Айыптылар төлеген "айбана"

Қазақ қауымы ел ішіндегі ұрлықты қалай тыйған еді?..

Аласапыран дақпыртының астарында

Қаралы, жаралы қаңтар дүрбелеңінің бірнеше бөлігі болды. Көшені кернеген бейбіт шеру, басқару және құқық қорғау органдарына қарақшылық шабуыл, дүкендер мен банктерді тонау, бұйрық түскеннен кейін қарауылға ілінгеннің бәрін ату – төртеуі ию да қию араласып кетті. Көп ғимарат өртелді, тоналды. Бейбіті бар, әскери мен құқық қорғаушысы бар және арнайы даярланған қарақшылары бар әзіргі есепте жүз елуден астам адам оққа ұшты. Аласапыраннан соң бесінші бөлік – абақтыға қамалғандарды аяусыз азаптау бастан өтті.

Ендігісі – құқықтық баға беру. Біртіндеп соттар басталады. Бейбіт шеруде болғандарға тиіспеу керек. Әркім лайықты өмірге хақысы барын айтып көшеге шыға алады. Алматыда кеудесінде төсбелгісі бар депутаттар мен погонында жұлдызы бар полицейлер көкірегінде шері бар адамдарды тыңдады. Жазықсыз түрмеге жабылғандардың туыстарына Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиев "азаматтардың құқығы бұзылмауы керек. Заңсыз қудаланғандарды, ұсталғандарды және соққыға жығылғандарды қорғауға міндеттіміз" деді. Бұл – өте дұрыс пайым.

Ал қару алып атысқаны, ғимаратты қиратқаны дәлелденгендер әрекетіне орай жазаға тартылуы керек. Билікті қарудың күшімен өзгерту – қалай десек те, қазақстандық жол емес. Билікті қарумен хунта өзгертеді. Хунтаға қарсылық жырын жарты ғасыр бұрын оқығанбыз. Мұқағалидан. "Чили – шуағым менің" дастанынан:

Топырақтан, тозаңнан теріп келген,
Бостандығын бер оның өліп көрген!
Қара күшке сенбісің желік берген?
Вольпарамса ілесіп бара жатыр,
Бостандықтың құрбаны – өліктермен.
Өліп көрген, айрылған ерікті елден,
Паблоға, бар болсаң, бостандық бер,
Отанымен қоштассын келіп көрден.

Фото: Информбюро

Құдайға шүкір, хунта орнамады. Бірақ, абақтыға қамалғандарды хунтадағыдай азаптау болғанын жасыру мүмкін емес. Қазақстанға фашистік және сталиндік азап машинасын қайта орнатқандар әрекетіне бүкіл халық наразы. Бұл шөмеленің аман қалған бөлігін өртейтін келесі шырпы сияқты. Қоғамның бұл орайдағы дабылына құлақ түріліп, полицияның бірқатар қызметкерлерінің үстінен іс қозғалыпты.

Ендігісі – дүкен мен банкты қиратып, тонағандардың әрекеті. Оны қалай бағалау керек?


Оқи отырыңыз: Дәртесіз арбаның дәрмені


Алыпсатарлық лайы астында

Дүкендерді тонаудың алғашқы бейнекөріністері қаңтардың бірінші онкүндігінде жария бола бастады. Тіпті, көзәйнегі мен мұрты бізге ұқсас біреуді көргенбіз.

Топшылауымызша, дүкендердің азық-түлік, шаруашылық заттары мен тұрмыстық техникасын сыпырып алудың екі себебі бар. Біріншісі: өзінде жоқтықтан. Бұл – тапшылық.  Екіншісі: пайда табуды көздегендіктен.  Бұл – алыпсатарлық.

Дүрбелеңнен кейін Алматыдағы Мұқағали ескерткішінің түбіне дүкеннен тоналған сақина, жүзіктердің бағасы мен сапасы жазылатын ілеспе қағазды жүздеп тастап кеткен фотоны көрдік. Бір отбасының мүшелерінің саусағы жетпейтіні анық. Алтын заттар мен қымбат дүниелерге нақты қажеттік жоқ емес пе? Ондаған смартфонды құшақтап бара жатқанды көрдік. Бір адам оның бәрін не қылады? Жауап біреу – сату үшін. Сатып пайда қылу үшін.

Отандық идеология "еңбек етіп, күніңді көр" емес, "алыпсатарлық жасап баюға тырыс" дегенге айналып кеткеніне кемінде 25 жыл болыпты. Дүкенді тонағанды ақтайтындар бар. Салыстырып айтады: "Мемлекет басшысы мен туыстары миллиардтап тонағанда ол алған азғана азық-түлікті көріп қалдыңдар ма?" 

2012 жылы Канн кинофестивалінде көрсетілген "Казиноны тонағанда" атты фильмде Брэд Питт ойнаған бас кейіпкер ең соңғы сәтте "Америка деген ел емес, Америка – бизнес" деп тұжырады. Осы тұжырым ХХІ ғасырдың 20 жылындағы Қазақстанға дәл келеді.

Мемлекеттік қызметтің өзі бизнес алқабына айналып кетті. Қызметке пара беріп кіреді де, сол параны еселеп қайтаруға құлшынады. Әркімнің ойлайтыны – ақша табу. Тіпті, табу да емес, ақша жасау.

Иә, күнкөріс үшін ақша керек. Онсыз өмір сүру мүмкін емес. Елде бәріне бірдей ақша табатын жағдай жасалмады. Алғашқылар шеттен тауар әкеліп үстіне пайдасын қосса, кейінгілер оны алып, қайта сатумен айналысты. Адал өнім шығарып жатқандарға оны алып-сататындар мұрын шүйіре қарады. Негізінде өнім шығарушының табысы оны саудалаушы адамның табысынан жоғары болуы керек. Әлемде сондай да, Қазақстанда керісінше.

Фото: Информбюро

Бұрын өндіруші мен алушының арасында бір ғана сатушы тұратын. Қазір кез-келген тауар үшінші алыпсатардан кейін тұтынушының қолына жетсе тәубе. Бір базардан алып, оны екінші базарға баға қосып сату – кәдімгі кәсіпке айналды. Алыпсатарлық ауруын емдеу орнына өкімет оны қоздыра түсті. Өйткені, алыпсатар – жұмыссыз емес, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етуші. Оған жұмыссыз ретінде жәрдемақы төлеп бас ауыртпайсың.

Міне, сол алыпсатарлар базар ұрыларымен бірге Алматы дүкендерін тонаудың көш басында тұрған деп шамалаймыз. Бұрын біреуден алып, сосын саудалайтын тауары ашық-шашық жатса, одан неге пайда көріп қалуға болмасын. Олар қараусыз, қираған дүкендерге лап қойып, бәрін тік көтеріп тиеп кетті. Отыз жыл алыпсатарлыққа жол берілмегенде, оны қолдау орнына тоқтау салып қойғанда бұл көрініске тап болмасымыз анық еді.


Оқи отырыңыз: Балдыр басқан бастаулар


Ар жоқтығының ар жағында

Дүкендерді жылан жалағандай етіп, азық-түлікті ақысыз-пұлсыз көтеріп кеткендерді ақтап жатқандар көп. "Жейтін асқа жарымаса қайтеді" деп. "Күнделікті тамағын несиеге алып жүрді ғой" деп. Біздіңше, олардың да маңдайынан сипауға болмайды.

Егер бейбіт шеруден соң әлдебір қарақшы топ пайда болып, қаланы қиратпаса, бұлар аштан өлетін бе еді? Жоқ. Қара нан мен қара шайға қарын жұбатып жүрген болар, бірақ баяғы 1932 жылғы сияқты нәр татпай бұратылып жатқан ешкім кездеспеген.

Әрине, халықты жұмыссыз еткен, жалақы мөлшерін қадағаламаған, бағаны ауыздықтай алмаған үкіметтің кінәсі үлкен. Оны бірнеше рет жаздық. Бастапқы бейбіт шеру үкіметтің тұрғындар кедейленіп қалғанын көзге ілмеген тасбауырлығынан туындады.

Сөйте тұра кедейлердің өзінен кеткен кемшіліктерді ұмытпайық. Жұмыссыз адам тіркелуі керек. Тиісті мекеме бар. Тіркелген жұмыссыздың аштан өліп қалмауы енді өкіметтің мойнында. Халық байғам биліктен бір зардап шексе, өздерінің заңға қатысты сауатсыздығынан екінші зардап шекті.

Бейбіт митинг кезінде үкіметке жұмыссыз болып тіркелуді оңайлату, әкімдердің әлеуметтік көмекке зәру отбасыларды өздерін жарнамалау үшін пайдаланбай, оларға нақты көмек жасауын талап етсе, жөні бөлек.

Ал дүкенді қиратып, оның ішіндегісін үптеп кету – жоқшылық қыспағына тап болғандар үшін тығырықтан шығар жол емес. Осы жолы тонап кеткені үш айға жетті делік. Ары қарай ше? Тағы бір толқу кезінде дүкендердің қорғаусыз қалуын күте ме?

Байқасаңыз, жергілікті халықтың тұрмысынан бұрын рухани байлығы тым тозып кетті. Осымен ешкім айналыспады. Қадыр Мырза Әлидің:

Кірпіш үйі тұрмыстың сыңғырлап тұр,
Киіз үйі көңілдің шұрық-тесік, –

дегені айна-қатесіз дәл келді.

Қадырдан бұрынғы қазақтың "Кедей байға жетсем дейді, бай құдайға жетсем дейді" деген аталы сөз расқа айналды. Тегін жатқанға тиіспеген, тауып алған затының өзін айналаға үш рет айқайлап барып қолға ұстайтын қасиет тәрк етілді.

Фото: Информбюро

Дәстүрін сақтаған халықтар бар. Еврейлер. Елінде болдық, көп нәрсені көңілге түйдік. Қиналу, қуғын көру жағынан қазақтан кенде болмаса керек. Бірақ, олар біреудің қолынан ұрланған нәрсені сатып та, сыйлыққа да алмайды. Біздегі жиырма смартфонды қорабымен көтеріп шыққандармен салыстырыңыз. Ешкім алмайтынын, еш пайда әкелмейтінін, "рақмет" деген сөзді естуге де жарамайтынын алдын ала білсе, жиырма смартфонды әкетер ме еді?!   

Қазақта "беттің арын белбеуге түйіп" деген ащы мысқыл, теңеу болған. Осылай беттің арын белбеуге түйіп дүкен тауарын талағандарды қайта тәрбиелей аламыз ба? Басты сұрақ – осы.


Оқи отырыңыз: Қаңғыған оқ пен кезеген оқ


Көне жазалардың көлеңкесінде

Отыз жыл бойға сіңірілмегенді енді ақылмен де, нақылмен де қауашаққа құйып беру мүмкін емес. Жалғыз жол – қазекем айтқан "аюға намаз үйреткен – таяқ" қана. Дүкеннен үптеп кеткен затының құнын қазақы жолмен мойнына 27 есе етіп қою керек. Неге нақты 27 есе екенін сәлден соң түсіндіреміз, әзірге қолданыстағы заңда не жазылғанын қарастырайық.

Ұрланған нәрсені сатқан мен сатып алған адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 196-бабы бойынша 160-тан 4000 айлық есептік көрсеткіш аралығында айып салынады. Біреудің мүлкін тонау (қаңтар дүрбелеңі кезінде дүкендерден азық-түлік пен тауар алып кеткендердің көпшілігінің әрекеті осылай қарастырылады) Қылмыстық кодекстің 191-бабына жатады, оған 2000 АЕК-ке дейін айып белгіленген. Ал дүкеннің немесе банктің есігін, әйнегін сындырып, банкоматты бүлдіріп барып тонауға кіріссе, бұл қарақшылық шабуыл ретінде 192-бап бойынша жазаға тартылады. Мұнда айыппен құтылмайды, 3 жылға дейін сотталады.

Халықтың көп бөлігі заң жөнінен хабарсыз дедік. Қандай қылмыстық әрекетке қандай жаза барын үнемі ескертіп отырған жөн. Билік мұны ұзақ жыл ескермеді. Ол азаматтардың наразы пікірлеріне қарсы шараларды бірінші кезекке қойды. Басылымдарды жабу, оппозициялық журналистерді соттау, митингілерге қатысқандарды қудалаумен айналысты. Ұрлық, тонау және жекеменшікке қарақшылық шабуыл әрекеттерінің соттары өткенмен, оған қоғамның назарын аударуды өз міндеті санамады. Ақыры нәтижесін әлем көрді. 

Ертеде ел ішінде ұрлық болмаған. Алпысыншы жылдары-ақ ауыл туралы өлеңінде Қадыр Мырза Әлидің:

Қарлығаш әрбір сенені,
Баспанам дейді кіретін.
Бір үй жоқ мұнда себебі
Есігін жауып жүретін, –

деп өлең жазуы содан.

Неге ұрлық болмады десек, оның жазасы ауыр болған. Мұны Сейіт Кенжеахметов ағамыз мұра етіп қалдырған "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" кітабынан таптық. "Атамұра" баспасы қазақша нұсқасын екі рет шығарды, одан кейін қазақшасын орысша және ағылшынша аудармаларына қосып ықшамдап тағы ұсынды. Содан бір мысал келтірейік:

"АЙБАНА. Ел ішіндегі тентектігі, бұзақылығы, орынсыз әрекеттері, біреуге зәбір бергені, ұрған-соққаны үшін билер соты жаза қолданады. Ал негізгі тіршілігі мен кәсібі малға байланысты болғандықтан мал ұрлығы үшін оған ауыр жаза белгіленеді. Оны халық "айбана" дейді. Айбана тәртібі бойынша мал ұрлаған адам қолға түсіп анықталғанда оған бір бас мал үшін мысалы, бір жылқы үшін алдымен "жанына қосақ", "артына тіркеу" деп тағы екі бас жылқы қосылады. Сонымен үш бас мал болып есептеледі. Бұған дейін Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай біреудің ақ-адал малын алғаны және жөнсіз іс-әрекеті үшін әлгі үш мал тоғызға есептеледі. Сонда ұры 27 бас мал төлеуге міндетті. Бұдан оның бас тартуға құқы жоқ. Қашып та, құтыла да, ақтала да алмайды. Өйткені, "айбана" тәртібі басқа айыптардан ауыр және ол сөзсіз орындалатын дала заңының қатаң түріне жатқызылады".

Фото: Информбюро

Этнограф Сейіт ағамыз солай депті. ХVІІІ ғасыр соңында қазақ даласын зерттеген Николай Рычковтың жазбасы мұны қостайды. Ұрлық қылған адам қолға түсіп, ұлыс басшысының алдына әкелінсе, ұрланған бір жылқы үшін 27 жылқы, бір қой үшін 27 қой төлейтінін жазыпты ол Қазақ ордасында болған сапарынан кейін. Осы қатаң жаза ғана ұрлықты тыйған.

Демек, жоғарыдағы Берік Дүйсенбиев сияқты депутаттарымыз Қылмыстық кодекске қайта оралып, "160-тан 4000-ға дейін АЕК", "2000-ға дейінгі АЕК" сынды соттың көңіл-күйімен белгіленетін әрі тарт, бері тарт жазалардың орнына "ұрланған, тоналған заттың бағасының, малдың басының 27-ге көбейтіндісін төлейді" деген кесімді жаза болуын қарастырғаны жөн. Сонда ұрлықтан әркім қолын тартады, аяғын тияды.

Аталарымыз ол жазаны білместікпен емес, көрегендікпен тағайындаған.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін

Серіктестер жаңалықтары