Боздақтарға бұйырмаған құрметтер
Жазушы Сейдахмет Бердіқұловта "Аспаннан шұға жауған күн" деген кітап бар. Қазақ мақалының бір бөлігі аспаннан киіз де жауғызады. Қостанайда елеусіз өмір сүрген ақын Ғұбай Айдаровтың "Аспаннан кәмпит жауған күн" деген поэмасын кезінде "Жалын" журналынан оқып едік.
Енді 2021 жылғы желтоқсанның ортасында аспаннан орден мен медаль жауды. Белгілісі бар, белгісізі бар талай адамның кеудесіне мемлекеттік награда қадалып жатқанын теледидар мен әлеуметтік желіден көрдік. Қоғам әдеттегідей екіге жарылған. Наградаға қатысты қолдаушылар мен наразылар.
Жалпы биліктің ең жиі қолданылатын жағымсыз тәсілі осы – қоғамды екіге бөліп қойған. Ақ патшалардан қалған, қызыл билік жалғастырған "бөліп ал да, билей бер" деген ұстаным болғанын Қазақстан саясатшылары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жиі айтатын. Біздің ең жоғарыдағыларға да бұл басқарудың қолайлы түрі болғанға ұқсайды.
Ал халық? Халық ара-тұра бас шұлғығысы, тіпті басты шабатын қылыштың алдына иіп тұрғысы келмеді. Алдымен патшаның, кейін кеңестің отары болуға қарсы шыққан ірі көтерілістер баршаға мәлім. Кенесарының бүкіл қазақты көтермек жорығынан бастап, Амангелдінің көтерілісіне дейін. Оларды 1930 жылдар басындағы 300 көтеріліс әрі қарай толықтыра түседі. Бұл оқиғалардың тәуелсіздік заманындағы тарихшыларға арманы жоқ, бәрі жан-жақты зерттелген. Кеңестік дәуірде шындығын ашық зерттеген Бекмахановтар сол үшін сотталған да. Күні кеше академикке сай еңбектер қалдырса да, ең болмаса мүше-корреспондент атана алмай арамыздан өткен Талас Омарбеков отызыншы жылдар көтерілісіне қатысты қаншама құжаттарды архивтерден алып, бірнеше кітап жазып үлгерді. Алла шапағатына алсын жарықтықты!
Даланы жайлаған қалың өртке ұқсас көтерілістерден басқа қоламтаның астындағы шоқтың жылт ете қалатыны сияқты әр жылдары жастардың шағын топтары тілі басқа, ниеті озбыр, қылығы ішке қонбайтын қызыл билікке қарсылық жасамақ болған. Жүргізіліп жатқан саясатқа өздерінің наразы екенін байқатқан.
Бұл астыртын қозғалыстар мен ұйымдар жөнінде әлі мектептегі оқулықтарда айта қоймайды. Үлкен тарихтың ішінде бір сөйлем, бір абзацпен тынады. Жекелеген мақалалар шыққанымен, бірақ оны ақпараттық толқын іліп әкетпейді. Сондықтан елеусіз, ескерусіз қала береді. Ал мемлекеттік наградалар шүлені таратылар кезде олардың тарих қатпарында қалған аттарына ештеңе бұйырмайды.
Негізі марапат беруде "қаза тапқаннан кейін" немесе "қайтыс болған соң" дегендей анықтауыш бар. Жарлықта өмірден өткен тұлғаның наградталғаны айтылады да, орден, медаль, құрметті белгі туыстарына тапсырылады. Тіпті, сақтау үшін бірден музейге берілуі мүмкін.
1991 жылы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінің бірінде біз Гастеллодан бұрын жанған ұшақты жау төбесіне түсірген экипаждың мүшесі Бақтыораз Бесікбаев туралы мақала жазғанбыз. Оны жуырда айттық қой. Бірнеше жылдан соң Бесікбаевқа Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгені мәлім.
Ендеше бостандық үшін, азаттық үшін басын бәйгеге тігіп, жас жандарын құрбан еткендер басқа да боздақтарға осындай награда тиесілі ғой. Аспаннан орден-медаль жауғызар кезде оларды да ұмытпаған ләзім.
Оқи отырыңыз: Сары таулардың сыры
Ағаларын іздеген Асланбек
Онда "Қазақстан" телерадиокорпорациясының басқарма төрағасының аймақтар жөніндегі орынбасары кезіміз еді. Корпорацияға қарасты 14 филиалдың жұмысын қадағалап, бағыт пен бағдар беру – басты міндетіміз. Қадағалау арасында басқа да шаралар ұйымдастырдық.
Соның бірі – аймақтағы телеарналарымыздың арасындағы шығармашылық конкурс. Жаңалықтардағы үздік сюжет, үздік телебағдарлама, үздік деректі фильм, үздік теле-шоу дегендей.
Сондай байқаудың бірінде деректі фильмдер арасында Батыс Қазақстан облыстық филиалы жолдаған деректі фильм назарымызға ұсынылды. Оны қарағанымызда қазақ жастарының отаршылдыққа қарсы күресінің бүкіл ақиқаты ашылып бітпегенін байқадық. Шындық айтылмаған соң дәл бағалау да болмайды. Қазақтар Ресейге өз еркімен қосылды, патша өкіметін, одан кеңестік-коммунистік билікті қолдады деп келген насихаттың өтірік екенін дәлелдейтін оқиғалардың бірі осылай алдымыздан шыққан.
Бұл деректі фильмді Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, белгілі журналист, әріптесіміз Асланбек Ғұбашев түсірткен еді. Өз тарапынан "ал, қолдап жіберіңіздер" деген өтініш айтылмады. Конкурсқа түскен деректі фильмді көргенде ғана осы аталым бойынша мойны озық дүние екенін мойындап, бас жүлдеге лайық санағанбыз.
Деректі фильм Жалпақтал елдімекенінде жастардың астыртын ұйымы болғаны жайында. Ол "Қазақ халқын қорғаушылар одағы" аталған. Әрине, атының өзі құпияланған. Бірде-бір газет пен журналға жарнама жасалмаған. Жарты жылдан астам уақыт бір топ (нақты мүшесі 14 деген дерек бар) жастар біріккен. Мақсаты кеңестік биліктің қазақ халқына жасаған қиянаттарын әшкерелеу және соған қарсы күресу. Бұларды топтастырған 17 жастағы Ғұбайдолла Әнесұлы Көшеков, кейбір құжаттарда Әнесов деп жазылған қыршын еді.
17 жаста мұндай көзқарасқа келу нені білдіреді? Біріншіден, қызыл қиянатты көз ашқалы көріп келе жатқаны. Отызыншы жылдар басындағы аштық, одан кейінгі жалаңдаған репрессия. Екіншіден, оның көкірегіне күрес идеясын құйған ағалардың болуы. Бұл өңірде Алашорданың батыс қанаты қатты жұмыс істеген. Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерден басталған азаттық талпыныстың ұшқыны сақталған. Ғұбайдолланы сол тұста аудандық атқару комитетінде қызмет істеген Сатымов деген туысы тәрбиелеген. Ол қазақ елін Кеңес Одағынан бөліп алу қажет дегенді құлағына құйған. Сатымовтың өзі бұл істі бастауға үлгермеген. Қатты науқас болып, 1936 жылы өмірден өткен көрінеді.
"Қазақ халқын қорғаушылар одағын" құру арқылы Ғұбайдолла болашақта көтеріліс жасау керек деген ойда болды. Және оған өзінің жақын достарын ұйытты. Оның бес-алтауы студент те, қалғаны ауыл жастары болған. Ғұбайдолла өзі 1940 жылы Орал педагогика институтына оқуға түскен.
Ол жас та болса, сол жылдардың ауыр тұрмысы сталиндік биліктегі бұрмалаудан екенін түйсінген. Қазақтардың тұрмысы нашар, үнемі үрейде өмір сүреді. Төбесі шатырланбаған, еденіне ағаш төселмеген қоржын тамнан әлі шықпайды. Суды алыстан тасиды. Малды өкімет жиып әкеткен. Оған қарамай салық түрі мен мөлшері көп.
Мұның бәрі сол уақыттың нақты шындығы еді. Бірақ, басқалар бұл туралы айтудан сескенетін. Ғұбайдолла ұйымға мүше ету үшін Сатқали Молдағалиевпен жасырын сөйлескенде "Еш жазығы жоқ атаң Молдағалиды кеңес өкіметі ату жазасына кесті ғой" деген. Осындай ащы да болса ақиқатты айта жүріп, ол ауылдас достарының біразын өзіне жақтас етті.
Сол екі арада Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Аласапыранды күндердің бірінде, 1941 жылы қыркүйек айында Ғұбайдолла Әнесов, өзі ұйым мүшелігіне тартқан Ахметов, Әлиев, Бажекенов, Мұхамбетқалиев, Сапаралин, Тұрымов және басқа жастармен бірлесіп, көтерілісті бастауға ниеттенген. Бұған әскерге енді шақырылып жатқан жастарды пайдаланып, аудан мен станса арасында оларды өз жақтарына шығару ұйғарылған.
Бірақ, осы кезде Жалпақталдан ешкім әскерге алынбай қойды. Демек, жастардың әлгі ұйғарымы мен ұйымын НКВД сезіп қалған. Кім сатты дегеннің де дерегі бар. Әрі бұлардың "Қазақ халқын қорғаушылар одағы" мүшелік билетін шығарғаны бекер болған. Және Қазақстанды бөлу туралы республиканың Жоғарғы Кеңесіне хат жазғандары да бекер еді. Оған ГАКСИМ деп қол қойған. Бұл екі жастың – Ғұбайдолла мен Сатқалидың орысша толық аты-жөнінің қысқартылған түрі еді.
Ешкім әскерге алынбай жатқан соң олар көтеріліс уақытын өзгертті. Енді олар Жалпақталмен қатар Жаңақала, Жәнібек, Жымпиты және Казталовка аудандарын көтермек. Ол үшін әр ауданға бір-бірден барып, жұртты үгіттеуі керек.
Оған үлгертпеген. 1941 жылғы 21 желтоқсанда оларды тегіс НКВД тұтқындайды. Тергеу кезінде өз көзқарасын тайсалмай айтқан және ешбір досын сатпаған Ғұбайдолла Әнесов ату жазасына кесілген. Басқалары 5-8 жыл мерзімге сотталған. Қазақстан тәуелсіздік алған соң олардың бәрі ақталды. Бірақ, ешқайсы азаттықтың ақ таңы атқанын көре алмады. 17-18 жаста үйленбестен абақтыға жабылып, лагерьде қаза тапқандарының артында ұрпақ қалмады.
Мынау аспаннан орден мен медаль жауған күні Ғұбайдолла Әнесовке Қазақстанның Халық қаҺарманы атағы беріле ме деп күттік. Бақтыораз Бейсекбаевқа, Қайрат Рысқұлбековке қаза тапқан соң берілген осы атаққа Ғұбайдолла да лайық еді. Бірақ, Ақордамыз ондай қаһарман болғанын білмесе де керек. Білсе, ескермеген. Өкінішті.
Оқи отырыңыз: Ақтық байлаудағы ақымақтық
Сталинге арналған сауал
"Лениншіл жас" газетінде қызмет істейтін кезіміз. Редакция негізінен жас журналистерден тұрады. Газетті салиқалы да салмақты Сейдахмет Бердіқұлов басқарады. Редакцияда сол кезде жасы елуден асып, алпысқа жақындаған екі қызметкер бар. Бірі – майдангер Бағдат Момбеков, суреттерді бояушы. Ол кезде ретушер дейтін. Екіншісі – хат тіркеуші Бүбіхан апай.
Негізгі жұмыстарынан тыс Бағдат ата пен Бүбіхан апай бірі ұлдарды, бірі қыздарды тәрбиелейді. Жиналыста, дастарханда, фотоға түсерде қатар отыра қалса, біздің Бәкең қыздардың апайына біраз қалжың айтып тастайды. Бүбіхан апай "оңбайсың ғой, оңбайсың" деп безектейді. Жігіттердің жаны кіріп қалады.
Сол Бағдат ақсақал күллі ақын-жазушылар арасынан Жұбан Молдағалиев пен Бүркіт Ысқақовты қатты құрметтейтін. Жұбанды білеміз. Дүркіреп тұрған кезі. "Мен қазақпын", "Сел", "Байқоңыр баспалдақтары" сияқты дастандары жұрттың аузында. Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын алды. Жазушылар одағын басқарады.
Ал Бүркіт? Біздің ұғым бойынша асып бара жатқаны шамалы, қатардағы ақынның бірі. Бәкеңнің сонша неге құрметтейінін ол кезде білмегенбіз, беріде бар жәйтке қанықтық.
Нағыз ақын Бүркіт Ысқақов екен. Бағдат ақсақалдың және басқа қатарластарының ойында қалған, өзара сыбырласып айтатын бір ауыз өлеңін қараңыз:
Жастарды айдап ұрысқа,
Қарттарды айдап жұмысқа,
Қан қақсатты халықты,
Осынысы дұрыс па?
Сталинге бұдан артық бағаны кім бере алған! Шендессе, тек Шәкір Әбенов ақсақал шендесетін шығар. Содан да екеуі сотталған ғой.
Сонымен Бүркітті біздің шал неге құрметтеген? Әлгі 1941 жылы Қазақстанның басқа өңірінде кезекті ұйым құрылып жатты. Тағы да астыртын жағдайда. Бұл жолы Орталық Қазақстанда. Қарағандыда. Жалпақтал жастары өздерін "Қазақ халқын қорғаушылар одағы" мүшесіміз деп білсе, мұндағылар "Елін сүйген ерлер партиясы" қатарына қосылуды мұрат тұтты. Өздері қысқартып "ЕСЕП" деп атаған.
Бұл "ЕСЕП-ті" Бүркіт Ысқақов құрған. "Неге бізде бір ғана партия болуы керек? Анау капиталистік елдерде бірнеше партия бар. Олар кезекпен басқарады. Сондықтан оларда әділет бар." Оның осы пікірі сол заманның запыраны сияқты еді.
Қарағандының педагогика институтында оқитын студенттер Теміров, Әубәкіров, Дүйсенбаев, Бимағанбетов, Шалабеков және басқалары Бүркіттің партиясына кірді. Өздерінің ауылда жүрген достары арасынан да көзқарасы ортақтары бұл іске қосылатындарын айтқан. Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мектептің жоғары класс оқушылары қосылатын болды. Ол кезде бұл Қарағанды сияқты үлкен қаладағы жалғыз қазақ мектебі еді. Осының өзі әділдік пе?!
Жалпақталдағы ұйым бір ауданнан басқаларына тарауға талаптанғанда талқандалса, "ЕСЕП" бірнеше жыл ізін білдірмеуге тырысты. Алматыға дейін жетті. Ашық көтеріліске шақырған жоқ.
Бәрібір бұлар да халқына жанашыр болмақ ниеттері үшін айыпталып, Бүркіт бастаған үш белсендісі 25 жылға сотталды. Олар тағы бес жыл дауыс беру құқығынан айырылды. Тағы үш белсендісі 10 жылға жазаға кесілді. Соның бірі – халық жақсы танитын, кейін республикада жауапты қызметтер атқарған, қоғам қайраткері, меценат болған Жекен Қалиұлы ағамыз.
1951 жылы одақтас республика Қазақстанның Жоғары соты "ЕСЕП" ұлтшылдықты көздейтін ұйым деп тапты. Мүшелері өздерінің өмір сүріп отырған қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізіпті-мыс, көптеген тыйым салынған материалдарды таратумен айналысқан-мыс.
Сталин өлген соң ғана "ЕСЕП-тің" мүшелерінің ісі қайта қаралды. Жалпақталдық "Қазақ халқын қорғаушылар одағы" мүшелеріне қарағанда бұлар сол 1956 жылдан бастап ақтала бастады. Қайтадан өз ұжымдарына оралып, қызметтерін жалғастырды. Бірақ, аңдау мен астыртын бақылау астында жүрді. Оны өздері де сезді. Қашан Кеңес Одағы келмеске кеткенше "ЕСЕП" туралы ешкімнің тіл қата қоймауы содан.
Жекен Қалиұлы аға беріде қайта абыройға жетіп, тәуелсіз замандағы еңбегі үшін құрмет көрді. Бірқатар шетелдік және ел ішіндегі сапарларда қасында жүрдік. Ең соңғы жас мүшесі, ол да айдауда болған Кәмел Жүністегі бірнеше кітап жазып, естелік айтты. Бірақ, оған неге "Барыс" орденінің бір дәрежесі тағылмайды? Тәуелсіздікке жетпей кеткен Бүркіт Ысқақов пен оның партиясына мүше болған басқалар ше? Аттары ақталғанымен еңбектері елеусіз жатыр ғой.
Алдағы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында "Қазақ халқын қорғаушылар одағы" мен "ЕСЕП" партиясына мүшелікке өтіп, бостандық үшін құрбан болғандардың аттарын ардақтап, қаза тауып, қайтыс болғаннан кейін кеш болса да, награда берген жөн деп санаймыз.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.