Эмоциялық интеллект теориясын 1990 жылдары ғалымдар Джон Майер, Питер Саловей және Дэвид Карузо дамыта бастады. Олар эмоциялық интеллектіні адамның екінші бір жанның қалауын, эмоциясын дәл ұғынып, оны мәселенің шешімін табу үшін тиімді пайдалана білу қабілеті деп түсіндірді. Осы орайда эмоциялық интеллектінің қандай да бір өлшемі мен сипаты болуы үшін MayerSaloveyCaruso Emotional Intelligence Test (МSCEIT) әдісін ойлап шығарды.
Кейін ғылыми зерттеулер нәтижесін ірі компаниялар бірден өз керегіне жаратты. Talent Smart халықаралық тренинг өткізетін компания баяндамаларының бірінде эмоциялық интеллектіні мақсатты түрде пайдалана білген компаниялардың табысын жариялады. Мысалы, L'Oreal косметика компаниясы қызметкерлерінен бір топты жасақтап, оларды эмоциялық интеллект тақырыбындағы тренингке қатыстырады. Кейін осы топтағы әрбір менеджердің компания кірісін орта есеппен 91 370 долларға арттырғаны белгілі болады.
Тағы бір мысал – Multinational Consulting Firm компаниясы топ менеджерлерінің эмоциялық интеллект деңгейін өлшеп, келесіні анықтайды: эмоциялық интеллектісі жоғары әрбір компания басшысы жыл сайын топ-менеджерлерге қарағанда 1,2 млн долларға артық пайда әкелген. Жалпы эмоциялық интеллектісі дамыған басшылар компанияның жылдық кірісін 139 пайызға арттырған.
Оқи отырыңыз: "Кәсіби күю" синдромының себебі не және одан арылуға көмектесетін 3 тәсіл
Психоаналитиктер Жанар Оспан мен Эльвира Дәулетова эмоциялық интеллект деңгейінің жоғары болуы материалдық табысты арттырып қана қоймай, бірінші кезекте жақын адамдарымызбен қарым-қатынаста пайдасы мол екенін айтады. Осы орайда олар эмоциялық интеллектіні дамытуға көмектесетін бірнеше әдісті бөлісті. Мамандардың айтуынша, эмоциялық интеллектіні "сезімді басқару" деп түсіну қате. Өйткені эмоция бейсанаға тән болғандықтан, оны басқару, алдын ала болжау мүмкін емес. Сөзсіз көшеде біреу байқаусыз қағып кетсе де, жақынымыз жағымсыз сөз айтып қалса да ренжиміз.
3 минут әдісі
"Эмоциялық интеллектіні дамытқан кезде ешнәрсе жұмсамайсыз, керісінше қалағаныңыздың бәрін аласыз. Ең бастысы – өзіңізге мүлдем қажеті жоқ кикілжіңнен кетесіз. Қазақстанда отбасылардың көп балалы болуды қалайтынын және ер азаматтардың бала-шағасын асырау үшін барын салатынын байқауға болады. Кейбірінде "отбасымды баға алмай қалсам не болады" деген қорқыныш бар. Осы қорқыныштың жетегінде жүріп ішімдік ішеді, жұмыстан шығып қалады, депрессияға шалдығады. Осы секілді жағдайдың алдын алу үшін 3 минут әдісін қолдануға болады", – деді Жанар Оспан.
Психоаналитиктің айтуынша, эмоцияның небәрі үш минутқа созылатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Мұнымен қатар, "жағымсыз эмоцияны сезінбеймін, оны басып тастауым керек" дейтін болсақ, бауырымызға зақым келеді.
"Денсаулығымызға зақым келмегенін қаласақ, жағымсыз эмоциядан қашпауымыз қажет. Өйткені бастапқы үш минутта ағза қорғанамын деп қан қысымы қатты көтеріледі. Өзіңіз ашуланып тұрған адамға ұрысқыңыз келсе, ұрысып алыңыз, ұрғыңыз келсе – оны да жасаңыз. Бірақ мұның барлығын тек қиялыңызда жасаңыз. Бұған спорт пен би де көмектеседі. Жапонияда қызметкерлерге арналған арнайы бөлме болады. Онда адамдар жемістерді қылышпен кеседі немесе айқайлап алады. Яғни ашуланған кезде 3 минут күтеміз, кейін өзімізге ыңғайлы әдіспен эмоцияны сыртқа шығарамыз", – деді Жанар Оспан.
Эмоциядан кейін пайда болатын бағдарлама
Эльвира Дәулетова әрбір жағымды-жағымсыз эмоциядан кейін мида бағдарламалар пайда болатынын айтады. Мысалы, кішкене бала ыстық шәйнекке қолын күйдіретін болса, ол сол шәйнекке екінші рет жоламайды. Дәл солай қуанышты эмоциямен байланысты бағдарламалар да бар.
Оқи отырыңыз: Балалар мен жасөспірімдермен қалай оңай тіл табысуға болады? Психолог кеңесі
"Әрбір жағымсыз эмоциядан кейін пайда болатын бағдарламадан неғұрлым тезірек арылуға тырысу қажет. Эмоция тез өтіп кетеді, ал бағдарлама мәңгілікке қалады. Бір адамдар "мен нашар адаммын, осыған лайықпын" деп жұмыстан шығып кетеді. Ал харизматиктер керісінше "Мен бәрінен мықтымын, менен жақсы маман таба алмайсыңдар" деп есікті тарс жауып кетіп қалады. Бұл екеуі да қоғам таңып берген сценарийлер. Шын мәнінде, дәл осы сәтте адам жұмыста қалғысы келеді, ішкі қалауы осы. Психоаналитиктер бірінші бейсанада қандай бағдарлама барын, кейін оның қандай эмоциядан пайда болғанын анықтайды. Кейін мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Маманға бару міндетті емес, қаражат үнемдеу үшін бірден бағдарламаны өзгертіп отыру жеткілікті. Стив Джобс, Илон Маск секілді азаматтар қоғамнан өзгеше ойлаған және тек ішкі қалауын орындаған азаматтар. Сіз де солардың бірі бола аласыз", – деді Эльвира Дәулетова.
Мұнымен қатар маман ұл балаларды сезімін көрсетуден шектеу – креативті ойлауына кедергі келтіреді, дейді. Мысалы, Бразилияда ұл балаларға жылауға, сезімтал болып өсуге мүмкіндік береді. Тіпті үйде жалғыз қалғанда би билеу олар үшін қалыпты жағдай. Сондай-ақ, мамандар базалық 3-4 эмоция бар екенін айтады. Олардың бастылары – қорқыныш, реніш, ашу. Қалғаны осылардың қосындысы.
"Егер бір нәрседен қатты қорықсаңыз, сезімге ерік беріңіз. Қорқыныш сезімі өте пайдалы, ол ағзаның қорғаныш реакциясы. Егер ипотекамды жаба алмай қаламын деп қорықсаңыз, қиялыңызға ерік беріңіз. Үйдің ақшасын төлей алмай далада қалып қалдым, жақындарыңыз сізден теріс айналды, көше кезіп кеттім деп елестетіңіз. Кейін негатив, орташа және оптимистік сценарий құрыңыз. Сол кезде қорқыныш сезімі де басылады, өміріңізде болатын жағдайларға да өзгерістер енеді. Эмоциялық интеллектінің қыр-сырын игерген адамның тапқан табысы да, махаббаты да еселеп артады", – деді маман.
Оқи отырыңыз: Ата-ана баласын қашықтан оқуға қалай бейімдегені жөн? Психолог кеңесі