатыр. Нөмірі пәленінші Алтын адам шыққан аймаққа айналып, аты бүкіл Қазақстанға тарады. Археологтардың арқасында.

Кезінде орыс басқыншылары, одан кейін отыз жыл өз арамыздан шыққан қарақшылар тонамағанда бұл жердегі қорғандарға көмілген алтын заттың саны әлдеқайда көп екенін әркім біледі. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ол жәдігерді енді қайтара алмайсың. Барына қанағат. 

Елеке сазы ауылдың шығыс жағында жатса, Шимайлы керісінше батыс бетте.  Шимайлы да архелогтардың арқасында танымал болды. Алтын қорғандармен емес, тастағы таңбалармен. Тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев бастаған авторлар тобының Шимайлы таңбаларын зерттеген еңбегі бар. Кітапша болып шыққан.

Шимайлының тастағы таңбалары. Суретті түсірген автор

Кітапша мұқабасындағы қосалқы автордың бірі – ауылдағы фермер ініміз Дәуренбек. Ол өз қолымен жарты тарау да жазып бермеген, бірақ археологтарға қай тауда қандай таңба тұрғанын көрсеткен. Былайша айтқанда зерттеушілердің жол бастаушысы болыпты.

Балалық шақта бүлдірген піскен уақытта талай келген Шимайлының атауы әрі-бері өтіп жатқан жолдардың көптігінен деп ойлайтынбыз. Иә, шопандарды жайлауға, одан кері қыстауға көшіретін шопырлар өзіне қолайлы тұстан жол сала беретін. Біреу саздауыт тұсты айналып өтсе, екінші шопыр жер құрғаған шақта бұрынғы саздың үстінен тура тартады дегендей. Шимай-шимай жолдар осы Шимайлы атауына негіз болды деген пікіріміз жаңсақ екен.

Тарихшы-археолог Зейнолла ағамыз "Шимайлы сөзі осындағы жартастарда қалған көп таңбаға қатысты қойылған ғой" деген бізге әлгі кітапшасын қолтаңбасымен табыстағанда. Міне, ғалым деген осы. Олардың ойы біздікінен тереңде. Журналистер көргенін жазады, ғалымдар сол көргенді саралап барып жазады. Айырмашылық анық байқалады.

Бірақ, бұл жолғы мақсатымыз – Шимайлының тасындағы таңбалар емес, беткейіндегі бүлдірген еді. Және жеу де, жинау да емес, бір көріп кету ғана. Шимайлының шалғынын шимайлаған балалықтың ізіне түсіп қайту.


Оқи отырыңыз: Долананың дәмі


Дерттің дәруі

Тағы да ғылымға тоқталайық. Тек бұл жолы тарих немесе археология емес. Өсімдікті зерттеу ғылымы. Бүлдіргеннің пайдалы жақтарын анықтаған оқымыстылардың тұжырымы.

Негізі бүлдіргенді мектептегі ботаника пәнінде оқытқан. Онда ағзаға қаншалықты қажет екені туралы айтпаған. Өсімдіктердің бір тобы қалемше, яғни түбірінен өсіп шығатын мұртшалар арқылы көбейеді. Соған бүлдіргенді мысалға келтірген екен. "Білеміз" дестік. Бүкіл класс. Өйткені, бәріміз жылда жаз ортасында оны жинауға барамыз ғой.

Бүлдірген қалай пайдалы десек, оған дәлел жеткілікті. Тамақ соңынан жегенде ас қорытуға өте пайдалы. Шетелдің "десерт" деп жататынын атам қазақ ежелден білген. Әжеміз "бүлдіргенді ешқашан аш құрсақ, таңертеңгі кезде жемеңдер" дейтін. Онысы білгендік екен. Ал тамақтан соң жеген бүлдірген өзінің пайдасымен қоса ішкен астың бойға жақсылап сіңуіне әсер етеді. Өйткені, құрамындағы заттар ішектің жұмысын жақсартады. 

Қандағы гемоглобин азайып кеткенде бүлдірген жеу керек. Онда фолий қышқылы деген зат бар. Екіқабат әйелдердің ағзасына сол керек. Жерік болған кезді жеңілдетеді. Құрсақтағы баланың дұрыс дамуына ықпалын тигізеді.

Бүлдіргендегі микроэлементтер жүрек соғысы мен тамырдағы қанның ағысына пайдалы екен. Өзі бүлдіргенді теру үшін беткейде жүру – жүрекке жағымды әрекет. Оған жидектің құрамындағы керек дәрумендерді қоссаңыз, пайдасы еселене түспекші.

Әжеміз тауда бүлдірген болса, су іздемей, соны жеп шөл қандырған дұрыс дейтін. Ғылымға жүгінсек, сол өсиеттің растығын байқаймыз. Бұл жидек шөлді қандырған соң кіші деретке ықпал етіп, өт пен бүйректі, зәр шығаратын түтіктерді тазалайды.

Оның үстіне сусамыр болып ауыратындарға өте көмектеседі. Қанның құрамындағы қант деңгейін төмендетеді. Тамырдың ішіне майдың жиналуын азайтады. 

Жемісі мен жапырағын қоса қайнатып, оны тұндырып ішіп жүрсе, қан қысымын төмендетеді. Ішкі ағзада қабынған жерлер болса, соның да жазылып кетуіне ықпалын жасайды.

Ғалымдар бүлдірген еркектердің жыныс жүйесінің жақсы жұмыс істеуіне өте қажет деседі. Еркектің нәпсісін қоздыратын фильмдер мен суреттерді "бүлдірген" деп белгілеу содан. Тіпті, қазақтың "бүлдірген" сөзінің содан шығуы бек мүмкін деп қосамыз өз тарапымыздан.

Бірақ, оны шектен тыс жей беруге болмайды. Күнделікті мөлшерінен аспаған кезде ғана пайдалы. Сондықтан жыл бойы бүлдіргеннің қызығын көру үшін оны қант қосып қайнатып алады. Тосап түріндегі бүлдіргенді қазақ даласының шығысындағы дастарханнан әлі көре аласыз.


Оқи отырыңыз: Атау, атау, атаулар


Өсімдіктің өскелеңі 

Мұртшалар арқылы көбею – басқа өсімдіктерге қарағанда бүлдіргенге артықшылық береді. Себебі, бір түбірден кемінде төрт-бес қалемше тарайды. Олардан жеке-жеке түп болып шығады.

Осылай көбейе берсе, жер жүзін бүлдірген жаулап алар еді. Олай емес, керісінше біздің тауларда бұл өсімдік азайып кетіпті. Неге?

Бүлдірген – ылғал сүйгіш өсімдік. Таудың қар қалың түсіп, асықпай еритін теріскей бөктеріне, сай-саласына шығады. Негізінен қалың өскен бүргеннің етегін ала өседі. Бүрген қыста қар ұстап қалады және оның еруі ұзақтау болады. Сол қардың суы бастапқы өсіп шығуына жетеді. 

Одан кейін жазда жауын жиі жауса, гүлі қалың шығып, қалемшесі көп тарамдалады. Ал көктемнен кейін жауын-шашынсыз аптап болса, жеміс бермек түгіл, сабағы қурап кетеді.

Сондықтан бүлдірген қалың шөппен араласып өскенді тәуір көреді. Әлгі бұта мен бүрген арасында жақсы шығады. Бітік шөп мен биік бүрген күн көзінде қурап қалмауына себепші болмақ. Әттең, бірнеше жылғы құрғақшылық беткейдің бүргені мен шөбін сиретіпті. Өзектегі жайқалып тұратын шалғын мүлде көзден ғайып болған. Содан бүлдірген жоғала бастапты. Ат тұяғын боямақ түгіл, өзін анда-санда бір көргенге мәз болдық.   

Той-томалақта әндеткенде:

Тауда да өсер бүлдірген,

Таста да өсер бүлдірген, – деп жатады.

Бұл – білместікпен айтылған сөз. Бүлдірген тасты жерге мүлде жоламайды. Оған жұмсақ, майда топырақ қажет. Тарбағатайдың тас пен жартасына шығатын басқа бір өсімдік бар. Қымбат дәрі жасау үшін өте пайдалы. Біздің бірер ғалым қолдан өсірумен шұғылданып жүр. Ол туралы басқа жолы сөз етеміз. Бұл ретте бүлдіргеннің жырын бітіріп алайық.

Өлеңнің өзегі

Әлбетте, қазақ даласының көп тараған өсімдігі, баршаның жақсы көрген жидегі болғандықтан бүлдіргенге арналған өлең жетерлік. Қаншама әннің қайырмасында жүр.

Бүлдірген,

Қандай жақсы туыстармен бір жүрген, – деген сияқты.

Бала кезімізде Қадыр Мырза Әли ағамызды көп оқыдық. Ол алдымен балалар ақыны ретінде танылған. Оқушылардың қолынан түспейтін бірнеше кітапшаларын жинақтап "Күміс қоңырау" деп таңдамалысын шығарған. Сонда бүлдірген жайында бірнеше өлең бар.  

– Бүлдірген тереміз, балақай.
– Алақай!
– Ат жарыс көреміз, балақай.
– Алақай!
– Айға ұшып барамыз, балақай!
– Алақай!
– Кел, ағаш жарамыз, балақай.
– Әй, ата-ай!..

Баланың мінез-құлқын Қадырдай дәл басқан ақын сирек шығар. Біз де бүлдірген теруге баратын болсақ, алақайлап қуанатынбыз.

Бұл өсімдікке арналған өлең көп болса, әңгіме де одан кем түспейді. Оның ішінде бүлдіргені мол Сауыр-Сайқан тауларының тумасы Кәдірбек Сегізбаевтың бір әңгімесі есте. Ауылда болып бүлдіргеннің дәмін ұнатқан қаланың баласы жайлаудан осы өсімдік өсіп тұрған бірнеше шымды ала кетеді. Оны қаладағы үйдің бақшасына егіп, мезгіл-мезгіл суғарады. Бірақ, бұл бүлдірген піскен кезде дәмі ауылдың тауындағыдай болмайды. Су татып кетеді. Жайлаудың бүлдіргені қалада өскенмен дәмінің өзгеріп кеткені оқырмандарды ойға жетелеуі тиіс. Астары қалың әңгіме.

Міне, Шимайлыдан іздеген бүлдіргенді таптық. Бір сабақта тоғызы тізіліп тұр. Бірақ, мұндай сабақтар тым аз екен. Бірнеше жыл тағы қуаңшылық болса, бүлдірген де қазақтың көзінен бұл-бұл ұшатын сияқты.

Бір сабақтағы тоғыз жидек. Суретті түсірген автор

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары