Тікелей эфир

Атам сияқты адам

Жалғыз қолмен отбасын асырап жүрген жігіт жайында

Қол

Шымкент әуежайынан Түркістанға қарай таксиге міндік. Интернет арқылы шақырылған. Біз жақтан: бағыт пен баға. Ана жақтан: автөкөліктің нөмірі мен жүргізушінің телефоны.

Таксиші орта бойлы жігіт екен. Күлімдеп қарсы алды. Костюм салынған сөмкемізді көтермек еді, "ауыр емес" деп оған ыңғай бермедік.

– Жол алыс. Алдымен танысып алған жөн, – дедік.

– Сізді білемін. Тапсырыс бергенде атыңыз бен фотоңыз шыққан. Қайнар Олжай деген журналиссіз. Баяғыда ауруханада жатқанымда "Хабар-2" мен "Хабар" арналарын қарайтынмын. Онда YouTube, WhatsApp деген жоқ. Теледидардан продюсері, сценарий авторы Қайнар Олжай деп күнде шығатын. Серік Абас-Шах аға екеуіңіздің атыңыз содан таныс.

– Сен Бекболатсың ғой. Маған тапсырысты орындаушы деп осындай ат шықты.

– Иә. Тәжиев Бекболат Рахымбайұлы.

Осындай әңгімемен екеуіміз "Камри 40-қа" отырдық.

Шымкент пен Түркістан арасына жолаушы таситын Бекболат Тәжиев

Автомобильді от алдырып жатып, Бекболат бетімізге қараған:

– Қорықпайсыз ба? – деді.

– Неден? – деп таң қалдық.

Ұшақ тоқтаған соң смартфонды қосқанымызда "Шымкент пен Түркістанның арасындағы жолды тұман басып жатыр" деген ақпарат шыққан. Соны ескертпек шығар деп іштей топшыладық. Жоқ, жүргізушінің айтпағы басқа екен.

– Менің бір қолым жоқ қой.

Бастапқыда мүлде мән бермеппіз, жігіттің киімінің жолаушы жақ, яғни оң жеңі бос салбырап тұр екен. Иықтан сәл төменнен.

– Атамыз Олжайдың бір қолы жоқ еді. Жалғыз қолмен ат ерттеп, мініп-түсе беретін. Оның қасында машина жүргізген жеңіл ғой. Түркістанға тарта бер, – дедік.

– Онда дұрыс болды. Әйтпесе, өткенде жолаушы әйел қолы шолақ жүргізуші жіберді деп компанияның шат-шәлекейін шығарды, – деп қойды Бекболат.

– Қол-аяғы сау адамның өзі абайламаса, жол апатын жасайды. Қайта сен сияқты жандар қауіпсіз, абайлап отырады ғой, – деп екі көңілді жұбатқанбыз. Өзіміздің де, жалғыз қол жігіттің де.

Шымкенттің бұрынғыдан ұзап, әрі кеңейіп кеткен көшелерінен шыққанша көз қиығымен байқап отырдық. Автокөлікті асықпай жүргізеді. Әрі "Камридің" қозғағышы автоматты түрде істейтіні оған қолайлы екен. Оңға, солға бұрылыстарда рульді жалғыз қолы қиналмай айналдырады.

– Қолдан қалай айырылдың, содан бастай бер. Біздің атамыз қолын фашистермен соғыста беріп келген. Сенікі қалай болды?

Негізі адамның кемтар болуына үш жағдай себепкер. Бірі – мүгедек болып тууы. Екіншісі – әлдебір аурудың кесірінен. Үшіншісі – оқыс жағдайға тап болудан. Бекболаттыкі соңғысы екен.

Тепсе темір үзетін 25 жаста тұрақты жұмыс таппай жүрген. Бір күні шина зауытының қабырғасын бұзуға шақырған. Әлдебір кәсіпкер кірпішін сатумен шұғылданған. Жалдаған адамдарына күніне үш мың теңге береді екен. 10 жігіт жабылып қиратып жатқанда қабырға құлайды.

– Мені басып қалды. Қол иықтан төмен бөлініп, теріге ғана іліккен екен. Темір тіреу аяғымнан басыпты. Басы әлденеге тіреліп толық салмақпен түстепті. Болмаса қол не, екі аяқтан айырылғандай екенмін, – деген Бекболат өмірін күрт өзгерткен сол оқиғаны еске алып. – Қолым резеңке сияқты созылып жатты. Дәрігерлер "кесіп тастағаннан басқа амал жоқ" деді.

Шымкентте мұндай оқиға жиі болып тұрады. Одан хабардар едік. Экономикалық дағдарыста жылына 3 миллион шина шығарып келген зауыт тоқтап, тонауға түскен. Қаңқиған қабырғасын бұзу талайларды қан қақсатқан.

Осы беріде үш адам шина зауытының қирандысынан қаза тапты. Бес жыл бұрын қорғасын зауытын бұзамын деген дәнекерлеушіні қабырға басып қалған. Денесі бір жарым айдан соң зорға табылған.

– Сот сені жалдаған кәсіпкерден өтемақы өндірді ме? – деп сұрадық.  

– Оған қайда? Еңбек шарты жоқ. Арыз жазсам, оны соттатып жіберуге болар еді, обал ғой дедім...


Оқи отырыңыз: Жанбаев түсірген жарық


Аяқ

Ауруханадан шыққан соң ауылда жүрді. Әрине, арақ ішті. Күйіктен. Болашақ бағдар жоқтығынан. Қасында еш дос қалмағаннан. Қол-аяғы бүтін кезде бірге жүргендер мұның бар екенін ұмытқаннан. Ішімдікке салынып үш жыл өтті. Содан Алматыдағы протез зауытына келеді.

– Сол кезде ой түсті, – деген әңгімені жалғаған Бекболат. – Протез алу үшін келген екі аяғы жоқтарды, екі қолы жоқтарды көрдім. Тәубеме келдім. Менің бар болғаны бір қолым жоқ. Анандай адамдар өмір сүргісі келгенде мен неге түңіліп жүрмін дедім.

Шымкентке оралып, автокөлік жуатын жерде істейді. Бірде мүгедектерді оқыту орталығы барын біледі.

– Егер тәртібің жақсы болса, арақ ішпесең, жата береді екенсің. Осында тұрақтау үшін арақты қойдым. Бір жыл бухгалтер мамандығына оқытты. Екінші жыл іс тігуді үйретті, – деген әрі қарай таксишіміз.

Мүгедектерді оқыту орталығында бұрынырақ оқыған қызбен танысады. Қыз да екінші топтағы мүгедек екен. Бұл бірден ұнатады.

– Оған құда түсіп қойған екен. Өзінен жасы көп үлкен, екі үйі, астында "Опель" машинасы бар, бір аяғы жоқ жігіт ағасы деді. Менде жалғыз шалбардан басқа дым жоқ. Қызға "сені ұнатамын, ал не істейсің" дедім. Анау жігітке ата-аналар құдаласқан соң қыз іштен тынып жүр екен. Менің сөзіме оңды жауап беріп, "саған күйеуге шығамын" деді.

– Келіннің аты кім болды?

– Анаркүл, – деген Бекболат. – Екі жыл пәтер жалдадық. Одан үкімет үй берді. Жер үй, екі бөлме. Бас екеу болған соң мал екеу болып жинала берді. Қазір төрт-бес бөлмелі үлкен үйге айналдырдым.

Бекболат пен Анаркүл

Дәрігерлер әу баста Анаркүлге бір бала табуға ғана рұқсат етіпті. Одан әрі әйелдің денсаулығы жарамайды-мыс. 

– Сонымен бір балаға ризасыңдар ғой?

– Ол не дегеніңіз? – деп күлген Бекболат. – Төрт баламыз бар. Үлкеніміз 14 жаста, одан 11-де, 9-да, ең кішкенеміз әне-міне 7 жасқа толады. Туған күніме шахмат әпер деген.

– Шахматы бізден болсын. Баланың бәрін келін өзі бақты ма?

– Әрине. Ешқашан күтуші деген болған емес. Тамақты өте дәмді жасайды. Кеше бір малдың санын апарғанмын. Жіліктеп етті өзі бұзады. Мен жұмыста боламын ғой.

Төрт баланың үлкенінен басқа үшеуі

Анаркүлге үйленген соң Бекболат автопаркте автобустардың аялдамаға келу уақытын, салонға жолаушылар алу санын бақылаушы болып жұмыс істейді. Бірақ, жыл сайын қыстарту. Әрбір қысқартуда басшыларға "алдымен қолы сауларды қысқарт, соңынан өзім кетемін" дейтін.

– "Өзім кетемінмен" автопаркте он бір жыл бойы жүрдім, – деген Бекболат сөзін жалғастырып. – Ақша жинап бірінші рет "Опель" алдым.

– Анаркүлге алғаш құда түсетін жігіттің жағдайына он бір жылда сен де жетіпсің, шүкір, – дедік бұл әңгімені қызыға тыңдап.

Жыл санап тұрмысы түзелгенін "Опельден" ескілеу "Мерседеске", одан ескі "Камриге", одан жаңалау "КИА-ға" жетіп, ақыры қазіргі "Камри-40" мініп жүргені дәлелдейді. Өзінің айтуынша, тоғыз жылда сегіз рет автомобиль ауыстырған.

– Соның бәрімен жеке такси болдың ба?

– Иә. Бірінші "Опельді" алған соң автопаркке рахмет айтып, жұмыстан шықтым, – деді Бекболат. – Өз отбасымды такси арқылы асыруға көштім. Бес жыл қаланың ішінде жүрдім. Кейінгі төрт жылда тек қалааралық сапарға шығамын. Жазда бір жағы Қызылордаға, екінші жағы Алматыға жолаушы апарамын. Қыста осылай Шымкент пен Түркістан арасында жүремін. Қазақ "қимылдасаң, қыр асасың" демей ме.

Осы тұста Бекболаттың автокөлік жүргізгені ғана емес, сөйлеген сөзі де ұнап кетті. "Қимылдасаң, қыр асасың" деген мақал анау-мынау журналистің аузына түсе бермейді.

Екі рет Шымкенттен Ақтөбеге дейін такси болып барыпты. Ұзақ жол шаршататын болған соң енді ол жаққа бармайды. "Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деген. Бұл – бір минутта аузынан шыққан екінші мақал.

– Өзің мақалға мықты екенсің, – деп қойдық.

– Енді ше! Баяғыда "Хабар-2" арнасынан "Мың бір мақал" деген бағдарламаны үзбей көретінмін.

Бұл – Бекболаттың жауабы. Біз іштей риза болып қалдық. Бағдарламаның титрында "сценарий авторы және продюсері Қайнар Олжай" деп тұратын. 


Оқи отырыңыз: Буын, буын бұлқыныс


Жүрек

Батыс Қытай – Шығыс Еуропа автожолының Қазақстанның оңтүстігіндегі бөлігімен әлі жүріп келеміз. Біраз уақыттан соң Түркістанның төбесі көрінбек.

– Мына "40-Камриге" қалай қолың жетті? Толық төлеп алдың ба? Әлде қарызың бар ма? – деп сұрадық. 

– "КИА Рионы" 3 миллион 800 мыңға саттым. 1 миллион теңге КИА-ның қарызы еді. Соны құйдым. 1 миллион 200 мыңды бала-шағаға жарат деп Анаркүлге ұстаттым. 1 миллион 600 мыңды мына "Камри" үшін бердім. Автомобиль 5 жарым миллион теңге тұрды. 3 миллион 900 мыңды банктен несиеге алдым. Оның үстіне пайызы бар. Сонда бұл маған 7 миллион теңгеден әріге түсіп тұр. Ай сайын 145 мыңнан жауып келемін.    

"Бала-шағаға жарат" дегенде ұл-қызы мектептен тыс уақытта спортпен айналысады, үйірмелерге барып тіл үйренеді екен. Соның бәрі ақылы. Үлкені боксшы болмақ. Күнделікті жаттығуға барады. Өткенде жарыстан бірінші орын алыпты. Бесінші кластағы баласы мүсін жасау мен сурет салуға бейім. Не салса да, тура айнытпай шығарады екен.

– Әкем ұста болған еді. Созақтың Сызған деген ауылында бәрі білетін, – дейді Бекболат. – Балама атасының өнері қонған сияқты.  

Жолда келе жатып айдаладағы үкіметке ренжідік. Спортшы, өнерлі балалардың жаттығуын тегін етуге болмай ма, осы?

– Сонымен 145 мыңды айына банкке бересің, Бекболат. Өзіңде қанша қалады? – деп білмек болдық.

– Бұдан басқа тағы несием бар, – деді ол жайбарақат.

– Ол не қылған несие?

– Алданып қала беремін. Жас балаға алдандым. Аузым піспейді, енді қасқыр болдым десем де алдана беремін, – деген бұл әңгімені әріден қозғап. Сосын өзін жұбатып қойды. – Құдай пейілді тарылтпаса болды.

Сөйтсе мынадай жағдайға тап болған. Д. деген жас жігіт мұны ағалап жүреді. Бұл "үлкен балам бол" деп үйіне кіргізеді. Күнделікті осында ұйықтап, тамақ ішетін. Сауда жасаймын деген соң тауар алуға 270 мың теңге береді. Бұл Бекболаттың екінші топтағы мүгедектігін анықтайтын комиссияға дайындаған қаржысы еді.

– Ақша бермесең, комиссия дұрыс өткізбейді..., – деп қынжылды.

О Құдай, қолы жоқ екені көрініп тұр. Сонда да ақша төлеуі керек. Қайтерсің!

Әңгімені жалғады. Әлгі Д.-ның астында автомашина болыпты. Бекболатқа жолығудан бұрын біреуден күніне 4 мың теңгеге жалға автомашина алып, оған қарызы миллион теңгеден асып кеткені кейін анықталған. Бұл да ештеңе емес.

– Бір күні "мен сізге басқа банктен ақша аудардым. Өзім жолда келе жатыр едім. Соны ала салыңызшы. Маған жолдан келген соң бересіз" деді. Иә, ақша түсіпті. Оны алдым да апарып бердім. Сөйтсем өзім банктен несие алып, соны апарып берген екенмін. Оны білмеймін ғой. Бәрін сыртымнан рәсімдеп тастапты, – деп Бекболат рахаттана күлсін.

Иә, күлді. Таң қалдық. Басқа біреу мұндай әңгімені кіжініп, "енді қолыма түссе, әкесін танытар едім" деп ашуланып айтар еді. Мынау жайбарақат.

– Біздің атамыз ауылда карта ойнағанда құрдас шалдарынан алданып қалатын. Әжеміздің шыр-пыры шығып жүретін, – деп амалсыз оған бір серік тауып берген болдық.

Несиенің үстіне дер кезінде жаппаған айып қосылып, 100 мың теңгеден асқанда Бекболат Тәжиевке банктен қағаз келген. Бұл ондай несие алмағанын айтып шыр-пыр болады. Камераға барып тексерсе, банктен ақшаны бұл алған. Өзі інім деп келген жігіт тақырға отырғызғанын сонда бір-ақ білді.

Алаяқтардың мәңгі жолы бола бермесі анық. Ол жігіт бәрібір бұған қатыссыз басқа жағдаймен істі болды, сотталыпты. Бірақ, Бекболат оның үстінен еш арыз жазбады. Банктегі қарызды ай сайын жауып келеді. Екінші несие – соның қалдығы.

Бекболат пен автор Түркістанда

Сонымен пәле-жалаға ұшырамай Түркістанға жеткізді. "Асықпасаң бірге түстеніп алайық" дедік. Түстенер алдында фотоға түстік. Ол WhatsApp арқылы келіннің және балаларының фотосын алғызды.

Тура ас ішіп болғанымызда, оған Шымкентке қарай баратын жолаушы табылды. "Жолың болсын" деп атамыз сияқты адамның сыртынан ұзақ қарап тұрдық. Қимастықпен.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары