Тікелей эфир

"Қыз Жібек" лиро-эпосындағы сән-салтанат көріністері

Жырда көне тарих жөнінен мол мағлұматпен қатар ерекше бағдар беретін сипаттаулардың бірегейі – қазақтың бұрынғы сән-салтанаты суреттелетін көріністер.

"Қыз Жібек" лиро-эпосы қазақтың өткендегі көшпелі тұрмысының айнасы сияқты, – деп жазған еді кезінде ұлттық этнографияның білгірі Мұхтар Әуезов. – Одан көшпелі елдің шұбырып көшкен көш суреті, тігілген шатыр, жапан кезген жалғыз атты жолаушылардың суреті тәрізді көптеген ескілікті көріністер танылады".

Фольклортанушы Әуелбек Қоңыратбаевтың пікірінше, жырдағы суреттеулер, көштің сән-салтанаты, әртүрлі асыл бұйымдар, ат жабдығы қазақ қоғамының қуатты, дәрменді, салтанатты өмір сүрген ілгергі дәуірінің күйін танытады.

Жырдағы тұрмыстық көріністерді саралаған кезде де айтушының жеке көзқарасын, ол өмір сүрген дәуір шындығын, яғни жырлаушы санасын ескеріп отыру лазым. Осы тұрғыдан келгенде, 1894 жылғы нұсқаның өзіне де кейінгі дәуір айтушылары өз таңбаларын түсірген. Десе де бұл нұсқа, М. Сильченко атап көрсеткендей, бәрінен де көнерек кезеңде жасалуы себепті онда негізінен оқиға өткен заманның бояу-бедері көбірек көрініс тапқан деп қабылдау керек.

Бұл нұсқа бойынша, Базарбай – бай. Бай болғанда да "байлығын ешкім есеп етіп болмас екен" дейтін дәрежеде. "Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды". Елі сауда жасайды, Төлеген Жібектің жайын елге келген бір саудагерден естиді. Естіп, Ақжайықтың бойын жайлайтын алты арыс Шекті еліне жүрмек болып, тұлпардан туған Көкжорға атты алдыртады, алтын-күміс тұрман жасатып, гауһардан тастар орнаттырып, қасына 80 жігіт жолдас алып, 40 нарға азық, 9 түйеге ділдә, жамбы артып алып жүреді.

Соңынан жеткен шешесі "жая шайнап, жал жеген, алуа асап, бал ішкен" жалғыз ұлының өз қосынына жылқыдан таңдап 40 жорға қосуын кеңес етеді. Төлеген 40 емес, қосарына 250 жорға таңдап алады. Келсе, шектінің ханы Сырлыбайдың 9 мың жылқысы бар екен, оны отарға жіберіп бағып отыратын көрінеді. Төлеген Жібекті көруге шыққанда атына сәндік үшін төгілдіріп кілем жабады, алтынды жүген салады, беліне алмас қылыш байлайды. Көкжорға аттың өмілдірігі сом алтыннан. Сексен жігіттің мінгені бір-бір бедеу. Жібектің үйде жататын төсегі – кісі бойы кереует (жырда кірауат), кигені – шытырасы алтын көйлек, асыл гауһар тас қадаған сәукелені көшке киеді.


Оқи отырыңыз: Кинода жоқ көріністер


Төлеген еліне қайтып барғасын тұйғын, қаршыға салып, саят қылып жүреді. "Тағы да кетемін" деп далаға 2 қап ділдә көміп қояды. Бұл жолы да жансерік атын гауһар, лағыл, алтынмен жабдықтап жүреді. Құнан шығып тұрған Көкбурыл тұлпарды ат-тұрманымен Сансызбайға деп сайлап кетеді. Тағы да алтын балдақ ақ семсер, шарайнасы бес қабат баданакөз кіреуке, тоғыз қабат көк сауытты кілемге будырады. Бекежанның қолында білтелі мылтық жүреді. Жібек тойда бірнеше жігітпен намаз, жұма жайында айтысады. Сансызбай Көкбурыл атты жұқа жібек – франкіменен белдіктеп, шұғаменен желдіктеп, мақпалменен терліктеп аттанады. Несін айтасыз, аста-төк дүние, жарқ-жұрқ еткен мүлік, барақат өмір...

Ал енді Жүсіпбек осынау шалқып жатқан тіршіліктің салтанатын одан әрмен асырған. Кезінде оның нұсқасы осынысы үшін сынға да ұшыраған болатын. Мысалы, М. Сильченко "Жүсіпбек Шайқысламов <...> байлардың тұрмысын суреттеген жерлерде, көбінесе артықша көріктілікпен әсірелеп суреттеген. 1894 жылы басылып шыққан жырда Төлеген сапарға аттанғанда мол дүниемен шығады деп жай ғана айтылады. Ал Жүсіпбек редакциясында қанша нарға қандай көлемде алтын-күміс, қазына артылғанын анықтап көрсете суреттейді" деп жазды. Анығына жүгінсек, шындығы да сол.

Егер 1894 жылғы нұсқа Базарбайдың байлығын жалғыз сөйлеммен қысқа қайырса, Жүсіпбек осы сөзді 12 жолға жеткізеді: "Жағалбайлы елінде, / Базарбай атты байы бар. / Байлығын оның сұрасаң, / Өлшеу қылып айтуға, / Хисап жетпес жайы бар. / Байлығында өлшеу жоқ, / Жеті жүз түйе жүгі екен, / Тілләсі менен жамбысы. / Мың түйе жүк тағы да, / Қант пенен шайы бар, / Аяқты малда хисап жоқ, / Айдалып бағып жайылар".

Төлеген Жайыққа аттанбақ болып, Қаракөк тұлпар атын жаратқанда "тұрманының һәммасын алтындатып, төрт аяғын күміспен тағалатады, жүгені мен ер-тұрманына шамшырақ тас орнатады". Және де басшы-қосшы 100 жігіт алып, 9 нарға алтын-күміс артады да, қызметкер етіп және 5 жігіт ертеді. Қант-шайының өзі 40 түйеге жүк болады. Шешесінің ақылымен жылқыдан 250 жорғаны және алады. Сырлыбай хан 9 мың жылқы біткен бай. Төлеген еліне қайтып келіп, қайыра жүрмекке дайындалғанында далада, көмулі күйінде "жүз мың тіллә, сегіз пұт күміс" сақтайды. Сансызбай Жібекті алып, қайнына келгенде, қайын жұрты 80 нарды толтырып жасау артып, бес жеті (5х7=35) алтын отау беріп, 9 жорға атты жабдықтап қосады.

Мұсабай жырау нұсқасында Базарбайдың байлығы фольклорлық үлгідегі "төрт түлік малға сай еді" деген бір ауыз сөзбен ғана хабарланған. Жібек "қостан әйкел тағынған, жүз теңгелік опа, ендік, екі бетке жағынған" сұлу деп суреттеледі. Төлеген шекті еліне жүрер қарсаңында зергерге барып, бәсіне 40 ат беріп алтынды ер алып, оны жорғасына салып ерлейді. Жанына 200 жігіт елші ертеді. Өзі ақ ордада тұрады. Шешесі оған кетерінде "сауырсы шұбар жорғадан" таңдап 200 жорға айдатады. Төлеген Сырлыбайдың еліне келгенінде төбенің басына алтын баулы шатыр құрып жатады. Жібекті айттырып алуға 550 жылқы бермек болады. Өзінің кигені – жібек берен, ақ сауыт, байлағаны – ақ балдақ қылыш. Осынша байлығы бар жігіт соның өзінде Жібектің қисындауынша, "салтаң атты қу кедей". Қыз идеалы – есігін шым жібекпен ораған дуалы бай.


Оқи отырыңыз: Оқшы батыр туралы тарихи деректер әлі күнге дейін зерделенбей жатыр


Бекежан ақ сырық мылтықпен қаруланған. Сансызбай ағасын іздеп шығарда 82 түйеге 2 ат сатып алып, үстіне масақты қырлы оқ артады. Жібек тойға, тойбастарға барғанында 12 жорғаның мойнына күмістен қоңырау тағып барады. Алтын әйкел құрғызып, 7 күндей айтысып, 14 жігітті жеңеді. Қорен қалмақ 40 жігітін құдалыққа мәстек жеккен көк арбамен, киітке деген уыс-уыс ақшамен жүргізеді. Шегенің қолында алтын домбыра. Жібек Сансызбаймен қашарында алты қанат орданы 6 нарға жүк қылып артады.

Шеге нұсқасында Базарбай бай деп көрсетілмеуі себепті оның ағайыны Қарамен байдың дәулеті суреттеледі. "Есептеп аяқты мал айтып болмас, қара жер қайысқандай төңкерілген" деп жырлайды Шеге жырау. Одан әрі: "Отарлап қырға көшіп малы сыймай, / Исімен мұрын жарып жас көкорай, / Айдынды қайда болса бәрін біліп, / Қанаттас қонушы еді көл жағалай, / Жайласып мал өріске, ел қонысқа, / Самалы салқын көлдің көңілге жай". Қараменнің ордасы тоғыз қанат, жайылған жібек кілем сән-салтанат, екі үйдің арасына керме керіп, ойнатып түр-түрімен тізілген ат; алты ауыл алты ағайын аймақтары, жиылып ертеңді-кеш соның бәрі, кезекпен алты ауылға қонақтасып, шарада сапырулы қымыздары.

Төлеген астындағы атын беріп, тай кезінде қалап алған Көкжорғаны бестісінде үйретеді, өзі кедей бола тұра атдорбасын масатыдан тіктіріп, ер-тұрманын зерлетіп, неше түрлі тас орнатып соқтырады. Қараменнің баласы Егіз күйеуді қайын жұрты Тама елі беренмен дөп-дөңгелек етіп оюлатқан, уығын алтын сырмен сырлатқан, керегесінің көзін күміспен березелеген қонақ үй – отауға түсіреді. Алтындаған жанат ішік, күмбездей аппақ отау, алтын шашақ күмбез-сәукеле, жібек кілем жапқан 9 нарға артқан жасау. Айсұлудың құла жорғасының ер-тоқымын алтындаған, қамшысының сабы күміс, төркінінен айдап әкелгені бір ауылдың малы. Қараменнің келін түсіру тойында қоңсы-қолаңның киітке кигені қамқа тон, қызыл берен, жанат ішік. Төлеген мен Шегенің ақылымен Егіз ақпатшадан шен алып қайтамын деп сапарға шыққанында 100 жігіт басшы-қосшы алып, 40 нарға толтырып жүк артады.

Айсұлу болса жылқыдан 300 жорға айдатып беріп, салтанатын түзетеді. Ерусіз қол барар жеріне жеткенде алтын шатыр құрып, ту тігіп жатады. Шекті оларға ерулік бергенде ту жылқы, асау ұстап сойып, ұлы жиын жасайды. Жібек Төлеген шақырғанда кісі бойы алтын тақтан қояндай ырғып түседі. Омырауын басқан алқасы шағылып күнге жалтылдап, гауһарлы алтын сырғасы иыққа түсіп салпылдап, кәмшат бөркінің үкісі көзіне төгіліп, қайран Төлеген берен тонын жамылып күтіп жатқан отауға ойқастап келеді. Алдынан шыққан жеңгесінің де сәулеті жұрттан асқан: сары алтынға малынған, жалғанның асыл тастарын дәл бойына тағынған. Жібек елінен Сансызбаймен бірге қолына алтын қамшысын алып, төбеге шашын түйіп, үстінен құндыз бөркін бастырып, шалбар киіп сыптай болып аттанады.

Қаршыға нұсқасында Қарамен сияқты Базарбай да "жиған мүлкін айтып болмайтын, малы сыймағанда қырға көшетін, отарлап жайлағанда құмға кететін" дәулет иесі. Төлеген 15-ке келгенінде күйме жегіп, салтанатын түзетіп, қыз іздейді. Жайыққа 40 нарға қазына артып, 100 жігіт басшы-қосшымен, 10 жігіт қызметкермен "Салтанатын арттырып, алтынды шатыр тіктіріп, ортасына тақ құрып, домбыра күйін тарттырып, май орнына бал артып, қант пен шайын және артып..." шығады. Қоштаспаққа келген шешесінің өкшесі сынық сүйем алтынды кебісі жарқылдап, омырау өңірі алқылдап, берен тонының кестесі көз тұрғызбайды. Анасы қосын жылқыдан 500 жорға бөлдіріп алып, алдарына салады.

Байырғы арда қазақтың кемерінен асып-тасқан номадтық болмысын танытатын кісі таңғаларлық сән-салтанат көрінісі осы. Сол үшін де бабалар тұрмысын сөз еткенде, әсіресе тарих еншісіне өткен дәуір-дәуренді экрандау арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңірер кезде мәселенің осы жағына баса назар аудару керек. Жұпыны тұрмысты қазақ қай кезде де болған, сондай-ақ, бірөңкей байлықты дәріптеу де бүтін болмысымызды көрсете алмайды. Ақиқат – таразы басын тең ұстағанда белгі берері хақ.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары