Тікелей эфир

"Кәсіби күю" синдромының себебі не және одан арылуға көмектесетін 3 тәсіл

Мамандар бұл синдромның астарында махаббат пен қошеметке шөлдеу сезімдерінің жатқанын айтады.

1974 жылы АҚШ-та психоаналитик Герберт Фрейденберг "кәсіби күю" терминін енгізіп, оны адамның созылмалы күйзеліс әсерінен эмоциялық-энергетика қорының сарқылуы деп сипаттады. 40 жылдық тәжірибесі бар жоғары санаттағы отандық психиатр-нарколог Тамара Асимова адамның әуелі "үнемі шаршау" синдромына шалдығатынын айтады. Егер емделмесе, бұл артынша эмоциялық күюге ұласады. Мамандар адамның неліктен бұл синдромға шалдығатынын және одан қалай емделуге болатынын бөлісті. 

"Кәсіби күю" синдромы дегеніміз не?

"Кәсіби күю" синдромына шалдыққан адамдар айналасындағылардың қашқақтап, жалғыз қалуды жөн көреді. Жасап жүрген жұмысына көңілі толмай, өзіне беретін бағасы төмендейді. Жұмыс және әріптестерімен байланысты жағымсыз сезімді сана деңгейінде өңдеуге күш-қуаты жетпегендіктен, соматизация әсерінен түрлі ауруға шалдығады. Бұлшық еттері жиырылып, мойны, арқасы және кеуде тұсы ауырады. Кейде дірілдеп, қан қысымы көтеріледі және жүрек соғысы жиілей түседі. Осының барлығы есепке алынып науқастың физиологиялық денсаулығына қарай дәрі-дәрмек тағайындалады", – деді Тамара Асимова. 

Маманның айтуынша, психоаналитик Герберт Фрейденберг "эмоциялық күю", "кәсіби күю" терминдерін психология тұрғысынан түсіндірсе де, бұл тақырыптың психоаналитикалық аясы аз зерттелген. Мағынасы әлеуметтік психология шеңберінде қалып қойған. Бірақ аздаған зерттеудің өзі "эмоциялық күюдің" түпкі себебін анықтап, адамның емделуіне жақсы әсерін тигізеді. 


Оқи отырыңыз: Отандық профессор: Ұйқының тыныш болуы белсенді жаттығу жасаумен тікелей байланысты


"Психиатр маман болсам да, адам баласын тек дәрімен емдеуім керек деген қағида жоқ. Бір науқасқа дәрі жазып беруім мүмкін, енді екіншісіне рухани қолдау көбірек қажет екенін ұғынамын. Күйзелістің ұзаққа созылғанын көрсем, жеңіл антидепрессанттар тағайындаймын. Кейін науқас 2-3 аптаға дейін бақылауымда болады. Жүйке жүйесін қалыпқа келтіру үшін де жеңіл тыныштандыратын дәрілер, қан тамырлары мен әбден шаршаған мидың жұмысын жақсарту үшін ноотроптар жазып беремін", – деді Тамара Асимова.  

"Бұл синдромға шалдыққандар – жұмысын өмірдің мәніне айналдырғандар"

Томск мемлекеттік университетінің психология магистрі Арай Әбілқасымова "кәсіби күю" синдромына шалдығудың негізгі екі себебі барын айтады. Біріншісі – "эмоциялық күюдің" әсерінен адамның өзінің жақсы маман екеніне күмән келтіруі. Екіншісі – қарым-қатынас мәселесіндегі қиындықтар. 

"Аталған синдромға шалдыққан мамандар жұмысын өмірінің мәніне айналдырып алғандар. Қызметінде белгілі бір жетістікке жетсе ғана өзін адам қатарына қосады және жақындары оны тек жетістіктері үшін бағалайды деп ойлайды. Іштей "мен өзгелер үшін өмір сүруге және оларға көмектесуге міндеттімін" деп өмір сүреді. Бір қарағанда бұл ойда тұрған ешнәрсе жоқ сияқты болып көрінеді. Алайда бірінші орынға өзін қоймаған адам ешуақытта өзгелерге көмектесе алмайды. Өзгеге ұнау мәселесі көбірек толғандырып, өзін бағалау сезімін жоғалтады", – деді психолог Арай Әбілқасымова. 

Психолог Эльвира Қасым эмоциялық күюге ұшыраған адамның бойында өзін өзгелерге мойындату қалауының өте ерте пайда болатынын айтады. Мұны адам ішіндегі "бос кеңістікті" толтыруы үшін жасайды. Басты себептердің бірі – махаббат пен ұқсағысы келетін үлгілі ата-анасының болмауы. Осының әсерінен адам қиялында "идеал образ" ойластырып, соған ұмтылады. 


Оқи отырыңыз: Көктемде адамды неге ұйқы қысады және оны қалай жөнге келтіруге болады?


"Эмоциялық күюдің түрлі себебі болуы мүмкін, әр адамда әртүрлі. Жиі кездесетін ортақ себеп – адамның бейсанасында құрып алған идеал образға, мінсіз болуға ұмтылуы. Мұндай адамдардың психикасында "Мен", "Идеал мен" (адамның өзін мінсізбін деп ойлауы – авт. түсіндірмесі) және "Мен идеал" (ұмтылғысы келетін идеал образ – авт. түсіндірмесі) өмір сүреді.  Сонда бұл синдромға шалдығатын адам үшін өзгелердің өз жетістігін бағалап, қошемет көрсетіп отыруы маңызды. Егер басшылық, әріптестері мақтап, жетістіктерін жоғары бағаласа, өзін бақытты сезінеді, көңілді жүреді. Одан да биік жетістіктерге ұмтыла түседі. Ал керісінше болған жағдайда іштей сол адамға деген жек көру сезімі пайда болады", – деді Эльвира Қасым. 

Маман идеал образға ұмтылу барысында екі динамикалық процестің жүзеге асатынын айтады. Біріншісінде – мінсіз образ өзінен әлдеқайда "жақсы" болғандықтан, адамның бойында өзін дамытуға деген мотивация пайда болады, яғни жұмысын мінсіз етіп жасауға тырысады. Соңында өзгелерге шексіз қызмет көрсетемін деп шаршап, ешнәрсеге көңілі толмайтын болады. Жұмысы жеміс бермей жатқандай сезіліп, үй мен жұмыс арасын бөліп тұрған шекара бұзылады. Құдды аптасына 7 күн 24 сағаттан жұмыс істеп жатқандай күй кешеді.

Екінші жағдайда адам өзіне қошемет білдірмеген әріптестері мен отбасына ренжіп, өзі ұмтылған мінсіз образдан бас тартудың орнына, айналасындағылармен мүлдем қарым-қатынасқа түспеуді жөн көреді.

Ал психоаналитик Светлана Қуаныш эмоциялық күю синдромына шалдығудың астарында нарцистік жан жарасы жатқанын айтады. Өзін өзгелерден кем сезінуге қорқатындықтан, шектен тыс көп жұмыс істейді. Өзгелердің қошеметі арқылы бала күнінде жетіспеген махаббатқа деген шөлін қандырғысы келеді. 

"Психоанализде "депрессив нарциссизм" деген ұғым бар. Бұл адамның өзіне берер бағасы айналасындағылардың мойындауы мен қошеметіне тікелей байланысты. Өзіне берер бағасы тұрақсыз келетін адамдардың өзін құрметтеуі неғайбыл. Тіпті "эмоциялық күю" синдромына шалдыққан сәтте осы күнге дейін жеткен мардымды жетістіктерін жоққа шығара салуы мүмкін. Осының әсерінен жоғарыда айтқан депрессияға түседі", – деді Светлана Қуаныш. 

"Кәсіби күю" синдромынан қалай арылуға болады?

Психологтар Арай Әбілқасымова мен Эльвира Қасым кәсіби күю синдромына шалдыққан қазақстандықтарға маманға жүгінбес бұрын келесі техникаларды өз бетінше жасап көруге кеңес берді. Мұнымен қатар, олар әр адамның өзін еш себепсіз жақсы көретін жақындары болатынын ұмытпауға шақырды. 


Оқи отырыңыз: Оқи отырыңыз: Ұйқысыздық – ауру емес, синдром. Салдары неге әкеп соғады?


"Маңыздылық деңгейін төмендету – қосымша жол іздеу"

Кез келген салада тепе-теңдік сақтау маңызды. Күйзеліске түскенде "Дәл осы жағдай мен өзімді жайсыз сезінетіндей маңызды ма?" деп ойланып көріңіз. Жетістік қаншалықты маңызды болса, қорқыныш та соншалық көп болады. Мысалы, "Бұл жұмыстан айырылсам, ипотекамды төлей алмай қаламын, отбасымды асырай алмай қаламын" деген қорқыныш болуы мүмкін. Мұндайда тығырықтан шығудың қосымша жолдарын қарастырған жөн. Сол кезде жұмыстың маңыздылық деңгейі азая түседі. Бұл адам жұмысына бей-жай қарайды деген сөз емес. Бар болғаны іштегі қысым азайып, қызметін қуана жүріп атқарады. 

"Өзгенің қара пенжегі"

Жағымды болсын, жағымсыз болсын – кез келген сезім түрі бір адамнан екіншісіне жылдам беріледі. Мұны тұрмыста да, жұмыста да байқауға болады. Мысалы, бар ашуын бізден алған адаммен қарым-қатынасқа түскен соң күні бойы өзімізді жайсыз сезінеміз. Басқа адамдармен ренжісіп, қолға алғанымыздың барлығы бүлінеді. Ең қауіптісі – біз де басқалармен ұрыса бастаймыз. Сол себепті жанжалдаспас бұрын аздап кідіріп, "Біреуден жағымсыз эмоция жұқтырып алмадым ба?" деп ойлаған артық болмайды. Әсіресе, бұл жақын адамдарымыздан жұққан болуы мүмкін. Образды түрде айтсақ, біреудің қара пенжегін киіп алдық деуге болады. Сондай-ақ адам біреуді жамандаған кезде ең бірінші өзі туралы айтып тұрғанын естен шығармауы керек. Өйткені кез келген адам ішіндегі барын бөліседі. Психоанализ тілінде мұны "проекция жасау" деп атайды. 

"Шекара қою" техникасы

Бұл синдромға көбінесе ақкөңіл адамдар ұшырайды. Өкінішке орай, бұл адамдар өзгелерді ренжітуден қорықса да, өзінің көңіліне мүлдем қарамайды. Сондықтан әрдайым эмоциялық шекарасының бұзылуына жол береді. Егер адам "эмоциялық күю" синдромынан айыққысы келсе, онда бес кезеңнен өтетін "Шекара қою" техникасын қолданғаны жөн. 


Оқи отырыңыз: "Ана сүтін ештеңе алмастыра алмайды". Бала емізудің пайдасы жөнінде маман кеңестері


Біріншісінде адам өзінің позициясын білдіреді. Не нәрсемен келісе алмайтынын сабырмен ашып айтады. Осы сәтте бұрынғыдай бәрімен келісе алмайтынын көрген екінші тарап ашуға бой алдырады. Тіпті айқайға басуы мүмкін. Бірақ араға біраз уақыт салып екінші тарап көндігіп, арада қандай да бір шекара барын сезіне бастайды. Бұл жерде шекара жақсы мағынасында қолданылып тұр. Төртінші кезеңде екі тарап бірігіп бұдан былай алда кикілжің болмауы үшін жоспар құрып, оны іс жүзінде жүзеге асырады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары