Шырғалаң болған шығармашылық өмірбаян

Шығармашылық өмірбаян мен жеке адамның өмір жолының хронологиясы көрсетілетін ресми құжаттың арасын әбден шатастырып жібердік.

Негізінен осы өмірбаян атаулының адам өмірі мен қызметі жайында баяндайтын ресми, қоғамдық өмірмен байланыстырылатын мемуарлық һәм көркем түрде үшінші жақтан айтылатын 3 түрі белгілі. Осының үшеуінде де дәстүрлі әнші, күйші, жыршы шығармашылығы үшін пайдаланылуы тиіс шығармашылық өмірбаян жайы айтылмайды, айтылса да, соның маңызына ешкім көп аса мән бермей келеді. Өйткені, өмірбаян десе, кім-кімнің де ойына алдымен аталмыш 3 түрдің ішіндегі алғашқы сықиған форма оралады да, қай жылы, қай жерде, қашан, кімнен туғанының мәселесі күйттеле бастайды. Әйтеуір тек неге туғаны ғаны күйттелмейді, қалғанының бәрі айтылады.

Иә, ресми өмірбаян үшін ол қажет шығар. Бірақ, біреудің шығармашылығы жайында мақала жазып, жан-жақты талдап, таразылау үшін қай әкімнен мақтау қағаз, қандай атақ, медаль, орден алғаны, қай конкурста кімнің бас жүлде алып беруге ықпал жасағаны жайында ресми баяндайтын көкезу өмірбаянның құны көк тиын.

Шығармашылық өмірбаянға қалып алған аталмыш өмірбаяндар қатарындағы 3-түр келіңкірейді. Бірақ, әнші, күйші, жыршының өмірбаянын таңбалау үшін оның да әлі келмейтін, өресі жетпейтін жері көп. Мен айтып отырған айтушы мен орындаушы типтердің өмірбаяны солардың айтатын, орындайтын, репертуарында бар шығармалардың тізімі, соның мазмұны мен көлемі арқылы өлшенеді һәм солай болуы тиіс. Айтпақшы, бұл жүйенің ақын, жазушы, театр актерлеріне де көп жағдайда қатысы бар, бірақ сәл өзгешелеу түрде. Бүгінгі сахна талабы бойынша әнші, күйші, жыршы өзі білетін, өзгеден ерекше орындай алатын бірнеше шығарманы жылдар бойы, тіпті өмірінің соңына дейін орындай беруі мүмкін.


Оқи отырыңыз: Төрегелді Шарманов: Қоғам дертінің бірі – өнер қайраткерлері, шен-шекпенділердің кітап жазғыштығы


Бұл баяғы сол "Айта, айта "Алтайды", Жамал апам қартайды" деген езу тартарға айтылып жүрген қасіретті жайтты еске түсіреді. Репертуарында 200-ге тарта ән бар Қалампыр Рахимовадан сахнаға орындау үшін 3-4 әннің таңдап алынып, қалғанына қол сілтей салды жасалуының өзі сұмдық емес пе? Ал Жәнібек Кәрменов орындаған 300 әннен 30 ән ғана жазып қалуы ше? Бүгінгі 400-ден аса ән айтатын Еркін Шүкімән репертуарымен бірде-бір ғылыми мекеменің шаруасы жоқтығын қандай себептермен түсіндіре аламыз? Сонда қазақ руханиятының дамуы мен тоқырауын қалай байыптағымыз келіп жүр?

Әлгі, бір адамның атқаруында қайта-қайта орындалатын бірнеше шығарма радио мен телевидение мұрағатында сол қалпы, өзгеріссіз сақталады. Әрине, солардың өзін салыстыра, салғастыра тыңдап отырсаңыз, ешқандай айтушы мен орындаушы репертуарындағы шығарманы еш уақытта сол қалпында, айна-қатесіз орындамайтынына және олай етіп орындап бере алмайтынына көз жеткізген болар едіңіз. Бұл тәсілді қаперге тұту әсіресе дәстүрлі ән, күй, терме, жырдың өткенін болжап, болашағын бағамдау үшін өте маңызды.

Сахналастары арасындағы лақабы бойынша "Балқаймақ" атанып кеткен халық артисі Әзидолла Есқалиев ағамыз саналы ғұмырында аталмыш күйді қанша рет қайталап ойнағанын жалғыз Алланың өзі білсін. Бүгінде тіпті сол Әзекең содан басқа күй тартпағандай, өзге күйлерді білмегендей әсер қалдырады. Бірақ, шындығында олай емес қой.

Бұл тек бір Әзекең ғана емес, кешегі қазақ-совет һәм қазіргі егемен Қазақстанның сахна мәдениетіндегі талайлардың талайсыз шығармашылық өмірбаянына қатысты қозғалуы тиіс әрі өте ойланарлық мәселе.


Оқи отырыңыз: Қорқытта күй жоқ па әлде бізде оған деген құрмет-сый жоқ па?


Бұл жағынан ең бақытты дерлік орындаушы Арқа әнінің ақтангері, бүгінгі таңдағы ардагері Қайрат Байбосынов. Мына мәлімет нақты болса, оның орындауынан 400-ге тарта (мүмкін аса) ән таспаланыпты. Міне, мен айтып отырған типтер өмірбаяны ең болмағанда осылай жасалуы, һәм жасақталуы тиіс. Өйткені, қай өнерпазды болсын тек репертуары арқылы ғана бағалау керек. Қайрекеңді тілге тиек еткенде кешегі кезеңдерде орындауынан әрі кеткенде 20 шақты ән, күй, терме таспаланған қайран қазыналы қара шалдар еске түседі. Қандай қиянат десеңші, білгенін өзімен бірге ала кетіп, қара жердің астында шіріту – нағыз қасірет. Әрине, оған ол тарланбоздардың титтей де қатысы жоқ болатын, бәрі де сол ғылымсыз жүргізілген көзсіз көбелектей жүйенің сан соқтырып отырған салдары.

Қай кезде де шығармашылық өмірбаян белгілі бір ғылыми жүйе арқылы таңбалануы тиіс болатын. Біздің қазақылыққа шырмалғанымыз сонша, оның үдесінен әлі шыға алмай келе жатырмыз. Мысалы, жоғарыда айтылған, "репертуары барынша толық таңбаланды" деп жүрген Қайрат Байбосыновтың шығармашылығында да кейін көп адамды өкіндіретін олқы тұстар жетіп артылады.

Ол қандай тұстар дейтін болсаңыз, Еуропада әлдеқашан жетілген, алайда белгілі бір себептермен бізге жетпеген, жетсе де жеріне дейін жеткізілмеген жетік ғылыми тәсіл бойынша Байбосынов орындаған әндердің араға жылдар аралатып айтылған кемі 3 нұсқасы таңбаланып қалу керек еді. Сол баяғы әкімгершілік тәртіп, сахна талабы мен халықтың қалауы бойынша Қайрат орындаған "Қызыл асық", "Ағаш аяқ", "Юран-ай", тағы басқа сахна мен тыңдаушы талап еткендіктен тұрақты айтылған бірнеше әннің ондаған нұсқасы жазылып қалуы мүмкін. Өйткені, ол гастрольге де, сахнаға да көп шықты ғой. Есесіне, оның сахнада мүлдем орындамаған, тек қана жалғыз мәрте радиоға жаздырған әндерінің тағдыры жайында кейін не деуге болады?

Бір айтушының орындауындағы ән, күй, терме, жырдың дыбыс таспасына таңбаланған бірнеше нұсқасы болмаса, ол жайында ғылыми пікір айтып, талдап-таразылау, салыстырып, салғастыру тіпті мүмкін емес. Қалған әрекеттің бәрі бос санамалап шығу болды. Осындай салғырттық салдарынан қазақ фольклортану, музыкатану ғылымы талай қазынасынан айырылды, қазыналы өнерпаздарын өз деңгейінде бағалай алмады.


Оқи отырыңыз: "Қыз Жібек" лиро-эпосындағы сән-салтанат көріністері


Оны айтасыз, осы ән, күй, термені сіз білетін жеткізушіден басқа кім орындады, ол кімнен үйренді, үйретуші кімнен алды, одан алған үйренушілер арасында қандай орындаушылық ортақ тұстар мен айырмашылықтар бар, олардың айтуында қайталама нұсқа жазбалар сақталған ба? Міне, осы тұрғыдан келгенде "бақытты әнші" саналатын Қайрекеңнің де әншілік, шығармашылық өмірбаяны қазіргі жетілген ғылымның талап-тілектеріне толық жауап бере алмай қалуы мүмкін екені өкінішті, әрине.

Егер қазақтың Қайратының соңындағы рухани қазынаның таңбалану күйінде осындай мүшкілдік болса, онда сенің жағдайың қалай, бүгінгінің әнші, күйші, жыршылары? Мен өзімнің көп жылғы көз майын жұмсаған ғылыми еңбегімде осы мәселелердің жігін ажыратып, бастан жақ айырып талдап берген едім. Әнші, күйші, жыршы демей, методикасы мен методологиясын қай салада болсын ортақ пайдалана беруге ыңғайлы бұл әмбебап еңбектің мен тек шығармашылық өмірбаянға қатысты бір тетігін айтып отырмын.

Ең қызығы, ғылыми түйткілдің, әрі қарай терең талдаудың, жүйелі жұмыс жүргізіп, оң қорытындыларға қол жеткізудің бәрі де сол шығармашылық өмірбаян жүйелеу арқылы репертуар тақтау мен соны дер кезінде хаттаудың елеусіз тұсынан басталады. Әрине, былайынша адамдарды айтпағанда, мамандардың өзі бұған мән бермей өте беруге бейіл. Бірақ, мәселенің маңызы тап осы жерде екенін түсінбейінше біздің бұл саладағы жүргізіліп жатқан жеміссіз әрекеттерден қайыр күтуге болмайды.


Оқи отырыңыз: Оқшы батыр туралы тарихи деректер әлі күнге дейін зерделенбей жатыр


Осы қатарды толықтыра түсетін шығармашылық өмірбаян жасақтаудың шарттары толық орындалмайынша, бұл саладағы ғылым да, оның нысаны болып табылатын орындаушы, айтушының өнері де толық танылмаған һәм танылмайтын, соның салдарынан қыр-сыры ашылмаған жарымжан күйінде қала бермек.

Сол үшін, өзгені қойшы, ең болмаса өзіңе, өз бойыңдағы өнерге жаның ашыса, менің айтқан бұл тіректі ойымды басыңдағы бөркіңдей білуге болады. Бізді оқуға намыстансаңыз немесе ішкі эгоңыз жібермесе, онда қарқарасы қазандай Еуропа мен орыстың дәулеріне ықылас аударыңыз, қалай болғанда да, шығармашылық өмірбаяныңды ғылыми бағытқа негіздемей мүдделі мақсатқа жету мүмкін емес. Онсыз қазіргілердің қай-қайсы да бойындағы өнерді бекер баптап, босқа алып жүргені, соның жолында жұмсалған мына саналы ғұмырдың да бекер өткені.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін

Поделиться:

informburo.kz в Telegram:

читайте только самые важные и актуальные материалы

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары