Тікелей эфир

Қорқытта күй жоқ па әлде бізде оған деген құрмет-сый жоқ па?

Кейінгі кезде Қорқыттың күй мұрасын мансұқтап, күмәнмен қарайтын, бар деп жүрген шығармаларының өзін Ықыласқа телитін бір бөлек көзқарас пайда болды.

Әрине, ғылымда, ғалымдар арасында ой ымыраластығы мен қайшылығы болған және бұл бола беретін үдеріс. Өзіңе дейінгі ғалымдар тобының тұжырымдамасын бұзып, оны өз ойыңа шақтап қайта дәлелдеу де оңай шаруа емес, әрі өз алдына үлкен мәселе. Қалай дегенде де lХ-ХIХ ғасырлар арасындағы 1000 жылдан аса уақыт кеңістігінде ерекше айырым белгі мен музыкалық заңдылыққа негізделген бір кертенің болуы заңды.

Қорқыт күйлерінің Сыр бойындағы нұсқаларын сақтап, жеткізген Есақай, Адасқақ бақсылардың шәкірті соқыр қобызшы Смайыл (Нышан) Шәменов орындап, үнтаспалап кеткен Қорқыт шығармалары (Арқа мер Сарысу қобызшылары қалдырған айғақ өз алдына), Нышанның жасында тарқаны мен қолынан әбден әл кеткен, қарылық жеңген шағының маңызды факторы да "әрі тарт, бері отырға" салынбай, осы кезеңнің уақиғаларына ой білдірген барша ғалымдар пікірін бір-бірімен беттестіре отырып сауатты әрі обьективті зерделенуі тиіс.

Біздегі қалып алған бір жаман әдет – көпаса ғылыми әдеп сақтала бермейтіндіктен, ғылымдағы қайшылықтар мен оның күрделі мәселесі әбден шектен шыға келе жеке бастың араздығына ұласып, оның ақыры жік-жікке бөлініп бет жыртысуға дейін барып жатады. Ғылымның мәселесі "Айттым – болды, кестім – біттімен" тізгін тартпайтынын үнемі есте сақтау қажет. Қарсыластың пікіріне құрметпен қарау да тек ғалымға тән қасиет.

Мені таңғалдырғаны әрі таңғалдыра беретін бір жайт бұл тараптағы біздің музыкатанушы кәсіби мамандардың "Ішің білсін, Алуа-ай", "Қай жеңгенің менікі", "Маған салсаң, бірің өліп, бірің қал", "Күл болмасаң бұл бол", "Сен тимесең мен тимен, бадырақ көз", "Моя хата с краю" деген ойды айтпай танытатын үнсіздігі. Әдетте мұндай үнсіздік атаулының шашақты екі ұшы болушы еді.

Алғашқысы, шынымен де ақиқат айтылғанда ешкім тырп ете алмайды да, сол кезде үңірейген үлкен үнсіздік пайда болады.

Екіншісі, біреу бүйректен сирақ шығарып, "Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа" деп сілтей салған кезде, "Е, соны қойшы, оның өзі не, айтып жүрген сөзі не?" деген "қоя сал" пиғылмен қасақана жасалатын немесе шынымен де әлгінің ойын ұжымды түрде мансұқтап, бастамашыны тірілей таптап жіберетін сұмдық тәсіл.

Үшіншісі, онсыз да ақиқаты дәлелденген белгілі нәрсеге сүйкеніп қайтеміз дейтін тәмсіл. Бұл да екі жақты, бағыты екіұшты жайт.

Жұрт қай нәрсені де қаперден қалт жібермеуге тырысатын, күнде біреудің шалыс басқанын былшитып жататын кездегі мына ерекше үнсіздік соның қай түріне жатады? Сонымен, Қорқытта шынымен де күй жоқ па, әлде осындай мәселені көтеріп, жұрттың ойын сан саққа бөліп жүргендердің сөзінде тарихи Қорқытқа, оның өмірдегі шынайы болмысы мен шығармашылығына деген қарапайым құрмет пен сый жоқ па?

Қорқыттануға қатысты материалдардың бәрі, соның ішінде қазақ топырағында туған аңыз, әпсаналар, сан түрлі жеткізуші, дерек берушілер мәліметі, Арқа мен Сырда таңбаланып, айғақ ретінде жазылып қалған күй жәдігерлері мен қарқарасы қаудай ғалымдардың сан алуан пікірін күресінге итере салып қарап отыру қалай болар екен. Біз де Алланың білуге нәсіп еткен нәрсесін "Білеміз, білген соң айтамыз!" дегендей. Осының өзі ғасырлар бойы қалыптасқан әуелгі ғылымилық принциптеріне толайым томпақ келмей ме?

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары