Неге біз әлі де фейктерге сенеміз?

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллектке мүлде тыйым салу дұрыс жол емес екенін айтады.

Неліктен біз ғылым мен технология дамыған дәуірде өмір сүріп отырып, әлі де фейктерге сенеміз? Стивен Пинкердің "Рационалдылық" атты кітабы осы сұраққа жауап іздейді. 

Адамзат қазір зымыран ұшырып, жасанды интеллект жасап, жаңа вакциналар мен дәрілер ойлап тауып жатыр… Бірақ, сонымен қатар, фейк жаңалықтарға сенеміз, қастандық теорияларына (conspiracy theories) иланамыз, эмоцияға беріліп, шешім қабылдаймыз.

Бұл бір жағынан күлкілі болса, бір жағынан қорқынышты және де қауіпті.

Пинкердің айтуынша, рационалды болу дегеніміз, IQ-ың жоғары болуы емес. Бұл деген сыни ойлай білу: факт пен пікірді ажырата алу, өз сеніміңді қайта қарап отыру және қателесу мүмкіндігін мойындау.

Неліктен біз осылайша жиі алданамыз? Себебі, ми қарапайым, әсерлі әңгімелерді жақсы көреді. Ол күрделі статистикадан гөрі ыңғайлы мифке сенгісі келеді. (Бұл ойлар Даниэл Канеманның еңбектеріне де жақын.) Бұл кітапта автор осыны өте жеңіл, қызықты тілмен түсіндіреді.


Оқи отырыңыз: Алаяқтықтар саны 3000% өсті. Deepfake жасаған фото мен видеоны қалай ажыратамыз


Мен білім министрі болып жұмыс істеген кезде, біз мектеп бағдарламаларын жаңартуға кірістік. Сол кезде мен ерекше көңіл бөлген бағыттардың бірі, осы сыни ойлау мен логиканы оқу процесіне енгізу болды.

Бірақ, бұл тек жеке пән емес, барлық сабақтарда, яғни биологияда да, тарихта да дамытылатын қабілет болуы тиіс деп ойладым. Өкінішке қарай, оны толық жүзеге асырып үлгермедік.

Қазір жасанды интеллект бар. Бірнеше секундта кез келген мәтінді жасап бере алады. Ал әлеуметтік желілер арқылы кез келген адам фейк тарата алады. Мұндай жағдайда сыни ойлау – базалық сауаттылықтың бір түріне айналды.


Оқи отырыңыз: Пирамида құрылысының суреті: Жасанды интеллект қалай жалған ақпараттың көбеюіне жол ашты


"Жасанды интеллектке тыйым салайық" деп айту оңай. Бірақ, бұл жол емес және ондай мүмкіндік жоқ. Біз жастарды оны дұрыс қолдануға, ақпаратты талдауға, манипуляцияға ермеуге, логика мен сыни ойлауға үйретуіміз керек.

Қысқаша айтсам, кітап бәрінен пайдалы. Бұл тақырып дәл бүгінгі күні өте өзекті.

(Жазба мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің Facebook парақшасынан алынды)

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары