Тікелей эфир

Оқшы батыр туралы тарихи деректер әлі күнге дейін зерделенбей жатыр

Оқшы – елдің берген есімі емес, эпикалық шығармада нақты айтылатын батырдың тарихи есімі.

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұмның тұсындағы күре жолмен жүрген сайын Оқшы батырдың рухына дұға бағыштап өтемін. Содан соң осы тұлғаның тарихи келбетін күңгірт тарттырып, ол жайында мың құбылған аңыз-әпсаналар жетегінде кеткен бүгінгі шежіренің сыйқына қайран қаламын.

Тарихтың тарғыл таңбасы көп, оны қалпына келтіруге талпынып жатқан әзірге ғылыми мекеме көрмейсің. "Балапан басына, тұрымтай тұсына" деген түсініксіз дәуірдеміз. Ғылымы солғын тартқан, тіпті бұл бағыты мешел болған мемлекетте халықты тарихи жадынан жаңылыстыру оңай.

Қазір Сыр бойы өлкетануына қатысты IХ-Х ғасырларда, өркениеті дамып, күрделі сауда орталығына айналған қыпшақ астанасы Сығанақ, оғыздың бас қаласы Жанкент аралығында туып, ХV ғасырда Кавказ бен Анадолы жерінде хатқа түскен "Кітаби дадам Қорқыт ғали лисан тайфа оғузан" ("Қорқыт ата кітабы") атты 12 тараудан тұратын батырлық жырды негізге алып, салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу жүргізіп, қалалық мәдениет пен далалық дәстүрді қостізгін дамытқан ата-баба мұрасын негіздеп жатқан маманды сирек көресің.

Кейбір тарихшылардың өзі бізді "көшпенді болған" деуден әрі аса алмай келе жатыр. Сонда қалай, әлемге аты аңыз болған Орта Азия, соның ішінде Сыр бойындағы қала мәдениетін бізге сырттан келіп біреу жасап берген бе? Мұның күретамырына түсіп жүргендер Қызылорда түгіл, Қазақстанда да сирек, әрине. Жас елуді еңсерген сайын осы жағын көп ойлайтын болдық. Кандидаттық, доқторлық жұмысымызда эпикалық жыршылық дәстүрдің мәселесін біршама жерге дейін сүйредік қой, бұйырса енді осы түйткілге кірісу керек шығар.

Қош сонымен, интернет "шалдың" бүйірін түртіп, құлағын қағып жіберсең "Оқшы ата – Сыр бойы халқы әулие санайтын адам. Шын аты – Ибраһим шайхы, лақап аты – Көгентүп, ал Оқшы ата – кейіннен елдің берген есімі. Бұл оны Ысқақ бабтың баласы деп танығандықтан туған ұғым болуға тиіс. Оқшы түркі тайпаларының арасына ислам дінін таратқан әулие болып шығады. Түрколог Әуелбек Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Қазір батырдың көне қорымы бар өңір кезінде шаһар болған деседі" деп сайрай жөнеледі.

Осы жазбадағы "Оқшы ата – кейіннен елдің берген есімі" деген сөзбен мүлдем келісуге болмайды. Бұл мәліметті желіге әуелде кім ендіргенін қайдан білейік. Десе де, Оқшы – елдің берген есімі емес, эпикалық шығармада нақты айтылған батырдың тарихи есімі. Өкініштісі сол, бұл бағытта "Ақсақ оғыздың баласы Оқшыға" қатысты тарих деректері әлі күнге дейін толық індетілмей, зерделеніп анығы ақтарылмай келе жатыр.

Иә, біздің есіл тарих бар болғаны сол "деседі" деген сыңар ауыз сөздің төңірегінде жасалып, басы соның қанжығасында байлаулы кетті. Сыр бойындағы самсаған көне қалалардың орны, оның байтақ тарихы, сол кездегі қыпшақ, оғыз, пешенек одағы қалыптастырған мәдениет үлгілері заманауи зерттеуге зәру қалпында мұрты бұзылмастан көмбе болып жатыр. Осыны ойлағанда жүрек сыздап, зығырданың қайнайды.

Оғыз-қыпшақ дәуіріндегі тарихқа қатысы һәм таласы бар қай халық болсын өз күлшесіне қарай қанша шоқ тартқанымен кезінде еуропа, орыс, қазақтың қабырғалы ғалымдары бұл жырдың сюжеті қалыптасқан өңір ретінде белгісін бекітіп, бағытын анықтап берген жер – Сыр бойында осы келелі мәселеге мән бермей келе жатқаны түсініксіз. Әйтпесе сол өңірдегі қаншама жоғары, орта оқу орындарын айтпағанда, белгілі бір бағытпен шұғылданатын ғылыми институттар мен зерттеу орталықтары бар емес пе? Осылардың жұмысын заманауи тенденциялармен қатар қойып жаңғыртатын маман қалмаған ба, әлде сол орда басшыларында ондай ауқымда ойлай алатын өре кемшін бе? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Дегенмен көзбен көріп, құлақпен естіп, зерделеп, бақылап жүргенде көңілге түйіп, байқағанымыз, ғылымның осы тұсы олқы түскенде де опырылып құлауға жақындаған екен.

Сыр бойындағы қала мәдениетін зерттеу ісінде өз жолын салған жанкешті ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтан кейін осы тақырыпқа қайта айналып соғып, ол сілтеген бағытты үдесінен шығарған ғалым немесе ғылыми мекемелер болғанда мәселенің мәнісі тап осындай деңгейде құлдырамас еді-ау. Өкінішке қарай, Әукеңнің пайғамбарша болжап айтып, "ауызға шайнап салып бергендері" де бүгінгілер тарапынан "жұтылмай" тұр. Жазатайым жұтыла қойғанның өзінде бұйрықты жеріне келгенде "бітеу түскесін" оған не шара? Әйтпесе сол әулиетап оғыз дәуірінің басқа тұлғаларын былай қойғанда, тек осы Оқшы батырға ғана қатысты "Х ғасырдағы Қазан мен Алпамыстың жүрген жерлері – Сыр бойы. Баршын моласы – Сырлытам Іңкәрдария совхозының жерінде (Қызылорда облысы). Қазанның бейіті Шиеліде болуы тиіс. Қазанның ұстаханасы Шиелідегі Бестам, оны Оқшы ата (батыр) басқарған. Оқшының аты Қорқыт жырларында бар, мазары Шиеліде" деген жоқ па еді?

О, маңдайы жарқыраған әулием-ай, бұл оқыған, білетін адам дегенге дауа жоқ екен ғой. Бір қайырым абзацпен қанша тарихқа шолу жасап, қаншама тарихи тұлғаның шудадай шатасқан бұлыңғыр дәуіріне бір сүңгітіп шығарды. Қазан, Қорқыт, Байрақ (Алпамыс), Баршын (Гүлбаршын, Бану Шешек – автор), Оқшы... міне, тарихи тұлғалар қатар өмір сүрген дәуірдің байланыс тіні қайда жатыр. Тек бүгінгілер Қорқыт өмір сүрген кезеңге қатысты ғалымдар IX-X ғасырларды белгілеп, осы байламға тоқтам жасағанын қаперге тұтса екен.

"Оғызнаманың" орталық кейіпкері Қазан батырдың өзі самсаған мың сан қосынын қару-жарақпен қамтамасыз ететін ұстаханасын сеніп тапсырған, "Қорқыт ата кітабындағы" жырлардың бас кейіпкерінің біріне айналған Оқшы ( жырда Ақсақ оғыз баласы) шын мәнінде кім болған, батыр ма, әулие ме?

Орта Азия даласына Ислам өркениеті дендей еніп, мұсылманшылықтың қадасы қағылғаннан кейін Тәңір сеніміне негізделген дүниетаным атаулы шылпара болғанын ешкімнен жасыра алмаймыз. Әрине, бұл кәсіби ғылым мен ғалымдар үлесіндегі ерекше шытырман мәселе. Ислам дінін қабылдаған оғыз батырлары кейін жаппай дін таратушы миссионер кейпінде көрініп, бүгінгі тарихи сана олардың түпбейнесінен жаңыла бастады. Иә, қазақ даласына ислам мәдениеті кірді, бірақ әуелдегі мақсатты миссия арқалаған келелі міндет өз үдесінен әлі толық шыққан жоқ. Бұл бағыттағы діни-мистикалық идеология жалғасын табуда, ол жақын арада күрмелмейді.

Ал түркі жұрты арасында табиғат-анамен ажырамас тұтастықта матасқан наным-сенімге толы анимизм мен тотемизмге негізделген Тәңір идеясына иек артқан өркениет исламға орын бергенімен біздің жұрт арасында ол да өз қызметін толық тоқтатқан жоқ. Көзқарастар тоғысындағы аралық текетірес әлі жалғасып келе жатыр, жалғаса да бермек. Солай екен деп, енді осы екі ортадан арзан саясат, діни алауыздық іздеп қажеті шамалы. Тарихтың еншісіне өткен тұлға атаулыға тірілердің ол жеміссіз әрекетінен зияннан басқа келетін зәредей де пайда жоқ. Тарихта болған жан өзінің дидарын жасырып жатқан уақыт пен кеңістік арасындағы сусыған құмынан арылуға ғана зәру. Міне, содан арылтқан адам иман сауыты бүтін, білімі кәміл пенденің тұрпатына жатады.

Қанша шайқасаң да май түспейтін, қалай саусаң да сүт шықпайтын ғылым атты "қысыр сиырдың" әңгімесін айтып мүлгіген мазаны алу өңім түгіл, үш ұйықтасам түсіме де кірген жоқ. Тек Оқшы батыр мәңгілік жай тауып, жамбасын жайғастырған қасиетті Бәйгеқұмның тұсынан Сырға қарай әрі өтіп, Алатауды бетке алып бері қайтып келе жатқан сапардағы әрі-сәріде ойға оралып, тілге байланған ішкі күбір еді ғой.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары