Соңғы кезде жасанды интеллектің төңірегінде дау мен дақпырт көбейді. "Жасанды интеллект фейкті көбейтеді" деген болжам расталып келе жатқандай. Дәл қазір белгілі Sports illustrated журналы жасанды интеллектің көмегіне сүйеніп жалған авторлар ойлап тапқан деп айыпталып жатыр.
Әңгіме қалай басталды? Апта басында америкалық Futurism журналы Sports illustrated спорт журналы туралы көлемді мақала жариялады. Онда Sports illustrated журналының:
- жасанды интеллект жасаған суреттерді (адамның суреті) сатып алғаны;
- өмірде жоқ, ойдан шығарылған авторлардың парақшасын құрғаны;
- жасанды интеллект жасаған контентті ойдан шығарылған авторлардың атынан жариялағаны туралы айтылды.
Оқи отырыңыз: ChatGPT: Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ала ма?
Оқырмандар мен журналистер аяқ астынан пайда болған авторлардың материалына күмәнмен қарай бастаған кезде редакция фейк авторлардың парақшасын дереу өшіріп, сол авторларға телінген мақалалардың көзін жойған.
Sports illustrated – апта сайын жарық көретін спорт журналы. Басылым Time Warner медиахолдингінің құрамына кіреді.
Futurism журналы Sports illustrated журналындағы жалған авторлардың жазбалары құдды бір бөгде планеталықтар жазғандай жасанды көрінетінін байқапты. Мәселен, журналдағы Дрю Ортис есімді автордың парақшасында оның өзіне қатысты ешқандай нақты мәліметтер берілмеген. Тек оның орман-сулы аймақта табиғатқа жақын болып өскені туралы жалпылама айтылған екен. Кейінірек Дрюдің суреті адам суреттерін сататын веб-cайттан (жасанды интеллект жасаған) алынғаны белгілі болды.
Futurism журналының мәліметінше, осы жылдың жазында Дрю Ортистің парақшасы сайттан жоғалып, оның орнына "Сора Танака" деген жаңа автор пайда болған. Кейінірек интернетте Сора Танака деген автор ешқашан болмағаны, оның да "суреті" жасанды интеллект жасаған суреттер базасынан алынғаны анықталды.
"Сора Танаканың" сайттағы тағдыры ұзаққа созылмапты. Қазір оның парақшасы да өшірілген. Sports illustrated журналы авторлардың парақшасын ғана емес, оларға телінген жазбаларды да өшіріп, өңдеп, авторларын жаңалап отырған. Неше күннен бері шуға айналған бұл мәселеде Sports Illustrated журналының ұжымы "контентті біз емес, үшінші тарап жасады" деп, жауапкершіліктен басын ала қашып отыр. Десе де, бұл дау соңғы онжылдықта спорт журналистикасына қосқан үлесі үшін талай рет жүлделі болған журналдың беделіне айтарлықтай нұқсан келтіргенін Батыс басылымдары жарыса жазып жатыр.
Тағы қандай басылымдар айыпталды?
The Guardian газетінің жазуынша, Sports Illustrated жасанды интеллектің көмегіне сүйенген жалғыз басылым емес. 2023 жылдың қаңтарында BuzzFeed бас директоры Джона Перетти сайттағы контентті жасауға жасанды интеллект қызметін қосып, оны негізгі бизнесінің бөлігіне айналдыратынын хабарлаған болатын. BuzzFeed содан бері жасанды интеллект көмегімен жасалған викторина, нұсқаулықтарды жариялап келеді.
The Guardian газеті Sports Illustrated пен BuzzFeed басылымдарының мұндай қадамы антиутопиялық контентті көбейіп, БАҚ саласындағы қиындықтарды көбейтеді деп болжап отыр.
Сондай-ақ, The Guardian мақаласында Sports Illustrated, Buzz feed басылымдары штаттағы адам санын қысқартып, жасанды интеллект көмегіне жүгінуіне олардың қаржылық қиындықтары себеп болғаны айтылады. Жыл басында Sports Illustrated ұжымында біраз адам қысқарып, содан кейін Arena Group директоры Росс Левинсон компанияға жасанды интеллект қызметі қосылғанын мәлімдеген екен.
Ал, New York Times, NBC сияқты өзге басылымдар керісінше, адам емес, жасанды интеллект қолымен жасалған материалдардан соң туындайтын жалған ақпаратқа тосқауыл қоятын жоспар құратынын хабарлады. The Guardian газетінің бас редакторы Кэт Винер мен бас атқарушы директоры Анна Бейтсон "біздің журналистикада сенімсіздікке жол берілмейді" деп мәлімдеме жасаған. Сондай-ақ, бұл газет тек «шынайы журналистиканы құруға және таратуға» қызмет ететін жасанды интеллектің генеративті құралдарын пайдаланатынын жариялады.
Futurism сайты жариялаған мәліметке сүйенсек, жасанды интеллектке сүйеніп, контент жасап отырғандар қатарында CNET, Bankrate сайттары да бар. "Мәтіні қатеге, плагиатқа толы" деп айыпталған соң, CNET нейрожелі арқылы жазылған мақалаларының жартысынан астамын қайта өңдеуге мәжбүр болыпты. Ал USA Today және Gannett медиахолдингіне қарасты басқа да газеттер нейрожелі арқылы жасалған әжуалы спорт шолуын жариялағаны үшін айыпталды.
Пирамидаларды салған кім?
Бұл – соңғы кезде әлеуметтік желіде кең тарап жатқан суреттердің бірі. Осы суретке Египеттегі әйгілі пирамидалардың салынып жатқан кезі деп сеніп жатқан қолданушылар да бар. Алайда, бұл – жасанды интеллектке сүйене отырып жасалған жалған сурет. Гизадағы пирамидалар біздің заманымызға дейінгі 2500 жылдары салынған. Ал фотография өнері бертінде, 19 ғасырда пайда болды. Яғни, пирамидалар фотоөнер пайда болғанға дейін, 4 мың жыл бұрын салынған.
Интернетте тарайтын мұндай суреттер оқырмандарды медиасауатын арттырып, әрдайым фактчекинг жасап отыруға үндейді. Мұндай суреттердің жалған екенін білу үшін оқырман қауым алдымен суретті интернетке салып, дереккөзін табуы тиіс. Одан әрі оның жасанды интеллект арқылы жасалған/жасалмағанын анықтауы керек. Яғни, соңғы кезде тарап жатқан сан түрлі жалған ақпарат интернет бетінде көзге ұшырап, күдікті көрінген кез келген контентті саралап, тексеріп барып, тұтынуға итермелеп отыр.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы Қазақстанда Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылады
Бұл даудан соң этиканың стандарттары өзгеруі мүмкін бе?
Sports illustrated журналының төңірегіндегі дау жаңа бір проблеманың шетін шығарды. Бұл жағдай журналистика мен технология арасындағы қарама-қайшылықты алға шығарып отыр. Яғни, осы мысал арқылы жасанды интеллекті қолдану процесі этикалық, кәсіби терең мәселелерді де көтере бастағаны көрінді. Жасанды интеллект технологиясы қарқынды дами түскен сайын, журналистиканың этикалық принциптері де сыналып жатыр. Бүгінгі Sports illustrated мысалы журналистика саласына жасанды интеллекті енгізу процесінде нақты этика принциптеріне сүйену қажеттілігін айқын көрсетіп отыр.
Бұл бір ғана басылымның басындағы әңгіме емес, цифрлық технология заманындағы журналистиканың болашағына қатысты жағдай деуге болады. Бара-бара жасанды интеллект адам еңбегімен бәсекелесе алатын барынша сапалы контент жасай алатын күн туады деп болжанып жүр. Сол кезде бұл өзгеріс журналистика саласының негізгі құндылықтарын жоққа шығармай, керісінше журналистік материалдардың сапасының жақсаруына ықпал ететіндей тетіктер қарастырылуы қажет. Ал, ұжымдағы адам санын қысқартып, оның орнына нейрожелі көмегіне тегін жүгіну идеясы бірталай басылымға оңтайлы шешім боп көрінгенімен, уақыт өте келе бұл өтіріктің бағасы тым қымбатқа түсуі мүмкін. Оған бүгінгі Sports illustrated мысалы айқын дәлел болып отыр.