Альбинаның жазуы
Адам басына түсетін үрейлі апаттың бірі – өрт. Соңғы жылдары қазақ елінде бұл пәле тым көбейіп тұр. Екі рет бес-бес баладан жалмап, ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырды. Алғашқысында, 2019 жылы қысқы боранды күні ел астанасында бес қыз бірдей отқа түсіп қаза тапқанда жаназасына барғанбыз. Туыс емес, таныс емес. Бірақ, мынандай қайғылы жағдайда азамат басыңмен тыныш отыру және мүмкін емес.
Орталықтағы жаңа да жарқыраған, жайлы да биік үйден ештеңе бұйырмаған бес періштенің жарық дүниедегі соңғы мекені қаланың батыс жағындағы алқам-салқам көшедегі жатаған, ескі үйлердің арасында болыпты. Бір үйдің ауласындағы жеке бөлме. Өртеніп кеткен терезеден қарадық. Аумағы ауылдағы әркімнің тауық қорасындай ғана. Баяғы ауыз үй мен төр үй болып бөлінетін қоржын там мынадан жақсы.
Кеңдік бұларға тек аулада бұйырған сияқты. Іргелес қораның қожыр-қожыр қабырғасында Альбинаның балаң жазуы сақталыпты. Ол – өртте қалып шырылдаған бес қыздың үлкені.
Қабырғаға жазу – басқа ешқандай ермек жоқтықтан. Мына ауладан, мына көшеден кішкентай қыздарға ермек табу мүмкін емес. Альбинаның жарық дүниеге қалдырып кеткен жалғыз естелігі жанымызды ауыртқан.
Ел басқармасақ та, қолымызда аз-кем билік тұрса, мына қабырға мен балғын жазуды ескерткіш етіп қаладағы ең көрнекі жерге көшірер едік. Қирамастай, өшпестей етіп әрі көзге алыстан шалынардай мемориалға айналдырар едік. Сұрапыл өрт сабақ болуы үшін. Ел тұрғындарының қасіретті ұмытпауы үшін. Болашақта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін.
Алдын ала алмаппыз. Дәл осынша бала араға қыс салып, 2021 жылы тағы өрттен өлді. Бір үйден, бір бөлмеде. Қаралы оқиғадан соң Жамбыл облысында баяғы ел астанасындағыдай әкімдіктің алашапқыны басталды. Биліктегілер барып жұбатты, көңіл айтты. Ата-анасына жайлы пәтер беріледі, жағдай жасалады десті.
Сол жағдай неге балалардың тірі кезінде жасалмады? Бес балалы отбасы тар, суық жерде тұрғанын, отқа күйіп кетпеуін неге алдын ала ойламайды? Өйткені... өткеннен сабақ алатын ескерткіш жоқ! Біздің елде биліктегілер кеше не болғанын ертең есте сақтамайды.
Міне, Альбинаның жазуын үлкен ескерткішке, бәлкім ел астанасындағы Жоқтау қабырғасына айналдыру қажеттігі осында. "Ел боламын десең – бесігіңді түзе!" Мұны Альбинаның Әуезов атасы айтып кеткен.
Оқи отырыңыз: Электр арба есіңде бар ма?
Латынның жазуы
Мұндай ескерткішті көрдік. Лондоннан. Қасымызда Дүкеш Бәйімбетов, Әліби Маханов сынды азаматтар болған. "Өртке де ескерткіш қояды екен" деп таңданғанбыз. Ондай ескерткіш қойғанның дұрыс екенін енді пайымдап отырмыз.
Сонау 1666 жылы Лондонды алапат жалын жалмайды. Төрт күн өшіру бермей өршіген. 13 мың үй жанып, 70 мың адам баспанасыз қалған. Құрбандардың нақты саны белгісіз. Санау мүмкін болмаған, денелер күл болып кеткен.
Осы өртке биік діңгек орнатыпты. Беріде емес, өрттен бес жылдан соң. Дөңгелек мұнараның ең басы жалынның тілінен аумайды. Өзіне алтын жалатылған. Биіктігі сол кездегі жалынның биіктігімен бірдей деседі. Діңгек 61, 57 метр екенін ескерсеңіз, қандай өрт болғанына денеңіз түршігеді.
Ішінде баспалдақ бар. Ерінбесеңіз 311 басқышты басып, шолу алаңына шығуға болады. Ол жалын іспетті қауашақ басынан сәл төмен. Лондонның ең шеті болмаса да, біраз аймағы көз алдыңызда тұрады. Түнде шығып жұлдыз санаймын дегендерге телескоп қойылған.
Төрт қырлы іргетасқа өрттің қалай шыққаны, оны өшіруге корольдің өзі қатысқаны жазылған. Латын харпімен. Ол кезде елде осы харіп қоданылса керек. Біздегідей, харіп ауысса бәрін қайта жазып шығуға әуестену жоқ. Қалай алғаш таңбаланды, солай сақталады. Тарихты аялау деген осы.
Іргетастың бір қырынан өртті сөндіруге қатысқан Карл ІІ король мен інісінің бейнесін көруге болады. Оларды айнала қаланы қайта салудың символдары: Бостандық, Ғылым мен Сәулет бедерленген. Бұлар әлбетте, образ түрінде.
Ескерткіш ең алдымен отқа абай болуды ескертеді. Бұдан кейін Лондонның мұндай жалынға жұтылмауы содан шығар. Рас, екінші жаһандық соғыс кезінде Германия ұшақтары бомбалағанда шыққан өрттер бар. Ол, әрине, басқа хикая.
Оқи отырыңыз: Қауашақтың ішіндегі қазына
Ақынның жазуы
Сұмдық өрттен бес-бес баладан қаза тапқаннан басқа біздің елде бірді-екілі шығын әр қала, әр ауданда тіркеліп жатыр. 2021 жылы ақпанда адамдарды құтқарамын деп Павлодар облысында өрт сөндірушінің өзі қаза тапты. Бұдан бірер жыл бұрын Алматы облысының Жаркент өңірінде бірнеше өрт сөндіруші мен орманшы таудағы өртпен айқас кезінде ерлікпен өмірден өткен. Тәуелсіздіктен бергі өрт құрбандарын тізер болсақ, бір энциклопедияға жеткендей.
Өрт шығу себебі бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Бастапқысы табиғи жағдайда. Айталық, жазда найзағай ойнап, жай түскенде содан өрт басталады. Мұндай өрт біздің даламызда жыл сайын кездесіп жатады. Елеулі шығын келтіргеніне мысал іздесек, 2019 жылы Испанияның Каталония аймағында найзағай түскен автотұрақта 40 жылжымалы үй жанып кетті.
Жайдың оғынан басқа қырық күн шілдеде күн қатты ысығанда көп жылғы қорда қозданып, соңы өртке айналуы мүмкін. Мұндай жағдай орыс ормандарында болып тұрады. Бірақ, кейінгі жылдары Қытайға ағаш жіберу үшін орманды әдейі өртейді деген әңгіме бар. Көрші елдің прокуратурасы зерттеп, тиісті қорытынды шығарып жатса керек.
Жалмауыз жалынның басталуының екінші себебі – қасақана өртеу. Оның бір мысалы әлі ойымызда. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еді. Алматы қаласынан батысқа қарай тау бөктерімен Шамалған жаққа шығатын жолда Долан деген сай бар. Соның аузында қорықшының үйі тұрды. Арғы жағы заңмен қорғалған аймақ. Үйіне дейінгі жолда көлденең шлагбаум қойылған. "Жабайы аң мен құстың мекені, бөгде адам кіруге, мал жаюға болмайды" деген ескерту жазуы бар.
Біз қорықшы жайында мақала жазуға барып танысқанбыз. Мақаламыз "Егемен Қазақстан" газетіне шықты. Кейіпкеріміз Қажымұқан деген азамат алты-жеті балалы еді. Төмен жақтағы ауылдың адамдары қорық аумағына мал жайғысы келіп, өштесіп алғанын айтқан. Біздің мақаламыз қорықшыны қорғауға арналған. Қорғай алмадық.
Қаскөйлер кешікпей түнделетіп келіп қорықшының ағаш үйіне сырт жағынан жанармай шашып, өртеп жіберген. Сол кезде Қажымұқанның иті тік тұрып, алдыңғы екі аяғымен терезені сабалап, үйдегілерді оятқан. Ұйқыдағы балаларды жетелеп, көтеріп, дереу қашып шыққан. Бастары аман, бірақ киім, дүние-мүлік, құжаттар, балалардың кітаптары, ыдыс-аяқ, тамақ атаулы тегіс жанып, бұлар жалаңаяқ, жалаңбас қалған. Иттің жеті қазынаның бірі екеніне сол жолы көзіміз жеткен.
Екінші рет мақала жазбадық. Енді құр сөзден пайда жоқ еді. Сол кезде Қазақ телевизиясында істейтін белгілі журналист Майра Әбірахманованы операторымен апарып сюжет түсірттік.
Үй қайта салынды. Балаларға киім мен тамақ табылды. Бірақ, осыншама бала ұйықтап жатқан үйдің сыртынан от қойған қаскөйлер табылмады. Заттай айғақ болды. Жанармай әкелген он литрлік темір құтыны сайға лақтырыпты. Оны милиция алып кеткен. Сонымен тәмам.
Қасақана өртеу – жаулық пен қызғаныштан туатыны түсінікті. Мұны кезінде ақын Қадыр Мырза Әли өлеңге айналдырған. "Көне заман көріністері" топтамасында кәрі күндес жас тоқалдың камзолының қалтасына шоқ салып жібереді. Шоқтан киім жанады. Киімі жанған жас әйел қашамын деп өртеніп кетеді. Онымен бірге бүкіл дала өртенеді. Өлеңнің соңы сұрапыл еді:
Күндестердің көзінен от шашырып,
Қызғаныштан өртеніп жатты дала.
Айтпақшы, әлгі Лондондағы атышулы өртті сол кезде бұларға қарсы соғысып жатқан Франция мен Голландияның агенттері тұтатты деген жорамал бар.
Оқи отырыңыз: Швецияға қоқыс шығар
Тағдырдың жазуы
Алайда өрттің көбінің себебі қастандықтан емес, табиғаттағы қолайсыздықтан емес. Көбінесе адамдардың абайламағаны, балалардың білместігі, қауіпсіздік техникасының сақталмауы жалынға жұтылумен тынады.
Ондай өртті де көргенбіз. "Лениншіл жас" газетіне мақала жазғанбыз. Кеңес кезі еді. Жанармай молшылығы. Соған қарамастан шаруашылықтың шофері күнделікті көлік торсығында қалған бензинді қорасындағы бөшкеге жинай берген ғой. 200 литрлік бір бөшкені толтырады. Екіншісін, үшіншісін. Қорада осылай жеті-сегіз бөшке толған.
Бір күні мотоциклмен күйеу баласы келеді. Таудан қой алып келу үшін аз-маз бензин керек. Қорада тұрғанын біледі. Тек қора қараңғы. Жігіт бөшкелердің қайда тұрғанын қараймын деп шырпы тұтатады. Сосын әлі өшпеген шырпыны серпіп тастай салады. Бітті. Бұрын бұл ауыл көрмеген, көрсе соғысқа қатысқан шалдар ғана көрген жарылыс басталды. Сұрапыл өрт шықты. Қора мен үй, үкіметтің машинасы мен күйеу баланың мотоциклі тегіс жанып кеткен. Пәлен сағат бой бермеген өрт сөнгенде жүргізушінің кішкентай жиені жылап жүрді. Сөйтсе оның ойыншық машинасы да өртеніп кетіпті.
Өрт қауіпсіздігіне жауапсыз қараудың біз көрген бір мысалы осындай. Бұл жерде айыпталатын адамдар белгілі. Қорасына сонша жанармайды тыққан қайын ата мен бензин толы бөшкені шырпы жағып іздеген күйеу бала.
Ал қалаларда тар бөлмеде қамаулы қалып өртеніп кеткен балалар үшін кімді кінәлаймыз? Сыртынан жауып кеткен ата-ананы ма? Әрине олар кінәлі. Бірақ, бұған үкіметтің де кінәсі бар. Жұмысқа кеткен ата-аналар неге балаларын сырттан жауып тастайды? Қарайтын ешкім жоқтығынан. Ұры-қарының көптігінен. Біреуге бақтырса, ақысын төлеу керек. Бес балаға тамақ пен киімді зорға тауып бергенде, артық ақша қайда?
Бұрын жас сәбилерді күндіз бағып беретін ясли болатын. Оны мүлде құртты. Балабақшалардың өзін жекешелендіріп, тұрғын үйге айналдырды. Әупірімдеп жекешеленбей қалған немесе жаңадан салынған мемлекеттік балабақшада орын жетпейді. Кез-келген қалада оған кезекті қарасаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Жекеменшік балалар бақшасының ақысы қымбат. Міне, балалардың өртенуінің бірінші себебі қайда жатыр?!
Біздіңше, мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын балабақшаға төленетін ақы бүкіл балаға бірдей болмауы керек. Бір үйден екі бала барса, жеңілдік. Үш бала барса, бәріне тегін. Тіпті жекеменшік балабақшаға баратын болса, ата-анаға оның ақысын мемлекет берсін. Швецияда көргенбіз, жекеменшік мектепке балаңды оқытсаң, ақысын саған үкімет қайтарып береді. Осындай жүйе қазақ еліндегі бірнеше баласы балабақшаға баратын немесе табысы аз ата-аналарға аса қажет.
Сол сияқты спорт залдары мен үйірмелерге мемлекет есебінен жіберуді қолға алу керек. Өйткені, ондай мекеменің бәрі жекешенің қолында. Отбасының табысы ондай шығынды жабуға жетпесе, балалары тегін барсын. Оны төлеуді бюджетке жүктесін.
Сонда ешбір ата-ана баласын сыртынан құлыптап, жұмысқа кетуге мәжбүр болмайды. Міне, нағыз "тыңдайтын үкімет" деген осы деп ойлаймыз. Бізге негізі "тыңдайтын үкімет" қана емес, оқитын үкімет те керек. Ең болмаса Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран" романын оқыған премьер-министр болса. Онда не айтылатын еді?
Бүкіл көштің ең соңына жеткен Ораз-Мұхамед сұлтан жыртық-жыртық үйдегі шүпірлеген бала мен қауқарсыз шалды көреді. Көшке ілесуге дәрмен жоқ, зорға жүрген сорлылар. Қартпен сөйлескен, балалардың жағдайын көрген Ораз-Мұхамед әлгілерге деп мал бөлгізеді. Осындай ілдебайлап келе жатқандарды жинап, жеке, өзге аталармен теңдес ру етеді. Оны кішкене інісі Көшек сұлтанның басқаруына береді. Соның бәрі болашақ әскер де, арқа сүйер айбар да мына жыртық тонның ішінен көздері жәутеңдеген балалар екенін түсінгендіктен.
Жазушының жазғанын оқитын үкімет болса, тура осылай істер еді. Сонда ешбір бала өртке шалдықпай, өресі қиылмай азамат болып шығар еді. Әзірге дабырлап барып, даурығып басылатын қазақ қоғамында баланың өрт ішінде жанып кетуі әдетке айналған. Жазушының жазғанын ескермей, бәрін тағдырдың жазуы деп қабылдау да әдетке айналып кетсе керек.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.