Жас ақынның жырындағы Наурыз
1988 жылы Алматыда алғаш Наурызды тойлаудан репортаж жазған журналистің біріміз. Оны "Социалистік Қазақстан", беріде "Егемен Қазақстан" атымен танымал еліміздің ең басты газетіне жаздық. Оған дейін қазақ басылымдарының ешқайсында алпыс жыл бойы Наурыз туралы репортаж жарияланбаған.
Ол кезде газеттің редакторы – Көрік Дүйсеев. Кезінде журналист болып, кейін комсомол пен партия қызметіне ыңғайланған адам. Орыс тілінен бірқатар кітаптарды аударғаны бар. Елдің бас газетін басқаруға келісімен редакцияның ежелгі қасаң құрамын жаңартуға тырысқан. Басқар Битанов, Абзал Бөкенов сияқты жастардың ізін ала біз келдік. Тіпті, университетті енді бітіріп жатқан Әміржан Қосанов, Гүлсім Еңсепова сынды түлектерді тілші етіп қабылдаған.
Сол редактор Дүйсеев жас журналистерді кабинетіне шақырып, бірінші рет тойланатын Наурызды жазуға арнайы тапсырма берді. Бұл қандай мереке екенін білетін-білмейтінімізді сұрап, ішкі дайындығымызды тексерді.
Біз ауылда Наурыздың не екенін там-тұмдап көріп өскенбіз. Дабырайтпаса да, әжелеріміз Наурыз көже пісіретін. Ақсақалдар үй-үйді аралайтын. Басқа ойын-сауық түрлері болмағанымен, қары кеткен құрғақ жерде балаларды күрестіретін.
Ұмытып қыс, қиындық, дауыңызды,
Көктемді қарсы алатын ауыл ізгі.
Қарттар бізді қоятын күрестіріп,
Көжесіне тойғызып Наурыздың.
Туған ауыл жайындағы топтама өлеңіміздің бірі осындай. Алматыға арман қуып аттанған кезімізде бойымыздағы ақындық ұшқыны мен сағыныш араласқан соң жазсақ керек. Бірақ жарияға ұсынбадық. Наурыздың еш насихаты жоқ заман ғой.
Алматыға студент болып келісімен, Наурызға арналған әдемі өлеңді оқыдық. Алдымен әлде газетке, әлде альманахқа шыққан топтамадан. Арада бірнеше жылдан соң "Гүлдер айым" кітабына кіріпті.
Наурыз көже пісірер ұжымдасып,
Ұнын тасып, бір үйге тұзын тасып.
Құдай бар-ау, әй қатын, білесің бе,
Мына менің ұлыма қызың ғашық.
Деп қағысып кемпірлер "құдағимен",
Немересін арқалап шығады үйден.
Ұмытады белінің құрысқанын,
Бітпейді ғой бірақ та сірә, күйбең.
Біз кезінде сүйсіне оқыған бұл өлеңді Байбота Серікбаев жазыпты. Беріде ағамыз сойын өзгертіп, Қошым-Ноғай атанды. Шашын сәнді етіп өсіретін ақын жігіт ақырындап ақсақалға айнала бастады. Немерелерін қызықтаған фотоларын әлеуметтік желіден байқап келеміз. Ал жас кезде жазған Наурыз көже туралы өлеңі әлі көкейден өшер емес.
Сонымен редакторға әрбіріміз Наурыздың не екенін білетінімізді айттық. "Онда таңертең осы мерекеден репортаж жазуға барасыңдар" деді. Қалам қайраулы. Ертесінде Алматыда тұңғыш Наурыз мерекесі басталғанда республиканың ең айтулы газетінің сенім артылған үш-төрт жас тілшісі оқиғаның қызу ортасынан табылғанбыз.
Осы тұста қозғай кететін және бір жәйт бар еді. Ол – мына басылымға дейін өзіміз қызмет атқарған жастар газетінің жыл сайын Наурызды тікелей болмаса да, жанама түрде атап өтетіндігі. Енді сол туралы естеліктің тиегін ағытайық.
Оқи отырыңыз: Қағынған қағидалар қоғамы
Жастар газетінің бояуындағы Наурыз
Оқу бітіріп, журналист мамандығын алған соң республикалық жастар газетінде Наурызды байқатпай, бірақ ішкі дайындықпен атап өтудің ортасында жүрдік. Онда басылым "Лениншіл жас" аталады. Қазіргі аты – "Жас Алаш".
Біз қызмет атқарған кезде газет республикалық комсомол ұйымының органы еді. Ал комсомолыңыз – коммунистік партияның ізбасары. Партия болса – дінге қарсы. Жекелеген дәстүр-салтқа кеңшілікпен қарағанымен, дінге келгенде тас-түйін қатал.
Ауылда қой бағып жүргенімізде аудан басқарған азаматтың бір күнде қызметінен, алдағы болашағынан айырылып, қара жұмысшы қатарына қосылғанын көрдік. Айыбы – әкесін жерлеген кезде зират басында қол жайып, бет сипағаны. Соны әлдекім фотоға түсіріп, партияның Орталық комитетіне салып жіберген деседі.
Сондай қатал билік Наурызды діни мейрамның бірі деп санапты. Дінге жаппай шабуыл жасалып, ишан, имам атаулы қуғынға түсіп, мешіттер қиратылған немесе мал қора мен қоймаға айналған кезде Наурызды атап өту де шектелген.
Бірақ Кеңес Одағында, демек оның құрамындағы Қазақстанда Наурызға нақ қашан тыйым салынғанын ешкім анықтай алмады. Орта Азия халықтарының Наурыз мерекесін тоқтату туралы коммунистік партия мен кеңес үкіметінің құжаты әзір архивтерден табылған жоқ. Бәлкім, бұл ауызша әлде телефон арқылы ғана берілген тапсырма болуы мүмкін.
Есесіне оны мереке етудің тарихы тұр. Наурызды мемлекеттік мереке деп жариялаған құжатқа 1920 жылы Түркістан Республикасын Орталық атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған. Бұл республиканың құрамына қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағы да кірген. Кейін Түркістан Республикасын бөлшектеп жеке-жеке етті. Сол тұста Москваның түркі халықтарының бірігуінен қорыққаны даусыз.
Одан Рысқұлов түрлі-айла шарғымен Москвада тұсалып тұрды. Қазақстанды басқаруға атышулы Голощекин 1925 жылы келді. 1926 жылдан Наурызды жыл басы деп мерекелеу пышақ кескендей тоқтады. Жоғарыда жазғанымыздай, тыйымның ресми құжаты еш жерден табылмаған. Тойлауды тоқтатумен қатар Наурыздың мереке екенін айтып-жазған еңбектер жабылды, жойылды.
Сәлем бердік, жас Наурыз, жылдың басы,
Жұрттың күткен мінеки, ықыласы, –
деген Міржақып Дулатұлының жырына екі жерден қара құлып салынғаны түсінікті. Біріншіден, Наурыз айтылып тұр. Екіншіден, Міржақып – "халық жауы".
"Наурыз – діни мереке емес, Орта Азия халықтары оны исламға дейін-ақ жыл басы санаған" деген пікірлер көзден тасаланды. Өйткені, пікір айтушы: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әлихан Бөкейханұлы және басқалары кеңестік цензураның қара тізіміне жазылған.
Қара тізімге бұлардан он жылдан кейін 1937 жылы ілініп, жазықсыз атылып кеткен Бейімбет Майлин Қостанайда "Ауыл" газетін шығарып тұрғанда дін емес, шаруаның жайына көп көңіл бөлген. Сондықтан "Жаңа тілек" атты өлеңінде:
Жыл басы шаруаның Наурыз бүгін,
Арқадан түсіргендей қыстың жүгін, –
деп жазған. Мұнда исламның ешқандай иісі жоқ. Бірақ бұл шығарма кешікпей ақын атымен бірге кеңестік қапаста тұншыққан.
Осындай жағдайда біз қызметке келген "Лениншіл жас" газеті 22 наурыздағы нөмірінің бірінші және төртінші беттерін жасыл бояумен шығаратын. Наурыз мерекесі деп емес, газеттің туған күні ретінде атап өтетін. Сонау 1921 жылы газетті алғаш шығарған қайраткерлердің алғырлығына таңданасың. Жас қайратқа арналған басылымды Наурыз – жыл басына орай шығарғаны қандай көрегендік!
Қазір әр бас редактор газетін қалай бояймын десе, өз еркі. Ал 1980 жылдардың басында газетті бояуға рұқсат сұрап редакторымыз Казақстан Компартиясы Орталық комитетіне хат жолдайтын.
Онда Қазақстандағы республикалық газеттер жылына төрт-бес рет қана түсті бояумен шығатын. Жаңа жылдағы және 8 наурыздағы мерекелік нөмірдің 1,4 беттері көк бояуға боялады. 1 мамыр, 9 мамыр және 7 қараша нөмірінде сыртқы беттер қызыл бояумен басылады. Өйткені, олар – Кеңес Одағында Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ, Жеңіс және Ұлы октябрь революциясының мереке күндері. Сөз арасында қыстыра кетсек, соңғысынан басқасын Қазақстан әлі атап өтеді.
Мерекелік нөмірді бояу үшін баспахана директорына ескертпе хат жіберілетін. Ал 22 наурыз – газеттің туған күнгі нөмірін бояуға баспахана мен редакция өз бетімен бара алмайды. Оған партияның рұқсаты керек. Сол кездегі редактор Сейдахмет Бердіқұловтың қаншалықты жанкешті жағдайда Наурызды атап өтуге тырысқаны осыдан аңғарылар.
Бұл нөмірге дайындық жасалатын. Оған бірнеше жыл қатыстық. Бір арнайы нөмірге "Көктемнің жылдамдығы – күніне 50 шақырым" деп тақырып қойған мақаламыз шыққан. Астарын аңғарсаңыз, Наурыздың қазақ даласының оңтүстігінен солтүстігіне қарай шеруі ғой. Осылай астарлап жастар газеті Ұлыстың ұлы күнін ұмыттырмауға ұмтылған.
Оқи отырыңыз: Әйелдің төрт мезгілі
Авторлар тобының қаламындағы Наурыз
Енді 1988 жылы Алматыдағы алғаш Наурыз тойы туралы репортаж жазатын кездегі ахуалға оралайық. Біз сол жылдың март айының (ай аттарын қаңтардан желтоқсанға дейін қазіргідей қазақшалау Кеңес Одағы құлаған соң жүзеге асты ғой) басында жастар газетінің Орталық Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметінен "Социалистік Қазақстанға" ауысып келгенбіз. Сондықтан бұл өзімізге жүктелген алғашқы маңызды тапсырма десе болғандай.
Ең қызығы – Наурыз тойын жалғыз емес, авторлар тобы жазатынымыз еді. Топта қызметке енді қабылданған жастар ғана. Бәрімізді алғашқы сынаққа салғысы келген редактор Көрік Дүйсеев пен Насихат бөлімінің меңгерушісі Ержұман Смайыл осындай тың шешімге тоқтапты. Бұған дейін дәл мұндай бірлескен ропортаж жазылмаған екен.
Өйткені, тұңғыш Наурыз мерекесі қаланың Гоголь көшесінен басталып, Горький паркінде және қазіргі "Атакент" – ол кездегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде өтеді. Сондықтан біріміз Гоголь көшесі мен парктің бір бөлігін, екіншіміз үлкен парктің келесі бөлігін, үшіншіміз Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін қамтуға тапсырма алдық. Бірақ газетке шығарда әркімнің жазып келгенін топтап, жүйеге жинап, бір мақалаға айналдыру бізге тапсырылды.
Қазақстанға қайта оралған Наурыз бірінші рет қалай тойланып, қандай сипатта өткенін осы репортаждан білуге болады. Оның несін қайталаймыз. Қызыққан оқырман болса, кітапханадағы тігіндіде тұр.
Ал арғы астарларды саралау керек. Бұл Наурыз қалайша қайта оралды? 1926 жылы Голощекин тұсында тоқтатылған бүкілхалықтық мерекеге қазаққа ызбары одан кем болмаған Колбин 1988 жылы неліктен рұқсат берді?
Қазақ халқына қатты саяси қысым жасалған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін алаңда болған жастар сотталып, оқу мен жұмыстан шығарылды да, ақын-жазушылардың, ғалымдардың үлкен бөлігіне байқалатын-байқалмайтын қуғын басталды. Жұбан Молдағалиевтен бастап Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек, қыл-аяғы Мейірхан Ақдәулеттерге дейін кезекті саяси сенімсіз адамдар қатарына жатқызылды. Мамадияр Жақып сынды өте тәртіпті, сауатты журналист республикалық газеттегі жоғары қызметтен аудандық газеттің қара жұмысына төмендетілді.
Негізі, "мыналар саяси сенімсіз" деген тізім болуы керек. Бірақ оны әзірге таппайсың. Осындай ызғарға тап болғандар сақтануға мәжбүр еді. Мәселен, Мағауиннің естелік кітабынан сол тұста архивінің бір бөлігін өз қолымен жойып тастауға мәжбүр болғанын оқыдық.
Бір жарым жылғы осындай репрессиядан соң қазақтарға аз-маз кеңшілік жасау ұйғарылса керек. Өйткені, Қазақстан – одақтың экономикалық маңызды аймағы. Әрі шет ел басылымдарында Желтоқсан оқиғасы үшін Кеңес Одағын айыптаған мақала мен зерттеулер шығып жатты. Оның үстіне мұндай бой көрсету басқа республикаларда жалғасын табатыны белгілі бола бастады.
Оқи отырыңыз: Жалындағы жазулар
Осының бәрін ескере келе билік қазақ зиялы қауымының "Наурыз діни мереке емес, оны тойлауға рұқсат берілуі керек" деген пікіріне құлақ түрді. Колбин бастаған Қазақстан компартиясының Орталық комитеті енді Наурызды тойлауға қарсы болмады. Бұл тұста Орталық комитетте хатшы болған Өзбекәлі Жәнібеков пен Наурыз идеясын Колбиннің алдында көтерген ақын Мұхтар Шахановтың еңбегі ұмыт қалмауы керек.
Рұқсат алынған соң дайындықсыз дереу 1988 жылы 22 наурызда Алматыда Наурыз мерекесі өтті. Оны аяқ астынан ұйымдастыру Алматы қаласының басшылығына әжептәуір сын еді. Қалалық атқару комитеті төрағасының, қазіргі өлшеммен әкімнің мәдени-көпшілік жұмыстарға жауапты орынбасары Жібек Әмірханова бастаған команда бұл сыннан сүрінбеді.
Алматыдағы Наурызда Колбин төбе көрсете қоймады. Бірақ кешікпей Колбинді көрдік. Өзін ғана емес, қызымен бірге. Алматыдағы мерекеден бірер аптадан соң Алматы облысының Жамбыл ауданы Наурыз өткізетін болды. Енді елеулі дайындықпен. Аудандық стадионда өткен мерекені жазуды бізге тапсырған. Бұл жолы топ құрылған жоқ, фототілші екеуіміз барғанбыз.
Колбин мен қызы көпшіліктен оңашалау, әспеттелген орында отырды. Үстілеріне күнқағар шатыр тігілсе керек. Қастарында облыс пен аудан басшылар болған. Бірақ қара-құрым нөкер ермеген. Күзеті де шамалы еді. Үш-төрт оққағар шығар. Олар Колбинге жақындатпауы мүмкін. Ал атып тастаймын немесе бомба жарамын деген біреу шықса, оның қиындығы жоқ еді. Стадионға қазірігідей емес, еш металл анықтағыш қондырғы қойылмаған.
Бірақ қазақ ондай қаныпезер халық емес. Әрі Ұлыстың ұлы күні қандай мейманға болсын төр ұсыну – ата дәстүрі. Жалпы Колбин Қазақстаннан аман кеткен. Ажалы біздің елден болған жоқ. Өзі қаншама жастың ажалына себепкер болса да.
Алғашқы Наурыз дегенде осылар ойға түседі. Келер жылы бұл мереке бұрынғысынан қарқын алып, республиканың әр қала мен ауданында аталып өте бастады. Бергісі жас журналистердің көз алдында.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.