Тікелей эфир

Сары таулардың сыры

Кеңестік зымырандарды қазақ жерінде жоюдың куәгерлері жайында

Өктемдікке қарсы өкпе

Көптеген қылқалам шеберлерімен таныспыз. Соның бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағын екі мәрте басқарған профессор Байтұрсын Өмірбек. Оның сыртында проректор ретінде Жүргенов атындағы өнер академиясын қаз тұрғызудағы, директор ретінде Қастеев атындағы мемлекеттік көркемөнер музейін дамытудағы еңбектері бар.

Соның бәрін үкіметке өткізіп беріп, жетпіс жасқа жақындағаннан бастап қылқаламмен түбегейлі айналысып жүр. Қызметтегі жылдарға өкпесі жоқ, бәрін халық игілігіне, ел дамуына арнады. Енді уақыттың есесін қайтарғысы келгендей еселеп картиналар салу үстінде.

Суретші Байтұрсын Өмірбек. Жанұзақ Керімбекұлының фотосы

Байтұрсын Есжанұлының кезекті картинасы туған даласына арналған. Дала тұрғындарын "аһ" ұрғызған оқиғаны еске түсірмек. Өктемдікке қарсы өкпені жеткізбек.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың "Ақ кеме" хикаясында:

"Сары-сары таулардан
Сары ат мініп келемін.
Сары саудагер, қақпаңды аш,
Шарабыңды ішіп беремін"

деген жыр жолы кездесетін. Мына картинада сары таулардың бер жағында үш-төрт бала кенеттен шыққан әлдебір жойқын жарылысқа таңырқап қарайды.

– Байтұрсын Есжанұлы, бұл нені білдіреді? Қандай оқиғаны салғыңыз келді?

– Біздің ауылға баратын жолда Сарыөзек деген елді мекен бар. Атына заты сай шынында, өзектің ішіне орналасқан станса. Әрі үлкен ауданның орталығы, – дейді Байтұрсын аға Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты өзінің туған ауылы туралы. – Естеріңізде болса, сексенінші жылдар соңында Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачев Америка Құрама Штаттарымен екі жақтың зымыранын жоюға келісті. Сарыөзектің маңында ракеталарды жоятын полигон жасатты. Соларды әкеліп жарды ғой.

Суретшінің ішінде сол кезде қыжыл пайда болған. Москвадағы биліктің зымырандарды жарудан жергілікті халыққа зиян келеді-ау деп ойламайтыны алаңдатқан. Сарыөзектегі таныстардан сұраса, жарылыстардан мал қырылған, адамдар ауруға шалдыққан екен. Байтұрсын бейбіт халыққа жасалған қысастыққа қарсы қыжылды сурет арқылы шығармақ еді.

Бастапқыда эскизін салып қойды. Бірақ, үлкен картинаға отыруға қолы тимеді. Академиядағы ұстаздық пен ұйымдастыру жұмыстары, музейдегі басшылық дегендей қызметпен жүріп, эскизді майлы бояумен кенепке түсіруге мүмкіндік болмаған. Енді ғана суреткерлік парызын орындау үшін көлемді туындыны салуға құлшына кіріскен.

Зымырандарды жару бейнеленген картинадан фото көшірме

– Мынау – біздің болашағымыз – балалар. Олар жарылып жатқан дүниеге қызықтап қарап, оның не нәрсе екенін түсінбей тұр. Шын мәнінде осылардың болашағына қауіп төніп тұрды. Міне, соны картина ретінде қалдыруды өз парызым санадым. Осындай нәрселер ойға келген кезде суретші, шынында, саясаткер болуы тиіс, – деп ойын түйіндеген Байтұрсын Өмірбек.


Оқи отырыңыз: Ақтық байлаудағы ақымақтық


Мың шақырымның мұңы

Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы бұл тарихи келісімнің қалай пайда болып, қаншалықты жүзеге асқанынан хабардармыз. Журналист ретінде бірнеше шолу мақала мен арнайы репортаж жазғанбыз.

Державалардың жанталаса қарулануы экономикалық дағдарысқа түсірген елдің билігі қолына тиген Горбачев үш қадамға барды. Біріншісі – Ауғанстандағы Кеңес әскерін шығару; екіншісі – екі Германияны қосу; үшіншісі – жанталаса қарулануды тоқтату. АҚШ-пен келісіп, 1987 жылғы 8 желтоқсанда орта және қысқа қашықтағы зымырандарды жою туралы шартқа қол қойды.

Үш жыл ішінде екі мемлекет 500 шақырымнан 5 мың шақырымға дейін ұшатын зымырандарды, оны тасу құралдары мен шахталарын жоятын болды. Бұлар АҚШ-тың "Першинг" және "Томагавк", Кеңес Одағының "Ока", "Темп", "Пионер" және "Р-14у" қарулары еді. Кеңестікін НАТО-да "SS-23", "SS-12", "SS-20" және "SS-5" деп таңбалайтын.

Қаһарлы қару КСРО-ның шекарасынан әрідегі социалистік мемлекеттер аумағына орнатылып, Батыс Еуропаға төніп тұрған. Енді олар Чехословакия мен Шығыс Германиядан кері тасылады. Сол сияқты Қиыр Шығыста тұрған жедел-тактикалық зымыран кешендері жойылуы керек. Бәріндегі ядролық оқбасы мен ішіндегі сұйық отын алынады.

КСРО басшылары қатерлі қаруды қайда жоюды шешіп қойған. "Пионер" мен "Р-14у" Чита облысы мен Красноярск өлкесінде көкке ату және Красный Яр полигонында жару жолымен, ал "Ока" мен "Темп" Қазақстандағы Сарыөзек стансасында жару арқылы құртылады. Зымыранды таситын техника Украина мен Белоруссияда бөлшектеніп, балқытылады.

1988 жылдың сәуір айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі "Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шартты жүзеге асыру ережесіне" орай Талдықорған облысының аумағынан 2 мың гектар жер бөлген. Ал әскерилер тұратын және технологияға қажетті ғимараттар мен зымырандарды түсіретін алаң КСРО Қорғаныс министрлігі есебінен салынады. 

Сарыөзектің таңдалуының бірнеше себебі бар. Ережеде зымыранды өз базасынан кемінде 1000 шақырым жерде жою көрсетілген. Әрі ол аймақта ракеталық әскер орналасқан болуы керек. Ал Сарыөзекке іргелес Майтөбе тауында стратегиялық мақсаттағы "Р-14у" зымыраны бар 68-бригада тұрды. Бригада 6 шахталық, 4 көліктегі ұшыру қондырғысымен жабдықталған. Зымыран көліктегі қондырғы арқылы да, шахталық тәсілмен де сыналған. Олардың өзін Сарыөзектен кемі 1 мың шақырым алыста жою керек.

Бұлар ресми себеп десек, ресми емесі – сол баяғы қазақтың жерін ластау. Әттең, әдеттегідей Қазақстан үкіметі ештеңе шешкен жоқ. Одақтың, Қорғаныс министрлігінің сұрағанын орындады.


Оқи отырыңыз: Ғайыптан қайтқан қаһарман


Жарылыстар жаңғыртқан жыл

Сарыөзекке 1988 жылы 1 тамыз күні бірнеше журналист ертелетіп келдік. Станса басында Шығыс Еуропадан тасылған зымырандарды түсіру жұмыстарын көрсетті. Орталық пен америкалық журналистер өріп жүр. Оларға жауапты басқалар екен де, Алматыдан келген бізді аудандық партия комитетінің хатшысы Нығмет Садуақасова күтіп алған. Зымыран түсіретін алаңды таныстырған соң, сол кісінің қызметтік "УАЗ" автокөлігімен қару жойылатын жерге жеттік.

Арада 33 жылдан соң апамызбен қайта қауыштық. Дін аман. Алматыда тұрады. Осында және ел астанасында қызметтер атқарып, қазір немере бағуға көшкен. 

– Зымыранды Сарыөзек полигонында жою туралы Кеңес Одағы басшылығының шешімі жергілікті халықтың наразылығын туғызды, – деген Нығмет Садуақасқызы сол мазасыз күндерді еске алып. – Басқа жер таппағандай, бір түпкірдегі Сарыөзекке әкелу, әрі аралап кесіп немесе балқытпай, тек жарылғыш қойып жару жолымен көзін құрту дұрыс шешім емес еді. Сондықтан облыстың бейресми тұлғаларының қарсылық сөзі мен жиынына тыйым салмадық. Наразылар тобын Талдықорғаннан Камал Әбдірахманов бауырым бастап келді. Маған "Әпке, сізге тілім тиіп кетпеуі үшін тыныш тұрыңызшы" деді. Ішімнен өзім соларды қолдап тұрмын ғой.

Сарыөзекке әкелінген зымырандар. Фото Нығмет Садуақасованың жеке архивінен алынды

Сонымен апамыз бізді алғашқы зымырандар жарылатын аймаққа апарып еді. Сарыбұлақ ауылы жақ таудың бөктерінде бірнеше үйлі қалашық тұр. Америкалықтардың уақытша үйлері кеңес әскерилері үшін салынғаннан сәнді де жайлы екені сырт көзге байқалады.

Суретші Байтұрсын Өмірбектің картинасындағыдай сары таулардың бөктеріне зымырандар қойылған. Оны жарылғышпен құртпақшы. Неге тау бөктеріне дегенге ресми жауап бар. Ережеде зымырандар тау ішінде жарылуы керек екен. Жарқышақтары алысқа кетпеуі үшін.  

Жоюға қойылған зымырандар. Фотоны түсірген Юрий Куйдин

Журналистерге Игорь Чайковский деген подполковникті таныстырды. Жарылыс жасайтын соның қарамағындағы саперлер екен. Бәріміз алыстағы алаңнан қарап тұрдық. Бізден әріректе жоюшы саперлердің бақылау пункті болды. Оған тілшілерді жібермеді.

Жергілікті уақыт 9.00-де 4-5 шақырымдай қашықтағы қарсыдағы таудың бөктерінен қызыл жалын мен қара топырақ аралас үлкен шар пайда болды. Аяқ астымыз дір ете түсті. Қуатты дауысы құлақ тұндырды, ауаның толқыны денемізді серпіді. Аспанда ала бұлт пайда болды. Сәлден соң көңірсіген иіс келді. Біраз уақыттан соң шаң басылып, бұлт тарқап, иіс жоқ болды.

Автобусқа тиеп жарылыстың орнын көруге алып барды. Әскерилер дозиметр арқылы радиация мөлшерін тексерді. Онысы шектен аспаған екен. 6-7 метрлік шұңқыр пайда болыпты. Қатарлап қойылған төрт зымыраннан түк қалмаған. Топыраққа араласып балқып кеткен қалдықтары шашылыпты. Американың әскери бақылаушылары бүтін түскен сынық болмады ма деп біраз жерді шарлады. Қайдан болсын, бәрі балқып кеткен.

Кербұлақ аудандық партия комитетінің хатшысы Нығмет Садуақасова зымырандар жанында. Фото Нығмет Садуақасованың жеке архивінен алынды

– Кейін балқымадан кәде-сый жасап сата бастады. Оны арнайы келген қонақтарға ұсынатын болдық, – деп еске алған Нығмет Садуақасқызы.

Сарыөзекте зымырандарды жою жұмысы екі жылдан артық уақытқа жалғасты. Бұл істі жол ортадан ешкім тоқтата алмады. Жергілікті халықтың наразылық үні Алматыдан аспады.


Оқи отырыңыз: "Менің министрім"


Бес автобус белсенді

Иә, қарсылық танытса, Қазақстан үкіметі емес, халық танытты. Ендігі сөз сол туралы. Біз станса басы мен жарылыс жасалатын жерде көпшіліктің наразы екенін бірден көрдік.

Бір ғажабы, зымырандарды осында жаруға қарсылық білдіргендерге милиция да, аудандық партия комитеті де бөгет болмады. Олардың өзі іштей озбыр шешімге қарсы. Бірақ, қолдарынан келер қайран жоқ. Сондықтан наразы адамдардың жолына бөгет, аузына қақпақ қоймапты. Қазіргі полиция мен жергілікті әкім содан үлгі алса, кәне.

Қарсылық акциясын Камал Әбдірахманов деген азамат бастап жүр. Ол – Қазақстандағы алғашқы "неформалдың" бірі. Қазіргі тілмен үкіметтік емес ұйымның жетекшісі деуге болады. Онда Камал – Талдықорған облыстық "Октябрь туы" газетінің бөлім меңгерушісі. Бірақ, мұнда оқиғаны жазу үшін емес, оған қарсылық білдіру үшін келген. Соңында біраз адамы бар.

Камал Әбдірахмановтың кабиенті Қабанбай батыр заманының заттарына толы. Телехабардан скриншот

1988 жылғы оқиғаның беймәлім қалған астарларын ашу үшін қазір ел астанасының іргесіндегі Қабанбай мазарында шырақшы болып отырған ағаны телефонмен мазаладық. Алдымен наразы топты қалай тауып әкелгенін сұрадық.

– Зымыран жаратын жерге қарсылық білдірушілерді бес автобуспен алып келдік, – деген Камал Әбдірахманов. – Оларды қалай таптық десек, облыстық "Октябрь туы" газетінде "Полигон" деген айдар ашып, бірнеше күн бұрын хабарландыру бергенбіз. Мән-жайды айтып, зымырандарды Жетісуда жаруға қарсы үн қосқысы келетіндерді жиналуға шақырдық.

Бес автобус толатын кісі жиналыпты. Автобусты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Анатолий Жигулин бергізген. Соған қарағанда облыс басшысы жоғарының айтқанын орындап жүрсе де, екінші жағынан бұл шешімге келіспеген сыңайлы. Ал жарылысқа қарсы жұртты жинауға хабарландыру жариялатқан редактор Тұрсын Әбдуәлиев басын бәйгеге тіккені даусыз.

Тұрсын ағаны Кеңес заманында билікке қарсы пікірді қаймықпай жариялаған екі редактордың бірі деп бағаладық. Бірі – ГКЧП шешімін "Иә, бұл – мемлекеттік төңкеріс" деп жазған "Орталық Қазақстан" газетінің редакторы Нұрмахан Оразбеков.    

– Камал аға, сіз бастап барған топта кімдер бар еді?

– Бұл "Жетісу экологиялық серіктестігі" деп аталған бейресми бірлестік болды. Зымырандарды Сарыөзекте жарады деген кезде құрғанбыз. Мені жетекші етіп сайлады. Зауыт жұмысшылары, түрлі мекеме қызметкерлері қосылды. Менің қасымда облыстағы орыс тіліндегі газеттің тілшісі Калмыков болды.

– Бұл топтан ешкімді қуғындамады ма?

– Жоқ. "Жетісу экологиялық серіктестігіне" өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді. Егер халық қарсы шықпаса, Сарыөзекке бұдан көп әрі үлкен зымырандарды жарар ма еді? Дер кезінде қарсы шыққанымызды әлі күнге мақтан етемін.

Міне, Байтұрсын Өмірбектің сары таулар салынған картинасынан туындаған естеліктер. Суретші көп ұзамай туындысын толық аяқтап, көп назарына ұсынар. Қыжыл өмір бойы іште кеткенше кеш болса да, шыққаны дұрыс. Сары таулардың сыры осындай.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары