Жанбаев түсірген жарық

Облыс басқарған адам қандай болуы керек дегенде ойымызға Сағалбай ағаның оралатыны бар.

Шеге жасаса, шіркін

Университетте Зейнолла Қабдолов деген профессор сабақ берді. Бізді оқытқаннан кейін бе екен, Ғылым академиясына мүше болды. Болашақ журналистер алдында "Әдебиет теориясы" пәнінен дәріс оқитын. Әдебиетте қолданылатын көркемдеу, айшықтау, әспеттеу, салыстыру, сөз ойнату тәсілдерінің бәрін құлағымызға құйған. Сол тәсілдердің талайын жазушы болмасақ та, күнделікті мақалаларымызда қолданып келеміз. Қабдоловтың бір курстағы дәрісі қырық жыл нан тауып жеуімізге мүмкіндік беріпті. Әруағы риза болсын!

Зекең жоғары оқу орындарының филология мен журналистика факультеттерінің студенттеріне арнап алдымен "Әдебиет теориясы", кейін "Сөз өнері" атты оқулық жазды. Сонда поэзиядағы баллада жанрына келтірген мысалдың бірін орыс ақыны Николай Тихоновтан алыпты. "Баллада о гвоздях" – "Шеге туралы баллада". Орысшасында ақырғы екі жолы былай:

Гвозди б делать из этих людей,
Крепче б не было в мире гвоздей.

Мұны Қадырға аудартқан:

Мық шегең де от-жалынға суарған,
Мықты болмас, мықты болмас бұлардан.

Қабдолов бір жолы дәріс барысында осы кітаптағы әлем және орыс әдебиетінің барлық шумақтарын Қадырға аудартып алғанын айтып еді. Және оның бұкіл аудармасы көңілінен шығыпты.

Қазақ тарихында шегедей адамдар болған. Біразын көрдік. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің деканы болған профессор Темірбек Қожакеев шегенің өзі еді. Тіпті, оны әлгі академик Қабдолов "мық шеге" деп мақтап жазғанын оқығанбыз.

Кейін "Егемен Қазақстан" газетінде істегенімізде бас редакторымыз Шерхан Мұртаза мық шегедей еді. Сөзі мен ісі, тұлғасы мен тұрысы. Тұлғасы демекші, ара-тұра күз бен көктем айларында басына делдиген дөңгелек қара шляпа киіп алатын да, тура шеге сияқты болып тұратын.

Бұлар ештеңе емес, біз көрмеген, арман қуып Алматыға жеткенімізше өмірден өтіп кеткен бір тұлға нағыз шегенің өзі екен. Ендігі сөз сол туралы.


Оқи отырыңыз: Буын, буын бұлқыныс


Өте маңызды өтініш

1991 жылдың желтоқсаны. "Егемен Қазақстан" газетінің ақпарат бөлімінің меңгерушісіміз. Бас редакторымыз атағынан ат үркетіндей Шерхан Мұртаза. Өзі республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Кеңес Одағының талқаны таусылып жатқан шақ. Қазақстанның тәуелсіздік жариялап, жеке мемлекет болуын күтіп жүрміз. Бірнеше күн бұрын республика Президентін алғаш рет бүкіл халық сайлаған, 10 желтоқсанға ұлықтау рәсімі белгіленген.

Кешкілік Жоғарғы Кеңестегі қырғын айқастан келген Шерхан Мұртаза өзіне шақырды. "Мынаны бөліміңдегі анау "Мүйізтұмсық" деген айдарға шығар" деп мәшеңкеге басылған бірер бет материалды ұсынды. Газеттің сын-сықақ, әзіл-оспақ бетін "Мүйізтұмсық" деп атаған. Оған дейін "Мүйізді мүйіс" деген атауы болған. Оны белден бір-ақ сызып, өз қолымен "Мүйізтұмсық" деген. Оны дайындау біз басқаратын Ақпарат бөліміне жүктелген.

Негізі, Шерхан Мұртаза – газеттің Бас редакторы. Бізді дәргейіне шақырмастан беттеліп жатқан, ертең шығатын нөмірге бірден салғызуына болар еді. Оған билігі жетеді. Бірақ, материалын бөлім арқылы, тиісті айдар аясында шығартуы Шер-ағаның редакторлық қана емес, кісілік келбетін айғақтаса керек.

Тақырыбы "Жанбаевтың айтқандары" екен. Оған мынандай аннотация жазыпты: "Мектепте оқығаны кемдеу, бірақ өмірден тоқығаны көп, табиғи талант Сағалбай Жанбаев деген кісі көп жыл Қазақстанның бірнеше облысын басқарды. Ел аузында Жанбаев айтқан екен деген әңгіме көп. Соның өзім естігендерін оқырманға ұсынуға ниет қылдым. Шерхан Мұртаза". Осы аннотациядан кейін Сағалбай Жанбаев әр жылдары әртүрлі жағдайда қатырып тұрып тапқырлықпен айтқан әрі естігенді күлкіге көметін 6 шағын әңгіме тұр. Өзі аяғына "Редакциядан" деген ескертпе қосты. Онда "Сағалбай Жанбаевтың басқа айтқан ұтырлы сөздерін білетіндер болса, редакцияға жазып жіберуін өтінеміз" делінді. "Жанбаевтың айтқандары" алғаш газеттің 1991 жылғы 7 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланды. 

"Жанбаевтың айтқандары" алғаш жарық көрген газет.

Басқа-басқа, Шерхан Мұртазаның өтініш айтқанын көргеніміз – осы. Мұның астары терең екен.


Оқи отырыңыз: Сары таулардың сыры


Адам туралы айдар

Беріде бағамдасақ, Жанбаевты іздеу, әлде жоқтау өткенімізді түгендеуге қажет екен. Қазақтан шыққан ерекше тұлғаларды айтқызбау, айтқызса бұрмалап жеткізу – кеңестік идеологияның кеңінен қолданған тәсілі. Ұлттық жадыны ұмыттыру, ақыры жоқ ету жолындағы жымысқы саясаты. Соның бір құрбаны – Сағалбай Жанбаев. Ал оның әр жылдары әртүрлі жағдайда айтқан сөздерін тауып, бүкіл халыққа тарату арқылы Шерхан Мұртаза "қазақ екеніңді ұмытпа, қарағым" деп қоңырау қағыпты.

Бұл қоңырауға халық бірден елең етті. Шер-аға тура нысанаға тигізген екен. Жанбаевты танитындар, көзін көріп, сөзін тыңдағандар бар, олардан басқа "Жанбаев былай депті" дегенді естігендер тіпті, жетерлік болып шықты. Содан газетте "Жанбаевтың айтқандары" атты айдар пайда болды. Бұған дейін ара-тұра "Абайдың туғанына – 150 жыл" немесе "Сәтбаев – 80" деген сияқты айдарлар болатын. Олар белгілі тұлғаның елеулі мерейтойына орай материалдарды топтастырады. Ал мерейтойы емес, керек десеңіз соншалық үлкен қызметтерде болмаған, ғылымда, өнерде айшықты із қалдырды деуге келмейтін Сағалбай Жанбаевқа арналған материалдар үшін жеке айдар ашқызған Шерхан Мұртаза мықты еді. Көреген еді.

Өйткені, Сағалбай – қазақ халқының өз ортасынан шыққан және өмір бойы қазақтығын сақтап өткен тұлға. Оның әр жылдардағы айтқан ұтқыр да уытты сөздерін жариялау – көпшілікке қазақы қалып қандай екенін таныту. Тіпті, дәріптеу. Біздің ұлттың арғы ғасырлардағы тапқырлығының жиынтық бейнелері баршылық: Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасыр, Жиренше шешен дегендей. Ендеше жетпіс жылғы кеңестік дәуірде қиыннан қиыстырып жол тапқан, бір ауыз сөзімен бүкіл мәселені шешкен біреу болуы керек қой. Шерхан Мұртаза бұған Сағалбай Жанбаев лайық деп тапты және қажет тұлғаны еш қатесіз дәл тапты.

Сонымен газетке Қостанайдан, Солтүстік Қазақстаннан, Қызылордадан, Семейден, Ақмоладан, Алматыдан, тағы басқа өңірлерден "Сағалбай Жанбаев былай деген" мазмұндағы хаттар келе бастады. Елі ұмытпапты. Екі-үш аптада бір топтама жариялап тұрдық. Небір күлкілі оқиғасы содан санамызға шегеленіп қалып еді.


Оқи отырыңыз: Ақтық байлаудағы ақымақтық


Маленковқа айтылған "молоко"

Жанбаевтың қазақтығы – тапқырлығында. Тез ойланып, жедел қимылдауында. Аз біліммен көп іс тындыруында. Жанбаев 60 жасқа толғанда Сәбит Мұқанов арнау өлең жазған. Сонда Сағалбай замандасының образын ашатын керемет жолдары бар:

Ересек бола танып әліп-биді,
Белсеніп кіріскенде іске игі,
Өмірдің сабағынан профессор
болдың да, талай ғалым басын иді.

Өте дәл айтылған. Жанбаев жоғары білімсіз-ақ институтта оқығандардың көбін істе, сөзде, тәжірибеде, ұйымдастыру жұмысында шаң қаптырып кетіп отырған. Мәселе табақтай дипломда емес, өмірде көргенді көкірекке түйіп, содан сабақ алуда екенін дәлелдей білген. Құрылыста, ауыл шаруашылығында ғалымдар өздерінен облыс басшысы білікті екенін талай рет мойындаған.

Тарихшы Ілияс Қозыбаев "Атамұра" баспасынан 2014 жылы шыққан "Тот самый Жанбаев" кітабында көптеген тарихи құжаттар келтірген. 1939 жылы Ақмола облыстық бюросы бекіткен мінездемеде "Тов. Жанбаеву требуется серьезная общеобразовательная подготовка" деп бадырайып тұрған. Жанбаев осы мінездеме жазылған кезеңде Ақмола облысын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының мүшесі болған, одан кейін облыстық партия комитетінің кадрлар жөніндегі хатшысына тағайындалған. Ұлы Отан соғысы басталған соң екінші хатшы, 1944 жылы Ақмола облысын басқарып, бірінші хатшы қызметіне кірісті. Сөйтіп білімін арттыруға уақыты да, мүмкіндігі де болмады. Бәрін тек Жеңіс жолына жұмсады. Қиыншылықта адамдар қалай жұмылғанын 1970 жылы шыққан жұқалтаң "Өмір өрнектері" кітабында өз баяндап кеткен.

Сағалбай Жанбаевтың көзі тірісінде шығарған кітабы

Жанбаев соғыс біткен соң оқиды. Оқығанда қандай! Москвадағы партия ұйымдастырушыларының жоғары мектебіне түскен. Оқуға түсуіне қатысты әңгімесі қызық. Әлдебір кедергі кездеседі. Не орыс тілінде жетік сөйлемейтіні, не жасы 40-тан асып кеткені. Қалай болғанда да қабылданбай қалу қаупі төнгенде Кеңес Одағы Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Георгий Маленковтың тіке өзіне шағым айтқан. Мұны Шерхан Мұртаза 1991 жылғы "Егеменді Қазақстан" газетіндегі алғашқы алты шағын әңгіменің бірінде келтірген: "Когда мясо надо – Жанбаев надо; когда молоко надо – Жанбаев надо; когда учиться надо – Жанбаев не надо, да" дейтіні.

Осы тапқырлығының арқасында Партия ұйымдастырушыларының жоғары мектебінің 1 курсына Сағалбай Жанбаевты 1945 жылғы 3 қарашадан бастап қабылдау туралы 1945 жылғы 4 қарашада № 275 бұйрық берілген. Оны Ілияс Қозыбаев анықтаған.


Оқи отырыңыз: Ғайыптан қайтқан қаһарман


Бір сәтте қуырылған "бидай"

Оқудан соң Қостанай облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып, 1948-1954 жылдар арасында басқарған. Тың игеру деген желеумен Қазақстанның солтүстік аймағын орыстандыру саясаты басталғанда оған кедергі болатын Жанбаевты Қызылорда облысын басқаруға жылжыта қойған. Орнына не астық, не малдан хабары жоқ, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде үгіт және насихат бөлімін басқарып, қазақтың ғалымдары мен әдебиетшілерін қудалауды ұйымдастырған Храмков дегенді отырғызған.

Жанбаевтың соңындағы аңыздың көпшілігі Қостанай өңірінде туған. Ол ешқашан ешкімді күлдірейін демеген. Бар әрекеті халықтың қамы үшін болған. Сол жолда жасаған тапқырлығы талайларға таңдай қақтырып, аңызға айналып жүре берген. Манағы арнауының бір тұсында Сәбит Мұқанов былай жазған:    

Жұқтырмай партбилетке өмір тотын,
Күрестің бәсеңдетпей қызған отын.
Бетіне былш еткізіп қайта соқтың
Дұшпанның саған айтқан анекдотын. 

"Жұқтырмай партбилетке өмір тотын" дегені – Сағалбай ағаның ешқашан арам әрекет жасамай, адал өмір сүргені. Ұрлыққа, парақорлыққа, жең ұшынан жалғасуға, рушылдыққа салынбағанын меңзегені. Ал соңғы екі жолы – керемет дәл сипаттау. Жанбаевтан қалған сөздің көбі өзіне тиіскендер мен өзін менсінбегендерге жауап ретінде айтқаны. Мазақтамақ, керек десеңіз қорламақ болғандардың өз бидайын өздеріне қуырып бергені.

Жанбаев зайыбы Күлпанмен

Қостанайда астық ору қызып жатыр. Көлік жетпейді. Облыс аумағында әскери гарнизон бар. Қаншама жүк машинасын қатарлап тізіп қойған. Бірақ, оның шаруашылықтарға пайдасы жоқ. Сонда Жанбаев облыстық партия комитетінің бюросын өткізіп, гарнизон командирін де шақырған. Бір қызметкеріне басқа жақтан өзіне телефон шалуды тапсырған. Телефон шыр еткенде трубканы құлағына қойып: "Тыңдап тұрмын, жолдас Сталин" дейді. Бюро мүшелері тілін жұтып қойғандай тыныштық орнайды. "Астықты жинап жатырмыз. Өнім жақсы. Көлік жағы тапшы".

Сәл тыңдаған болып тұрады да, "әскерилер ме, олар көмектесуде. Гарнизон бастығы да осында" дейді. Бұтына жіберіп қоя жаздаған қолбасшы Сағалбайға "міндетті түрде көмектесемін, міндетті түрде" дей беріпті. Сол күннен бастап астық тасуға армияның қаңтарылып тұрған қаншама автомашинасы шығыпты. 

Тапқырлығына мұндай мысал көп. Бір шаруашылықта жоспар орындау үшін сортаң жерді жыртып тастағанын көргенде, басы таз Сағалбай бас киім шешіпті де, колхоздың бастығына "мынаған шаш шыға ма?" депті. Айнадай тап-тақыр басты көрген басқарма "жоқ" дейді ғой. Сонда Жанбаев "ендеше мына жерге де астық шықпайды" деп жүре беріпті.

Тың игерілетін, Қостанай орыстанатын болған соң оны Қызылорда облысын басқаруға жіберген дедік. Тым артта қалған, не орталық, не республикадан еш қамқорлық көрмейтін Сыр бойына басшылыққа барған қайраткердің соры бес елі қалың деп саналатын кез. Қиын уақытта, қиын облыста сынаққа түскен Сағалбай арына кір, құжатына дақ түсірмепті.

Әрі қарай Семей қаласын басқарған. Осылайша Қазақстанның үш облысы мен бір ірі қаласының тізгінін ұстап, соның бәрінде соңында күлкілі әңгімелер болмаса, ғайбат сөз қалдырмаған. Мұндай тазалық санаулы адамдарға тән болса керек. Жанбаев түсірген жарық талайлардың жанын әлі жылытып келе жатқаны талассыз.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары