Тікелей эфир

Балдыр басқан бастаулар

Одан таза су ақпайтыны, ақса да діттеген тұсқа жетпейтіні анық.

Бәрін білетін ауыл

Ағамыз Амангелді марқұм көзі тірісінде жеке малын бақты. Бүкіл ауыл жекешеленген ғой. Ортақ нәрсе тек – мектеп. Өздеріне емес, балаларына. Өздері не той, не жаназада бас қосатын. Бұрын шаруашылықтың бөлімше орталығы болған ауылда күнде той жасала қоймайды, күнде біреу өле бермейді. Сондықтан бастарының қосылуы сирек. Әркім өз қотырын өзі қасиды.

Беріде ол ауылда, керек десеңіз, ковидтен өлген ешкім жоқ деседі. Айтпақшы, ковидтің қатерлі екенін сағат сайын жеткізіп тұратын интернет те жоқ. Орталық телеарналардың Болат Кәкібала, Ержан Жақып сияқты тілшілері ол ауылға интернет қажеттігін бірнеше рет сюжет етіп көрсеткен. Мәсімов, Мамин дегендер үкімет басқарған дәуірде. Мыңқ еткен ешкім болмаған.

Бірақ, неге екенін интернеті жоқ ауылдың адамдары не болғаны тұрмақ, не боларын елден бұрын біліп отыратын. Айталық, "бәріміз президент сайлауында Серікболсын Әбділдинге дауыс береміз, бірақ ол кісі бұл ауылдан азғана дауыс алып шығады" дейтін. Соңында тура солай болатын.

Секеңнің өзі де расын айтып сөйлейтін. "Әй, түбінде бүкіл халық Назарбаевты тірідей шыжғырып жатқанда, соған мен ғана қорғаушы боламын-ау" дейтін. Жарықтық екі-үш жыл тірі жүре тұрса, шынында, солай болғандай екен.

Серікболсын Әбділдин 2019 жылы 31 желтоқсанда дүниеден өтті. Фото qazaqtimes.com сайтынан алынды

Сонымен үкіметтен субсидия, жеңілдік, несие дегеннің ешбірін алмай, жекешелендіруде совхоздан тозған көк трактор мен бөлімше орталығынан ең қиырдағы қыстау тигеніне қанағат қылған ағамыз қара қой мен ақбас сиырын аман өсіріп жатты. Көлденең көмексіз көбейтті. Алыпсатарларға жем бола жүріп күз сайын мал сатты. Сонымен ұл-қызын қатардан кем қылмай оқытты. Малдың еті өтеді-ау, ал тері мен жүнді алушы жоқ. Бала кезімізде желім жасауға тұяғын, сабын шығаруға сүйегін жинайтын еді. Ондай ұқыпты үкімет қазаққа қайта келер ме?

Ағамыздың қанар-қанар жүнді быжылдатып өртегенін, қат-қат теріні жерге көмгенін көзіміз көрді. Аяйтынбыз. Қор болған шикізатты да, маңдай терін өртеп, көміп отырған ағаны да. Мың рет айтылған жанайқай, жүз рет жазылған жағдай ғой. Бірақ, мыңқ еткен өкімет, бір рет шара қолданған билік жоқ. Қайтерсің...  

Хош, ағамыз бір жылы жан-жақтағы балаларын, інілері мен олардың балаларын және жиендерін жаз жайлауы, қыс қыстауы болып отырған Молдажар деген жерге шақырды. Не болып қалды деп елеңдесіп, айтылған уақытта бардық.


Оқи отырыңыз: Қаңғыған оқ пен кезеген оқ


Аядай бұлақтағы асар

Өздеріне 49 жылға жалға берілген таулы-тасты Молдажарда бұлақ бар еді. Ағамыз бастаудың ең басын қоршаған. Ауызсуды қайнардан алады, ал бастаудың бұлақ болып ағып шыққан жағынан сиыр, қой-ешкі, жылқы су ішеді. Біраз аққан соң бұлақты жырып, жеңгеміз шағын бақшаны суғаратын. Картоп, сәбіз, қызылша, пияз, биологша айтсақ, тамыржемістілерді егетін. Сабақтағы помидор, қияр, қауын салуға тау салқын, пісіп үлгермей үсіп кететін.

Малдың аты – мал. Оқыралаған сиыр көзі алақтап қойып кетіп қоршауды сындырады. Кейде шыбындаған жылқы қиратып кіріп, бастаудың ішінде салқындайды. Одан қалса ешкінің өзі қашадан секіріп түсіп, сақалын тұнық суға малып тұрады. Сәл төмендегі арыққа малса, қадірі кетіп қалатын сияқты. Өзінің емес, сақалының. Содан бастау тапталады.   

Малшы ағамыздың бәрімізді жинағаны – асар. Пәлен жылда бастауды балдыр мен батпақ, шөп-шалам мен шым басқан, соны тазалау керек екен. "Бір бастауды аршуға бүкіл туысты шақырғаны несі" деп күлуге болмайды. Бастау сұп-суық. Ішінде таза бес минут тұруға ешкім шыдамайды. Жіліншігің қақсаған не, шекең лезде мұздап кетеді. Өзінің бірнеше қайнары бар. Ағамыздың жалғыз күйі келмепті.

Содан кірістік. Үш адам шымды, лай мен балдырды, құм мен тасты күректеп зембіл мен шелекке саламыз. Үш-төрт адам әудем жер апарып төгеміз. Жеті-сегізіміз осылай бастаудың басын, тағы жеті-сегізіміз оның жылға болып ағатын арнасын тазалаудамыз. Ту қой сойып, жіліктеуге ағамыз өзі кіріскен. Онсыз асар болар ма?!

Күні бойы мұздай суды кезек тілерсектен кешіп, бастауды тазаладық. Түбін тереңдеттік. Қайнар көздерін аршыдық. Су одан сайын бұрқырап шығады. Бастаудан бір жүк машинасындай болатын балдыр, шөп-шалам мен лай төктік. Үш жүз метрге жуық арнасын тазалағанды есептемегенде.

Ту қойдың етін жеп, жеңгейдің жалбыз қосқан шайын ішіп, бір-бірімізді мақтасып қайтып келсек, тұнық та терең бастау айнадай жарқырап жатыр. Үш-төрт тұстағы көзінен бүлк-бүлк шығатын суы қандай! Бастаудан бастала сала сылқ-сылқ аққан бұлақ қандай!

Соны еске алып отырғанымыз – Қазақстан дәл қазір Молдажардағы балдыр мен шөп-шалам басқан бұлақ сияқты. Жабылып тазалау керек. Асарлатып аршу керек. Себебі, елде қанша сала, қандай қатпар бар, соның ешқайсының көзінен таза су сылдырап ағып жатқан жоқ.


Оқи отырыңыз: Жазылуы ұзақ жара


Көзбояушылық көмген көз

Қазақстанды бастауға теңесек, оның қайнарын басып тұрған балдырдың үлкені – көзбояу. Елдің саяси және экономикалық дағдарысқа түсуінің бір сыры осында. Істелмеген жұмысты істелді деп көрсету жаппай әдетке айналды. Әрі көзбояушылықпен айналысқандар жауапқа тартылу тұрмақ, қызмет пен шен жағынан жоғарылап жатты.

Көзбояушылардың жылына екі рет бұрынғы президенттің алдында тікелей телекөпірде рапорт беріп, мақтау естіп ашқызатын зауытынан екі күннен кейін өнім шықпай қалатын. Мысал көп. Алысқа бармай, астана түбінде тікұшақ шығарады деген зауытты алыңыз. Күн панельерін өндіреді деген зауытты алыңыз. Теңгемен миллиардтаған қаржы жұмсалған. Жауап беруге келгенде су аяғын құрдым қылып, бәрі сытылып кеткен.

2016 жыл. Индустрияландыру картасы жобалары таныстырылған телекөпір

Тіпті, Павлодар облысында цехтың жабдығын іргелес Ресейден бір айға жалға әкеліп, телекөпір біткен соң қайта апарып бергенін естідік. Оған ешкім жазаланған жоқ. Жазаланған не, қызметтері одан сайын өсе берген.

Егер президент бірер айдан соң "осы зауытта не істеп жатыр екен" деп аяқ астынан барса, "қуырдақтың көкесі түйе сойғандағының" кері болар еді. Бірақ, ешкім президенттің олай істемейтінін біліп алған. Ол кісіге керегі осы көзбояушылық екенін қапысыз түсінген.

Ертеректе Орал, Қызылорда облыстарын Мұстахим Ықсанов деген тұлға басқарған. Бүгін қайда барарын есік алдына келіп тоқтаған шоферіне ғана айтқан. Сонда қиырдағы егінші, малшы, құрылысшының, жол жасаушының, мұғалімнің не істеп жатқанын, тұрмысы қандай екенін өзі көріп келетін. Содан кейін жиналыста ешкім оған өтірік айтып, көзбояу жасай алмайтын.

Қазір ше? Мемлекет, үкімет басшысы тұрмақ, оның орынбасарлары, тіпті облыс әкімдері қайда барарын алдын ала арысы екі ай, берісі бір апта бұрын хабарлайды. Мына жақ сарғайған шырша мен шөпті жасыл бояумен бояп қояды. Шахмат тақтасындағы тастарын теріс тіксе де, әйтеуір дайындайды. Бар жерлері алдын ала хаттамаға түсірілген. Одан әрі келуші де, бастаушы да қия баспайды. Көзбояу деген осыдан басталады.


Оқи отырыңыз: Жанбаев түсірген жарық


Оқыра тиген отклик

Бастаудың көзін басқан шөп-шаламның бірі – жаппай мақұлдау. Анығында мақұлдату. Бұл Назарбаев дәуірінде шарықтау шегіне жеткен. Әттең, Тоқаев кезеңінде тағы тыйылмай тұр.

Мақұлдату – кезіндегі Коммунистік партиядан қалған мұра. Социализмнің сарқыншағы. Сол тұстағы бұқаралық ақпарат құралдары партияның орталық комитеті мен КСРО Министрлер кеңесінің кез-келген қаулысы шығысымен оны байыбына бармастан қолдай жөнелетін. Бұл жанрдың аты – "отклик", қазақшалағанда – үн қосу. Үн қоспайтындай ақпарат құралдары басшыларының басы екеу емес, жоғарыдан бәрі қадағаланады.

Қазақстанда 1991 жылдың аяғына дейін солай болды. Онда беделді саналатын республикалық газеттің қызметкеріміз ғой, бәрін көзіміз көрді. Тәуелсіздік алған соң бірнеше жыл үкіметтік ақпарат құралдарынан бұлай үн қосу талап етілмеді. Бұл тұрғыдан аздаған еркіндік тиді.

Бірақ, қуаныш ұзаққа созылмады. Қазақстан баспасөзінің үкіметтің астауынан жем жейтін бөлігіне "отклик" қайтып оралды. ХХ ғасыр соңына қарай және журналистердің сорына қарай. Мұның айғағы – Жұматай Сабыржанұлының мақаласы:

"Егемен Қазақстан" газетінің 2000 жылғы көкектің 22-сі күнгі санын көзбен сыпырып келе жатыр едім, кенет қарашығым қадалып қалды: "О, отклик! Сен әлі тірі екенсің ғой". Компартияның кезіндегі тілшілер тірлігінен бейхабар оқырмандарға түсіндіре кетейік, отклик деген... қалай айтсам екен? Баяғыда Брежневтің әрбір кезекті балпылынан соң отыра қалып отклик дайындайтынбыз. Яғни, әркімнің сыртынан пікірін жариялайтынбыз. Сөйлеушілердің мамандығы, жасы, қызметі әртүрлі болуға тиіс: студент, пенсионер, парторг, депутат дегендей. Сонда олар айтатын: "КПСС Орталық Комитетінің бас секретары Леонид Ильич Брежневтің сөзін үлкен қанағаттанарлық сезіммен тыңдадым... Бас секретарьдың көтерген мәселесі өте орынды... бүгінгі күннің ұранына айналуы тиіс... қуаттаймыз... қолдаймыз..." деп. Айтқандай аннотация дегені болады. Онда ұлы Леонид Брежневтің сөйлеген сөзі көпшіліктің көкейін тескені, халықтың мұң-мұқтажын көздеген ойлары баршаның көңілінен шыққаны хабарланатын.

Енді мына "Егемен Қазақстанды" тыңдаңыз: "Республика президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің құқық қорғау органдары қызметкерлерімен өткізген кеңестегі сөйлеген сөзі көпшіліктің көкейін тескен сұрақтарды қозғады. Президенттің ел тағдырына қатысты айтқан, халықтың мұң-мұқтажын көтерген ой-ұсыныстары баршаның көңілінен шыққаны анық". Қалай, ұқсай ма? Апыр-ай, редакция "баршаның көңілінен шыққаны анық" екенін қалай біліп отыр? Тіпті, сол сөзді баршаның естігеніне қалай кепілдік бере алады? Ақтөбелік бір ардагер сөзінің тақырыбы – "Кемшілікті жасырған жоқ". Президент кемшілікті елден неге жасыруы тиіс? "Президент тәртіп мәселесін дер кезінде көтеріп отыр" деген сөз салынды тараздық студенттің аузына. Ал енді, сенат депутаты Қуанышбек Бөлтаев сөзінің тақырыбы – "Ізгілікті қоғамға барар жолданы" көргенде бір әңгіме еске түсті. Газет жұмысынан 30 жыл бойы қол үзіп кеткен бір журналист "Сенімге сай серпін" деген тақырыпты көріп: "Өй, мынау әлі бар екен ғой" депті". Үзіндінің соңы.

Жұматай марқұм осыны жазғалы 20 жылдан асыпты, билікте кім ескерді екен? Назарбаевтың әр жолдауынан кейін оқыра тиген сиырдай жөңкіле жөнелетін откликке тоқтау салатын бір идеолог шықты ма? Жоқ. Есесіне әлгі откликтегі "ізгілікті қоғамға" жетпегенімізді Алматы қырғыны айқын дәлелдеді.

Сонымен Тоқаев жиын өткізіп, баяндама жасағанына екі-үш сағат өте сала үн қосудан, откликтен үзілді-кесілді бас тарту керек. Орынды айтқанын да, артық кеткені мен жетпей жатқан жерін де түгел пайымдап көрсете алатын сарапшыларға ғана орын беру керек. Бірақ, қазір Досым Сәтбаевтан басқа сарапшы атаулы мемлекеттік қызметте. Қарға қарғаның көзін шұқи қойсын ба?


Оқи отырыңыз: Буын, буын бұлқыныс


Шындықты бүркемелеген шым

Қазақстанның бұлағының тағы бір көзін үлкен шым басып жатыр. Оның аты – сынға жол бермеу, сынауға мүмкіндік қалдырмау. Отыз жыл ішінде бұлақтың ағысын тежеген бұл шымның салмағы ауырлағаны соншалық, оны "Жаңа Казақстан" жасауға талпынған Тоқаевтың командасы аударып тастай алар ма екен?! 

Қоғам билікті сынауы керек. Билік сыннан қорықпай, керісінше ескере отырып нәтиже шығаруға ұмтылуы тиіс. Нәтиже шығара алмаса, қолына келмейтінін мойындап, тізгінді басқаларға қалдырғаны ләзім.

Мына жәйт әлі есімізде. 1986 жылы 6 ақпанда, ол кезде февраль деп жазатын едік, Қазақстан Компартиясының ХVІ съезінде үкімет басшысы Назарбаев республика басшысы Қонаевты оңдырмай сынаған. Ұмытпасақ, бұқара халыққа тұрғын үй салу орнына қымбат ғимараттар салынғанын айтты. Сол тұста іске қосылған "Алатау" санаториі сияқтылар болса керек. Бірақ, олардың бірде-бірі Қонаевтың жеке меншігі емес еді. Қайта кейін ондай ғимараттарды бірінші президенттің айналасы оп-оңай жекешендіріп алғаны мәлім.

Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы кезі

Назарбаев сол жолы Қонаевты інісі үшін сынаған. Асқар Меңліахметұлы Ғылым академиясының президенті бола тұра жұмысқа бармай, арақ ішіп қоятынын. Төменнен айтылған мұндай сынға көпшілік риза болған. Ол кездегі Орталық қуанғаннан екі санын шапалақтаған. Хош.

Ал тәуелсіздіктен кейін төменгінің жоғары билікті сынауы мүлде ұмыт болды. Қай үкімет басшысы Назарбаевтың қымбат резиденциялар салғанын батылы барып "Нұр Отанның" съезінде айта алды? Болат Назарбаевтың бүкіл халықтың жағасын ұстатқан қылықтарын қайсы премьер-министр ағасының бетіне басты? Егер Асқар Қонаевтың ғылымдағы жетістіктерін былай қойғанда отбасылық үлгісін Болат Назарбаевпен салыстырсаңыз, жер мен көктей айырмашылықты байқар едіңіз. Бірақ, бұл жөнінде төмен жақ жоғары жаққа бір ауыз сөз айта алды ма?

Бірінші президенттің қайшылығы сонда: өзі төменнен жоғарыны сынау арқылы жақсы бедел жинай алды да, жоғарыға жеткен соң төменнен сынауға ешкімге мүмкіндік бермеді. Билікке кісі сыналу үшін баруы керек. Сыннан қорықса, елді, ұйымды, мекемені басқармай-ақ қойсын. Атамыз  қазақ ежелде "шегірткеден қорыққан егін екпес" деп кеткен.

Сонымен Тоқаевқа шаң жуытпайтын болсақ, одан екінші Назарбаев шығаратынымызды ұмытпау керек. Мұны ең алдымен, оның командасы түсінуі тиіс. Сынау – топтаспай қою емес, одан да жақсы жұмыс істесін деу.

Міне, тізе берсек, бастаудың көзін басқан балдыр, онда ойнақ салған бақа-шаян көп екен. Бүкіл қоғамды саяси асарға шақырмай, Тоқаевқа Қазақстан қайнарын тазалап шығу мүмкін емес-ау деп топшылаймыз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары