Табиғаттың тасқыны
Көктем баршаға үміт сыйлап, ертеңгі берекені бесігіне бөлейді десек те, кейде қатерін ала келеді. Әлбетте, абайламағанға, аңдамағанға. Сондай көктемгі қатердің бірі – су тасқыны.
Оның өзін екіге жіктеуге болады. Біріншісі – табиғи тасқын, екіншісі – техногендік, яғни адам араласқаннан. Табиғаттың топанын көзімізбен көргенбіз. Жетпісінші жылдар ортасында ауылда шопан болып жүргенімізде бірнеше күнгі нөсерден кейін жайшылықта момақан, қой жалдап өтетін Орта Боғас өзені лайсаң дарияға айналып кеткен. Ал екі мыңыншы жылдардың басында ақпан айының ортасы ауғанда тағы сол Тарбағатайда күн күрт жылынып, екі үлкен ауылды топан су басып қалған. Фермер ағамыздың үш-төрт сиырын сайдан гүрілдеп келген сел алып кетіпті.
Табиғи құбылысты кезінде Тайыр Жароков "Тасқын" дастанында жырлаған. Кейін оны дамытып, аяғына жаңа оқиға қосып, "Тасқынға тосқын" деген атпен қайта жариялаған. Мұнда өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Есік көлін үстінен басқан сұрапыл тасқын суреттелетін.
Толқындар ақтарыла асқындады,
Құтырып сай қуалай тасқындады,
Жұрт қашып жағадағы тауға өрмелеп,
Бас қорғай қайықта адам босқындады.
Қайықтығы қыз, аты ұмытпасақ Ая болуы керек, топанда кетіп, сүйген жігіті кейін басқа тасқын – фашистерге тосқын болуға аттанатын. Бір әттеген-айы – осындай дастан арналып, оқиға ел есінде жүргенімен Есікті келесі апаттан қорғау ойластырылмапты.
Алпысыншы жылдар басында екінші рет көлге тау басынан сұрапыл тасқын құйылған. Бұл жолы да нақ қанша адам суға кеткені дәл есептелмеген. Бастапқыда апатты жасырды. Еш ақпарат жарияланбады. Ал бұл жазғы демалыс күні екенін және алматылықтар үшін Есік көліне сағат сайын бірнеше автобус жүргенін ойлағанда, кісі шығыны аз болмаған сияқты.
Оқиға сол кездегі республика үкіметінің басшысы Орталықтан келген үкімет басшысының орынбасарын серуенге ертіп барған кезінде болған. Оны Қонаев ақсақал "Өттің өмір осылай" атты мемуарында сипаттап кеткен.
Содан кейін Алатау бөктеріне селден қорғайтын бөгендер салу қажеттігіне Москваның көзі жетеді. Бастапқыда бұл іспен Одақтық Гидропроект жобалау институтының Қазақ филиалы айналысқан, біраз жылдан соң "Қазақ селден қорғау" мекемесі құрылып, түпкілікті шұғылданды.
Оқи отырыңыз: Әйелдің төрт мезгілі
Айтпақшы, Есіктегі екінші тасқыннан соң жазылған өлең бар. Мұқағалидың қаламынан туған. Шумақтардың ішкі иірімі мида үйіріліп, өз-өзінен жатталып қалған:
Есік-төрім есіткенмін,
Бір сұрапыл өткен деп.
Бесік-көлің, несіптерің
Бұлт боп ұшып кеткен деп.
Табиғи тасқынның үшінші мысалын еңбек ардагері Өмірзақ Әлімбаев айтып берген. Оқиға 1969 жылы 22 наурыз күні Алматы облысы Балқаш ауданы Ақкөл ауылында болған. Онда Өмекең ауылдағы байланыс торабының электр механигі. Іленің сеңі ауылдың төмен тұсына түйіліп, содан көтерілген топан су айналаға қаптайды. Бүкіл ауылды дереу биіктеу деген тұсқа көшіре бастайды.
"Дүние-мүлікті әкетуге уақыт жоқ. Тұрғындарға киініп, құжаттарды алып шығуды тездетіп хабарладық", – дейді байырғы байланысшы.
Топан ауылды жұта бастайды. Елді құмдақ төбеге аттандырып, мұнда шаруашылық директоры, милиция бастығы және байланысшы Өмірзақ үшеуі ғана қалады. Өмірзақтың өз үйі көз алдында құлайды. Айналаны қараса, шеттегі үйдің төбесінде екі бала қалыпты. Оны "С-100" тракторымен алып шығады. Өзен бойындағы көп мал суға кетті. Енді Өмірзаққа ауданмен байланысты қамтамасыз етуге тура келді.
"Қолмен айналдыратын телефон аппаратын көтеріп, бағананың басында шығып алдым, – дейді Өмірзақ ақсақал. – Хабарласқандарға туысы тірі екенін айтып тұрдым. Апаттан кейін ауыл қайта салынды. Ақкөлге ауданда алғаш автоматты телефон стансасы орнатылды. Онда басқа ауылдар әлі коммутатормен байланысатын еді".
Мұның бәрі – табиғи тасқындар. Енді адамдардың жауапсыздығы салдарынан болған, яғни техногендік су апаттарын сөз етеміз.
Оқи отырыңыз: Осылай оралған Наурыз
Жауапсыздық жойқыны
Автокөлік жүргізуді үйреніп жүрген кезіміз. Мектепте бірге оқыған Әділғазы Сәкенов Алматы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының қызметкері еді. Сол Алматыдан сонау Зайсан жақтағы ауылымызға автокөлікпен баруға ұсыныс айтсын. Тоқсаныншы жылдар басы. Көліктің тәуірі "Жигули" ғана. Екі автокөлікпен жолға шықтық. Жиналғанша түс ауды, әрі жол нашар. Кештетіп Талдықорғаннан астық. Ақыры Қызылағаш ауылына келгенде Әділғазы "осында қонамыз" деп шешті. Нағашы жағынан туыстары бар екен. Үйі тура плотинаның түбінде.
Иә, 2010 жылы алапат апатқа себепкер болатын бөгеннің іргесінен санағанда екінші үй екен. Онда аман-есен қонып шықтық. Дәл мына үй кейін қауіпті аймақта қалып, ажал толқыны алдымен алып кетеді деген ой үш ұйықтасақ түске кірген бе?!
Қазақ даласының оңтүстік жағында топан су қаптайтын уақыт наурыз екені белгілі. Қызылағашта тура солай болды. 12 наурызға қараған түні тау өзеніне көлденең тұрғызылған бөген бұзылып, ауыл топан астында қалды. 45 адамның қаза тапқаны анықталды. 50 адам жарақаттанған. Бұл жолы ақын Ғалым Жайлыбай Қызылағаш құрбандарына арнап былай күңіренген:
Жүйкем де жүдеу бүгін, жауыр жаным,
Қайғыдан қара бұлттай ауырладым.
Қараорман қазақ елі қабірге емес –
Жерлейді жүрегіне бауырларын.
Ақын айтқандай, ел болып жерледі, ел болып көмектесті. Республиканың тосын жағдайларға арналған қорынан қаржы мен материал бөлінді. Қызылағаш пен оның төмен жағындағы шағын ауылдан есептегенде 450 үй қираған немесе тұруға жарамсыз болып қалған. Соның бәрін үкімет қалпына келтірді.
Осыншама шығын болмас та еді, егер адамдар ашкөзденбесе. Жеке пайдаларын ойлап, елдің басын бәйгеге тігіп жібермесе. Өйткені, Қызылағаш бөгені мен су қоймасы жекешеленіп кетіпті. Жиналған суды бөген иесі жаз бойы шаруа қожалықтарына сататын. Неғұрлым көп пайда түсуі үшін қоймада су соғұрлым мол болуы керек. Бүкіл есеп – осы. Соңы халықты қырғынға ұшыратарын ойламағандары анық.
Тексеруші органдар, аудандық, облыстық әкімдер ше? Олар мемлекет мүддесін ойламай ма? Ал мемлекет деген – оның халқы. Қазақ елінде билік пен бизнестің қан-жыны араласып кеткелі қашан. Қызылағаш қасіретінің ой салғызатын тұсы осы болар деп пайымдаймыз.
Негізі, ағып жатқан су мен далиып жатқан жерді сатып пайда тапқанға отыз жыл бұрын-ақ тосқауыл қою керек еді. Жерге жеміс өсіріп сатсаң, жөні басқа. Суды әлдебір технологиямен жеті қат топырақ астынан шығарсаң, жөні басқа.
Кезінде үкімет салып қойған плотинаны иемденіп, таудан сарқырап келген өзеннің суын саудалау – Қазақстан билігінің жекешелендіру саясатындағы ең сорақылық көрінісі. Бізге жетпей тұрған Беляевтың фантастикалық романындағыдай "Ауа саудагері" ғана.
Оқи отырыңыз: Жалындағы жазулар
Келесі техногенді топанды қазақ даласы 2020 жылы 1 мамырда басынан өткізді. Оңтүстікте. Мақтаарал өңірінде. Тасқын бұл жолы іргелес елден келді. Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылды.
Топан Қазақстандағы 14 елді мекенді басып қалды. 31 мың адам дереу көшірілді. Мақтасы бар, басқасы бар егілген 3,6 мың гектар танапқа зиян келді. Ол 404 миллион теңге деп есептелді.
Бұл бастапқыда табиғи топанға жатқызылмақ еді. Өйткені, өзбек жағы нөсер жауын жауып, қатты дауыл тұрғанын, содан су қоймасында толқын көтерілгенін көлденең тартты.
Бірақ, Дағдарысты жағдайларды зерттеудің халықаралық орталығы "жауын мен дауыл салдарына" сене алмады. Кешікпей Өзбекстанның бас прокуратурасы "қызметтегі жауапсыздық" және "құрылыс жұмысында қауіпсіздік техникасын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Демек, бұл – еш талассыз техногендік апат.
Ақыры Сардобаның құжат бойынша пайдалануға берілмегені анықталды. Қойма суының жерге сіңуін бақылайтын және төтенше жағдайды хабарлайтын жүйелері жасалмапты.
Дағдарысты жағдайларды зерттеу орталығының сарапшылары Кеңес Одағы кезінде салынған Нүрек су-электр стансасын сынаған тәжірибесін еске салды. Құрылысшылар СЭС-тің оннан бірге кішірейтілген үлгісін жасайды. Айналасына жарылғыш қойып, жерді он балдық деңгейде тітіретеді. Үлгі оған қирамаған соң ғана СЭС-тің өзін салуға кіріседі.
Сардобаның құрылысында мұндай тәжірибе жасалмаған. Әрі бөгенін теміржол құрылысы компаниясы салған. Бұл компанияның оған дейін іске қосқан Ташқұзыр-Байсын-Құмқорған темір жолы іске алғысыз болып, бірнеше рет пойыз апаты болған екен.
Топан судың техногендік себептен пайда болғанының көз алдымыздағы мысалдары осындай. Енді су астында қалып, кейін қайта пайда болған қалашық туралы сөз етелік.
Оқи отырыңыз: Қағынған қағидалар қоғамы
Бүліктің бүлдіргені
Алыстағы Аргентинада билікке ұмтылғандар жасаған бүліктің кесірінен топан астында қалған қалашық Эпекуен деп аталады. Қалашықтың пайда болуы осы аттас көлге тікелей қатысты. Бұл тұзды көлдің адам ағзасына пайдалы екені ХХ ғасыр басында анықталады. Тұзының құрамы біздің Алакөл шамалас. Содан мұнда біртіндеп адамдар демалысқа келе бастайды. Күнге күйіп, тұзды суға түсіп, денсаулықтарын шыңдайды. Иә, суында тері мен буын ауруларын емдейтін минералдар мол екен.
Алдымен жаппай шатыр тігіледі. Одан қалталы біреу курорт салады. Оған қонақ үйлер, сауықтыру орталықтары қосылады. Кафе мен ресторандар ашылады. Тұрғын үйлер көбейеді. Қарап тұрсаңыз, қазіргі Алакөл жағасын еске салғандай. Оған тіпті, қызды-қыздымен теміржол тартады. Жалпы, осындай темір жол түбінде Алакөлдің шығыс жағалауына да керек шығар. Оңтүстік-батыс жағындағы Жалаңашкөл стансасынан тартуды неге ойламасқа?
Хош, Алакөлге атқамінерлеріміз басын ауыртсын, біз Эпекуен шежіресін шерте берейік. Өткен ғасырдың 70-жылдары курортты қалашықтың тұрғындары 5 мыңнан асыпты. Мұнда ауыз су мәселесі туындайды. Көлдің өзі ащы, емге пайдалы болғанымен, суы ішуге жарамайды.
Енді Эпекуен қаласына басқа тұщы көлден арна тарту жұмысы басталады. Бұл жетпісінші жылдардың ортасы еді. Бір күні елде әскери төңкеріс болды. Чилиді шулатқан Оңтүстік Американың атышулы хунтасы Аргентинаға да орнайды.
Біздің ақындар бұл хунтаны жырлап тастаған. Әрине, мадақ емес, қарсылық ретінде.
Тағы да қан, тағы ойран танымалы.
Тағы да дар... тағы кім таңылады?!
Тағы түрме... тағы кім жабылады?!
Кандыбалақ қарақшы қару алып,
Аңырады адамдар, аңырады.
Бостандығын халқының қайтарып бер,
ЬІрза болсын ақынның әруағы!!!
Әлгінде Есік көлін өлеңмен іздеген Мұқағали Мақатаев енді хунтаға қарсы қалам сермеген. Өзімен ниеттес ақын, хунта құрбаны Пабло Неруданың әруағын риза етуге талпынған.
Оқи отырыңыз: Электр арба есіңде бар ма?
Аргентинаға оралсақ, әскери биліктің азаматтық құрылысқа қызығушылығы болмаған. Алайда "хунта қарап отыр" деп табиғат тосылсын ба?! Бас жағы тартылған арнаға су түсіп, ол қала жаққа лықси бастайды. Күн санап жылжып қалаға кіреді. Тұщы су ащы көлге қосылып, деңгейі көтеріледі. Біртіндеп бұрынғы арна үш метр жоғарылайды. Ел Эпекуенді тастап көше бастайды.
Адам шығыны жоқ. Бірақ, экономикаға елеулі зиян келген. Өйткені, қаншама бизнес су астында қалды. Қаншама отбасыға қайтадан баспана мен кәсіп керек. Жыл сайын жазғы маусымда мұнда 100 мыңнан астам турист демалатын. Олардың қалдыратын қаржысы енді арманға айналған.
Он жыл ішінде су деңгейі он метрге көтерілген. Тәп-тәуір қала топан астына кетеді. Оны біреулер "Аргентина Атлантидасы" деп атайды.
Ал енді мына ғажапты қараңыз. Хунта құрып, азаматтық билік қайта орнап, Аргентина даму жолына түскеннен кейін біртіндеп Эпекуенді басқан топан тартылады. Жиырма бес жылдан соң қала үйлерінің шатыры қайтадан көріне бастайды. Жапырақсыз ағаштардың сояу-сояу бұтақтары судан шығады. Ақыры су толық тартылып, адам қолымен емес, табиғаттың дүлейімен қираған қала құрғайды. Тек бәрін тұз басқан.
Қазір Эпекуен курорт, емдеу орталығы ретіндегі мәнін жоғалтқан. Есесіне су астынан шыққан қаланы көруге туристер келе бастаған. Бір кездегі 5 мың тұрғынның орнына мұнда жалғыз қарт тұратын көрінеді. Жүз жасқа жақындаған қария қазақты білмесе де, оның дәстүрін ұстанған сияқты: "осы жерде тудым, осы жерде өлемін" депті. Бәлкім, арғы тегі біздің Алтайдан шыққан үндістің тұқымы шығар. Кім білген?!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.