Ұстаз
Әдебиет пәнін әу бастан жақсы оқыдық. Бөлімшедегі сегіз жылдық мектепте Зүбәйла Сәбиханова деген апа сабақ берді. Шағын ауылда бәрі бір-бірімен туысып жатады. Апай – алыс емес, туысқан кісі. Бірақ, сабақта ешбір баланы бауырым, жақыным екен деп есептемейді. Қаққанда қанымызды, сыққанда жанымызды шығарып оқытты. Басқа-басқа, "Абай жолын" оқушыларға тарау-тарауға бөліп беріп, жаттатқанын қайтерсің.
Орта мектепті совхоздың орталығында оқыдық. Үлкен ауылға сыйлы Қарпық Егізбаев деген мұғалім қарсы алды. Қазақ әдебиетінен. Балаларына Мұхтар, Сәбит және Ғабит деп ат қойғанының өзі бұл саланы қаншалықты жақсы білгенін және жақсы көргенін аңғартатын. Сәбиті бізбен кластас болды. Үй тапсырмасын сұрауды содан бастайтын. Білсе – "төрт", білмесе – "екі". Өз баласына өмірі "бес" қоймайтын, ал "екіні" аямайтын мұғалімнен қорықпай көр. Тағы да жақсы оқуға тура келген.
Үшінші саты – университетте қазақ әдебиетін басқа емес, Зейнолла Қабдолов оқытты. Біздің кезімізде профессор, кейін академик болды ғой. Оқытушы ретінде теңдессіз еді. Сабақ бергеннен басқа, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап алдымен "Әдебиет теориясын", кейін "Сөз өнерін" жазды. Ол тұста атын атауға болмайтын, еңбектері қапаста жатқан Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған ілімді жалғастырды. Зекеңнің жақсы көрген шәкіртінің бірі болдық дей аламыз.
Оқи отырыңыз: Айыптылар төлеген "айбана"
Әдебиет
Сол ұстаздар оқытқанындай, әрбір көркем шығармада оқиғаның кіріспесі, өрбуі, дамуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, ақыр аяғында шешімі болады. Мұны Сәбиханова да, Егізбаев та, Қабдолов та соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндірген.
Классикалық кітапта оқиға жаймашуақ басталып, біртіндеп қоюлана түседі. Мінездер айқындалған сайын арасындағы қақтығыс күшеймек, қарым-қатынас артпақ. Әрі қарай үдей түспек. Соңында ешкімді бей-жай қалдырмайтын шиеленіс шықпақ. Ақыр аяғында – шешімі.
Екі кітаптан тұратын "Соңғы көшті" оқыңыз. Авторы Қабдеш Жұмәділов екенін біз айтпасақ та білетін шығарсыз. Жайбарақат қазақ ауылы. Ауып келген орыстың әйелі мен қыздарын тоғайға апарғанына "шайтан шықты" деп, ол жақтан ағаш алуды қойған бейғам ауыл. Осы тірлікке біртіндеп қытайлардың араласуы. Жағдайдың жыл санап асқынуы. Қытай билігінің сұрқиялығы мен сұмдығы. Оқиғаның шарықтау шегі – бұл жақта енді жайлы өмірдің мүмкін еместігі. Шешімі – Қытай қазақтарының Қазақстанға шекараны ашқызып көшіп келуі.
Мағауиннің "Аласапыраны" да солай. Ораз-Мұхаммед тағдыры бастапқыда тым жақсы. Ханның қалғасы. Қазіргі ұғыммен вице-президент. Арасында айта кетсек, Назарбаев мемлекет билігіне келгенде вице-президент қызметі болған. Ерік Асанбаев деген сүйкімді қайраткер қосақ болып дауысқа түскен. Біртіндеп президент қосағын арбаны бірге сүйреуден ысырып тастағаны мәлім.
Тоқтаңыз, әлгі Ораз-Мұхаммед тағдырын түгендеп алайық. Әрі қарай Қазақ хандығының Ібір-Сібірмен байланысы үшін ауылымен Ертіс жаққа көшуі. Аярлық салдарынан орыс қолына түсуі. Москваға жәсір болып жеткізілуі. Ол жақта әже ақылымен бойынан қайта қуат тауып, Хан-Керменнің ханы атануы. Қасымов ханы болып тұрғанда бүкіл Ресейді шарпыған бұлғақтан бойын тыс ұстауы. Осылай шиеленіскен оқиғалардың шарықтау шегі – ақыры қарамағындағы халыққа қауіп төнгенде амалсыз көтерілісшілер жағын таңдауы. Ақырғы шешім – Ораз-Мұхаммед хан опасыздардың қолынан қаза табады.
Қазақ әдебиетіндегі классикалық романның бәрі осы тәсілмен жазылған. Әуезовтен "Абай жолы", Жүнісовтен "Ақан сері", Шерхан Мұртазадан Тұрар Рысқұлов туралы бес том. Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым – Қожа" кітабы да осы классикалық үлгіде екеніне дау жоқ шығар.
Оқи отырыңыз: Дәртесіз арбаның дәрмені
Автор
Әрине, көркем әдебиетте бүкіл тағдырдың қожайыны – автор. Кейіпкерге қатысты не істеймін десе де қолында. Әсіресе финалдық шешімін шығарғанда.
Бұған да көрнекі мысал келтірелік. Дулат Исабековтің "Дермене" повесі. Дәрілік шөп теріп өткізсе, отбасыға табыс түседі екен деп, соған белін буған және жас немересін ертіп алған Тоқсанбай қарт. Басталуы жаймашуақ. Бұларға Омаштың жолығатын кезінен оқиғалар ширыға бастайды. Біртіндеп мәселе шарықтау шегіне шығады. Алаяқ Омаш Тоқсанбай қарт пен немересінің ала жаздай жинаған дерменесін өткізгенмен, оларға көк тиын бермей, ақшадан айырылып қалғанын айтып "концерт" қояды. Мынау ең соңғы жолығудағы Омаштың сықпыты:
"Жағы қарысып, көзі маңдайға шыққан қалпы үнсіз қала берді. Ызалаңсаң екі бүктеп қалтаға салып кете беретін мына қушиған шалдың өзінен мың есе мықты екеніне, жүрсе сықыры естілетін сүйегінің өзінен мың есе таза екеніне қазір ғана көзі жеткендей болды. Және мына шал ақшаның ұрланбағанын, бұл байбалам жігіттің дүниеқоңыз пасықтығынан туғанын сезіп бара жатқанын бұ да байқап, әрі шошына, әрі таңдана тосылып қалған-ды. Онысымен қоймай "үйге жүр" деп қонаққа шақыруы мұны мына бөлмеге тірі көміп кеткенмен бара-бар көрінді".
Автор шешімді басқаша шығаруына болар еді. Милиция қамап жатқан Омаш. Немесе Омашты қарғаған Тоқсанбайдың кемпірі. Ақыр аяғында алақтап келе жатып көліктің астына түсіп өлген алаяқ.
Жоқ, автор ондай шешімнің ешбірін ұсынбады. Ол рухы мықты адам қаруы мен күші мықтыдан басым түсерін Омаштың ойымен дәлелдей салды: "Ызалаңсаң екі бүктеп қалтаға салып кете беретін мына қушиған шалдың өзінен мың есе мықты екеніне, жүрсе сықыры естілетін сүйегінің өзінен мың есе таза екеніне қазір ғана көзі жеткендей болды".
Оқи отырыңыз: Балдыр басқан бастаулар
Тарих
Тұлғалар өзінің шарықтау шегіне шыққаннан кейін оларға қатысты тарихтағы соңғы шешім өзгермек емес. Тарихты бояу талай мәрте болған. Бірақ, ол күн көзіндегі ағаш сәкіні сырлаған сияқты. Жылдар өте келе бояу көшіп, сәкінің өз ағашы қайта шығады. Сондықтан болған жәйт түрлі заманда түрліше бұрмаланғанымен, бәрібір ақиқаты ғана қалады.
Тарихтың соңғы шешіміне мысал жеткілікті. Әрбір адамның өмірі-ақ мысал болмақ. Айталық, Шоқан Уәлихановты алып қараңыз. Ресейдің салтанаты асқан қаласында білім алды. Сондағы менмін деген мықтыларымен дос болды. Патшаға қалтқысыз қызмет етті. Басын бәйгеге тігіп, Қашқарды барлауға барды. Шарықтау шегінде қазіргі Тараз бен Бішкек қалаларының орыстар қолына өтуі үшін генерал Черняевтің жорығына қатысты. Әрі қарай Шымкент, содан соң Өзбекстанның қалалары тұр еді. Осы тұста Шоқан ат басын кері бұрды. Генерал Черняевтің әскери зұлымдығын одан әрі көргісі келмеді.
Соның түйіні қандай? Таза қазақы ауылда жастай өмірден өтті. Тағдырдың бұл шешімін қаламгер де, киногер де өзгерте алмайды. Шоқан туралы жазылған мен түсірілген туындының ешбірі оның өмірін әрі қарай соза алмақ емес.
Кейінгі заман десеңіз, Дінмұхаммед Қонаевты қараңыз. Қаншама сынақтар арқылы қалыптасты. Оған дейін ешбір қазақ жетпеген қызмет биігіне шықты, ешбір қазаққа бұйырмаған үш мәрте Алтын Жұлдыз омырауына тағылды. Шарықтау шегінде оны қызметтен сол Орталық алып тастады. Ал тағдырдың ақырғы шешімін қараңыз: Ақсақал болып халықтың құрметіне бөленді. Аталық батасын беріп, елінің ортасында еркін жүрді.
Оралхан Бөкей ше? Кейіпкерлері ерекше болды. Соларды романтикалық етіп сомдау арқылы шарықтау шегінде өзіне де өзгеше тағдыр тап келді. Ақырғы шешімде жат жерде өмірден өтті. Енді оны өзгерте алмайсың.
Оқи отырыңыз: Қаңғыған оқ пен кезеген оқ
Назарбаев
Қазіргінің ең көрнекі мысалы. Қалай Нұрсұлтан Назарбаев "бәрін қойғанмын, бәрінен кеттім" деді, солай аты аталуы сиреді. 2022 жылдың ақпан айында оның шетелдердегі сарайлары, өзі мен туыстарының тыққан байлығы ғана сөз болып жатыр. Ресми ақпарат құралдары арқылы құлақты сарсылтқан "отыз жыл жеткен жетістіктер" деген тіркес отыз күнде оңай ұмыт болды.
Енді оның өмір жолын классикалық әдеби жанрдың тәсіліне салып көрелік. Дамуы сатылап рет-ретімен жүрді. Өрбу кезінде тіпті, 1991 жылы жарыққа шыққан "Әділеттің ақ жолы" атты кітабы қолдан-қолға түспеді. Біз қызмет еткен "Егемен Қазақстан" сонда "газет ішіндегі кітапша" деген тәсіл тауып, "Әділеттің ақ жолын" бүктеліп, қиылатын етіп басқан.
Сол кітапта мынандай сөйлемдер бар: "Қоғамдық ой ақырында еркіндікке шыққан соңғы жылдары біздің әрқайсымыз бүгінгі жүріп жатқан өзгерістерге, алдымызды байыптаған болжамдарға және өз-өзінен белгілі, бізде кеше не болып еді деген мәселелерге ашық пікір айтуға мүмкіндік алдық. Меніңше, мұның өзі қоғамымыздың сауығуына, әсіресе, егер ол өзінің рухани өмірі тоталитарлық идеялардың тыныс тарылтатын шеңбері тұтқынында қалып қоюын тағы да көргісі келмесе тек табиғи ғана емес, қажетті де құбылыс". Осындағы "соңғы жылдары" дегенді "соңғы апталарда" деп ауыстырып оқыса, бәрі қазіргі қоғамды айна-қатесіз сипаттайды. Қарасаңыз, отыз бір жыл бұрын Назарбаев тоталитарлық идеялардың тыныс тарылтатын шеңберіне қарсы еді. Отыз жылдан соң осы шеңберді өзі жасайтынын болжамаса керек.
Әрі қарай не? Шарықтау шегі және шешімі. Егер Нұрсұлтан Назарбаев екі мерзімдік сайлаудан кейін 2000 жылға қарай қызметті басқаға бергенде, оның тағдырының шарықтау шегі де, шешімі де басқаша болары даусыз. Онда жағымпаздар орнатқызған ескерткіштерін халық көзі тірісінде құлатып тастамас еді. Қайта өздері сондай ескерткіштер болуын талап етер еді. Тағдырының шарықтау шегі – президенттік қызметтен дер кезінде кеткені саналар еді.
Әрі қарай тарихтың әділетті шешімі: Дінмұхаммед Қонаев, Бәйкен Әшімов сынды ардақты ақсақал болып, әрдайым төрде отырар еді. Қандай жиын өткізсе де, халық қолқалап шақырар еді. Түрлі мәселе туындағанда "Нұрекең не дейді" деп сол кісіге құлақ түрер еді.
Өкініштісі, оның бойынан Ресей президенті Борис Ельцин дер кезінде көрсеткен көрегендік байқалмаса керек. Сондықтан тағдырының шарықтау шегі басқаша өрбіді: бүкіл билікті қолдан шығармау, бәрін бір өзі тізгіндеп ұстау. Мұның ақырғы шешімі қалай болғаны байқала бастады. Жоғарыда жазғанымыздай, "отыз жыл жеткен жетістіктер" дегізгені отыз күнде ұмыт қалды.
Оқи отырыңыз: Жазылуы ұзақ жара
Алаң
Адам тұрмақ алаңның тағдыры болады. Ерекшелігі: адам тағдырын өзі таңдаса, алаңның қандай болмағын адамдар шешеді. Сол арқылы оның пайда болу, даму, қарыштау, шиеленісу, шарықтау және ақырғы нүктесі таңбаланбақ.
Бүкіл Қазақстандағы қасіретті, әрі қасиетті алаң Алматыда екені даусыз. Әзірге үшінші атауы – Республика алаңы.
Алғаш Жаңа алаң аталды. Екі жағында ғимараттар, оңтүстік шетіндегі трибуналар қарқынмен салынып жатқанда студент болатынбыз. Алаң алғаш асфальттанған кезде табанымыз тиді. Осында Алматының бүкіл студенттерін Кеңес Одағының көсемі Леонид Брежневтің алдында көрсетілмек театрландырылған қойылымға дайындаған.
Бұл – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында алаңның пайда болуы. Брежнев өлгенде соның аты берілді. Әрі қарай атақты Желтоқсан көтерілісі осында өтті. Бірінші шарықтау шағы еді.
Одан кейін басында шырғалаң басталды. Тасмағамбетов қала әкімі болып тұрғанда, шамасы, жоғарының нұсқауымен шығар, алаң төріндегі қызыл гранит трибуналар құртылды. Ол тарихтың ізін өшіру мақсатында істелді деп ойлаймыз. Әйтпесе, онсыз да сауда орталығы самсаған қалада алаңның астынан сауда орталығын жасаудың ешқандай қисыны жоқ. Азамат ретінде айта кетсек, принципті түрде сол жер асты сауда алаңына бір рет те кірмеппіз. Кірмейміз де.
Естуімізше, сауда орталығы ашылғалы жарытып жұмыс істемесе керек. Қан жібермейтіні хақ. Мазарды бұзғанның, киелі орынға кесір келтіргеннің өсіп-өркендегені жоқ. Түрлі кеселге тап болып жатады. Ал алаң үшін бұл – қасірет, амалсыз оны басынан өткізіпті.
Міне, кезекті шарықтау шегіне шығыпты. Алаңда 1986 жылғы желтоқсан айында қан қасықтап төгілсе, 2022 жылғы қаңтар айында шелектеп шашылды. Кеңес Одағының сұсты әскері келген 1986 жылы қазақ жастарына қарсы күрек пен темір келтек және күзет иттері қолданылса, енді Қазақстан әскері оларға қарсы оқ атты.
Ештеңе мәңгі емес. Үш-төрт күнде ол да тынды. Арғы тағдыры қалай болмақ? Енді алаңның қандай болмағын билік шешпей, халық ұсыныс айтып, бір тоқтамды табуы тиіс деп ойлаймыз.
Өз пікірімізді білдірсек, бұрынғы Фурманов даңғылы жағынан және алаңның өргі бетіне "Қаңтар құрбандары" ескерткіші орнатылуы керек. Ал сауда орталығы мүлде жабылып, онда "Желтоқсан 1986 – Қаңтар 2022" атты мемориалдық музейі ашылса дейміз. Осында орын алған қасіреттерді ұрпақтар қайталамауы үшін. Сабақ алуы, тағзым етуі үшін. Бұл алаңға да, халыққа да тағылымды түйін, соңғы шешім болар.
Әдеби жанр тәсілі арқылы қарасақ, түрлі тағдырларды осылай пайымдайды екенбіз. Алып-қосарыңыз болса, ләппай.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.